Алмас қылыш



Pdf көрінісі
бет85/102
Дата15.05.2023
өлшемі1,7 Mb.
#93224
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   102
Байланысты:
алмас қылыш

Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004 
www.kazakhstanets.narod.ru
 
168 
Бірақ Жәнібектің бұл қызу әрекеттері ұзаққа созылмады. Кенет тағы бір хабар 
жетті. Қырық жылдай бүкіл Дәшті Қыпшақ, Мауреннахр, Қорасанды тітіреткен 
Әбілқайыр хан о дүниеге сапар шегіпті! Бүкіл атақ, алтын тақ, Шығыс елінің тең 
жартысын жылатып жинаған дүние-қазына ұлы ханның өмірін ең болмаса бір 
күнге созуға жарамапты! Атақты дәруіші әбдіразақ Нахичеванидің өзі тапқан мың 
да бір кеселге шипа болар, ебелек тікенегінен жасаған — сырыншан шурнәсі де 
қонбапты. Есіл ер Жейхун мен Сейхун дарияның ортасындағы етрақ 
1
далада жеті 
күн кезікпен күйіп-жанып, ақыры қайтыс болыпты! Зірік талдай сарғая бастаған 
денесін ыстық күнге бұзылып кетпесін деп, Бахтияр баһадур мен Қарашың батыр, 
бал толтырған алты құлаш астауға сап, Созақ мединасына алып келіпті. Бұл шаһар 
қазақтардың қолында болса да, өлімге дауа бар ма, алтын сырмен атын жазып, 
арнаулы қара мәрмәр тасынан мазар ойып, құрметтеп жерлепті. Бұл хабарды 
естігенде қас жаулары, әсіресе, Әбілқайыр жерін алып, суын алып, қиянаты көп 
өткен кейбір қазақ ауылдары көкала жылқы құрбан шалып, қуанышқа кенелді. Тек 
Жәнібек хан ғана дүние шіркіннің өткіншектігіне қамығып, үш күн орнынан 
тұрмай жатып алды. Жоқ, Жәнібек Әбілқайыр ханда кеткен кегіне өкінген жоқ. О 
заманда хан кегі — қолға ұстаған алдаспан тәрізді, ыңғайы келсе жауына 
жұмсалады, ал өзіне тиімді болса қынабына қайта салынады. Кейбіреуі сол 
қынабында жатып тот басып, әбден шіриді. Ал енді біреуі анда-санда қынабынан 
суырылып жауының үстінен жарқ-жұрқ ойнап, сес көрсетіп, қайта орнына барып 
жатар болар. Тек зардабы асып кеткенде ғана сол кек-алдаспан қызыл қанға 
малынуға тиісті. Жәнібек пен Әбілқайырдың да кегі осындай кекке айналған. Екі 
жақтың халқы бірдей қызыл қанға малынғанымен, өздері бірін-бірі ажалға қиюдан 
аулақ еді. Тек хандығын тартып алып, жауын тақырға отырғызу ғана — 
армандары болатын. Жоқ, Жәнібек Әбілқайырда кегім кетті деп өкінбеді. Дүние 
шіркіннің жалған екеніне өкінді. Бар өмірін жиһангерлікпен, алыс, жұлыс, 
ұрыспен өткізген азуы алты қарыс, мүйізі шаңырақтай, атақты хан Әбілқайыр 
ақырында не тапты? Бар тапқаны Созақтың қасынан қазылған екі құлаш жер 
болды! Енді оған үстіне қойған мәрмәр тастан, басына жазылған алтын жазудан не 
пайда? 
«Өлдің, Мамай, қор болдың!» деген міне, осы!.. Қайсымыздың болса да бұл 
жалған дүниеден ақырғы алар еншіміз — осы екі құлаш жер! Атақ, бақ ше? — 
Жәнібек ауыр күрсінді. — Атақ, бақ та қолға салған алтын сақина тәрізді, қанша 
асыл болғанмен түбі тозады. Әбілқайыр түгіл, кеше бүкіл Шығыс еліне үлгі 
болған Қошан патшалығының ұлы патшасы Қанышқаны кім біледі? Ал кезінде 
бұдан атақты, бұдан абыройлы қандай патша болып еді? Жоқ, атақ, бақ деген — 
қолға салған алтын сақина. Тек тірі кезімізде ғана өзгелер көрсін, қызықсын деп 
саусағымыздан алмауға тырысамыз. Ал өлгесін ше? Қай ұрпақты көрдің — 
бабамның мұрасы деп атам заманғы сақинаны көзінің қарашығындай сақтаған? 
Сақтаудың қажеті жоқ шығар. Әр заманның үлгісі өзіне қымбат қой. Атағың да 
сондай. Қара да тұр, Алтын Орданы тік тұрғызған Әбілқайырға бүкіл үрім-
бұтағының орнатқан ескерткіші «Осы жерде Әбілқайыр хан жатыр» деп үстіне 
қойған сонау қара таспен бітеді. Жыл өтер, ғасыр өтер, Әбілқайырдың да даңқы, 
бүгінгі күнгі қадірі ұмытылар. Бұным не, Әбілқайырды табалап жатырмын ба? 
Жоқ, бұным табалағаным емес, ақиқатым. Әбілқайыр соңынан ерген жұрттың 
1
Е т р а қ — сары етрақ дала, сары дала деген мағынада. (Ескі түркі тілі). 


Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004 
www.kazakhstanets.narod.ru
 
169 
сенімін сақтай алмады. Елді ел ету қолынан келмеді. Ал біз ше? Біз оны көгерте 
аламыз ба? Көгерткен күнде келешек жұрт ісімізге қандай баға береді? 
Япырмау, менің бұным не? Болашақ ұрпағымыз не айтады екен деп өз 
борышымызды атқармай өтпекпіз бе? Жоқ, келешектің бағасы үшін емес, 
солардың алдында өзіміздің ар-ұятымыз таза болу үшін, ел-жұртымызға деген өз 
борышымызды адал атқарып өтуіміз керек. Қорғай алмаса өз обалы өзіне, біз
халқымыздың алғашқы мемлекеттік отауын тіктік! Тігу үшін қан майданда жан 
құрбан дедік!» 
Жәнібек төсектен басын көтеріп алған. Сол күні Сауранды билеп тұрған хакім 
Құлмұқамет-тархан «Күшің жетсе — жеңіп ал» деп Жәнібектің хатына жауап 
берген. Ал Жәнібек те сол сағатта Сауран шаһарын шабуға әскеріне жарлық 
шығарған: 
Бүкіл Сыр бойын алып жатқан қалың әскер қайтадан жасаққа бөлініп
шабуылға дайындала бастады. Хат жіберілген өзге шаһарлардан жауап келгенше 
екі аптадай уақыт өтті. Жәнібек бар уәлиеттен жауап алмай тұрып, Сығанаққа таяу 
Сауранды шабудан әзірге бас тартқан. Әбілқайырдың өлгенін естіген жұрт, 
хакімдеріне қан төгіспей қалалардың қақпаларын аштыртар деп үміттенген. Бірақ 
бұл ойы ақталмады. «Әбілқайыр хан өлгеннен кейін не болар екен?» деп күткен 
хакімдер тез жауап бере қоймады. Жұрт осындай дағдарыс халде жүрген шақта, 
тағы бір хабар келді. Әбілқайыр ханның тағына үлкен баласы Шайх-Хайдар 
отырыпты деген лақапты құс қанатты ұзынқұлақ бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне бір-
ақ күнде таратты. 
Жәнібек тағы ойға қалды. «Әбілқайыр жорыққа бастап шыққан жүз мың 
әскерді Шайх-Хайдар дәл қазір таратып жібермейді. Әрине, Шайх-Хайдар Көк 
Ордаға хан болып жарытпайды. Бірақ оның нағашы жұрты — өзбек Қоңыраттары 
қазір бел алып тұр. Сондықтан да Шайх-Хайдарды хан көтерді. Ал, Шайх-Хайдар 
қанша табанының бүрі жоқ, осал болғанмен де, әкесі құрған мынау жүз мың 
әскерді пайдаланып, абырой алып қалуға тырысады. Бұны Әбілқайырдың 
серіктері — әскер қолбасшы батырлар да қолдайды. Қайткен күнде де тастай 
түйілген әскерді жорыққа жұмсайды. Тек қай елді шабу керек, соған қарай 
әскерінің бетін бұрады. Әрине, Көк Ордаға қазір Моғолстаннан қазақ елі қауіпті. 
Оның үстіне біз Сығанақ уәлиетін алып қойдық. Өз елінің де, өзге елдің де көз 
алдында қадірін түсірмес үшін, Шайх-Хайдар Сығанақ пен Созақты қайтаруға 
барын салады. Сөз жоқ, әскерінің бетін ол Түркістан өлкесіне бұрады. Ал Шайх-
Хайдардың әкесі Әбілқайырдың бабына келтірген жүз мың әскеріне, бар қару-
жарағы сойыл мен көне Қыпшақ кезінен келе жатқан қайың садақтарын саптаған 
қазақ жігіттері қарсы тұра алмайды. Бұндай соғыста жеңіп шығу үшін тек жазды 
күні жиналатын ер жүрек жігіттері ғана емес, қан майданда әбден шыныққан, 
соғыс тәсілін мейлінше үйреніп алған қару-жарағы мұздай, тұрғылықты әскер 
керек. Ол әскер қазір тек Шайх-Хайдарда ғана бар. Сонда қалай, Шайх-Хайдардың 
әскері күшті екен деп ұрыстан күні бұрын тайып кету керек пе? Жоқ, өйтуге 
болмайды. Шайх-Хайдардың мұздай қару-жарақтанған әскеріне қарсы бөтен 
күшті пайдалану керек. Ол күш — Көк Орда хандығына қарсы батырлардың 
басын біріктіру, солардың әскерін Шайх-Хайдардың жан-жағынан қаптату, 
бүйідей тигізу. Мүйізі қарағайдай алып өгізді жан-жағынан тиген он бүгелек 
қызыл танау етіп шапқылатып, жанын қоярға жер тапқызбайды. Бүкіл қастар 
жиналсақ бір Шайх-Хайдарға әліміз жетпей ме? әрине жетеді. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   102




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет