Алаш қозғалысы 20 ғ-дың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс



Дата28.03.2023
өлшемі16,04 Kb.
#76976
Байланысты:
Документ


Алаш қозғалысы — 20 ғ-дың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс.

Ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі, қазақ жерінің орыс мемл-нің меншігі етіп жариялануы, осыған орай ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлықпен егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері еді. Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Бірақ ендігі уақытта жеке батырлар бастаған қол түзіп, қару асынып көтеріліске шығу нәтиже бере қоймайтын еді. Қалыптасқан жаңа саяси ахуалға лайық жаңа күрес құралдары, әдіс-айла қажет болды, ең негізгісі халыққа оның алдында тұрған негізгі мақсат-мүдделерін түсіндіріп жеткізетін, сөйтіп оны заман талабына сай күрес құралдарымен қаруландырып, азаттық үшін қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын мүлдем жаңа саяси-әлеум. күшке сұраныс үлкен еді. Ал ондай саяси күштің қалыптасып келе жатқанын 1905 — 07 жылдардағы оқиғалар көрсетіп берді. Ол күш — сан жағынан аз болғанымен, бірақ саяси күрес қазанында қайнап, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция болатын.

Осы бірінші орыс революциясы жылдары ұлттық зиялылар кейін А.қ. атанған қоғамдық қозғалыстың негізін қалады. 1905 ж. Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келген Қарақаралы хұзырхаты (петициясы) оның бағдарламалық құжаты болатын. Осы мезгілден бастап Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов жетекшілік еткен ұлттық зиялылар жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру үшін газет шығару, азаттыққа үндеген кітаптар бастырып тарату, Мемл. Дума жанындағы мұсылман фракциясы жұмысына, жалпыресейлік мұсылман, түркішілдік қозғалыстарға атсалысу сияқты қазақ қоғамына бейтаныс күрес әдістерін игере бастады. Ал 1911 жылдан шыға бастаған Айқап журналы, 1913 жылдан жарық көріп, жалпыхалықтық басылымға айналған “Қазақ”, оның артын ала өмірге келген “Бірлік туы”, “Сарыарқа”, “Ақжол” газеттері ұлт-азаттық күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті. А. қ-ның басты мақсаты — қазақ елінің өзін-өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемл. жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемл. құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал ш-н өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқын және басқа демокр. принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Бірінші орыс рев-сы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 ж. ақпан және желтоқсан айлары аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы жылдың жазы мен көктемінде Қазақ к-ттерінің пайда болуы, күзіне қарай Алаш партиясының, ал соңына қарай Түркістан автономиясы (Қоқан автономиясы) және Алашорда үкіметтерінің құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болатын. 1917 ж. пайда болған бұл саяси құрылымдар большевиктер тарапынан күшпен таратылғанымен, ұлт-азаттық қозғалыс күштері саяси күрес сахнасынан бірден кете қойған жоқ. Мемл. тәуелсіздік, жер және кезінде алаш зиялылары күн тәртібіне қойған қоғамдық-саяси басқа да мәселелерді басты талабы етіп, ұлт-азаттық қозғалыс жаңа сипатта Т.Рысқұлов, С.Асфендияров, С.Қожанов, С.Садуақасов, Ж.Мыңбаев қызметінде одан әрі өрши түсті.

Елде тоталитарлық жүйе біржола орнағаннан кейінгі уақытта енді ол жаңа саяси жағдайға байланысты шетелдік эмиграция күшімен жүргізілді. Мұстафа Шоқайдыңқызметі, оның басшылығымен Берлинде 10 жыл бойы (1929-39) шығып тұрған “Яш Түркістан” журналындағы материалдар соның айғағы еді. Негізгі мақсаты — ұлттық бостандық болған А.қ. көрші түркі, мұсылман халықтарымен күш біріктіруге тырысты. Сөйтіп, 20 ғ-дың алғашқы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 30 жылдарға дейінгі тарихи кезеңді қамтыды. Кеңестік тоталитарлық билік алаштық атанған аға буын зиялылардың ең белсенді бөлігін, сондай-ақ олардың кеңестік-партиялық қызметтегі ізбасарларын қуғын-сүргінге ұшыратып, жауыздықпен жазалады. қ. Алаш ісі.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі әрі публицист ғалым, аудармашы. Ол 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7 – ауылында дүниеге келген. Әкесі оны бала күнінде Қарқаралыға алып барып, медресеге оқуға берген. Ол онда оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепті оқып шығады. 1879-1886 жылдары Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. 1886-1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде оқып, «техник» мамандығын алып шығады. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқиды. Студент болып жүрген кезінде–ақ саяси талас-тартысқа белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысты.Сол кездің өзінде «саяси белсенділігі үшін» патша жандармериясының қара тізіміне іліккен. Патша үкіметі билігі жылдарында қазақ елінің тәуелсіздік үшін күресін басқарды, сол үшін Павлодарда, Семейде бірнеше рет қамауда отырды. Кеңес үкіметін мойындамады. Қазақтың егеменді ел болуы үшін күресті, сол себептен 1937 жылы ату жазасына кесілген.

Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында туған.Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы. Ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Атасы Шошақ - мінезі салмақты, шындықты бетке айта білетін ақылды да беделді адам болған. Мырзалығы сондай, немересі Ахмет дүниеге келгенде, құтты болсын айтқан адамдарға бір ат, бір түйеден сүйінші беріпті. Торғайда, Орынборда білім алғаннан кейін Ақтөбеде, Қостанайда, Қарқаралыда орыс-қазақ мектептерінде сабақ берген. 1909 жылы саяси белсенділігі үшін Семей түрмесіне жабылады. 1910 жылы Орынборға жер аударылады және сонда 1917 жылға дейін болады. Өзінің сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірге 1913 жылдан бастап ұлттық «Қазақ» газетін шығарып, оның жұмысына жетекшілік етті. Ресейде патша билігі құлағаннан кейін қазақ жерінде Алашорда үкіметін құру үшін бар күшін салды. Большевиктерді мойындамады, оларға қарсы шықты. 1921-1928 жылдары Қазақ халық ағарту институтында сабақ береді. 1929 жылы 2 маусымда Алаш қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, Ресейдің солтүстік обылыстарына жер аударылады.Кейіннен босап шығып, бірақ 1937 жылы қайтадан қамауға алынып, атылған.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет