|
Бір бала қалада оқып, жазғытұры ауылына келді. Әкесі «Балам, енді шөп шабатын мезгіл жақындады. Қолыңа тырнауыш ал, мен шапқан шөпті жинап, жәрдеміңді тигіз», - деді.
Баланың жұмыс істегісі келмей: «Мен әртүрлі ғылымдар оқып қайттым. Қазақтың сөздерін ұмыттым. Тырнауыш деген не нәрсе?» - деді.
Осы сөзді айтқан соң тысқа шығып бара жатып, есік алдында жатқан тырнауыштың басын байқамай аяғымен басып кетті. Тырнауыштың сабы тақ етіп маңдайына тиді. Сонда ғана тырнауыштың не нәрсе екені есіне түсіп, маңдайын сипалап тұрып: «Тырнауышты аяқ астына тастаған қандай ақымақ екен», - деп ашуланды.
|