Алма Қыраубаева шығыстық Қисса-дастандар


«Жақып  пайғамбар  жəне  қыз  əкесіне  жеті  жыл  қыз-



Pdf көрінісі
бет4/17
Дата03.03.2017
өлшемі1,39 Mb.
#7010
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

«Жақып  пайғамбар  жəне  қыз  əкесіне  жеті  жыл  қыз-
мет  ету».  Жақып  пайғамбар – йудей,  христиан  жəне  мұсыл-
ман діндеріне ортақ кейіпкер. Ғалымдар оны тарихта болған 
адам  емес,  бір  тайпалық  топтың  персонификациясы  (яғни, 
сол  тайпаның  басынан  өткен  тарихи  оқиғаларды  бір  адам-
ның бейнесіне жинақтап беру) деп бағалайды.
Ежелгі  Таурат,  Інжіл  кітаптарының  жазуы  бойынша,  Жа-
қып  ана  құрсағында  өзінің  егізінің  сыңары  Исамен  бəсе-
келесе  туады.  Егіздердің  іште  жатып  тірескенінің  мəнісін 
Құдайдан  сұрағанда,  ол: «Сенің  құрсағыңнан  екі  ел  тарай-
ды,  үлкені  кішісіне  бағынады», – дейді  (Иванов  В.В., 1991-
225).  Əуелі  Иса,  одан  соң  Жақып  туады.  Ағасымен  арадағы 
араздықтан  соң,  нағашы  ағасы  Лаванды  іздеп  Месопота-
мияға кетеді. Жолда түс көреді. Түсінде бір басы – жерде, екін-
ші басы көк тіреген саты көреді. Сатының ұшар басынан пе-
ріште  көрініп,  болашағын  айтады. «Құтты  біліктегі»  Оғдұр-
мыш  та  түсінде  биік  сатыны  көріп,  сатының  басынан  бір 
кісі  оған  сусын  ұсынады.  Оны  Оғдұрмыш  өмірінің  ақырына 
көрінген  деп  жориды.  Бұл  түсте  екі  мифтің  біріккенін 
көреміз:
1)  Жоғарыда  айтқан  Жақып  мифінде  сатының  басынан 
періштенің  көрінуі,  Баласағұнидің  сусын  ұсынған  «белгісіз 
біреудің»  оқиғасы  Жақыпқа  қатысты  мифпен  байланысты 
екені аңғарылады.
2) Ежелгі мифтерде өлетін адамға Əзірейіл у береді. («Жұм-
жұмада»  Əзірейіл  ыдыс  əкеледі.  Ыдыстың  ішінде  не  бары 
анық айтылмайды).
Жақыптың нағашы ағасы Лаванның екі қызы бар еді. Жа-
қып  кішісі  Рахилді  қойларын  суаруға  айдап  келген  жерінен 
көреді де, ұнатып қалады. Лаван Рахилді алу үшін жеті жыл 
қызмет ету керек екенін айтады. Ал Құран сюжетінде:
«Осы  арада  жеті  жыл  тұрып  қойымды  бағасың», – дейді 
(Құран хикаялары. 1992-48).
Жеті жыл қызмет еткен Жақыпқа Лаван Рахилді емес, Лия 
атты  үлкен  қызын  береді.  Рахилді  алу  үшін  тағы  жеті  жыл 
қызмет  етеді.  Осы  арада  «Қозы  Көрпеш – Баян  сұлудағы» 
Қодардың  Баян  үшін  əкесіне  жеті  жыл  қызмет  етуінің  төр-
кіні Жақып пайғамбар мифтерінде екенін көреміз.
Сонымен, Жақыптың екі əйелі Зелфа, Валла деген екі кү-
ңінен  жиынтығы  он  бір  ұл  жəне  бір  Дина  атты  қызы  бола-
ды.  Иудей  дінінде  Жақыптың  он  екі  баласынан  Израилдың 
он екі атасы өсіп-өнеді. 
Жақып  пен  Иса  жəне  Лаван  туралы  параллельдер  б.д.д. 
2 мыңыншы жылдықтардағы сына жазуларында бар көрінеді. 
«Жүсіп  пайғамбар – кейіпкер  сұлулығы,  əйелдің  өгей 
баласына  ғашық  болуы».  Жүсіп – Жақып  пайғамбардың 
сүйікті баласы болып есептелінеді. (Себебі, сүйікті əйелі Ра-
хилдан туған). Жүсіп əңгімелері Жақып туралы мифтер топ-
тамасынан  тарайды.  Жүсіптің  анасы  сүйкімді  де  сұлу  қыз 
Рахилге Жақыптың 14 жыл қызмет етіп, əрең қолы жетуінен 
барып, Жүсіп бейнесіне байланысты кейінгі желілерде оның 
ерекше  бала  болғандығына,  сұлулығына  тоқталып  отырған. 

73
72
Осыдан  қисса  кейіпкерлерінің  мінсіз  сұлу  болу  үрдісі  қа-
лыптасқан деген ойдамыз. 
Ғашықтық  қисса  қаһармандарының  бейнесі  Жүсіпті  еске 
түсіреді:
Сонда Жүсіп қосына қайтып келді,
Тəсбиғ таһлил айтып келді.
Үстінде хүллə тоннан нұры балқып,
Жіберді жарқыратып көк пен жерді.
(«Жүсіп-Зылиха»).
Мағрифат нұр жайылған жүректері,
Секілді ақ күмістей білектері.
Ақ жүзді, ақ йанақты шаһизада, 
(Йанақ – алқызыл жүз)
Жаралған саф алтыннан сүйектері.
(«Сейфүлмəлік»).
Жүсіпке  қастандық  ойлаған  ағалары  оны  құдыққа  салып 
кетеді,  соңынан  измаилдықтарға  сатады.  Құранда  Мысырға 
бара  жатқан  керуенге  сатады.  Оны  Египетте  Перғауынның 
жеке қорғаушыларының бастығы Потифар сатып алады (Құ-
ранда  Мысыр  патшасының  уəзірі).  Осы  уақытта  Жүсіптің 
ерекше  қасиеті  байқалады:  Потифардың  ыстық  шарап  іш-
кісі  келсе,  Жүсіптің  қолындағы  шарап  ыдысы  ысып  кетеді, 
суық шарап ішкісі келсе, суып кетеді. 
Бұдан кейін Жүсіптің алдынан тағы бір сын шығады. По-
тифардың  əйелі  Жүсіпке  ғашық  болады.  Көнбеген  Жүсіптің 
етегінен  тартып  қалады.  Потифар  Жүсіпті  зынданға  салады 
(Мұсылман  мифтерінде  Жүсіптің  ақ,  адал  екенін  айтып, 
бесіктегі бала куəлік береді). 
Жүсіп  зынданда  жатып,  екі  жігіттің  түсін  жориды.  Бірі – 
шарап құюшы, екіншісі – нан пісіріп беруші. Шарап құюшы-
ның  түсі  рас  шығып,  зынданнан  босанады.  Осы  кезде  Пер-
ғауын  түс  көріп,  түсінде  жеті  семіз  сиыр – жеті  арық  сиыр-
ды  жеп  қояды,  жеті  толық  бидай – жеті  солған  бидайды 
жеп  қояды  (Сиыр – бақташылықтың  нысаны,  ал  бидай – 
егіншіліктің  нысаны).  Жүсіптің  түс  жоруы  дұрысқа  шығып, 
елі  аштыққа  ұшырамаған  соң,  Перғауын  оған  өз  жүзігін  бе-
ріп,  уəзір  қылады.  Потифар  атты  Египет  абызының  қызы 
Асенефті əйелдікке қосады.
Жеті  жыл  ашаршылықта  Жүсіптің  ағалары  Египетте  ас-
тық  сатып  алуға  келеді.  Миф  желісі  бойынша,  Жүсіптің 
Египетке  сатылып  кетуі – болашақта  туыстарын  астықпен 
қамтамасыз  етуінің  алғы  шарты  ретінде  алынған  деуге 
болады. 
Ағалары  Жүсіптің  арқасында  аштықтан  құтылып,  Жүсіп-
тен  кешірім  сұрап,  əкесі  Жақыппен  табысады.  Ежелгі  йудей 
мифтерінде 110 жыл  жасайды.  Ал  қисса-дастандарда («Қис-
са  Жүсіп», «Жүсіп-Зылиха», «Қисас-ул  əнбиа»)  Жүсіпті  та-
бандылықпен күткен Зылихамен қосылып, қайтадан жас қал-
пына  түседі.  Жүсіп  пен  Асенефтің  махаббатын  бөліп  алып 
жазған  біздің  заманымыздың  бас  кезіндегі  (б.д.  І  ғ.)  грек 
тіліндегі  апокриф  болған  (Аверинцев  С., 1991-254). Мұсыл-
ман  сюжеттері  «Жүсіп  пен  Асенеф  махаббатын»  дамытып 
əкеткен.  Алхристиан  мифтерінде  Жүсіп  образы  Исус  Хрис-
тос  бейнесіне  жақындатып  жіберіледі.  Құран  хикаяларында: 
«Жүсіп  əкесімен  дидарласты.  Басқа  он  бір  баласы  оны  ара-
ларына  алып  келді.  Олар  түгел  ілтипат  етіп  тізерледі.  Жүсіп 
қос  қолын  көкке  көтеріп,  Алла  Тағаланың  мейір-шапаға-
тына мейірленді:

75
74
–  Е,  рəббанам,  билік  күшті  бердіңіз,  түс  жору  өнерін 
үйреттіңіз!  Уа,  жер  мен  көктің  иесі!  Пəни  жалған  мен  бақи 
дүниенің  ғафизі – өзің!  Жазмышқа  мойынсұнуды,  барлық 
адал  жандармен  бірлесуді  үйреткен  өзің!» – деумен  аяқта-
лады (Құран хикаялары. 1992-70).
Мұсылман мифтері Жақып пен Жүсіп оқиғаларының іші-
нен  Жүсіпке  көбірек  көңіл  бөледі.  Жүсіпті – сұлулық  пен 
тазалық  нысаны  ретінде  орта  ғасыр  ақындарының  бəрі  дер-
лік мадақтап, өз өлеңдерін жазған. 
Патша əйелінің (Жүсіпке ғашық болған Потифардың əйе-
лі)  өз  қызметшісі  немесе  өгей  баласына  ғашық  болып,  көн-
беген соң, қастандық жасауы əдебиетте ежелден бар. 
Осыған  ұқсас  оқиға  Əбілғазының  «Шадшарат  Тарикима» 
атты шежіресінде бар екен:
Вограхан қартайып, əйелі өлген соң, Көркелі (көрікті) де-
ген қызға үйленеді. Көркелі Вограханның баласы Қозыға ға-
шық  болып,  көнбеген  соң,  қызметші  қызға  Қозының  етігін 
ұрлатып алдырып, өз шатырына дейін із салып қояды да, шу 
көтереді.  Бірақ  баланың  адалдығы  анықталып,  əйелді  өлті-
реді. Əбілғазы бұл əңгімені ескілікті аңыздарды жақсы біле-
тін шалдардан естігенін жазған (Короглы Х.Г., 1983-124).
«Шаһнамада»  Сиявушқа  өгей  шешесі  Судабе  ғашық  бо-
лады.  Оның  кесірінен  Сиявуш  өлген  соң,  Рүстем  Судабені 
өлтіреді. 
«Аң  асыраған  бала».  Аң  асыраған  бала  бейнесі  қазақ 
əдебиетінде  біздің  заманымыздың  бас  кезіндегі  Көк  бөрі 
аңыздарынан көрінеді. 
«Көк  бөрі»  аңыздарының  бірі  б.д.д.  І-ІІ  ғасырлардан  бас-
тап  өмір  сүрген  үйсіндер  тарихында  кездеседі.  Оны  қағаз 
бетіне  түсіріп  жазған  көне  заманғы  Қытай  тарихшылары-
ның  «тарихи  жазбалар»  жəне  «Хан  патшалығының  тарихы» 
атты кітаптарда мынадай аңыз бар: 
Көршілес отырған ұлы йозылар үйсіндердің Күнбибі Нəн-
ді биді өлтіріп, жерін тартып алады. Халқы босып, һүндерді 
паналаған  Нəнді  бидің  жаңа  туған  баласы  Елжаудың  туысы 
Бөже Оңқа деген кісі шөп арасына жасырып қояды. Осы ба-
ланы  бөрі  емізіп  жүрген.  Содан  аман  қалған  Елжауды  «Бөрі 
емізген  киелі  бала»  деп  һүндердің  Тəңірқұты  асырап  алып, 
кейін  үйсін  елін  жинап,  билігін  берген  (Мыңжани  Н., 1994-
65).
Бұл аңызға қарағанда, бөріні төтем ретінде тану аңыздың 
шығу  уақытынан  тым  əріде  екенін  аңғарамыз.  Т.  Жұртбаев: 
«Көк  бөрі  жөніндегі  аңыз  біздің  дəуірімізге  дейінгі V-ІV 
ғасырларда  көшпелі  жұрттың  арасына  кең  тарап,  киелі  аң 
ретінде  сенімділік  санаға  əбден  орныққан», – деген  пікір 
айтады (Жұртбаев Т., 1994-2-38).
Көк бөрі асыраған бала туралы түріктердің тағы бір аңызы 
əлемге  əйгілі  Түрік  қағанатының  құрылуына  байланысты 
шыққан. 
V ғасырдың бас кезінде бес жүз үйлі тайпа Ордостан Ал-
тайға  қарай  көршілес  елден  ығыса  көшеді.  Соңынан  қуған 
əскерлер  қашқан  елді  қырып  салады.  Аман  қалған  он  жасар 
баланың  қол-аяғын  кесіп,  тастап  кетеді.  Қансырап  жатқан 
баланы бөрі емізіп өсіреді. Ол бала кейін Көкбөрі (қытай ті-
лінде  «Ашина»)  атанып,  ұрпақтары  өсіп-өнеді.  Ағаш  пана-
лаған үңгірдің аты – Ергенеқон.
Ал,  бұл  мифтік  оқиғаның  тарихи  негізіне  келсек,  біздің 
ойымызша,  Ордостан  шығып,  Алтайдың  оңтүстігіне  келіп 
мекендеген  тайпалар  «бөрі»  тайпасы  болуы  мүмкін.  Олар 
439  жылы  Жужандарға  қосылып,  темір  қорытып,  қару-жа-

77
76
рақ  жасағаны  тарихтан  мəлім.  Қалай  болғанда  да,  бөрі – 
түріктердің төтемдік иесі екені анық. 
Сондай-ақ,  Түрік  қағанаты  заманына  ілесе  туған,  бəлкім, 
одан  да  бұрын  туып,  ХІ  ғасырда  хатқа  түскен  «Қорқыт  ата 
кітабындағы»  Төбекөзді  өлтіретін  Бисат  батырды  арыстан 
емізіп өсірген.
«Оғыз қаған жырындағы» Оғыз өлтірген Қият (Қат) деген 
тажал  аң – оғыздармен  соғысқан  ру-тайпалары  болуы  мүм-
кін деп ойлаймыз. Өмірде баланың аңдар арасында өсуі мүм-
кін  болғанымен,  одан  кейін  адамдар  ортасына  сіңуі  мүмкін 
емес  көрінеді.  Жасында  аң  ортасында  өскен  бала,  қайтып 
адам  бола  алмайды.  Ал,  көне  аңыздардың  тамыры  тереңде 
жатқандықтан,  одан  адамды  табиғатпен  бір  деп  есептейтін 
төтемдік түсінікті аңғарамыз.
Қисса-дастандағы  аң  асыраған  бала  желісі  төтемдік  тү-
сінікке  өте  жақын.  Түп  төркіні  төтемдік  аңыздардан  алын-
ған  болса  керек. «Гүлшат-Шеризатта»  Шеризатты  жолбарыс 
(шері), «Мұңлық-Зарлық»  дастанындағы  кейіпкерлерді  киік 
асырап өсіреді:
Екеуіне бір киік,
Ана қылып береді.
Ол киікке баланы,
Бала қылып береді,
Құдіреті күшті Құдайым,
Таудан алма жегізіп,
Киікті ана дегізіп,
Киік жүрді үш мезгіл,
Баласындай емізіп 
(Ғашық... 1976-206).
Б.д.д. VІ  ғасырда  билік  құрған  парсы  патшасы  Кир  жа-
йындағы  аңыздарда  ол,  Геродоттың  айтуынша,  тастанды  ба-
ла  екен.  Оны  ит  асырап  өсірген.  Сондай-ақ,  Римнің  негізін 
салған  ағайындылар  Ромул  мен  Ремді  де  қасқыр  емізген. 
Ағылшын этнологы Э.Б.Тайлордың айтуынша, бұлар – «Тас-
танды  бала»  атты  мифтер  тобының  жеке-жеке  бөлшектері 
(Тайлор  Э.Б., 1989-127). Бір  ескертетін  нəрсе,  бұрын  «киік» 
деп, жалпы аңдарды айтқан (Дүйсенов М., 1986-56).
«Өлім  мен  өмір».  Мұсылман  ойшылдары  дүниенің  даму 
жолын  мынандай  формуламен  түсіндіреді  екен:  жоқтан-бар-
ға, тыныштықтан-қозғалысқа, жамандықтан-жақсылыққа, со-
ғыстан-бітімге,  ретсіздіктен-реттілікке  (Ысқақов  М., 1980-
163).  Бұл  ойлар,  қараңғылықтан-жарыққа,  түннен-күнге  бо-
лып  қорытылған.  Біздің  ойымызша,  бұл  үрдістің  адамзатқа 
ортақ  тұстары  көп  болса  керек.  Қараңғылықтан-жарыққа, 
түннен-күнге  ұмтылу – бүкіл  адамзаттың  жамандықтан-
жақсылыққа,  зұлымдықтан-əділетке  ұмтылысының  негізі. 
Сол  сияқты,  қараңғылық – өлім,  жарық – өмір  болып  та  қо-
рытындыланған.  Сөйтіп,  бүкіл  əдебиетте  өмір  мен  өлім 
желісіне айналған.
«Өмір  мен  өлім»  желісі  адамзат  мəдениетінің  ең  көне 
құнды  деректерін  берген  «Гильгамеш»  өлмеудің  амалын  із-
деп,  ана  Құдай  Сидуриге,  одан  кеме  жасаушы  Уршанабиге 
келеді.  Тіпті, «өлім  теңізі»  дейтін  теңізден  де  өтіп,  Утна-
пиштиге  жетеді.  Утнапишти,  қазақтың  абыздары  секілді, 
мəңгі  өлмейтін  гүл  бар  екенін  айтады.  Реті  келгенде  еске 
ала  кетейік,  абыздар – сəуегей  адамдар,  олардың  арғы  тегі 
жұлдызшылар  болуы  керек.  Өйткені  «Еңлік-Кебектегі»  Ны-
сан  абыздың  аты  “планета”  деген  мағына  береді  (Ысқа-
қов  М., 1980-163). «Гильгамештегі»  Утнапишти,  сондай-ақ 

79
78
Тоныкөк,  Қорқыт,  Ұлық  Түрік  секілді  бейне  немесе  Нысан 
абыз болуы керек. 
Сонымен,  Гильгамеш  теңіз  астынан  мəңгілік  гүлді  алып 
шыққанымен,  пайдалана  алмайды,  оны  шығыс  мифоло гия-
сындағы  қаскөй  жылан  ініне  алып  кетеді  (Эпос  о  Гильгаме -
ше. 1961-57-82).
Гильгамеш кеп көк толқынға енгенде,
Қасиетті гүлге таяй бергенде.
Гүл иісін сезе қалып ырғаған,
Жыбыр-жыбыр жанталаса сырғыған,
Гүлді əкетіп, түлеп шыға келді лезде сұр жылан 
(Ақатаев С., 1990-100).
Гильгамеш  те  Қорқыт  ата  сияқты,  өлімнен  құтылу 
үшін  арпалысып,  ақыры,  ажалдың  амалын  табады.  Қорқыт 
пəлсафасы Абайдың:
«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – 
деген  сөзімен  түйінделеді.  С.  Қасқабасовтың  айтуынша, 
«...Қорқыт  бейнесі  Прометей  сияқты  Құдайларға  қарсы  со-
ғысқан  кейіпкерлердің  бұрынғы  типі  болуы  да  мүмкін.  Ста-
диялық  жағынан  келгенде,  қазақ  мифологиясы  антика  дəуі-
ріндегі  құл  иеленуші  мемлекет  елдерінің  мифологиясынан 
көне» (Қасқабасов С., 1984-160).
Қорқыт  аңыздарындағы  өлімнен  қашу  идеясы  «Қорқыт 
ата  кітабындағы»  ержүрек  Темірұл  туралы  жырдан  көрініс 
тапқан.  Ажалмен  соғысқан  Темірұлдың  батырлығына  сүй-
сінген Құдай ол үшін басқа біреу жанын берсе, оның жанын 
өзіне  қалдырмақ  болады.  Жанын  əкесі  мен  шешесі  бергісі 
келмейді. Сонда жұбайы айтыпты:
–  Батыр  туған  жарым,  не  айтып  тұрсың?  Көзімді  аш-
қалы  өзіңнен  басқаны  көргенім  жоқ  еді,  жүрегімнің  сүйге-
ні – бір өзің. Сенен қалған тауларды жайлау етер болсам, ол 
менің  көрім  болсын!  Құдықтарының  мұздай  суы  бойымды 
суытқан  қаным  болсын.  Сенен  соң  біреуге  тиер  болсам,  ол 
мені  сары  жылан  болып  шақсын.  Құдайдың  жарық  күні, 
үстімдегі көк куə болсын, беремін жанымды сен үшін!
Мұны  естіген  батыр: «Сенен  қалған  өмірдің  маған  да 
керегі  жоқ», – деп,  Құдайға  жалбарынады: “жанға  зəру  бол-
саң,  екеуміздің  жанымызды  бірге  ал,  қалдырсаң,  бірге  қал-
дыр!” – дейді. 
Бұл  тілек  Құдайдың  құлағына  жетті.  Темірұлдың  əке-ше-
шесінің  жанын  алғызып,  жұбайы  мен  екеуіне 140 жыл  өмір 
береді. 
Бұл  жырдың  мазмұнына  қарағанда,  оның  негізгі  желісі 
ислам  дінінің  қазақ  даласына  енуінен  бұрын  шыққан  көрі-
неді.  Темірұлдың  Əзірейілмен  күресі,  оны  жеңгісі  келуі  əлі 
де исламды мойындамаған жан-дүниенің əрекетін аңғартады. 
Қазіргі  қазақ  ертегілерінде  Темірұлдың  өліммен  күрес 
идеясының  қазақи  өмір-тіршілікке  жақындатылған  түрлері 
кездеседі.  Мысалы,  ел  аузынан  естіген  бір  аңызда:  Бір  ба-
тыр  жігіт  Əзірейілмен  табақтас  болып  қалады.  Əзірейіл  еке-
нін  дəлелдеу  үшін,  жігіт  екеуі  сыртқа  шығып,  тігулі  тұрған 
үйге  барады.  Үйде  еңгезердей  бір  кісі  отыр  екен.  Əзірейіл 
екі  иығында  асылып  ойнап  жүрген  екі  баланың  жанын 
алады.  Шошынған  жігіт: «Менің  жанымды  қашан  аласың?» 
– деп сұрайды. Əзірейіл: «Жаныңды үйленген күні аламын!» 
– дейді. 

81
80
Жігіт  үйленбей  жүреді.  Ақырында  бір  сұлу  қызға  жолы-
ғады.  Қыз  болған  оқиғаны  естіген  соң,  жігітке: «Əзірейіл 
жаныңды  алуға  келгенде: «Бір  күн  дəмдес  болғанға  қырық 
күн сəлем» деген қайда? – деп айт», – дейді. Жігіт той біткен 
соң,  отауының  табалдырығынан  оң  аяғымен  аттай  беріп, 
артына  қараса,  желкесінде  жанын  алғалы  тұрған  Əзірейіл-
ді  көреді.  Жігіт  дереу  қыздың  үйреткенін  айтады.  Бұл  сөз-
ден жеңілген Əзірейіл екеуіне 40 жыл өмір беріпті. 
Темірұлы (Домрүл) аңызы Ұлытау, Сарысу қазақтарының 
есінде  Домбауыл  батыр  атымен  де  сақталған.  Біздің  зама-
нымыздың  VІІ–VІІІ  ғасырында  тұрғызылған  Домбауыл  күм-
безі  Кеңгір  өзенінің  бойында  Жошы  хан  күмбезінің  маңа-
йында тұр (Ə. Марғұлан).
Осыған  ұқсас  желілер  көне  грек  аңыздарында  да  бар. 
Еврипидтің  «Алкестеда»  трагедиясында:  Өлгелі  жатқан  Ад-
меттің  орнына  қараңғы  көр  патшалығына  кіруге  көнетін 
адам  болса,  ол  аман  қалатын  болады.  Оған  əке-шешесі 
көнбейді.  Əйелі  Алкестида  келісім  береді.  Соңғы  жақтары 
да  ұқсайды.  Адмет  əйелімен  бірге  өле  алмағанына  қинала-
ды, өйткені балалары жетім қалмас үшін əйелі оның өлмеуін 
сұрайды. Сонда Геракл адам жанын билеуші Танатпен соғы-
сып, Алкестиданы алып қалады.
Осы оқиға туралы Платон («Пир») мынадай пікір айтқан: 
«Бірі үшін бірі өле алатындар – сүйгендер, ондай іске еркек-
тер ғана емес, əйелдер де бара алады. Гректерде оны Пелий-
дің  қызы  Алкестида  дəлелдеген.  Күйеуінің  əке-шешесі  бола 
тұра, ол үшін жан беруге Алкестида келіскен. Оның күйеуіне 
деген  махаббаты,  ата-ананың  баласына  деген  махаббатынан 
да  артық  болып  шықты,  сөйтіп,  олар  балаға  шын  жаны 
ашымайтын, əйтеуір туысқан екенін көрсетті. Алкестиданың 
бұл  ерлігі  адамдар  ғана  емес,  Құдайдан  да  қолдау  тапты. 
Өмірінде тамаша істер жасаған пенделердің ішінен Құдайлар 
тек  санаулыларына  ғана  Аидтен  (О  дүние  А.Қ.)  жанын  қай-
таратын,  Алкестиданың  ісіне  разы  болғандықтан,  оған  да 
осындай  құрмет  көрсетіліп,  жаны  қайтарылады» (Платон., 
1992-10).
Бұдан  «өмір  мен  өлім»  күресінің  түрік,  грек,  византия 
аңыздарындағы байланысын көреміз. 
«Өмір  мен  өлім  күресі»  Авестада  да  бар.  Ондағы  Зара-
туштра, су Құдайы – Ардви-Сура, жұлдыздар Құдайы – Сирус, 
жақсылық  Құдайы – Аши    бəрі  Ахура  Мазда  Құдайдың 
көмегімен  жақсылық  жасайды,  жамандықпен  күреседі.  Ах-
риман  Құдай  Ахура  Мазданың  жасампаздық  істеріне  қарсы 
зияндық,  зұлымдық  жасайды.  Ахриманның  маңайына  өсек-
ші,  айлакер,  ұрылар,  жалқаулар,  т.б.  жағымсыз  адамдар  жи-
налған.  Ахура  Мазда  бəрібір  жеңіске  жетеді.  Қараны  ақ  же-
ңеді. Қараңғы түнекке қуып тығады.
Бір  жылдары  Ахриман  Ахура  Мазданың  жақсылықтарын 
жойып  жіберу  үшін  Аждаһаны  жібереді.  Ол  бірінші  адам 
Ииманы  шағып  өлтіреді.  Бірақ,  одан  қалған  ұрпақтардан 
бəрібір  адамдар  өсіп-өніп,  көбейеді.  Ахура  Мазда  Ахриман-
ды  серіктерімен  қайтадан  қараңғы  үңгірге  тығады.  Осылай 
жауыздық  пен  жақсылықтың,  өмір  мен  өлімнің  күресі  бір-
неше рет қайталанады.
«Шаһнама»  оқиғаларының  жартысынан  астамы  Тұран-
ға,  оның  Иранмен  қарым-қатынасын  суреттеуге  арналған. 
Əсіресе, VІ–VІІ  ғасырлардағы  тарихи  хроника,  Түрік  қаға-
натының  құрылуы  да  көрінген.  Тұран  мен  Иранның  шека-
расы  шындығында  да  Жейхун  (Əмудария),  Етілден – Ұлы 
Қорғанға  дейінгі  жерлерді  алып  жатқан. «Шаһнамада»  қа-
ғанат тарихынан шынайы деректер де бар. 

83
82
«Өмір  мен  өлім  күресі»  желісі  Афрасияб  бейнесіне  қа-
тысты  да  айтылады.  Афрасияб  (Тұран  патшасы)  жөнінде  əр 
кезде  тарихшылар  жазған.  Афрасиябтың  дəл  қай  жылдары 
өмір  сүргені  анық  мəлім  емес.  Түркия  тарихында  біздің 
заманымыздан  бұрынғы  VІІ  ғасырлардағы  түрік  мемлеке-
тінің патшасы ретінде таниды (Түрік дүниасы... 1992-3).
ІХ ғасыр тарихшысы Табари: «Афрасияб – Фашанджұлы, 
оның  əкесі – Рүстем,  оның  əкесі – Түрік», – деп  жазады. 
«Шаһнамада»  Оғыздың  əкесі  Қарахан – Афрасиябтың  төр-
тінші  ұлы.  Егер  Оғыз  қағанды  ІХ  ғасырдағы  Оғыз  бірлес-
тігінің  ұйымдастырушысы  десек,  бұл  Афрасиябтың  зама-
нына  сəйкес  келмейді.  Ал,  егер  Оғызды  Мөде  дəуіріне 
апарсақ, онда Афрасияб пен Оғыз дəуірі жақын келеді. 
Афрасиябты  ХІ  ғасырдағы  түрік  ойшылдары  Махмұд 
Қашқари  мен  Жүсіп  Баласағұни  да  білген.  Ақылды,  батыр, 
асыл  ер  деп  таныған.  Махмұд  Қашқари  Афрасиябтың  өзі, 
қызы – Қаз,  күйеу  баласы – Сияуыш  туралы  деректер  бе-
реді. 
Афрасиябтың  қазасына  бүкіл  түрік  жұртының  қабырға-
сы  қайысып,  еңіреп  жоқтағанын  жазады.  М.  Қашқаридегі 
бұл  жоқтау  көпке  мəлім.  Бізді  қызықтыратыны,  Қорқыт  ата 
сияқты Афрасиябтың өлімнен қашуы туралы аңыз:
Бүкіл  түрік  жұртына  қоқан  болған,  бар  өмірін  өзі  құра-
ған  елін  қорғаумен  өткізген  Афрасияб  қартайып,  өлімнің 
жақындап  қалғанынан  сескеніп,  алып,  болат  қорған  орна-
тады.  Оның  есік-тесігін  қалдырмай,  бекітеді.  Қабырғалары 
адам  бойынан  неше  есе  биік  болады.  Інжуден – ай,  күн, 
жұлдыз орнатыпты. Сөйтіп, бірнеше жыл қорғаннан шықпай 
қойыпты.  Бірақ  өлім  құтқармапты.  Бір  күні  бақта  жүргенде, 
ағаш  тасасында  тығылып  тұрған  суық  өңді  біреуді  кө-
реді.  Ол  келген  ажал  еді.  Осы  желі  белгісіз  туындыгердің 
«Тарихи Систан» кітабына кірген (Короглы Х.Г., 1983-114).
«Шаһнамада» Афрасияб қорғаны – Бард қаласына жақын 
жердегі  үңгір.  Жауларынан  ақырына  дейін  қорғанып,  үңгір-
ге тығылған Аф-расиябты, сол жерде қамап өлтіреді. 
Əл-Фарабиді ежелгі Русь шежірешілері Авиасаф деп ата-
ған  (ХV  ғ.).  Афрасияб  пен  əл-Фараби – Тұраннан  шыққан 
ұлы  тұлғалар.  Русь  жазушылары  Фирдоусидің  «Шаһна-
масы»  арқылы  Тұран  патшасы  Афрасиябты  білген  соң,  сол 
Тұранның  ойшылы  ретінде,  Фарабиді  де  Авиасаф  деген  бо-
луы  мүмкін.  Иран  патшаларының  Афрасиябпен  соғысы – 
Мөденің  ұрпағы  Шижының  кезінде  Рим  əскерімен  бірігіп, 
Иран  патшалығына  қарсы  тұрған  ғұн  тайпалары  соғысының 
елесі болуы мүмкін деген ойға келеміз. 
Өлімнен қашу желісі «Шаһнамада» да кездеседі. Сасанид 
шаһы  Яздигерд  І (488 жылы  өлген)  жұлдызшыларды  ша-
қырып, сұрағанда, олар ажалының судан болатынын айтады. 
Содан  патша  суға  жоламай  жүреді.  Бір  күні  мұрны  қанап, 
тыйылмаған  соң,  амалсыз  сумен  жуады.  Сол  жерде  жан 
тапсырады. Бұл парсы авторларының түрік мифологиясымен 
сол кезде таныс екенін көрсетсе керек. 
Афрасияб – Алып-Ер  Тұңға  туралы  Махмұд  Қашқари 
«Түрік сөздерінің жинағында» мынадай мəлімет берген:
«Тұңға  Алып-Ер – сол  Афрасиябтың  өзі.  Афрасияб  Таһ-
мұрастан  үш  жүз  жыл  кейін  Мару  (Мерв.  А.Қ.)  шаһарын 
салдырған.  Кейбіреулер  бүкіл  Мəуреннаһрды  Түрік  елі  деп 
есептейді.  Ол  Янкенттен  басталады...  Қазір  бүкіл  Түрік  елі-
нің  шекарасы  Абискүн  (Каспий  А.Қ.)  теңізіне  айналып, 
Рум  елі  мен  Өзкенттен  Шынға  дейін  созылады» (Түбі  бір... 
1993-17).

85
84
Бұл  жерде  Қашқари  мəліметті,  негізінен,  Фирдоуси 
«Шаһнамасына»  сүйеніп  беріп  тұрғанын  аңғаруға  болады. 
Ол  Афрасиябтың  ұлы – Барсхан,  қызы – Қаз  екенін  де  жа-
зып көрсеткен: 
«Қаз – Афрасиябтың  қызының  аты.  Қазойын  шаһарын 
сол  салдырған.  Бұл  сөздің  негізі  «Қаз  ойыны – қаздың 
ойыны».  Қыз  үнемі  сонда  тұрып,  серуен  құратын.  Сондық-
тан  кейбіреулер  Қазойын  шаһарын  Түрік  елінің  шекарасы 
деп есептейді» (Сонда. 16).

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет