Қалас жамалов әлемдік өркениет іздері: ежелгі шығЫС



Pdf көрінісі
бет69/113
Дата01.12.2022
өлшемі36,74 Mb.
#54227
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   113
Рухани құндылықтар. Ежелгі Қытай елінің рухани 
құндылықтарының негізі: «Өлеңдер кітабы» (Ши-цзин), «Тарих 
кітабы» (Шу-цзин), «Өзгерістер кітабы» (И-цзин), «Әдет-ғұрып 
кітабы» (Ли-цзин) және шежіре «Чунь-цюмен» бірге, сауатты 
қытайдың дүниетанымдық көзқарасына негізделген «Бес кітаптан» 
(У-цзин) тұрды. Бұл кітаптардың бәріне Конфуций мектебі әсерін 
тигізді. Атап айтқанда, олардың құрастырған, өңдеген, жазған бұл 
кітаптарының бәрінен алғашқы философиялық дүниетанымдық 
көзқарас бастаулары байқалады.
Дәстүрлі діни-аңыздық, дүниетанымдық көзқарасқа күмән 
келтіруден қайшы пікірлер басталады. Мысалы, ежелгі қытайлықты 
өмірде жиі кездесетін жауыздық мәселесі толғандыруынан соны 


198
көреміз. Оған кім кінәлі, құдай ма, әлде адам ба? Қастандыққа көп 
жағдайда неге кінәсіздер тап болады? «Ши-цзин» кітабына кірген 
поэтикалық шығарма авторы Тәңірден: «Кім қастандық жасаса, 
өзінің қастандығы үшін жауап берсін. Бірақ, ешқандай кінәсіздер 
не үшін тұңғиық бақытсыздыққа тап болады?» деп сұрайды. Аспан 
құдіретті, адам оған толық кіріптар, тәуелді. Адамзатты дүниеге 
алып келген Аспан олардың бәріне өмір сүру ережесін де береді. Бұл 
жағдайда қастандық бастауын – Аспан десек, бірақ Құдай қастандық 
бастауы бола алмайды ғой. Демек, қастандық – адамнан, қырғиқабақ 
болу тек адамға тән. Егер бұл солай болса, онда тек Жаратушының 
еркіне сенуге болмайды. Осындай бағытта ары қарай дамыған ежелгі 
Қытайдағы дүниетанымдық сана «бәрі де адамға тәуелді, Құдай 
қастандық бастауы емес» деген қорытындыға келеді.
«Шу-цзин» кітабында әлемнің бес бастауы туралы мәселе 
көтеріледі. Бірінші бастау – су, екінші – от, үшінші – ағаш, төртінші – 
металл, бесінші – жер деп көрсетіледі. Сонымен қатар, табиғаттың бес 
түрлі құбылысы туралы да айтылады: жауын, күннің шуағы, ыстық, 
суық және жел. Олардың өз уақытында болуы мен қалыптылығына 
халықтың тұрмыс жағдайының бағыныштылығы айтылып, табиғат 
құбылыстарын қолайлы, қолайсыз ететін ненің себебі екенін табуға 
талпыныс жасалады. 
Дегенмен, деректерден бұған да үстірт жауаптар табамыз. 
Әсіресе, алғашқы қауымдық құрылыс санасына сәйкес келетін 
табиғат, әлеуметтік, адамгершілік құбылыстарының байланысы 
аңғырт көрінеді. Мысалы, жауын-шашын, күннің шуағы, ыстық, 
суық, жел әкімдердің мінез-құлқына, елдегі тәртіп, ел басшысының 
көрегендігіне, даналығына тәуелді деп көрсетіледі. Сонымен қатар, 
әкімнің бейбастақ іс-әрекеті – үздіксіз тынбай жауған жауынның, 
жалқаулығы – ұзаққа созылған ыстықтың, абайсыз, асығыс іс-әрекеті –
ұзаққа созылған суықтың, таяздығы тоқтамай соққан желдің ныша-
ны болады. 
Ежелгі Қытайда антагонистік және сонымен қоса, ынтымақтас 
екі күш, ян мен иньнің дамуы туралы түсінік бар. Бастапқыда бұл 
жарық пен қараңғылықты, таудың күн түскен беті мен көлеңке жағын, 
жылу мен суықты, қажырлы қайраттылық пен икемге көнгіштікті, 
ерлік пен әйелдік бастауды білдіретін. Кейін бұл жағдай «ци» – өз 
тегіндегі алғашқы материямен ауысады. «Изс-чжуань» кітабында 


199
«цидің» алты түрлі жағдайы айтылады. Оның мәні: инь, ян, жел, жа-
уын, қараңғылық, жарық, «янци» және «иньци» – жеңіл аспандық 
және ауыр жерлік материя.
Ежелгі Қытай елінде еркін шығармашылықпен дамыған алты 
түрлі философиялық мектеп болды: конфуцийлік, моистік, заң 
мектебі (фа-цзя), еуропалықтар үшін легизм, дао мектебі, «инь-ян» 
(табиғат философиясы), аттар (мин-цзя) мектебі. Бұлардың басым 
бөлігінде өмір даналығы мәселелерімен қатар адамгершілік, ел 
басқаруға байланысты практикалық философия басым.
Ежелгі Қытайдағы Конфуций мектебінің негізін қалағандар: 
Кун Фу-цзы, Мэн-цзы, Сюнь-цзы болды. Ілімнің пайда болуы мен 
дамуы бір жағынан ата-баба культінің күшеюіне, екіншіден Ди ту-
ралы түсініктің Аспан культіне ұласуына жағдай жасады. Конфуций 
ілімі мемлекеттік ресми идеологияға айналғаннан кейін, осы культ 
мәнінің түсіндірмелері ережеге айналады.
Кун Фу-цзы б.д.д. 551-479 жылдар аралығында өмір сүрген. Де-
ректерде оның мектеп негізін 50 жасында қалағаны, шәкірттерінің 
өте көп болғаны айтылады. Шәкірттердің ұстаз сөзін жазып алуы 
арқасында, толық аяқталмаған осы мектептің басты шығармасы –
«Лунь юй» (әңгімелер мен айтылғандар) жарық көреді. Жинақ – 
негізінен, адамгершілікке тәрбиелеуге ден қойған, жиі қайшылықты, 
философиялық деп қарауға қиын соғатын еңбек. Бұл кітапты 
әрбір сауатты қытайлық жас кезінде жаттап, қалған өмірінде оны 
басшылыққа алуға міндетті.
Аспан мен рухтар туралы сұрақта Конфуций ілімі қалыптасқан 
дәстүрді ұстанады. Аспан – жердегі әділеттілікті қадағалайтын ең 
жоғарғы күш, оған конфуцийлік тағдыр да кіріптар. Дегенмен, бұл 
Аспанның «Ши-цзиннің» дерексіз бейне ретіндегі аспанынан елеулі 
айырмашылығы бар. Конфуций аспаны – тағдыр, жазмыш, дао (жол).
Қоғамтанушы конфуцийліктердің назар аударған негізгі
мәселесі – тәрбие, адамдар арасындағы қарым-қатынас, әлеуметтік 
ортаны жетілдірудің жолдары. Конфуций астарлы сөз, ғибратты 
пайымдаумен өз ортасын жетілдіруді мақсат еткен. Осыған орай, да-
нышпан өмірінен мынадай мысал келтіруге болады: Бірде күймесіне 
мінген Конфуций Тайшань тауы жанындағы жолмен келе жатады. 
Мола басында зар еңірей, жылап отырған бір әйелді көреді. Ілтипат 
көрсетіп, күйменің алдыңғы жағына қарай иілген ол, әйелдің 


200
жоқтауына құлақ тігеді. Сосын әйелге шәкірті Цзылуды жібереді. 
Ол әйелден:
– Осыншама егіліп жылағаныңызға қарағанда, қайғыға бірінші 
рет кезігіп отырмаған тәріздісіз ғой деймін? 
– Солай, рас айтасыз, – дейді әйел. Бұрын жолбарыс тырнағынан 
қайын атам қайтыс болған. Одан кейін күйеуім өлді. Енді, міне, ба-
ламды өлтірді.
– Онда неге бұл жерден көшіп кетпедіңіздер? – деп сұрайды 
Оқытушы. 
– Бұл жерде қатал билік жоқ, – дейді әйел. 
– Мұны есіңде сақта, оқушым! – дейді Оқытушы. – Қатал билік –
жыртқыш жолбарыстан да зұлым [84]. 
Қоғамдық орта жетістіктеріне қанағаттанбаған Кун Фу-цзы –
оның негізін қайта қараушы реформатор. Бірақ, оның мақсаты 
болашақты емес, өткенді дәріптеуде. Осыдан өткенге табыну – 
ежелгі қытайлықтардың тарихи дүниетанымдық көзқарасының 
өзіндік ерекшелігі болатыны байқалады. Ежелгі қытайлар өмірдің 
түкке тұрмайтын ұсақ-түйегіне көңіл аудармай, өздерін одан 
жоғары ұстауға тырысты, турашылдығымен ерекшеленді, өздерін 
жетілдіруге талпынды, оқыды, дөрекі сөзді адамдардан аулақ 
жүрді, жаман өнегеден, тәртіпсіз адамдардан қашты. Ескіні қайта 
жаңғыртып, жаңаны жасадым деп ойлаған олар адамгершілік, 
құлықтылық ілімдерін жетілдірді.
Кун Фу-цзыдың адамгершілік туралы ілімі, этикасы – өзімен-
өзі және басқа адамдармен, ғаламмен бақытты ымырашылдықта 
өмір сүргісі келетін кез келген адам толығымен «дұрыс жолды» 
(дао) қалыптастыратын мынадай ұғымдарға сүйенеді: «өзара», «ал-
тын орта», «адамды сүю». «Алтын орта» – адам мінез-құлқындағы 
ұстамсыздық пен сақтық ортасы. Бұл ортаны табу оңай емес, өйткені 
адамдардың басым бөлігі өте ұстамсыз немесе өте сақ. Адам-
ды сүюдің негізі «жень» – ата-ананы қадірлеп, қошеметтеу, жасы 
үлкендерді сыйлау. Жалпы адамға қатынас оны құрметтеуді, оған 
қастандық, зұлымдық жасамауды білдіреді. «Өзара» немесе «адамға 
қамқорлыққа» келсек, онда бұл – конфуцийліктердің адамгершілік 
жайлы өсиетінің негізі. Бұл ілімнің негізі «өзіңе жасалғанын 
қаламайтынды өзгеге де істеме» дегенге саяды [85. 167 б.].


201
Кун Фу-цзы адамгершілік өсиеттерді ұстанатын кемел адам 
бейнесін береді. Адамгершілігі жоғары қайраткерді қарапайым 
адамдарға немесе «арам ниетті» адамдарға қарсы қояды. Біріншісі өз 
өмірінде міндет пен заңды басшылыққа алады, ал екіншісі қалайда 
өмірден жақсы орын алу мен пайда табуды ойлайды. Біріншісі –
өзіне, екіншісі – басқаларға талап қойғыш. Бірінші жөнінде уақ-
түйекке сүйеніп пікір айтуға болмайды, оған тек үлкен істерді сеніп 
тапсыру керек. Екіншіге үлкен істерді сеніп тапсыруға болмайды, ол 
туралы түкке тұрмайтын уақ-түйекке сүйеніп-ақ пікір айтуға бола-
ды. Бірінші басқа адамдармен келісіп өмір сүреді, дегенмен олардың 
ісіне еліктемейді, екінші басқалардың ізімен жүреді, бірақ олармен 
келісіп өмір сүрмейді. Біріншіге қызмет ету оңай, бірақ оны қуанту 
қиын, екіншіге қызмет ету қиын, қуанту оңай. «Адамгершілігі бар 
қайраткер үш нәрседен – аспан жарлығынан, ұлы адамдардан және 
данышпандардың сөзінен қорқады. Төменгі адамдар аспан жарлығын 
білмейді, одан қорықпайды, қоғамда жоғары лауазымға ие болған 
құрметті адамды жаны жаратпайды, данышпандар сөзіне құлақ сал-
майды» [85. 170 б.]. 
Адамгершілігі жоғарылар – өз өмірін бір нәрсемен шектемейтін, 
жан-жақты дамыған адамдар. Ілімнің жағымды жағы – ол халықты 
басқарудың басты құралын жалаң, еріксіз, зорлап көндіруден емес, 
үлгі-өнегенің күшінен және сенім мен көз жеткізуден көрінеді. 
Патриархалдық қоғам тұжырымдамасын, концепциясын ұсынған 
конфуцийліктердің аз ғана кінәсі үшін қатал жазаға тартатын, 
қорқыту мен күш жұмсау қағидаларына сүйеніп қоғам құрғысы 
келетін легистерден және т.б. мектептерден айырмасы осында.
Қытайдағы философиялық ой дамуының маңызды бағыттарының 
бірі болған Дао мектебінің зерттеу нысаны – табиғат, ғарыш және 
адам. Десек те, бұл бастаулар парасат жолымен, қисынды дәйекті 
формулалармен емес, керісінше, өмір сүрудің табиғаты, тура түсінік 
көмегімен ұғынылады. Әлем үздіксіз қозғалыста, өзгерістерде бола-
ды және өзіндік ішкі себептерімен өмір сүреді, әрекет жасайды, да-
миды. Болмыс ілімінің негізі саналатын осы жол (дао) түсінігінше, 
ойдың мақсаты – адамның табиғатпен қосылуында, өйткені адам –
табиғаттың бөлшегі. 
Лао-цзы осы мектептің негізін қалаушы және оның «Дао дэ-
цзин» кітабы дао ілімінің болашақ дамуының негізі болды. Ол екі 


202
бөлімнен (біріншіде дао жолы, екіншіде дао күші туралы айтыла-
ды), дао болмысының алғашқы бастауларынан тұрады. Дао – барлық 
ғаламның өмір сүру тәсілі мен пайда болуы тәртібі сұрағына жауап 
беретін, бәрін қамтитын әмбебап түсінік. Негізінде оның атауы жоқ, 
барлық жерден көрініс табады, барлық заттың бастауы. Дегенмен, ол 
дербес субстанция немесе мән бола алмайды. Даоның бастауы жоқ, 
ол өзінің қуаттық қызметінсіз бәріне түбір болады. «Дао – барлық 
заттардың анасы».
Ғаламдағының бәрі жолда, қозғалыста, өзгерісте болады, бәрі 
де тұрақты емес, шектеулі. Бұл, мүмкін, инь мен янның белгілі бір 
қағидаларының себебінен шығар. Өйткені, әрбір құбылыста олар 
диалектикалық бірлікте және қозғалыс пен өзгерістің себебі болады. 
Осы әсерден заттар дамиды, өрбиді, «бәрі де өзіндік иньге ие болады 
және янды қамтиды» [85. 39-42 б.]. Даоға ішкі өзіндік шығармашылық 
күш (дэ) тән. Сол арқылы инь және янның әсерімен дао заттардан 
өз көрінісін табады. Дэ заттардың өзіндік нақтылануы есебінде 
түсініледі. Адам табиғаттан шыққан және оның бөлігі ретінде 
табиғатпен бірлігін де сақтауы керек. Бұл жерде сөз адамның рухани 
тыныштығы негізін табатын әлеммен келісім туралы. Лао-цзы адам-
дар арасындағы ғана емес, қоғамдағы үстемдікті қандай түрде болса 
да қабыл алмайды. Сондықтан өркениетті қоғамның табиғатқа күш 
көрсетуі адам мен әлем арасындағы қайшылыққа, үйлесімнің жойы-
луына алып келеді. «Егер кімде-кім әлемге қожа болғысы келсе, ол 
үшін айлалы әрекет жасаса, ол сәтсіздікке ұшырайды. Әлем – айла-
лы әрекет жасауға болмайтын қасиетті ыдыс. Егер де кім оған айла 
жасаса, оны құртады. Егер кім оны иеленгісі келсе, оны жоғалтады» 
[85. 80-81 б.]. Адам үшін «заттардың шамасын» сақтау – басты міндет. 
Ежелгі Қытай философиясының тағы да бір ерекше ағымы – 
Фа-цзя мектебі («фа» – заң). Мектеп ұстанымы конфуцийлік ілімге, 
оның адам, мораль мәселелеріне қарсы бағытталған.
Заңдар мектебінің негізін қалаушы – Хань-Фэй-цзы (б.д.д. 280-
233 жж.) болмыс ілімінде Даоға дүниедегі барлық нәрсенің табиғи 
заңы ретінде қараған: «Әрбір зат пен істің заңдары бар. Аспанның өз 
заңдылығы, адамдардың да орнатқан өзіндік заңдары бар».
«Дао жалғыз және бөлінбейді» деген пікірді ұстанған Хань-
Фэй-цзы елбасының тек өзіне сенуі керектігін айтады. «Дао бос, 
қозғалмайды және жалғыздықта, сондықтан елбасы бәрін өзінің 


203
ішінде терең сақтауы керек, адамдардың алдында ашылмағаны 
жөн. Елбасы даосын ешкім көрмеуі, оны қолдану жолын басқалар 
түсінбеуі керек» дегенге меңзейді.
«Фа-цзя» мектебі ел басқару мәселелерін адам табиғатының 
өзімшілдігіне негіздеп шешеді. 
Мектеп заң мен басқару өнерін бір-бірінен ажыратып 
қарастырады. Мысалы, Хань-Фэй-цзы халық жалақыны, пайда көзін 
тапқанды жақсы көреді де, жазаға ұшырауды ұнатпайды, жақсы 
көрмейді. Мұндай шараларды жүзеге асыру елбасының қолында. 
Сондықтан қоғамда тәртіп орнауы үшін, бәрін заң арқылы ретке 
келтіру керек. Заң қысқа, әрбір адамға түсінікті болуға тиіс, қайсыбір 
заңды бұзушылыққа қатаң жазалар қолданылады. Қоғамда жазаның 
көп, құрметтеудің аз болғаны абзал. «Бірақ, кімнің заңды орында-
май, бұзғанын қалай білуге болады?» – деген сұраққа, адамдар өзара 
бір-бірін бақылап жүруі керек деген жауап беріледі. Ол қалай жүзеге 
асады? Адам жүрегіне қорқыныш сезімін ұялату, заң бұзған адамды 
көпшілік алдында жазалау ұсынылады. Осы жағдайда адамдардың 
өздері-ақ, бір-бірін көрсете бастайды деген ұстаным басымдыққа ие 
болады.
Елбасының жүрегінде терең орын тепкен басқару өнерін, оның 
ойын жанындағылардың білмеуі, сезбеуі, болжай алмауы керектігін 
ұсынады. Өйткені, «елбасының ізін аңдып арыстандар жүр, ол өзінің 
құпиялылығын жоғалтса, арыстандардың (жанында жүрген басқа 
лауазым иелері) жеміне айналады».
Елбасы бәріне самарқау қарап, еш нәрсе жасамауы керек. Оның 
күші – ештеңе істемеуінде. Сонда ғана ол жауларының мақсат-
мүддесін түсінеді.
«Фа-цзя» мектебінің талаптары үкіметтің саяси идеология-
сына айналып, Қытай елінде аса қатыгез басқару жүйесі орнайды. 
Халқы моральдық жолмен тәрбиеленгенімен, «заңдық» басқарудың 
да барлық қиыншылығын өз басынан өткізеді. Моральдық тәрбиені, 
қоғамдық қатынастарды заң жолымен ретке келтіруді ұстанады.
Жалпы, б.з. ІІ ғасыры шамасында Қытайда мәдениет дамуының 
барлық үдерісі, иделогиялық жүйе мен көркемдік түрі тоқырауға 
ұшырайды. Хань әулеті құлаған соң, Қытай бірнеше рет солтүстіктен 
шапқыншылыққа ұшырап, көптеген жыл бойы жергілікті 
шенеуніктердің қолдауымен, Қытайдың солтүстік бөлігі қытай емес 


204
императорлардың иелігінде қалады. Атап айтқанда, осы қытайлық 
емес мәдениеттер ықпалды болған кезде, Қытайға буддизм діні енеді. 
Біздің жыл санауымыздың ІІ-ІІІ ғасырларында Қытайда Будда 
діні тарала бастайды. Аңыз бойынша, алғашқы буддалық сутралар 
Қытайға ақ атпен әкелінген. Осының белгісі ретінде Лоян маңында 
буддалық «Ақ ат ғибадатханасы» тұрғызылған. Арнайы әдебиеттер 
оның осы уақытқа дейін бар екенін көрсетеді. 
Қытай мәдениеті Ұлы Жібек жолы арқылы экономикалық бай-
ланыстар жасаған елдердің өміріне терең ықпалын тигізіп, ізін 
қалдырды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет