Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы



бет2/69
Дата11.12.2023
өлшемі0,7 Mb.
#137644
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69
Байланысты:
АЛКА

2. Мәдениет майданы
Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.
«...1926 жылы оқу–ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924 – 1926 жылдары жүргiзiлдi. (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370 – iс 1 т., 220 - бет).
Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми–зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.
Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.
Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiледi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт–бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев М. және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Х., Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты.
«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм». (Досмұхамедов Х., № 2370 – iс 1 т., 221 – парақ).
«Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды... Бұған қоса Байтұрсынов: қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс деп үндеу тастады... Әуезов Мұхтар мен Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған шақырып, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi». (Байдiлдин, № 5441 784 – iс, IV т., 134 – парақ»).
«Бұдан кейiнгi жылдарда кеңес өкiметiне қарсы ашық пiкiр бiлдiре алмадық, оны жүзеге асыра қоятындай күш болмады, сондықтанда барлық күштi кеңес мекемелерiндегi қызметке ие болып, сол арқылы кеңес өкiметiнiң науқандары мен шараларына бөгет жасауға тырыстық». (Тынышбаев, № 2370 – iс, 1 т., 131 – парақ).
«...мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым – жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлов апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды... Менi ұйымның атынан Оқу–ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi...» (Қашқынбаев, № 2370 – iс, 1 т., 378 – парақ).
«...бiздiң ойлаған мақсаттарымыз кеңес өкiметiнiң мемлекеттiк басқару аппараты арқылы жүргiзiлiп, iске асты. Басқа салаларға қарағанда мәдениет майданында бiз көп iс тындырдық.
а). Оқу–ағарту комиссариатының ғылыми комиссиясында Байтұрсынов, Досмұхамедов және Ысқақов қызмет iстедi.
б). 22 –жылға дейiн Оқу-ағарту комиссариатын Байтұрсынов басқарды, одан кейiн Сүлеев Оқу-ағарту комиссариатының орынбасары болды, одан кейiн Сәдуақасов келдi, ОАК–ға Дулатов та жақын жүрдi, бiр кезде Ташкенттегi институтттың директорлығының мiндетiн Әдiлов те атқарды.
в). Қазақ мәдениетi мен ағарту iсiнiң жанашырларының қоғамы құрылды. Басқарма мүшелерiнiң құрамында: Х.Досмұхамедов төраға, Есболов орынбасар, Әуезов, Тынышбаев және Ж.Досмұхамедов пен Қашқынбаев болды.
г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылордада да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.
д). Оқулықтарды - Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт – бағдар бойынша) жазды.
е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап, керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды.)
ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн үлгi ете эпикалық сарында суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды.
з). Ескi араб әлiпбиiн жақтап қорғағандар: Байтұрсынов, Е. Омаров, Байсейiтов Әзiз.
и). Тiлдiң тазалығы үшiн күрескендер: (бұрынғы атаулар мен ұғымдарды): Байтұрсынов, Жұмабаев, Х.Досмұхамедов.
к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы «Алашорданың» идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев оқулық жазды.
л). Баспасөзде пiкiр бiлдiргендер: («Ақ жол» және басқа да «Алашорданың» идеологиясының ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есболов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б.
м). Көпшiлiктiң алдында лекция оқып, баяндама жасағандар (қазақтың мәдениетi мен тарихын, өмiрiн «Алашорданың» идеологиясы» тұрғысынан түсiндiргендер): Досмұхамедов., Есболов, Қашқынбаев, Жұмабаев, Әуезов, Тынышбаев – бұлар Ташкенттегiлер, Орынбордағыларды бiлмеймiн, Қожанов та баяндама жасаған, Аспендиаров пен И. Тоқтыбаев және басқалар да араласты.
н). Университетте (Алматыдағы) сабақ бергендер: Байтұрсынов, Ермеков, Досмұхамедов Х, (университеттiң ашылу кезiнде Байтұрсынов «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан сөйледi).
Осы кезде шыққан кiтаптардың көпшiлiгi «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан жазылды, оқу орындарының түлектерi сол идеямен қаруланып шықты. (Тынышбаевтiң 3. Х. 30 ж. жауабынан. № 2370 – iс, 1 т., 277 – 278 – парақтар).
Соңғы уақытта, Тынышбаев және басқа да астыртын ұйымның мүшелерi түрмеге қамалғаннан кейiн, ұйым мүшелерi Оқу – ағарту комиссариаты мен жоғары оқу орындарына, оның iшiнде қазақ мемлекеттiк университетiнiң маңына топтаса бастағаны байқалады.
Қазақ жастары оқып жатқан Қазақ мемлекеттiк университетiне, бiз өзiмiздiң идеологиямызды кеңiнен таратуға мүмкiндiк беретiн оқу орыны ретiнде қарадық. Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрiп шыққан соң мектептерде сабақ беретiн, қалың бұқарамен тығыз байланыста болатын жастарды оқытады, сондықтанда, бiз үшiн жастарды «Алашорданың» рухында тәрбиелеудiң маңызы ерекше болды.
ҚазМУ-дiң ректоры Аспендиаров пен оның орынбасары Жандосов бiзбен жақсы араласып тұрды және бiзге сендi, сондықтан олар бiздiң пиғылымызды аңғарған жоқ. Мысал үшiн, бiздiң оқу орындарындағы жүргiзген әрекетiмiз туралы маған Домұхамедов хабарлаған бiр жайды айта кетейiн: Досмұхамедов Қаз МУ–де рефлекстанудан дәрiс бердi және шәкiрттерге маркстiк емес тұрғыда түсiнiк бердi. Мұны байқап қалған студенттер, одан сабақты маркстiк тұрғыдан түсiндiрудi талап етiптi. Сонда ол: мен марксшыл емеспiн, сондықтан маркстiк тұрғыдан түсiндiрiп бере алмаймын, сондықтанда рефлекстануды маркстiк негiзде оқытатын адамды өздерiң тауып алыңдар – дептi. (Тынышбаевтың 4/Х – 30 ж. жауабынан № 2370 – iс, 1 т., 312 – парақ ).
Тағы да ол:
«Оқу – ағарту комиссариатының нұсқауы бойынша бiз оқу орындарында қызмет етуге және кейбiр кiтаптарымызды шығаруға мүмкiндiк алдық. Досмұхамедов пен Ермеков ҚазМУ – де, Сүлеев – Семейдiң Аймақтық оқу – ағарту бөлiмiнде қызмет еттi» (Сонда, 313 – парақ) – деп көрсеттi.
Досмұхамедов Х.:
«...байдың балаларын ҚазМУ–ден шығарып тастаған кезде мен оны (Аспендиаровты – тергеушiлердiң ескертуi – Т. Ж.) бұлар байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым. (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. № 2370 – iс, 1 т., 209 – парақ)».
Мiне, қазақ ұлтының рухани мұрасын сақтап қалған тұлғаларға деген көрсетiлген «құрметтiң» сиқы осындай. Әрине, тергеушiлер үшiн мұндағы айтылған жайлардың байыбына барудың пәлендей қажетi жоқ. Тек тiзiм мен дерек болса жетiп жатыр. Егерде, дәл сол кезде Ахмет Байтұрсынов қазақ тiлi мен әдебиеттану ғылымының негiзiн салмаса, бiз бұл күндерi бастауыш пен баяндауышты - бастаушы мен қостаушы, анықтауыш пен толықтауышты, айқындаушы мен толдықтырушы, зат есiм мен сын есiмдi – негiздi есiм мен түрлi – түс, қимыл есiмi деп атап жүрер ме едiк, кiм бiлсiн. Ал, шылау мен үстеудi, етiстiктi қалай атарымызды бiр алланың өзi бiлсiн. «Тiлмен ұғымның тазалығы» үшiн күрескенiне «айыпкер, алашордашыл» атанған Ахаңсыз есептiң төрт амалына – алу мен қосуға, бөлу мен көбейтуге ат тауып көрiңiзшi. Алынғыш, қосылғыш, көбейткiш, бөлiнгiш деп тәржiмаланып жүрген ұғымдардың санамызда мәңгi тұрақтап қалмасына кiм кепiл? Мағжанның өлеңдерiнсiз, «Ақбiлексiз», «Қилы замансыз», «Аламансыз», «Қазақ тарихынсыз», жаратылыстану, физика, психология, геология саласындағы алғашқы оқулықтардағы атаусыз (терминдерсiз) қазақтың бүгiнгi рухани, мәдени–ғылыми iлiмдерiнiң дәрежесi қандай «табалдырықта» жатар едi?
Қазақ ұлты рухани парасаттың даму баспалдағына неғұрлым биiктеп көтерiлген сайын, өзi үшiн құрбан болған алаш ғұламаларын соғұрлым құрметтеп, тағзым етуi тиiс. Өйткенi, ұлттың рухани тәуелсiздiгiн сақтап қалғандар да, мәңгүрттiктен құтқарып кеткендер де, болашақтағы тәуелсiздiктiң қасиеттi ұлы жолын анықтап берген де солар.
Таланттың тағдырын талқыға салған, тұлғаларды тұқыртқан жазалау науқанының кезектi бiр науқаны былай аяқталды:
«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс – хатының көшiрмесi 1932 жыл. 20 көкек.
Тыңдалды: № 2370 – iс бойынша : Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3 – статьялары бойынша; 2. ‡мбетбаев Алдабергендi, Мурзин Мұхтарды ҚК 58/7, 58/11 – статьялары бойынша; 3. Мұңайтбасов Әбдiрахманды ҚК 58/4, 58/11 – статьялары бойынша; Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11 – статьялары бойынша; Күдерин Жұмақанды, Қожамқұлов Нашимдi ҚК 58/11 – статьялары бойынша; Ақбаев Әбдүлхамиттi ҚК 58/11 және 16 – статья бойынша; Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 – статьялары бойынша; Қадырбаев Сейтазымды ҚК 58/7, 11 – ст. бойынша; Омаров Әшiмдi ҚК 58/10, 7, 11 – ст. бойынша; Тiлеулин Жұмағалиды ҚК 58/2 – ст. бойынша; Ермеков Әлiмханды, Әуезов Мұхтарды ҚК 58/7, 10, 11- ст. бойынша Омаров Уәлиханды, Сүлеев Бiләлдi 58/2 – статьясы бойынша; Ысқақов Даниалды ҚК 58/10, 11 – статьялары бойынша жауапқа тартты. Шешiм:

  1. Тынышбаев Мұхамеджанды. 2. Досмұхамедов Халелдi. 3. Досмұхамедов Жаhаншаны. 4. Үмбетбаев Алдабергендi. 5. Мұрзин Мұхтарды. 6 Мұңайтбасов Әбдiрахманды. 7. Бұралқиев Мұстафаны. 8. Кемеңгеров Қошмұхамедтi. 9. Күдерин Жұмақанды. 10. Қожамқұлов Нашимдi. 11. Ақбаев Әбдүлхамиттi. 12. Ақбаев Жақыпты. 13. Қыдырбаев Сейтазымды. 14. Омаров Әшiмдi. 15. Тiлеулин Жұмағалиды – бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады. 16. Ермеков Әлiмхан. 17. Әуезов Мұхтар – үш жыл концлагерьге қамалсын, уақыттары 8/Х – 30 ж. бастап есептелсiн. Ермеков пен Әуезовтiң үкiмi шартты түрде есептелсiн. 18. Омаров Уәлиханды. 19. Сүлеев Бiләлдi. 20. Ысқақов Даниалды қамаудан босатсын, тергеу кезiндегi отырғаны еске алынсын».

Қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымын әшкерелеуге арналған бес жылға созылған тергеу ісiнiң нәтижесi осындай үкiммен тәмәмдалды.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор.

БІРІНШІ БӨЛІМ: «Алқаға кір!..»


«АЛҚА»





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет