Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
119
бірге келген қазақтың басты руларының игі жақсыларын
құшағын жайып қарсы
алды.
Жәнібек пен Керей Моғолстан ханымен бір ай бірге болып, бір ыдыстан ас
ішісіп, бір ауыздан сөз шығарысып, тату-тәтті бітімге келді. Исан-Бұғы көшіп
келген қазақ руларына бүкіл Шу, Сарысу, Талас, Бадам өзендерінің бойы мен
Қозыбас, Қаратаудың Моғолстанға қарайтын теріскей жағын тегіс қонысқа береді.
Бұл қоныстың шеті Қаратал өзенімен, Әбілқайыр қарамағындағы Түркістан
өлкесімен бітеді. Жақсылыққа жақсылық, осыншама
қоныс алған қазақ рулары, екі
елдің бірдей жауы, Моғолстанды шабуға дайындалып жатқан Қытай богдаханы
мен Ойрат қонтайшысына қарсы бір мың жақсы жарақтанған салт атты жауынгер
шығарады.
Жәнібек пен Керей Исан-Бұғының шартын қабыл етті. «Түпкі арманымыз
қазақ хандығын құрып ел болу ғой, біздің қорған екенімізді Қытай, Ойратпен
шекаралас қазақ рулары біле берсін. Күшіміздің мол екеніне көздері жетсе,
өздерінің де бізге тез қосылуларына себеп болар» деп ойлады олар. Бұл
ойларының дұрыс болғанына бес-алты жыл өтпей өздерінің де көздері жетті.
Жәнібек
пен Керей нөкерлерін ертіп, күтіп отырған жұртына қайтты. Қос
сұлтанның бұйрығы бойынша, көшіп келген ел ру-ру боп, адамының, малының
санына қарай өздеріне берілген жерге орналаса бастады. Бір ай өткеннен кейін
кілең майданға салар бөрте жүйрік мінген бес жүз Арқаның батыр жігіттерін
басқарған әдікті Қытай шекарасына, Қашқар жеріне жүргізді. Тағы бір ай өткенде
екінші ұлы, соңынан ерлігімен қазақ аузында аңызға айналған Қамбар батырды
бес жүз кілең қайың сойыл ұстаған салт атты жауынгерімен
Тарбағатай тауын
жайлаған Керей, Найманды Ойрат қонтайшысы Амансанджидан қорғауға
аттандырды. Қос сұлтан өздері енді Шу, Сарысу, Қаратал, Бадам, Талас
өзендерінің бойына жайғасқан елдерін басқару әрекетіне кірісті.
Осы кезде Жұныстың аулына Күншығыс Қашқардың ханы, Жағатай ұрпағы
Сант-Сұлтаннан туған әбдірашит сұлтан келді. Ол бір көргеннен Жұныстың кіші
қызы ерке шора Нигер-Сұлтан-Бегімге ғашық болып, сұлу қызын тоқалдыққа
сұрады. Самарқант әміршісі әбусейітпен
жақындаспақ ойы бар Жұныс, Нигер-
Сұлтан-Бегімнің өзі білсін деді. Әбдірашит қызға кісі салды. Ерке шора Нигер-
Сұлтан-Бегім құда түспек жігітті өзі іздеп келді. Келбетті, бірақ тым семіз
әбдірашит, хан ұлы болса да, қызға ұнамады. Нигер-Сұлтан-Бегім әкесіне:
«Анаған күйеуге шықпақ түгіл жанынан жүруге адам жеркенер», — деп жауап
берді. Қыз жауабын естіген әбдірашит енді Жұныспен сөйлеспеді. «Бәлем, осы
сөзіңді ұмытпа, түбі бүкіл малымды саған төксем де, мес қарнымның астына бір
салармын» деп ашуланып жүріп кетті.
әбдірашит сөзін естіген сұлу Нигер-Сұлтан-Бегім: «Сенің астыңа түскенше,
өлгенім артық», — деп күліп қала береді. Өмірдің есігін әлі дұрыс ашып көрмеген
жас сұлу, бұл жалғанда тек өлі жандар ғана кездеспейтінін,
өмір деген сұрқияда
адамның түсіне кірмейтін ғажайыптар болып жататынын қайдан білсін! Адамды
қақпақыл етіп ойнайтын тағдырдың асау сырын жас сұлу еске ал-мады.
Қашқар ханының ұлы әбдірашит кеткеннен кейін, Жұнысты балаларымен
Бұқарда саяхаттап жүрген Самарқанттың әміршісі әбусейіт қонаққа шақырды.
Жұныс азамат ұлдарын ертіп, үлкен салтанатпен Бұқарға аттанды.