Аль-Фараби мен Махмұт Қашқаридің еңбектерінің мәні
Аль-Фараби мен Махмұт Қашқари ерте және орта ғасырларда әдебиетке, философияға, дінге және тағы басқа ғылымдарға қосқан үлестері шексіз. Оның бірден-бір дәлелі, ғұламалардың еңбектерінің тарихы бүгінгі күнге дейін өзекті, әрі маңызы зор.
Өз заманында әлемге әйгілі ойшыл, адамзаттың екінші ұстазы атанған Әбу-насыр Әл-Фараби — бүкіл Дешті Қыпшақ жерінің мақтанышы болған. Жібек Жолы бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикалық, мәдени дамыған кезімен тұспа-тұс келеді. Ұлы ойшылдың бойында қаншама талант, білім, және де меңгермеген ілімі мен игермеген асуы қалмаса керек. Бойында тек білімге деген құштарлықпен қатар, мейірімділік ұштасып жатыр. Әл-Фарабидің ашқан ең үлкен жаңалығы – антикалық мұра мен исламды біріктіре мәдениет жасауында. Сондықтан Әл-Фарабидің қайнар көздерін айтқанда міндетті түрде тек шығыс пен батыс, гректің ғана емес, оның қазақтың құнарлы топырағынан түлеп ұшып, Отырар өркениетінен нәр алғанын ұмытпауымыз керек. Әл-Фараби араб елінде аты шығып, «Шығыстың Аристотелі» атанып, артында мол мұра қалдырған заманының заңғары деп айта аламын. Әл-Фараби: «Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты», «Ақыл-парасат – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнердің қыр-сырын ұғуына, жақсықылық пен жаман қылықтың ара жігін ашуына көмектесетін күш»- дегендей, осы сынды ғақлия сөздері арқылы адам баласын адамгершілік пен оқу-ғылымға шақырады. Аль-Фарабидің еңбектерінің мақсаттарының бірі сезім мен ойлау, тәрбие мен іс-әрекет жүйесін жетілдіру мәселесінің қоғамға, адамзатқа маңыздылығын көрсету. Ғұлама-ойшылдың қанатты сөздеріне сүйенсек: ,,Білімсіз адамгершілік малаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды” – дегендей, ұлы философ бізге тәлім-тәрбиенің, адамгершіліктің маңыздылығын түсіндіре отырып, бәрімізге мәлім ,, Тәрбиесіз алған білім, адамзаттың қас жауы” – деген сөзі жерге тасталмаған.
Махмұт Қашқари – түркінің алғаш тіл маманы, түрік тілінің оқулығын жасаған, грамматикалық түзетулер жүргізген, жалпы түркі әлемінің тіл өнерінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірген ғұлама. Атақты еңбегінің аты - ,,Диуани лұғат ат-түрк”. Түркі жұртының бай тарихын, географиялық жағдайын, әдебиеті мен өнерін, этногенез ерекшеліктерін еңбегінде нақты тарихи деректілік сипатпен қамтыған. Ол еңбектерінде біздің ежелгі ата-бабаларымыздың тұрмыс-салтын баяндайды, байырғы жырларын, мақал-мәтелдерін жазды, сонымен қатар ұлы ғұлама көне дәуірдегі түркілердің әлемдік картасын жасап, Барсхан, Баласағұн, Тараз, Екіөгіз және де Қашқардан бастап түркі дүниесінің ежелгі шекаралық елді мекендерін түгел дерлік көрсетеді.
Мен осындай алып тұлғалардың ұрпағы болғаным үшін кеудемді тік ұстап, мақтанышпен айта аламын. Ұлы даланың алып тұлғалары тек осымен шектеліп қалмайды. Мен әрі қарайда есімдері алтын таңбамен жазылған тұлғалар туралы ізденетін боламын және мақтанышпен айтып жүремін. Ұлы даланың ұлы перзенттерін ұлықтау – біз, жас ұрпақтың басты парызымыз бен міндетіміз.
Қорыта келсек, ғұлама, кемеңгер, ойшылдарымыздың шығармашылығына назар аудара отырып, ұрпаққа қалдырып кеткен даналық ой-толғамдары әртүрлі сөзбен жеткізілсе де, айтар ойлары, көздеген мақсаттары бір екенін көреміз. Еліміздің тұңғыш Президенті елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атамыз айтып кеткендей: ,, Тарихын білмеген ұлттың, болашағы бұлыңғыр!”,демекші өз еліміздің ата-бабаларымыздан қалған мұраларын жетік меңгеріп, кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдырып отыруымыз тиіс деп білемін.