Міндеттемелік статут – ол біржақты мәмілелер мен шарттардан шығатын, міндеттемелерге қолдануға болатын құқық.
Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 7-ші бөлімінде коллизиялық нормалардың біртұтас жүйесі орын алған, олардың көмегімен міндеттемеге қолданатын құқықты анықтауға болады. Мысалы, сатып алу-сату шартында – сатушы болып табылатын тараптар құрылған, тұратын жері немесе негізгі қызмет орны бар елдің құқығы қолданылады (1113-баптың 1-тармағы). Азаматтық кодекстің 1113-бабында сатып алу-сату шартымен қатар, тағы да 14 шарт көзделген. Бірақ олардың (шарттардың) тізбесі жабық емес, яғни жаңа шарттар пайда болса және де азаматтық құқықтың талаптарына сәйкес келсе, онда сол пайда болған шарттарды осы бапқа енгізуге болады. Азаматтық Кодекстің 1113-бабы тараптардың келісімі болмаған кезде шартқа қолданылатын құқық деп аталады және онда былай деп жазылған:
1. Шарт тараптарының қолдануға тиісті құқық туралы келісімі болмаған кезде ол шартқа:
1) сатып алу-сату шартында – сатушы;
2) сыйға тарту шартында – сыйға тартушы;
3) мүлікті жалға (арендаға) беру шартында – арендаға беруші немесе жалға беруші;
4) мүлікті тегін пайдалану шартында – несие беруші;
5) мердігерлік шартында – мердігер;
6) тасымалдау шартында – тасымалдаушы;
7) көлік экспедиция шартында – экспедитор;
8) қарыз немесе өзге де кредит шартында – кредит беруші;
9) тапсырма шартында – сенім білдірілген адам;
10) коммисия шартында – коммисионер;
11) сақтау шартында – сақтаушы;
12) сақтандыру шартында – сақтандырушы;
13) тапсырма беру шартында – тапсырма беруші;
14) кепілге салу шартында – кепілге салушы;
15) айырықша құқықтарды пайдалану туралы лицензиялық шартта – лицензиар болып табылатын тараптар құрылған, тұрақты жері немесе негізгі қызмет орны бар елдің құқығы қолданады.
2. Нысанасы қозғалмайтын зат болып табылатын шарт бойынша, сондай-ақ мүлікті сенімгерлікпен басқару туралы шарт бойынша құқықтар мен міндеттемелерге сол мүлік тұрған елдің құқығы, ал Қазақстан Республикасында мемлекеттік тізілімге енгізілген мүлікке қатысты – Қазақстан Республикасының құқығы қолданады.
3. Шарт тараптарының қолдануға тиісті құқық туралы келісімі болмаған жағдайда осы баптың 1-тармағындағы ережелерге қарамастан:
1) бірлескен қызмет және құрылысмердігерлігі туралы шартқа мұндай қызмет жүзеге асырылатын немесе шартта көзделген нәтижелер жасалатын елдің құқығы.
2) конкурстық сауда саттықтың (тендердің, аукционның) қорытындылары бойынша орналасқан елдің құқығы қолданылады.
4. Осы баптың 1-3- тармақтарында атап келтірілген шарттарға, тараптардың қолданылуға тиісті құқық туралы келісімі болмаған кезде, мұндай шарттың мазмұны үшін шешуші маңызы бар, орындауды жүзеге асыратын тараптар құрылған, тұрғылықты жері немесе негізгі қызмет орны болған елдің құқығы қолданылады. Шарттың мазмұны үшін шешуші маңызы бар орындауды анықтау мүмкін болмаған жағдайда шарт мейілінше тығыз байланысты елдің құқығы қолданылады.
5. Шарт бойынша орындауды қадылдауға қатысты, тараптар өзгеше келіспегендіктен, осындай қабылдауды өткізетін орынның құқығы ескеріледі.
6. Егер шартта халықаралық айналымда қабылданған сауда терминдері пайдалынылса, шартта өзге нұсқаулар болмаған жағдайда оларды іскерлік айналымның тиісті сауда терминдеріне қатысты қолданылып жүрген ғұрыптар жөніндегі қатынастарына қолдануға тараптар келісілген деп есептеледі.
Келтірілген мысалдарда коллизиялық нормалардың көлемі ретінде сатып алу-сату шарты, мердігерлік шарты және басқа шарттар болып табылады; коллизиялық байлам ретінде сатушының, мердігердің құқығы болып табылады. Байлам – ол көлемде көрсетілген қатынастарға қолданылатын құқықты анықтайтын коллизиялық норманың бөлігі. Яғни байлам міндеттемелік статутты анықтайды. Бірақ, келтірілген мысалдарда коллизиялық байламдар тек қана жекелеген шарттар үшін міндеттемелік статутты бекітеді: бірінші коллизиялық норма статут міндеттемесін сатып алу-сату шарты бойынша анықтайды, екіншісі сыйға тарту шарты бойынша және солай кете береді. 7-ші бөлімде барлық шарттарды қамтитын шарттар бар, яғни қолданылатын құқықты (міндеттемелік статутты) барлық шарттарға бекітеді. Азаматтық кодекстің 1112-бабына сәйкес шарт тараптары қолданылатын құқықты таңдай алады. Азаматтық Кодекстің 1112-бабында былай делінген:
Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, шарт тараптардың келесімімен таңдалған елдің құқығымен реттеледі.
Траптардың қолданылуға тиісті құқықты таңдау туралы келісімі айқын көрсетілуге немесе шарттың және оларды жинақтап қарайтын істің мән – жайларының ережелерінен тікелей туындауға тиіс.
Шарттың тараптары тұтас алғанда шарт үшін де, оның жекелеген бөліктері үшін де қолданылатын құқықты таңдай алады.
Шарттың тараптары қолданылатын құқықты кез-келген уақытта, шарт жасасу кезінде де, одан кейін де таңдап алуы мүмкін. Тараптар шартқа қолданылатын құқықты өзгерту да, кез-келген уақытта уағдаласа алады.
Осыдан, мімдеттемелік статут– ол тараптар мен таңдалған мемлекеттің құқығы деген қорытынды шығады. Бұнда жалпы (біртұтас) міндеттемелік статут жөнінде сөз болып жатыр.
Шарттық міндеттемелерде қолданылатын құқықты бекіте отырып коллизиялық нормалар олардың мазмұнын ашпай отырып, жалпы түрде өзінің көлемдерін жасайды: «Сатып алу– сату шарты», «Мердігерлік шарт», немесе жай «Шарт». Соған қарамастан бұл терминдер бай мазмұнды заңға ие. Сондықтан таңдаған құқықтың қай шекке дейін пайдаланылатыны туралы сұрақ туындайды. Шартпен байланысты сұрақтар тобының қайсысы берілген шартқа қолданылатын құқықпен реттеледі? Шартпен байланысты барлық сұрақтар таңдалған құқықпен реттеледі ме немесе сұрақтардың кейбіреулері бұл сұраққа кірмейді ме? Басқаша айтқанда міндеттемелік статуттың қолданылатын аясы туралы сұрақ пайда болады.
Өзінің жалпы түрінде шарт – ол азаматтық құқықтар мен міндеттерді бекітетін (орнататын), өзгертетін немесе тоқтататын тараптардың келісімі. Құқықтар мен міндеттер шарттық міндеттемелердің орталық элементі болып табылады және олар міндеттемелік статуттың әрекет ететін аясына кіретіндігі түсінікті болады. Ал шарттық міндеттемелер үшін басқа маңызды сұрақтар қай құқықпен қаралуға тиіс? Мысалы құқықтыр мен міндеттер туралы келісім нысаны (шарт нысаны), тұлғаның келісімі бойынша міндеттемені орындау мүмкіндігі, жарамсыздықтың салдары және тағы басқалары. Бұл сұрақтар міндеттемелік статутқа кіреді ме немесе олар басқа құқықтық негіз бойынша таңдалған басқа коллизиялық нормалар негізінде қаралуы керек пе?
Қойылған сұрақ өзінің практикалық маңыздылығына қарамастан негізінен доктрина арқылы (бұрын) шешілді. Азаматтық Кодекстің 7-бөлімінде «қолданылатын құқықтың күшінде болатын саласы» деген арнайы норма бар.
1115-бап.
Шартқа осы параграф ережелеріне орай қолданылатын құқық, атап айтқанда:
1) шартқа түсіндіруді;
2) тараптардың құқықтары мен міндеттерін;
3) шарттың орындалуы;
4) шартты орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдарын;
5) шарттың тоқтатылуы;
6) шарт жарамсыздығының негіздері мен салдарын;
7) шартқа байланысты талаптарды беру мен қарыз аударуды қамтиды.
2. Орындаудың әдістері мен рәсімдеріне, сондай-ақ тиісінше орындалмаған жағдайда қолданылуға тиіс шараларға қатысты қолданылатын құқықтан басқа орындалу жүргізілетін елдің құқығы да назарға алынады.
Қолданылатын құқықтың әрекет ететін аясына енгізілген сұрақтардың әртүрлігіне қарамастан, олар шарт тараптарының құқықтары мен міндеттемелерімен байланысты. Шарт жарамсыздығының салдары сияқты элементте құқықтар мен міндеттерге қатысты: жаңа құқықтар мен міндеттер пайда болады немесе шартпен көзделген құқықтар мен міндеттер өзгертіледі. Сондықтан да міндеттемелік статуттың әрекет ететін аясының анықтаудың шегін анықтаудың негізі ретінде шарттық міндеттеменің басты элементі – шарт тараптарының құқықтары мен міндеттері бола алады. Құқықтыр мен міндеттермен байланысты емес басқа сұрақтар міндеттемелік статуттың әрекет ету аясына кірмейді. Шарттың нысаны, тұлғаның шарт бойынша міндеттемені алу мүмкіндігі және басқалары басқа коллизиялық нормаларының негізінде таңдалған құқыққа бағынады және басқа коллизиялық байламдардың көмегімен жүзеге асыралады.