Қалымбек Аян Советұлы



бет4/69
Дата06.01.2022
өлшемі1,85 Mb.
#12214
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69
Байланысты:
olender

Болмыс
(дастан)

Тамыр
Өтсе алдымнан жылқы – тарих тасырлап,

Өткенімнің дерегін кім жасырмақ?!

Түркі болып жортқам Күннің түбіне,

Тәлейіме тарту етіп ғасыр бақ.


Ергенекөн – көне жұртым бақ қонған.

Сол қоныстан күлік мініп аттанғам.

Ерлігімнің дәлелі анау дастандар –

Тасқа қашап жазып кеткем нақ қолдан.


Көк Тәңірдің Көк бөрі емген оғланы ем.

Бөрі ұлитын түн айындай толған ем.

Қаһарлансам, қақыратқам дұспанды,

Айтпағыма Күлтегіндер сом дәлел.


Бөгет емес маған ешбір тас қамал.

Жауларымды жалыныммен жасқағам.

Үрім – Қырым, Табғашта еш орын жоқ

Тұлпарымның тұяғы мөр баспаған.


Ұлт боларда сол тамырдан тарағам.

Боздақтарым шетінен - кіл абадан.

Шиырлағам көне тарих сүрлеуін

Қазақ деген ұлт болғанша қара нар...


Қазық
...Солай ілбіп он бесінші ғасыр кеп,

Жер үстінде жарқ еткенмін жасын боп.

Хандық болғам. Билікқұмар санадан

Қаймананың әз арманы басым боп.


Қаққам берік елдігімнің қазығын,

Қабыл алып хақ-Тәңірдің жазуын.

Керей менен Жәнібек – қос көкжалым,

Қасым – бөрі айға білер азуын.


Хақназар хан –кең жайылған керегем.

Салқам-Жәңгір – тумысынан өр ерен.

Тәубе деумен ғұмыр кешкен халықты

Көк аспанда Құдай өзі жебеген.


Елдігімнің іргесін жау түрмеген,

Ұйытқыдай ел болғанмын бір кемел.

Заманында Абылайдың көктемгі

Қарағаштың жапырағындай гүлдегем.


Білінсе де бодандықтан астар, мән,

Күнім жоқ-тын жауларымнан жасқанған.

Өрлігімнен хан Кененің тұсында

Кесілсе де иілмеген бас болғам...


Арыс
...Тұрса-дағы жанарға жас кеп тұнып,

Өрлігімді шақырдым-ай көкке ұлып.

Киілсе де бодандықтың қамыты,

Суымады қанымдағы тектілік.


Дей алмаймын қою түнде адастым.

Керісінше, белге шығып, тау астым.

Сол күндергі алдымдағы шырақшым –

Қайта тумас арыстары Алаштың.


Сәтің жоқ-ау дүние үшін Ар сатқан,

Боздақтар-ай биік туған мансаптан.

Ұлт болмысын сақтап қалу жолында

Ешбіріңде ой болмады-ау жан сақтар.


Қайран Әли – Хан бабам-ай, көсемім,

Алдыңызда қарыз ұрпақ неше мың?!

Мағжан, Халел, Міржақып пен Ахаңдар

Ұрпақ үшін кешті бейнет нешеуін.


Кетірсе де сәнсіз тұрмыс кетеуін,

Бермеді олар жатқа ұлтының жетегін.

Ерлігімен дәлелдеді тұсында

Қазақ деген халықтың кім екенін!



Аңсар
Еш байлықпен салыстырмас көлемін,

Ғұмыр бойы жазып болмас өлеңім.

Желтоқсанда жастарымның қолымен

Құрсау бұзып алған бәйгім сен едің.


Қастерлім-ай, иісіндей аршаның.

Сені армандап өтті бізде қанша күн?!

Шаһид кешті біздің қанша боздақтар,

Сен жолында, Тәуелсіздік – аңсарым.


Өліп-талып жеткен күнім, қадірлім,

Сені күтіп қаншама жыл сарылдым?!

Көк бөрілік көз жасымды ескеріп,

Бізге берген зор тартуы Тәңірдің.


Ел болдым да жылдам еңсе тіктедім.

Қарыштаудан басқаға көз тікпедім.

Азат болған ширек ғасыр ішінде

Жүз есеге орындалды күткенім.


Енді қазір пәк сәбидей қуанып,

Әз қолына аспан түстес ту алып,

Самғап ұшты мәңгілік ел болам деп

Қазақ деген алтын қанат, қыран ұлт.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет