Алаш прозасы Сайын МҰратбеков: «Жабайы Алма» бірінші бөлім көкінай



Pdf көрінісі
бет27/28
Дата27.01.2017
өлшемі1,42 Mb.
#2790
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28
− Қанат па? Бойы сыриып дырдай жігіт бопты ғой,- деді әлгі бейтаныс адам 
мені танып, еңкейіп кеп мені бетімнен сүйді.- Тү-у, ыстығы қатты көтеріліп жатыр 
екен. 
− Мыналар ит қапқан деп тұр ғой, үйге барған соң ұшықтап жіберсе, бір-екі 
күнде жазылып кетеді,- дейді Мақым шал жайбарақат үнмен. 
«Мынау мені бетімнен сүйген ер адам кім болды екен?» — деп ойлаймын. 
Көзімді ашқам, айдалада тоқтап тұр екенбіз. Почташы Мақым шал соңымыздан 
қуып жетіп, мені өз шанасына жатқызыпты. Бас жағымда бір жақ шекесі тегіс 
ойдым-ойдым, бір көзінің үстін бастыра қара былғарымен байлап алған түсі суық 
біреу екен. Киімдеріне қарағанда әскерден қайтып келе жатқан адам сияқты. 
− Мынау кімнің баласы? — деп сұрады әлгі адам. 
− Бұл кәдімгі соғыстан бұрын колхоздың шошқасын баққан Крешке деген 
орыстың баласы ғой,- деді Мақым шал. 
− Бәрекелде, Крешкенің баласы ма-ей? Әй, бері келші. Атың кім? 
− Петька. 
− Ой, үлкен жігіт боп қапсың ғой, Петька,- деп әлгі адам Петьканы 
құшағына алып, бетінен сүйді. 
− Әй, сенің әкеңмен бірге талай арақ ішіп, ел тыржыңдап қашып жүргенде, 
шошқаның етін жеп ем,- деді мәз бола күліп. Онан соң Оттоны нұсқап: 
− Ал мынау кімнің баласы? — деген. 
− Бұл соғыс басталғанда көшіп келген немістің баласы, Ота деген жігіт. 
Қазір өзіміздің ауылдың баласы боп кетті ғой. 
− Кел бері, біздің ауылдың баласы екенсің, сенің де бетіңнен сүйейін,- деп, 
әлгі адам Оттоны да шақырып ап бетінен сүйді. 
− Әй, Бетке, Ота! Шаналарыңды мына менің шанама тіркей салыңдар да, 
ауылға жүгіріңдер сүйінші сұрап. Соғыстан Көпеннің әкесі Әбен аман-есен келе 
жатыр деңдер. 
«Көпеннің әкесі екен ғой! Байғұс Көпен, кіп-кішкентай, ап-арық боп үйден үй 
аралап, соқыр боп қалған атасы екеуіне қайыр-садақа сұрап жүруші еді. 
Маңдайының бағы бар екен де. Енді аштан өлмейтін болды. Ол енді әкесі бар бала. 
Ауылдағы ең бақытты бала сол болды ғой!..» деп ойлаймын. 
Содан мен бір аптадай ауырып жаттым. Бүкіл бір жамбасым, аяғым тегіс күп 
боп ісіп, алғашқы күндері мүлде қозғалтпай қалды. Мақым шал сиыршының мені 
қапқан көк төбетінің қылшығын жұлып әкеп, сонымен үшкірген. Екі-үш күннен 
кейін кезек алып, біртіндеп жараның уыты қайтайын деді. 
Мен жатып қалған кезде, қоңыр сиырдың бар тауқыметі Петька мен Оттоға 
түскен. Екеуі сабақтан шыққан соң, күнде түстен кейін Жарбұлақ жақтағы маяның 
орнынан ойып шөп әкеледі, оның мұзын ерітіп, желге жайып кептіріп, сабанға 
араластырып, қоңыр сиырдың алдына тастайды. 
− Жақсы жейді,- деп екеуі де мәз болады. 

Мен жатқан күндері екеуі сырттағы жаңалықтарды түгел күнделікті жеткізіп 
тұрды. Біртіндеп күннің жылынып, қардың кете бастағанын солардан естідім. Ауа 
райы осылай боп тұрса, енді біраз күнде жайма-шуақ көктемнің келетінін, сонда 
малды тау бөктерлетіп, жайылымға шығаруға болатынын сөз етеді. Келесі 
келгендерінде қардың астынан қалың көктің қылтиып қаулап келе жатқанын 
жарыса айтады. Осыларды естігенде тезірек аяғымның ісігі қайтса екен деп 
шыдамсызданам. Күнде ертеңгісін әжем тұрған кезде, мен де басымды көтеріп, 
мойнымды созып, терезеден сыртқа қараймын. Күн ашық болса қатты қуанам, 
көктемнің жақындай түсуі осы күннің ашықтығына байланысты ғой. 
− Қалайсың? — дейді әжем. 
Мен аяғымды қозғап қойып: 
− Жақсымын,- деймін. Әжем кеп көрпемді ысырып, аяғымды сипап ұстап 
көреді де: 
− Ісігі әлі қайтпапты, қозғалмай жат,- дейді. 
Одан соң ұзақты күнге терезеден бозара қарап жатып кешті батырам. 
Түстен кейін бір ауық Петька мен Отто кеп отырып кетеді, сонда біраз серпіліп 
қалам. Қалған уақытта сарылып жата берген адамға таңның атуы да, күннің батуы 
да қиын екен. 
Бір күні ертеңгісін сыртқа шыққан әжем сәлден кейін абыржып кірді үйге. 
− Қанат-ай, балам-ай, қоңыр сиыр жоқ,- деді есі шыға. 
− Қайда. кетіпті? 
− Білмеймін. Түнде мықтап байлап қойған сияқты едім. Қораның аузын да 
мықтап бастырып жауып ем. Әлде жібі шешіліп, бошалап шығып кетті ме?.. 
Осыны айтты да әжем қоңыр сиырды іздеуге бел буған түрмен қайта шығып 
кетті. Ұшып тұрып киініп, бір аяғына ағаш байланғандай сүйретіліп мен де іздеуге 
шықтым. Қоңыр сиырдың жоғалғанын ести сала Петька мен Отто да безек қағып, 
ауылдың төңірегін айналып зыр жүгірді. Бүкіл көрші-көлем тегіс тік тұрып, аяқ 
жетер жерді аралап, бірге іздесті. Бірақ қоңыр сиырдың ізі де білінер емес, ұшты-
күйді жоқ. Сол күні кешке дейін аяғымның ауырғанына қарамастан талай жерді 
шарлап, сілем қатып кешкісін үйге келсем, кішкене балалар ұлардай шулап жылап 
отыр екен. Көп жүргеннен бе, әлде суық тиді ме, менің аяғым тағы да күп боп ісіп 
кетті. Төсегіме сылқ етіп құлап түстім. Біраздан кейін шаршап-шалдығып әжем де 
келген. Көзі шүңірейіп, екі жағы мүлде суалып, бір уыс қана боп шүпиіп қапты. 
Алдынан шуылдаса шығып, жылап қарсы алған балаларға қабағын түйіп: 
− Жә, түге, олары несі кісі өлгендей күңіреніп! — деп қатты ашумен басып 
тастады.-Жыламаңдар әрі, жаман ырым бастап. Басымыз аман болсын деп 
тілеңдер! 
Кішкене балалар әжемнің мына қату түрін керіп жылағандарын пышақ 
кескендей қойып, тыйыла қалды. 
− Әй, Болат, от жағып, шай қойып жіберші, балам! — деді бұйырып. Сөйдеді 
де төсегімде сұлқ жатқан менің қасыма кеп еңкейіп, аяғымды сипалап ұстап көрді.- 
Балам-ай, әттеген-ай, аяғыңды тағы ісіріп апсың ғой,- деді жабырқай кейіп.- Бекер 
көп жүргенсің. Тәуір болғаныңда тағы жатып қалатын болдың-ау. 
Пысылдап жүріп ошаққа от жағып, Болат қайнатқан шайға отырдық. Әжем 
қара суға шыланған талқаннан бір-екі рет қана таңдайына салып, қайнаған суды 
тұз салып терлеп-тепшіп ұзақ ішті. Шай үстіндегі әңгімелеріміз ұсақ-түйек үй тірлігі 
төңірегінде: «Су әкеліп қойдың ба?», «Отын жардың ба?» тәріздес болды да, 
қоңыр сиыр туралы ешқайсымыз жарып аузымызға алмадық. Ащы жараны 
тырнаудан қашқандай маңайлағымыз келмейді. Онан бір ауық әжем осындай 

жадап-жүдеп тарыққан кезімізде, көңілімізді жұбататын дағдысына бағып, ертегі 
тәріздес әңгімелердің бірін бастап кетті. 
− Баяғыда, осы сендердей кезім, бір қатты жұт болып, мал тегіс қырылып 
қалды. Әй, сол жылғы қыс та ерекше қатты болып еді. Жауған қардың қалыңдығы 
сондай, мына Қоғалы бұлақтай жерде отырғандарға алты ай қыс бір қатынаса 
алмадық қой. Ол заманда бүгінгідей колхоз деген жоқ, пішен шабу, қысқа шөп 
дайындау дегенді білмейді жұрт. Содан қалың жауған қарда мал тебіндей алмай 
аштан қырылды дейсің. Көктемге қарай қалың елде тігерге тұяқ қалмады ғой… 
Терезе қағылды да сырттан: 
− Қанат, Қанат! Тез далаға шықшы! — деді біреу дауыстап. 
Әрине, аяғым ауырып отырған мен тұра қоймадым да, менің орныма сыртқа 
Болат жүгіріп шықты, лезде тапырақтай жүгіріп қайта кірді де: 
− Әже, Бәкке біздің қоңыр сиырды әкеп тұр! — деді жан даусы шыға 
айқайлап. 
Үй ішімізбен ауырған-сырқағанымызға қарамастан дүрліге көтеріліп, сыртқа 
ұмтылдық. Шынында да, есік алдында Бәкке қоңыр сиырды жетектеп кеп тұр екен. 
Қуаныштан есіміз шығып кетті. 
− Қайдан таптың? 
− Қайдан әкелдің? — дейміз шуылдаса жамырап. 
− Мына жақтан,- деп Бәкке қараңғыда белгісіз жақты нұсқағандай болды. 
Есі шыққан әжем: 
− Ой, өркенің өскір қарағым-ай, мың бол, мың болғыр!.. Көзің жамандық 
көрмесін!.. Өмірің қызыққа толы болсын!..- деп, Бәккеге алғысты батасын үсті-
үстіне жаудырып, айналып-толғанып жүр. Онан қоңыр сиырды бас жібінен алып, 
қораға қарай жетелей жөнелген. 
− Әже, қораға емес, ауыз үйге кіргізіп байлаңызшы,- деді Бәкке. 
− А! Сөйтейін бе? О да жөн екен,- деп, әжем енді қоңыр сиырды ауыз үйге 
қарай жетектеді. Қоңыр сиыр үйренген қорасына қарай тартқылап қиқалақтай 
бастаған, бәріміз артынан қаумалай айдаған соң, амал жоқ, ауыз үйге кірді. Әжем 
ауыз үйдегі май шамды жағып, білтесін көтеріңкіреп, сиыр тұратын жақ бұрыштағы 
ондық-мұндық заттарды басқа жаққа алып қойды. Қоңыр сиыр тап-таза ауыз үйді 
жатырқағандай көзі шарасынан шыға пыс-пыс етеді. 
− Өзі тоқ екен,- деді әжем бүйірінен сипалап.- Әй, Болатжан, балам, астына 
бір құшақтай сабан әкеп тасташы, жатқанына жұмсақ болсын. 
Болат лып етіп барып сабан әкеп төседі әлгі бұрышқа. 
Онан соң «сақтықта қорлық жоқ» деп екі ешкіні де ауыз үйге кіргіздік. 
Сыртқы есіктің ілгегін жауып ап, қуаныштан есіміз шыға абыр-сабыр боп, ауыз 
үйде қоңыр сиырдың қасында бір шай қайнатым тұрдым-ау деймін. Ішкі үйге 
кіргіміз келмейді. Ауыз үйдің аты ауыз үй емес пе, тек тоңа бастағаннан кейін ғана 
ішке кірдік. Болат от жағып, қайтадан шай қайнатты. Мына қуаныштың үстінде 
әжем мырзалығы ұстап, тағы бір-бір қасықтан талқан шылап берді. Ризалығын 
білдіріп Бәккенің алдына, жеке өзіне жарты тостаған талқан шылап қойды. 
− Мен үйден шай ішіп келдім, рақмет, әже,- деп Бәкке бас тартқан. 
− Жоқ, қарағым, рақметіңді қоя тұр. Сен бүгін талқанмен емес, мал сойып 
құрметтейтін қонағымызсың, ұялмай же,- дейді әжем жаны қалмай қалбалақтап. 
Шай үстінде мен Бәккені өзімсіне: 
− Қайдан таптың? — деймін анықтай білгім келіп. Осы сәтте балалардың 
бәрі тегіс: Болат та, тіпті кішкентай Жанарға дейін көздері жайнаңдап Бәккенің 
аузына қарай қалған. 

Ат суарайын деп барсам, тұманың басында жүр екен, шөп беріп ұстап 
алдым да, үйлеріңе жетелеп әкелдім,- деді Бәкке міз бақпастан. Соған бәріміз 
иландық. Әрине, мен іштей иланғам жоқ, Бәккенің шынын жасырып отырғанын 
сездім, бірақ кішкене балалардың көзінше қазбаламадым. 
Шай ішіп болған сон, Бәкке маған: 
− Мен сендердікіне жатайыншы,- деді. 
− Жат. Екеуміз бірге жатамыз,- дедім мен қуанып. Әжеме айтып ем, ол кісі 
де қуана құптады. 
− Қарағым-ау, үй кең ғой, оның не қысылатыны бар, жатсын,- деді. 
Сөйтіп, менің төсегімді кеңейтіп салып Бәкке екеуміз бірге жататын болдық. 
Әжем ауыз үйге шығып тағы да қоңыр сиырды сылап-сипап жататын жерін 
ыңғайластырды. Қоңыр сиыр тұмсығын созып ыңырана ақырын мөңіреген. 
− Ойбұй, байғұсым-ай, шөлдеп тұр екенсің ғой,- деп шелекті салдырлатып 
су берді. 
Енді шамды сөндіріп жатқалы отырғанымызда, сыртқы есімізді біреу жұлқа 
тартып, онан тықылдата қақты. 
− Ол кім? — деген әжем есік ашпас бұрын. 
− Мен Бакка апа! — деді әйел даусы. 
− Менің апам ғой,- деді Бәкке елең етіп. 
Әжем есікті ашып, үйге Бәккенің шешесі Зейнат кірді. Бұл баданадай қой 
көзді, пышақпен қырнап жасағандай қыр мұрынды, өңі ажарлы болса да, бір түрлі 
суық көрінетін, орта жастағы ақ сұр әйел еді. Бәккенің кескін-келбеті әкесі Адудан 
гөрі осы шешесіне көбірек ұқсайтын. Ал әкесі Аду сақал-мұрты қап-қара, қоңырқай 
жүзді, доғал мұрын, кішірек көзі күлімдеп, жұмылып кете жаздап тұратын адам. 
Зейнат кірген бойда әуелі әжеме: 
− Амансыз ба,- деп амандасты да, (Бәккенің шешесі қазақша басқа сөздерді 
сөйлей алмаса да, «амансыз ба?» дегенді өте анық және дұрыс айтатын) шәлісінің 
астына тығып әкелген бір күлше дөңгелек наны бар екен, соны ұсынды.- Бала тіс 
жейді,- деді күле сөйлеп. Әлгі күлшенің жүгерінің ұнынан пісірілгенін мен 
айнытпай танып отырмын. Анда-санда Бәккенің үйіне кіре қалғанда жейтінбіз. Өте 
тығыз боп піскен, тәтті болады. 
− Рақмет, қарағым,- деді күлше нанды алған әжем. 
− Балалар тас берсең де жеп қояды ғой. 
Мұнан әрі Зейнат баласына шешеншелей жөнелген. Даусы қатқыл, әр сөзі 
ұрысқандай естіледі. Бір жылдан бері шешенше пәлендей сөйлеп үйренбесем де 
біраз сөзін түсінетінмін. Сондықтан Бәккенің шешесінін айтқандарын түгел ұқпасам 
да, ұзын-ырғасын сезіп тұрмын: әкең жұмыстан қайтқанша неге шыдамадың, дейді 
жазғырып. Бәкке де қатты сөйлеп жауап қайырды: «Әкем келгенше, олар сиырды 
сойып алса не істеймін» дейді. Шешесі тағы да жазғыра сөйледі: «Егер қолдарына 
түсіп қалсаң қайтетін едің, олар өлтіріп тастаудан тайынбайды ғой» деген. «Жоқ, 
өлтіре алмайды, мен оларға өлтіртпеймін»,- дейді Бәкке де қайтпастан. Шешесі 
мұнан кейін де жазғырып ұрысқан, бірақ Бәкке де өз дегенінде тұрып алды, 
шешесіне көзін аларта қарап «уай-уай» деп шатынай сөйлейді. Осылайша шешесі 
мен баласы біраз дауласып сөйлесіп алды да, ақыры Зейнат шарасы таусылғандай 
лажсыз күлімсіреп әжеме қарады. 
− Бала жаман… жаман…- деді қолын сілтеп. 
− Жоқ, қарағым. балаң жаман бала емес, жақсы бала,- деді әжем оған 
қарсы дауласа сөйлеп.- Осы үйге келгенде байқаймын ғой, тәрбиесі де, тәртібі де 
жақсы бала. 

− Вай, вай,- деп Зейнат қарсылық білдіргендей басын шайқап күлді де.- Мен 
бала, сен бала…- деп бастады да, әрі қарай аузына қазақша сөз түспей тұтығып 
тұрып қалды, онан соң баласына сен түсіндіріп жіберші дегендей айтар сөзін 
шешенше жалғастырып әкетті. Бәкке күлді де: 
− Әже, менің апам айтады, менің балам сізді өзінің әжесіндей жақсы көреді 
деп,- деп аударды. 
− Е, айналайын, мен де сені мына отырған Қанатымнан кем көрмеймін,- деді 
әжем де. 
Бәкке енді өз шешесіне әжемнің сөзін аударған. 
− Вай, вай! — деп Зейнат сақылдай күлді. 
Мұнан әрі шешесімен Бәкке тағы біраз сөйлесті де, ақыры шешесі кетуге 
ыңғайланды, әжеме қарап: 
− Мен бала…- деп қолымен ишараттап Бәккені нұсқап, осында қонады 
дегенді білдірген. 
− Қонсын, қонсын. Қорықпа, балаңды сабамаймыз,- деді әжем әзілдеп. 
Әжемнің әзіліне бәріміз де мәз болып күлдік. 
Зейнат кеткен соң шамды өшіріп жатқанбыз. Әжем мен балалар тез ұйқтап 
қалды да, Бәкке екеуміз қатар жатып ап алаңсыз еркін әңгімеге кірістік. Әуелі 
Бәкке: 
− Қанатай, бұл әңгіме тісіңнен шықпасын, әйтпесе екеумізді де өлтіреді,- 
деп, маған өзінің қоңыр сиырды қалай тапқанын айтып берді. 
Қоңыр сиырды бір шешен (Бәкке ол шешеннің де атын айтпады) өткен түні 
таң алдында кеп әкетіпті. Содан күні бойы алдына шеп салып қораның түкпіріне 
қамап қойыпты. Ондағы ойы алғашқы күнгі абыр-дабыр іздеу басылған соң, бүгін 
түнде сойып алу екен. Мұның бәрін Бәкке әлгі шешеннің бес жасар баласының 
айтқанынан (балалы үйдің ұрлығы жата ма) естіпті. Оның үстіне Бәккенің өзі де 
сабақтан қайтып келе жатқанында, әлгі шешеннің қорасына шөп кіргізіп жүргенін 
байқап қалады. «Мұның ешқандай малы жоқ еді ғой, шөпті неменеге салып жүр 
екен?» деп ойлады. Сөйткенше болмай ойнап жүрген баласы «Бүгін менің әкем 
сиыр сояды» деп мақтанып, бар жағдайды айтып береді. Содан Бәкке әлгі 
шешеннің үйін сырттай аңдиды. Әкесі болса жұмыста, басқа ақылдасатын адам 
жоқ. Бәкке не істерін білмей аласұрады. Бізге кеп айтса, ұрлығын ашқаны үшін әлгі 
шешен мұны бауыздап тастайды, өйткені шешендердің заңы солай. Кешке қарай 
көрші колхоздан жасырынып әлгі шешеннің бір-екі сыбайласы келеді. Үшеуі үйге 
кіріп, пышақтарын қайрап, қараңғылықтың түсуін күтіп отырған кездерінде, Бәкке 
ақырын барып есіктерін сыртынан бекітіп, қоңыр сиырды жетектеп, біздің үйге 
қарай тайып тұрыпты. Әлгі шешендер әзірге өздерін кімнің тотитып кеткенін, 
әрине, білмейді. 
− Ал егер білсе ше? 
− Тіпті білсе де бұл шешендер үшін кешірімді. Олар ұрлады, олардан мен 
ұрладым. Мықты болса ұрлатпаулары керек еді. Ал егер ұрлағандарын келіп 
айтсам, онда кешірмес еді. Өштесіп, кек қайтарар еді. Сондықтан ертең ешкімге 
ештеңе демей, түк білмегендей болайық. Сұрағандарға тұма жақта жүрген жерінен 
тауып алдық дей сал. 
− Мақұл, Бәкке. 
Көзіміз ұйқыға енді ілініп бара жатқан, үйдің түбінен жүріп өткен дүбірден 
Бәкке де, мен де қатар оянып, басымызды көтеріп-көтеріп алдық. 
− Біреу жүрген сияқты болды ғой. 
− Иә, біреу есік алдында жүр. 

Ұмтылып барып терезеге жабыса тұрып, тастай қараңғы сыртқа қарағанбыз. 
Қараңдаған еңгезердей біреу қораға кіріп кетті де сәлден кейін қайта шықты, ары-
бері ұрлана қарап біраз жүрді де, енді кеп есікті тартқылады. 
− Соның өзі,- деді Бәкке сыбырлап. 
− Киініп алайық. 
Қараңғы үйде сипаланып тұрып, тез киініп алдық. Бәккені қайдам, менің өне 
бойым безгек ұстағандай дірілдеп кеттім. Әуеліде есікті жай тартқылағандай 
тықырлатып тұрған, әлгі бір кез сарт еткізіп жұлып алғандай болды. Бәкке екеуміз 
жүгіріп ауыз үйге шыққанбыз, жоқ, есік ашылмапты. Сырттағы адам бар күшін 
салып тағы да жұлқып-жұлқып қалды, бүкіл үй солқ-солқ еткен. 
− Қанат, балта бар ма? — деген Бәкке. 
Мен қараңғыда сипаланып барып, босаға жақта сүйеулі тұратын балтаны 
тауып әкеп Бәккенің қолына ұстаттым да, өзім ашаны алдым. 
− Сен не алдың? — деп сұраған Бәкке. 
− Ашаны алдым. 
− Дұрыс. Енді қорықпаймыз. Егер есікті бұзып кіретін болса, мен оны тура 
балтамен шабайын, ал сен қарнына ашаны сұғып ал. 
− Мақұл. 
− Әй! — деді енді Бәкке сырттағы есікті тықырлатып тұрған адамға: — Біз 
біріміз балтамен, біріміз ашамен қаруланып тұрмыз. 
− Бәкке?! — деген сырттағы адам таңырқап. 
− Иә, Бәккемін. 
Анау шешеншелеп бірдеңе-бірдеңе деген, менің ұққаным: сенің бұл үйге 
қандай қатысың бар дейтін сияқты. Бәкке де шешеншелеп жауап қайырды: бұл 
менің досымның үйі дейді. Анау: «мен қазір сені досыңмен қосып бауыздаймын» 
дегендей болды. Бәкке: «Бауыздап көр, менің әкем сені бауыздасын деді». Анау: 
«Мен сенің әкеңнен қорықпаймын» деген. Бәкке менің әкем күшті, сені құртады, 
деді ызақорлана дауыстап. Сырттағы адам бар күшін сап есікті тағы да жұлқып 
қалған. Осы кезде сырттан, арғы жақтан шешенше айқайлап ақырған еркектің 
даусы да шықты. Есікті жұлқып тұрған адам тапырақтай жүгіріп ары қарай кетті. 
Сөйткенше болған жоқ, әлгі екі адамның дабыр-дұбыр сөйлескендері әріректен, 
көше жақтан естілді. 
− Менің әкемнің даусы ғой! — деді Бәкке. Жүгіріп барып есіктің ілгегін ашып 
жіберіп, сыртқа атып шыққан. Мен де ілесе шығып, есіктен аттап барып тоқтадым. 
Анадай жерде ақ қардың үстінде арсыл-гүрсіл алысып жатыр екен. Жүгіріп барған 
бойда Бәкке де қазақша боқтанып кірісіп кетті. Үлкендер шешенше боқтасып жүр, 
ара-арасында: «О-о», «а-а»…», «Вай, Миск!..» деп ышқына ыңыранғандары 
естіледі. Бірін-бірі сарт-сұрт ұрғандары, ыңыранған, ыңк-ыңқ еткен дыбыстары 
естіледі. Бір сәт Бәкке: «А-а… әкеңнің!..» — деп баж ете қалған. Жаным шыға 
жаздаған мен: 
− Бәк-ке! — деп жүгіре ұмтылғам. Осы мезетте үлкендердің бірі кескен 
теректей сереңдеп барып анадай жерге ұшып түсті. Мен жандарына таяп 
келгенде, екінші үлкен адам әлгі сұлап түскеннің үстіне төніп, еңкейіп қарады да, 
тістене тұрып шешеншелеп: 
− Тірі екен,- деді. Даусынан таныдым, Бәккенің әкесі екен. Мені көріп: 
− Хээт, Хээт! — деді зеки дауыстап. Онан соң Бәккеге бірдеңе-бірдеңе деп 
тез-тез сөйлеген. Бәкке жүгіріп кеп мені үйге қарай жетелей жөнелді де: 
− Қанат, тісіңнен шықпасын. Мұны ешкімге айтушы болма. Онда менің 
әкемді құртады. Бар үйіңе! — деді сыбырлай сөйлеп. 
Үйге кіріп, есікті іліп ішкі бөлмеге енгенімде, әжем: 

− Қанатпысың?! Не боп қалды?! — деген. 
− Жай. Далаға шығып жүрмін,- дедім дауысымнан бойымды билеген үрейді 
де, тоңғанымды да білдірмеуге тырысып. 
Бірден жата қоймай, терезенің алдына барып көше жаққа қарағам. Бәкке 
мен әкесі көрінбейді, кетіп қалса керек, ал әлгі серейіп жатқан адам әлден соң 
орнынан тұрды. Тағы да біздің үйге кеп есікті бұзып жүрмесе деп зәре-құтым 
қалмады. Жоқ, бері қарай жүрмеді, бір аттап, бір тоқтап, ілби басып қараңдап ары 
қарай кетті. Тәлтіректеп бара жатқаны байқалады. 
Ертеңгісін тұра сап қоңыр сиыр мен екі ешкіні сыртқа шығарып, ауыз үйді 
тазалап, онан соң түндегі арпалыс болған жерге барғам, әр жерде қардың үстіне 
тамған қанның ізі қапты. Сірә, шешендер пышақтасқан болу керек. Түндегі Бәкке 
алып шыққан біздің балта анадай жерде жатыр екен. 
− Әй, Қанат, бірдеңе жоғалттың ба? Не іздеп жүрсің? 
Мен қапелімде ұрлығымның үстінен түскендей селк етіп қалдым. Үйінен 
шыққан Петька боқшасын арқалап бері қарай келе жатыр екен. Мен жауап берем 
дегенше болған жоқ, ол есік алдында жүрген қоңыр сиырды көргенде қуанғаны 
сонша: 
− Табылыпты ғой! — деп есі шыға жүгірді. 
Петьканың көңілі басқа жаққа ауғанын пайдаланып, мен де балтаны алып 
үйге қарай жүрдім. 
Түнгі оқиғаны — шешендер төбелесін Бәкке екеумізден басқа ешкім білген 
де, естіген де жоқ. Егер МТС — тағы шешендерді бақылайтын коменданттың 
құлағына болар-болмас сыбыс тисе-ақ, ұры шешенді де, Бәккенің әкесін де айдап 
әкететіні сөзсіз еді. Сондықтан Бәкке екеуміз кездескен жерде көзімізбен ғана 
ұғысып, болған оқиға жайлы ләм-мим деп сөз қозғағамыз жоқ. Бәкке біраз күнге 
дейін мектепке де барған жоқ, оң қолымды темір пешке күйдіріп алдым деп 
мойнына асынып байлап, үйінде отырды. Ал әлгі біздің қоңыр сиырды ұрламақ 
болған Солтымұрат деген шешен екен. Оны білгенім, сол Солтымұрат қорадан 
құлап, қазыққа жығылдым деп, екі қабырғасы сынып, үйінде бір айдай төсек 
тартып жатты. 
Петька, Отто үшеуміздің тірлігіміз со бұрынғыша — сабақтан шыға сала 
қоңыр сиырдың қамына кірісеміз. Әр жерден үзіп-жұлқып бір уыс шөп тапсақ, 
алтын тапқандай қуанамыз. Сірескен қар өмірі кетпестей боп мұрты шетінер емес. 
Шіркін-ай, жер қарайған көктемге жетеміз бе, жетпейміз бе деп зарыға күтіп 
жүргеніміз. Амал-әрекеттің бәрі таусылған, ешкімнен қайыр болмайтынына көз 
жеткендей үміттің де үзілген шағы. 
Сол күндері Нәзира әпкемнен хат алғанбыз. Бұл — үйден аттанып кеткеннен 
бергі үшінші хаты еді. Амандық-саулығын айта келіп, өздерінің — ылғи 
Қазақстаннан барған қыздардың — Еділ бойындағы жаудан азат етілген қаланы 
қалай қалпына келтіріп жатқандарын жазыпты. Әр тараптан барған талай 
қыздармен достасып, апалы-сіңлідей туыстасып кеткендерін, қандай 
қиыншылықтар болса да солармен бірге көтерісіп «көппен көрген ұлы тойдың 
ішінде жүргенін» мақалдап білдіріп, әжем мен бізге — іні-сіңлілеріне: «Мені ойлап 
қайғырмаңдар, халім жаман емес, ойнап-күліп жүріп жатырмын»,- деп қойыпты. 
Бірақ хатының кейбір тұстарындағы бірді жарым сөздерді аңдап отырған әжем: 
«Тоқта, жаңағы жерін қайта оқышы»,- деп маған қайталай оқытты да: 
− Не дейді, құдай-ау, аяқ астынан жарылатын…- дей ме? — деп сұрайды. 
− Минаны айтқаны ғой,- дегем мен білгішсініп. 
− Е, бір алла өзің жар бола гөр,- деп әжем күбірлей күрсінді.- Бүгін хат жаз, 
абайлап жүрсін деп жаз. Дауыстап айтпаса да іштей аллаға сиынып жүрсін. 

− Ой, Нәзира әпкем құдайға сенбейді,- дегем мен әжемнің не болса содан 
қорқатынына қитыға сөйлеп. 
− Тә! Өйдеме! — деп, әжем кәдімгідей қатуланып сөгіп тастады. Әжімдері 
қатпар-қатпар боп тереңдеп, өңі қатты сұрланып кетті.- Осы кесір сөздерің ғой 
сендердің… 
Әжемді дәл бұлай ренжір деп ойламаған мен сасқанымнан: 
− Жарайды, жазам, аллаға сиынып жүр деп жазам,- деп әзер жұбаттым. 
Міне, сол хатының соңында әпкем ауылдағы ағайын-туғандарға тегіс сәлем 
жолдай отырып, Зибашқа да бір-екі ауыз сөз арнапты: «Зибаш жеңгеме көп-көп 
сәлем айтыңдар, талай жауынның астында бірге суға малтығып, талай боранда 
бірге тоңып ек. Қайран жеңгем, азаматтан бір кем емес еді, сендерге де көз қырын 
салып жүрген шығар. Аман-сау елге оралсам, мен де қарыздар болып 
қалмаспын…» 
− Е-е, қарғам-ай, жұрттың бәрін өзіндей көреді ғой,- деді осы тұста әжем 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет