Зерттеу жұмысының өзектілігі. «Мәңгілік Ел» идеясының әдебиеттануда зерттелу аспектілері жаңашылдығымен ерекшеленеді. Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк туралы көне түркі мәтіндері XX ғасырда КСРО мен шет елдерде ғылыми зерттеудің нысаны болған еді. Алайда бұл жұмыстардың барлығы дерлік түпкілікті тарихи және түркологиялық сипатта болды. Көптеген жағдайларда тасқа басылған жазбаларды табу және оларды оқу тарихы, олардың мазмұны мен тарихи шындыққа қатынасы қарастырылды. Көне түркілік мәтіндердің жанрлық және тақырыптық ерекшеліктері зерделенді, әдеби және қоғамдық мәселелер талданды.
Зерттеу жұмысымызда әрқилы тарихи кезеңдердегі халық ортасында туған аңыздаулар мен эпостар – басты зерттеу нысанына айналып отыр. Бұлардағы Мәңгілік Ел идеясы туралы халық түсінігі өзіндік пішінде кескін тапты. Бұл түсінік халық ауыз әдебиетінде, оның ішінде қаһармандық эпостардан, тарихи аңыздаулар мен баяндаулардан, аңыздар мен әпсаналардан байқалады. Дәл осындай фольклорлық туындылар мен түркі жазба ескерткіштері елін, жерін сақтау және қорғау идеясын жырлайды. Зерттеуіміздің идеясы мен аспектісінің негізгі жаңашылдығы да осында.
Көне замандардағы билеушілердің ешбірі өзінің және өзінен бұрынғылардың мәңгілік мемлекет құрғанын жариялаған жоқ. Тек VIII ғасырда түркі қағаны Тоныкөк өз бабалары VI ғасырда мәңгілікке Ұлы Түркі Қағанатын құрғанын тасқа қашап жазды. Қағанат 290 жыл өмір сүрді де құлады, оны табғаштар жаулап алды. Тоныкөк қағанаттың жеңіліс табу себептерін санамалап көрсетеді және Мәңгілік Ел құру үшін ең алдымен халықтың бірлігі мен ынтымағы керек екенін болашақ ұрпаққа ескертеді.
Мәңгілік Ел идеясы сан ғасырдан соң Қазақстан Республикасында қайта жаңғырды. Оны ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев мемлекеттік ұлттық идея деп жариялады және Президенттің 2014 жылғы халыққа Жолдауы мен қоғамдық сананы жаңғыртуға байланысты сөйлеген сөздерінде айтылған негізгі жағдайды түсіндіру мен жүзеге асырудың міндеттері концептуалды түрде айқындалды: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы» [1]. Демек, бабаларымыздың бізге жеткізген аманатын арқалап, еңселі ел болу дәстүр жалғастығы деуге болады.
Жұмыстың бүгінгі күн тұрғысынан өзекті екенін 2018-2020 жылдарға арналған «Мәңгілік Ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдың білімі, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер) басым бағыты бойынша ҚР ҰҒА академигі ф.ғ.д., профессор С.А. Қасқабасовтың жетекшілігімен АР05134846 «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының қазақ халқының батырлық-эпикалық жыр-аңыздауларында көркем бейнеленуі» тақырыбындағы ғылыми жоба негізінде жүргізілгендігінен байқауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |