Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
36
жаудырып жіберіп, қайтадан кіріп жоқ болып кетеді. Басына жүген киіліп, үстіне
ер түскенінен бұл әдіске машық болып үйренген Қыпшақ жыл-
қылары еш уақытта әдет алған жолынан жаңылыспайды. Қамыс арасымен
сусылдап өткен жыландай, арбалар арасынан қалай болса солай өте шығатын.
Мұндай әдіске дағдыланбаған жау аттары екпінімен кеп, ең бірінші бұрылыста-ақ
арбаға соғылып, арындап барып шалқасынан түседі. Соңынан келе жатқан
жауынгерлер жолы бөгеліп тоқтап қалатын. Осы сәл аял Қыпшақ жігіттеріне
жеткілікті. Құлаштап тартқан қайың садақтан ысылдай атылған ажал жебелері
кімді болса да ат үстінен ұшырып түсіреді.
Қыпшақтар бұл бекіністерін өздеріне қолайлы жерге орнататын. Егер таңдаған
жерлері алда-жалда қауіпті болса, бір қалтарыста, не ымырт үйіріле дағдыланған
әдет бойынша арба жетегін үзеңгілеріне іліп алып заматта бөтен жаққа көшіп
кетеді. Жау орнын сипап қалады.
Осындай жылжымалы бекініске орналасқан Қыпшақтарды
жау ала қоям деп
дәметпейтін. Өгіз, түйе терілерімен жабылған арба қорғанына Қыпшақтардың
бекінгенін білсе, әдетте жау ұрыс ашпайтын, өз бетімен кейін шегінетін.
Бірақ Қыпшақтардың ашулы тасқыны орыс қалаларынан әрі аспады. Тек кейбір
толқындары ғана Еділ бойлары мен Византияға жетті. Бірақ одан аса алмады. Ұлы
Россия көшпелі елдің шабуылынан өз жерін кеудесімен қорғап, әдеті бойынша
Европаны тағы бір апаттан сақтап қалды.
Қыпшақтар осы жүз елу жыл жүргізген шапқыншылығында Киевтен бастап
Россияның көп қаласына қауіп туғызды. Ал орыс князьдарының бастары қосыла
бастаған күндерден кейін,
кешегі қабыландай қайратты, жансебіл жандар, кенет
құдайдың қарғысы ұрғандай, бастарына сор нөсердей жауып, сан мәртебе мерт
болды. Әсіресе бір мың елу үшінші жылдан бір мың бір жүз жиырма бесінші
жылға дейін өмір сүрген Переяславль мен Киевтің ұлы князі Владимир Мономах
бытырап жүрген өзге орыс князьдарының басын қосып,
Қыпшақтарға қарсы
шабуыл ұйымдастыра алды.
Одан Қыпшақтар бір мың он бесінші жылы оңбай жеңілді. Содан бері бұл
қаһарлы тайпа орыс жеріне шын қауіп болудан қалған.
Міне, осы Қыпшақтарды қазір арқалы жырау қарға бойлы Қазтуған мақтауы
керек. Бейбітшілік пен тыныштықты, сұлулық пен ойшылдықты сүйетін ұлы
сыншы Асан Қайғы Қыпшақтардың тарихына қанық-ты. Қазір ол тыныш елдерге
бүйідей тиген бұл шапқыншыл елді жүйрік жырау қай жағынан мақтар екен деп
мүлги күтіп отыр. Оған Қотан қарт не айтпақ? Қыпшақтың ерлігіне қандай мін
тақпақ? Шапқыншылықты, ерлікті мұрат көрген мына қу заманда жұрт оның
ойына түсінер ме?
Қазтуған, Асан Қайғы күткендей әйгілі арғы бабасы Қара Қыпшақ
Қобыландыға
бір тоқтап, Қыпшақтың шапқыншыл ел екенінен бастады. Қарағай
кәрі домбырасын лақтыра безілдетіп, арқасы ұстап, Қазтуған жырау домбыраның
күйімен өзі бірге шалқып малдас құрған қалпында кенет ытқи алға бір ұмтылып,
қайтадан отыра қап құйрығымен шыр көбелек айнала тепеңдей жылжыды.
Ханның сол жағында отырған қазіргі Қобыланды батыр арғы бабасы Қара Қыпшақ
Қобыландының атын естігенде, шоқтығы өзгелерден анағұрлым жоғары көтеріліп,
бір масайрап қалды. Қыпшақ жағының адамдары Қазтуғанның жырынан
делебелері қозып, нақ өздері жүз елу жыл ерлік еткендей у-шу жырауға қошемет
көрсетті.