Қолды антисептиктермен өңдеу ( спиртпен, хлоргексидинмен және т.б.) Мақсаты : транзиторлық микрофлораны кетіру және жою, науқастың және қызметкердің инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Көрсетім: кез келген манипуляция алдынан, егу,оталау (операция) алдынан.
Жабдықтар: 70% этил спирті, хлоргексидин және т.б., залалсыздандырылған мақта шариктері, қауіпсіз кәдеге жарату қорабы (ҚКЖҚ)
ЕМШАРАНЫ ОРЫНДАУ: Қолды гигиеналық деңгейде өңдеңіз.
Спиртке батырылған мақтамен тырнақ айналасын айналдыра отырып, саусақтардың үстіңгі бөлігін жоғарыдан төмен қарай, содан соң алақан жағынан сүртіңіз.
Пайдаланған мақталарды ҚКЖҚ салыңыз.
Залалсыздандырылған қолғапты кию Мақсаты: емшара орындау барысында асептика ережесін сақтау.
Көрсетім: егу жасау, таңу т.б шаралар өткізу.
Жабдықтар: залалсыздандырылған қолғап.
ЕМШАРАНЫ ОРЫНДАУ:
Залалсызданған ораудағы қолғапты алып, бүктеуін жазады.
Оң қолға арналған қолғаптың қайырылған жағынан ұстап, саусақтарын қолғаптың ішкі бетіне тигізбей алады.
Оң қолдың саусақтарын жұмып-жинақтап, оны қолғапқа енгізеді.
Сол қолға арналған қолғаптың қайырылған жағынан оң қолдың екінші, үшінші және төртінші саусақтарымен (қолғаптағы) ұстап, қолғаптың ішкі бетіне тигізбей алады.
Сол қолдың саусақтарын жұмып-жинақтап, оны қолғаптың ішіне енгізеді.
Қолғаптың қайырылған жерін бірінші сол қолдың, содан кейін оң қолдың жеңіне қарай тартып түзейді.
Залалсыздандырылған қолғапты шешу Мақсаты: емшара орындап болған соң қолғаптарды жою.
Көрсетім: емшараның аяқталуы
ЕМШАРАНЫ ОРЫНДАУ:
Сол қолдағы қолғаптың қайырылған жерінен оң қолдың саусақтарымен сыртқы жағынан ұстап, тағы қайырады.
Оң қолдағы қолғаптың қайырылған жерінен сол қолдың саусақтарымен сыртқы жағынан ұстап, тағы қайырады.
Сол қолдағы қолғапты қайырылған жерінен оң қолмен ұстап, теріс жағына айналдырып шешеді.
Оң қолдағы қолғапты қайырылған жерінің ішкі жағынан ұстап, теріс жағына айналдырып шешеді (сонда сол қолғап оң қолғаптың ішінде болады).