Алматы “Жазушы” 2013



Pdf көрінісі
бет1/19
Дата11.01.2017
өлшемі1,64 Mb.
#1641
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

1
ҚАШАҒАН – СӨЗДІҢ ДҮЛДҮЛІ
(ғылыми мақалалар мен арнау 
өлеңдер және айтыс мәтіні)
Алматы 
“Жазушы”
 2013

2
Қашаған  –  сөздің  дүлдүлі  (ғылыми  мақалалар 
мен  арнау  өлеңдер  және  айтыс  мәтіні)/  Құрас. 
Жайловов Б.С. – Алма ты: «Жазу шы», 2013.– 320 бет. 
ISBN 978-601-200-439-7
Қолыңыздағы  кітапқа  «Жаһандану  жағдайындағы  ұлттық 
құндылықтардың  орны  және  Қашаған  жырау  мұрасы»  атты 
республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция мақалалары 
мен «Сұрағандарың сөз болса...» атты республикалық ақындар 
мү шәйрасында оқылған өлеңдер және Қашаған Күржіманұлы 
атындағы  аймақтық  ақындар  айтысының  жазбаша  нұсқасы 
топтастырылған.
Жинақ ғылыми қызметкерлерге, ұстаздар мен оқушыларға, 
студенттер мен магистранттарға, барша әдебиет сүйер оқыр-
мандарға арналған.
ISBN 978-601-200-439-7
УДК 821.512.122
ББК 84 Қаз 7-44
Қ 52
Қ 52
© «Жазушы» баспасы, 2013
УДК 821.512.122
ББК 84 Қаз 7-44
 
Құрастырған Жайлау Бақтыбай Сәрсенбайұлы
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі 
Ақпарат және мұрағат комитеті 
“Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару” 
бағдарламасы бойынша шығарылды

3
Қазақстан Республикасының Президенті
НҰРСҰЛТАН ӘБІШҰЛЫ НАЗАРБАЕВТЫҢ
Қашаған Күржіманұлының 170 жылдық
мерейтойына қатысушыларды
ҚҰТТЫҚТАУЫ
Барша  қазақ  халқына  танымал  дүлдүл  ақын  Қашаған 
Күржіманұлының 170 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Қашаған Күржіманұлы – ғибратты ғұмыр кешіп, өткір 
тіл, парасат және қара домбыра қару болған рух майданын-
да жоғары адамгершілік құндылықтарды ту етіп көтеріп, 
халқымыздың  орынды  мақтанышына  айналған  ерекше 
тұлға.
Күллі мәдени мұраларымызды, оның ішінде рухани құн-
дылықтарымызды жинақтау, зерттеу мен зерделеу – уақыт 
талабы. Ұлылардың мұрасы да, мұраты да, атақ-даңқы да, 
мерейтойы да – кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі 
десек,  Қашаған  ақынның  мерейтойын  Тәуелсіз  еліміздің 
болашағы  үшін  баршамызға  ізгілікті  іс  тындыруды  мін-
деттейтін,  ұрпаққа  ұлағатты  үлгі  алуды  аманаттайтын 
мерейтой деп білгеніміз жөн.
Ұлттың рухани келбетін, халықтың мінезін айшықтай-
тын киелі сөз иесі Қашаған Күржіманұлының шығар ма шы-
лық мұралары әрдайым қазақ халқының рухани қажетіне 
жарай берсін!
Астана, Ақорда.
25 тамыз, 2011 жыл

4
І бөлім.
  ЖАҺАНДАНУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ 
ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ОРНЫ ЖӘНЕ 
ҚАШАҒАН ЖЫРАУ МҰРАСЫ
(республикалық ғылыми-тәжірибелік
конференция мақалалары)
Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Маңғыстау облысының 
2006-2011 жж. әкімі
 
 
АДАМЗАТ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АЛТЫН ҚОРЫНА 
ҚОСЫЛҒАН АСЫЛ ҚАЗЫНА
Біздің бәріміз балалық шағымызда алдымен анамыздың 
әлдиін,  одан  соң  сол  ғазиз  жандардан  естіген  халық  ер-
тегілері  мен  аңыздарын,  өсе  келе  «Батырлар  жырын» 
тыңдау арқылы тәрбиелендік, сол арқылы Отанды сүюді, 
елін қорғауды, халқымыздың шежірелі тарихын қастерлеуді 
үйрендік, санамыз сәулеленіп, парасат-пайымымыз өсті.
Бүгінгідей том-томдаған кітаптар, тұтас бір елдің кі тап-
ханасы сиып кететін жадысы бар компьютерлер тұр ғанда, 
Википедия тәрізді сұраған ақпаратыңа лезде жауап беретін 
интернет-энциклопедияны қолтығыңа қы сып жүріп пайда-
лана алатындай мүмкіндік барда, ата-бабаларымыздың сан 
ғасырлық тарихымыз бен мә дениетімізді ұрпақтан-ұрпаққа 
зерделі  ұланы  арқылы  ауызекі  түрде  жеткізіп  келгеніне 
қайран қаласың, асыл рухани байлығымызды осы күндерге 
жеткізе білген да нышпандығына тәнті болып, алғысыңды 
айтасың. Бұл ретте әсіресе, ақын-жыраулардың еңбегі ерек-
ше. Жырау – тек төгілтіп өлең жолдарын айтатын жыршы 
ғана емес, ол – домбыра құлағында ойнайтын домбырашы, 

5
жырмен қоса әлқиссасын баяндайтын шежіреші, дауысын 
домбыраның әуенімен әуелетіп, әртүрлі мақаммен әуезді 
жыр төгетін – әнші, жырда баяндалатын оқиғаға сай түрлі 
мимика-қи мыл дар  көрсетіп,  образға  берілетін  –  актер, 
халқының қо шеметіне бөленген сал-сері, қысқасы бір өзі – 
бір театр, рухани байлық көзі.
Сондай жыраулардың сүлейі, Сыпыра жыраудан бастап 
тек аса зерделілері жадына тоқи алған, көлемі қырғыздың 
«Манасынан» да асып түсетін «Қырымның қырық батыры» 
ерлік дастандарын атақты Мұрын жырауға үйреткен ұлы 
жырау – Қашаған Күржіманұлы.
Қашаған зерделі жырау ғана емес, атағы алты алашқа 
мәшһүр болған арқалы ақын.
«Менің атым – Қашаған,
Тәңірім артық жасаған.
Адай түгіл алшынның,
Алшын түгіл алаштың
Айтқышы едім қашаннан», –
деген сөздері бір естігенде гиперболалық сарында айтылған 
ақын сөзіндей болып қабылданса да оған берілген атақты 
шайырлардың бағасын естіп, арқалы ақынның бұл адуынды 
жолдарын еріксіз мойындайсың.
Ел ішіне тараған жырлары арқылы Қашаған атына жас-
тайынан қанық болған жыр алыбы Жамбыл Жабаев:
Сүйінбай мен Қашаған, 
Қара өлеңді матаған. 
Атын жаттап балалар, 
Әлі күнге атаған, –
деп Қашаған ақынды өзі пір санайтын Сүйінбаймен қатар 
қойып, оның жырларының өскелең жастар үшін тәрбиелік 
маңызы зор екенін айтады.
Қашаған ақын бабалардың шежірелі тарихын жырлап, 
халқымыздың сан ғасырлық азаттық үшін күресін, бастан 
кешкен қилы кезеңдерін, батырлардың ерлік істерін жырлау 
арқылы болашақ жас ұрпақты елін, жерін сүюге шақырып, 
отанының  патриот  ұлы  мен  қызы  болуды  ғибрат  етеді. 
Дүлдүл  ақынның  тарихи  тағылымға  толы  «Атамекен», 

6
«Адай тегі», т.б. толғаулары тарихи шежіреге толы ұлттық 
әдебиетіміздің асыл мұралары болып табылады.
Ақын өзінің айтыстарында да жалаң даттау мен үстірт 
пайымдаулардан аулақ, ол елдікті, ерлікті, адамгершілікті, 
абзал қасиеттерді, халық мүддесін көздеп, соған сүйенеді. 
Өткір  тіл,  ұшқыр  ой,  адуынды  ұйқастармен  қоса,  мұнда 
асқақ рух, терең білім мен биік парасат әрдайым салтанат 
құрып отырады.
Қашағанның  тарихтан  да,  жаратылыстанудан  да,  фи-
лософиялық ой-пікірлерден де білімі терең екендігі оның 
жас  кезіндегі  Нұрым  ақынмен  кездесіп,  одан  бата  сұ ра-
ғандағы Нұрым ақынның оның ой-пікір, парасат деңгейін 
білмек болып сұрақтар қойған кездегі толымды жауапта-
рынан  көрінеді.  Қашаған  ақынның  тіршілік  пен  адамзат 
баласы,  он  сегіз  мың  ғаламның  жаратылысы  жөніндегі 
түсінігі қазіргі ғылымдағы Альберт Эйнштейннің атақты 
«Салыстырмалылық теориясынан» бастау алатын «ірі жа-
рылыс» теориясымен үндес, сондай-ақ ол ақынның ежелгі 
Грекия  мен  көне  Рим  ойшылдарының  қағидаттарынан, 
мифологиядан  да  терең  білімі  бар  екенін  көрсетеді.  Бұл 
ауыз  әдебиеті  өкілдерінде  көп  кездесе  бермейтін  интел-
лектуалдық әлеует, биік парасат.
«Топан» атты философиялық дастанда Қашаған дара-
қылық пен парықсыздықты, мастық пен желікті, тойымсыз 
құлқын мен тар пейілді дүниедегі бар кеселдің басы деп 
санап:
Етпеді ешкім қанағат, 
Тап болмай қайтсін ғаламат.
Көп болды мұнда тасқандар, 
Әлдерін білмей асқандар,
Пиғылынан солардың 
Қабыса жаздады аспан, жер! –
дейді.  Адамдардағы  ынсапсыздық  пен  сараңдық,  иман-
сыздық пен менмендік табиғат ананың өзін де ашындырып, 
алтын көрсе тура жолдан таятын күнәһар пендесін тосын 
мінез көрсету арқылы тәубасына түсіретінін тағы да бір 
есіне салады:

7
Бәлеге қашан ұрынған, 
Барын жоқ деп құрынған. 
Мың асқанға – бір тосқан, 
Демеуші ме еді бұрыннан.
Абыз ақынның бұл түйіні – қай кезеңде де көкейкесті лі-
гін жоймайтын, өскелең ұрпақ үшін ұлағаты мол, ғибратқа 
толы өнегелі пайым. Каспий теңізінің дүлей тасқынынан 
халық  басына  төнген  нәубетті  әлеуметтік  мәселелермен 
байланыстыра да білген ақын өмірдің еңбекпен көгеретінін, 
тұрмыстың  талаппен  жаңаратынын  еске  сала  отырып, 
дастанын дана халқының келешегінің кемел болатынына 
сенетін оптимистік рухта аяқтайды: 
Кейінгі бозбалалар, 
Налымаңыз, шырағым,
Күндердің күні болғанда, 
Көк дария көл болса, 
Бай мен жарлы тең болса,
Суда – балық, қырда – егін,
Диқаншылық көп болса, 
Бәле-бәтер жоқ болса, 
Талаптың күші сел болып,
Кетерсіз дағы ел болып, –
дейді.
Құдайға шүкір, бүгін міне сол абыз ақын күйзеле жыр-
лаған зар заман да, сор заманда өтіп, ата-бабамыз сан ға-
сырлар жан аямай күресе жүріп армандаған Тәуелсіздіктің 
бақ құсын да қолымызға қондырдық. «Бағалай білмегенге 
бақ  тұрмайды»,  –  дейді  дана  халқымыз.  Ендігі  мақсат – 
жеңді  түріп,  белді  буып,  Тәуелсіздік  бақытын  баянды 
ету жолында жан аямай еңбек ету. Бұл биік мақсатқа ел 
мүд десін өз мүддесінен жоғары қоятын, білімді де білікті, 
қажырлы да табанды азат елдің азаматтарының табысты 
еңбегі арқылы ғана қол жеткізеріміз анық. 
Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында Тәуел-
сіз еліміз тарих үшін қас қағымдай 20 жыл ішінде әлеумет-
тік-экономикалық  дамудың  таңғажайып  жетістіктеріне 
жетті.  Әлем  қауымдастығы  мойындаған  өркениетті  ел 

8
қатарына қосылдық, алдағы мұратымыз – бәсекеге қабілетті 
елу  елдің  санатына  қосылу,  өркениет  көшін  бастау.  Бұл 
жолда біздің Маңғыстауымыз тәуелсіз еліміздің қарқынды 
дамуына сенімді тірек болуда. Әлеуметтік-экономикалық 
даму қарқыны бойынша облысымыз алғашқы орында. Ел 
болашағы білімді жастар десек, мектеп бітіруші түлектері-
міз екінші жыл қатарынан білім сапасы бойынша алдары-
на  жан  салмай,  бірінші  орында  келеді.  Мұндайда  қазақ: 
«Ылдидағы  тасы  өрге  домалады,  қосқан  аты  бәйгеден 
келді», – деп қуанатын болса, біздің Адай тұқымды сәй-
гүліктеріміз  де  халықаралық  бәйгелерден  бірінші  ке ліп, 
еліміздің  мерейін  тасытты.  Әрине,  бұл  жетістіктерге 
тоқ  мейілсуге болмайды. Тәуелсіз еліміздің, оның ішінде 
өлке міздің  алар  асулары,  шығар  биіктері  әлі  алда.  Оған 
сүрінбей жету үшін кемел білім, биік парасат, терең ақыл, 
өз мүддесін ойлайтын рухани пасықтық пен жоқтан өзгеге 
күйгелектенетін  рухани  жасықтықты  жеңетін  қажымас 
қайрат, мұқалмас жігер, отаншыл биік рух керек.
Бұл жолда Қашағандай парасат пен ұлағат абыздарының 
намыс пен жігерге толы жырлары рухани медет бола білері 
даусыз. 
Ұлы ақын Қашаған туралы мақаласында заманымыздың 
заңғар жазушысы, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері 
Әбіш аға Кекілбаев: «Дария десе дария екен ғой Қашекең. 
Нағыз жырдария, мұңдария, шердария, сырдария екен ғой. 
Оның ағыл-тегіл жойқынының қаншасы тұрымтай тұсына, 
балапан  басына  заманда  құмға  сіңіп  жоғалды.  Қаншасы 
құнтсыз  елдің  қоржыны  мен  сандығына  қолжазба  боп 
түсуге үлгере алмай, күннен-күнге көзі азайып бара жатқан 
құйма  құлақ  қариялармен  бірге  әлдеқашан  дүние  ауып, 
үйме топырақ астына кетті. Қалғанына тәуба! Қашағандай 
жырдарияның дүниеде болғанына тәуба», – деген еді.
Облыс  әкімдігі  осыдан  үш  жыл  бұрын  жырдария  Қа-
шағанның  асқақ  рухты  бейнесін  шынайы  бейнелейтін 
әсем  қола  ескерткішін  құтты  тұғырына  қондырып,  об-
лыс  жұртшылығын  қуантса,  мереке  қарсаңында  зерделі 
ағамыз  Жетібай  Жылқышыұлы  және  ақынның  дарынды 
ұрпақтары Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан, Сабыр 

9
Адай, Әнуар Бимағанбеттердің жинақтауымен топталған 
«Қайыртпай  кеткен  Қашаған»  атты  жыр  жинағының 
«Жазушы»  баспасынан  жарық  көруіне,  ақын  жырларын 
талантты ізбасарларының орындауындағы «Айтамын хабар 
қиырдан» атты CD-дискідегі жыр-толғауларының шығуына 
мұрындық болды. Дарынды бабамыздың жыр жинақтары 
құтты болсын, ағайын!
Жаңа жинақтар арқылы жыр атасы Қашаған ақынның 
 рухани  мұралары  берісі  қазақ  еліне,  әрісі  бүкіл  түркі 
әле мі не жол тартып, адамзат поэзиясының алтын қорына 
қосылған асыл қазына болары даусыз. 
Біз таяу күндері сондай-ақ, көзі тірісінде қатар жүріп, 
Қаратаудың қос бұлағындай елін руханият нәрімен қосыла 
сусындатқан екі тума талантты кейінгі ұрпағы бірге ұлық-
тап  жүруі  үшін  әсем  Ақтау  қаласының  орталығындағы 
«Ынтымақ»  алаңында  күй  атасы  Құрманғазы  бабамызға 
арналған ескерткіш ашамыз. Осылайша, артына баға жет-
пес рухани қазына қалдырып, қазақ елін әлемге танытқан 
қос  таланттың  тағылымды  тағдырлары  мен  ғибратты 
ғұ мырлары  өшпес  өнеге  ретінде  ұрпақтан  ұрпаққа  жете 
бермек. 
Тағы да Әбіш аға сөзімен айтқанда: «Қашекең Қы рық-
кездегі ақшаңқан кесененің астында жатпаған сияқты. Жел-
мая мініп, жерұйық іздеп кеткен Асан бабасының артынан 
сары  атанын  сар  желдіртіп,  елге  ынтымақ,  ерге  ынсап, 
жалқыға парық, жалпыға пәтуа іздеп жүрген сияқты».
Абыз ақынның арманы орындалғай, іздегені келгей, елі-
мізде бақ, береке, тұрлаулы ырыс болғай!

10
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Халық жазушысы, 
Мемлекет  және  қоғам  қайраткері, 
Еңбек Ері
 
ЖЫРДАРИЯ САРҚЫЛМАЙДЫ
Маңғыстау,  шіркін,  жұмбақ  өлке.  Қай  жағынан  да 
қазынаға бай. Ең алғаш итті, малды қолға үйретіп, балшық 
илеп,  баспана  тұрғызып,  құмыра  жасап,  от  жаққан,  дән 
сеуіп, балық аулай бастаған ежелгі натуфийлік үрдістерді 
орнықтырған мекендерімізге Каспий теңізінің қазіргі Иран 
территориясындағы ең күнгей аралдарының кеуек үңгілері 
де кіреді екен.
Содан бері теңіздің батыс, шығыс жағалауын бойлап, 
терістікке  қарай  тырмысқан  тіршілік  шеруінің  жолында 
Маңқыстау, Үстірт қиырлары да жатыр. Ежелгі сақ, мас-
сагет, даһ,  кейінгі алан, ас, иозы, қаңғылы,  үйсін,  түрік, 
оғыз, қыпшақ, қарлық, қалаш, маңғол, алтын орда, маңғыт, 
ноғай, қалмақ, қазақ археологиялық және ономастикалық 
жәдігерліктерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Қай төмпегін 
түртіп қалсаңыз да, бағзы политеизм, заростризм, буддизм, 
христиан және ислам исі аңқып қоя береді.
Содан да болар, бұл араның бала екеш баласы да әң-
гімені әріден қозғағанды жақсы көреді. Дүние жаралып, 
су аққанынан, Адам Атамыз бен Хауа анамыздың қалай 
табысқанынан бастамаса, бастары ауырады. Есте ұстайтын 
жады мен әңгіме айтатын жағын жаттықтырады.

11
Бұндай тарихи зеректік әзелде оларға жөргектен жұқ-
қан.  Әу  бастан  дүние  ауып  кеткен  «Қырымның  қырық 
батырының» мұнда түгел жатталып қалып жүргендігі де 
сондықтан.
Бұл  феноменнің  мұншалықты  бекемдігінің  сыры  бұл 
араның  әдеби  дәстүрлерінде.  Ақындары  мен  жырау ла-
рында.  Олардың  тумыстарынан  айырықша  ерек  жара-
тылғандарында.
Әрі де емес, бері де емес, аға да емес, іні де емес, жуан 
ор тасынан біреуін тыңдап көрелікші.
Қалағандарың сөз болса,
Мен жырлауға құмармын,
Шұбалаң құйрық шұбармын.
Шапқан аттай саулаймын,
Жанған оттай қаулаймын,
Не қылғанмен дер күнім,
Бұлдыраған таудаймын.
Екі атысқан жау болса,
Арасына панамын.
Мен – ақ бауыр кер жорға,
Әдемі басқан аяғын.
Қарасаң көзің жеткісіз
Жылмиып жатқан даламын,
Жортар атқа жеткісіз
Ұзын бауыр саламын.
Жоғарыдан аққан Жайықпын,
Теңізге құйған аяғын,
Күншығыстың күшті желімен
Ылайлатып ағамын.
Сөйлемеймін мен неге?
Қашаннан да мен өзім
Заржақ туған баламын.
Сөйлесем сөзді табамын.
Сөйлей-сөйлей аламын.
Көпшілік сөйле дегенде,
Кідірмеймін жел сөзге,
Кеудедегі білгенді
Алдыңа төгіп саламын.

12
...Сөз дегенің бұйым ба,
Сөйлегенім қиын ба?!
Талай-талай сөйледім
Сатырлаған жиында.
Бұл  –  әр  сөзі  қорғасын  құйған  сақадай  алшысынан 
түскен,  аузынан  айналайын  кенже  Ақтан  ғой.  Пай-пай, 
жүрісінен  су  төгілмес  тарпаңдай  басқан  кер  жорға  десе, 
кер жорға ғой. Келістіріп айтады-ау!
Қашаған жыраудың:
«Көзім көрген адамда
Абыл мен Нұрым, Ақтаным,
Осылар еді тақтағым,
Осылай деп айтатын
Тарихтың көне ақпарын», –
деп айтуы да тегіннен-тегін емес қой. Ақтандай інісі осын-
дай болғанда, оның Абылдай ағасы қандай еді? Бірде Кете 
Жарылғастың үйіне келген Махамбет түстеніп, атына мініп 
қайтқалы жатқанда, Шернияз деген ел үстінде жүрген ақын 
баласы:
Көп үйрек көлде жатқан көсіліпті,
Ғалымдар шариғаттан сөз біліпті.
Баласы Өтемістің ер Махамбет,
Бізге айтар не сөзің бар ескілікті?» –
деп сұрапты. Сонда Махамбет:
Әліп, ләм, һаймен тұрады алқам басы,
Мүйімнің бимен тұрады бисмилләсі,
Мүйімнің құйрығы имек, ортасы ақ,
Білсең айт, осы ненің нышанасы?
Он бүркіт, отыз аққу көлде жатқан,
Лашын қақпай қанат дәмін татқан,
Арқадан қайта айналып келгенімше,
Шернияз шеше алмасаң, өзің сақтан», –
депті де жүріп кетіпті.

13
Шернияз бұл жұмбақтың шешуін Тигеннің «Дағдушы» 
суының қасында отырған Абылдан ат шаптырып сұрапты.
Сонда Абыл: «Әліп деген бір Алланың аты еді, ләм деген 
періштенің  аты  еді,  һай  деген  ақ  пайғамбардың  аты  еді. 
«Мүйімнің құйрығы имек, ортасы ақ» дегені пайғамбардың 
үмбетінің  икемдігі,  жүрегінің  ақтығы  еді.  «Он  бүркіт» 
дегені Мұхамбет пайғамбарымның кеңесшілері еді. Отыз 
аққу дегені Дәуіттің өлген отыз ұлы еді. «Лашын қақпай 
қанат  дәмін  татқан»  дегені  сәждеден  басыңды  көтеруге 
мұрша бермей жаныңды алатын жаналғыш әзірейілдің аты 
еді. Махамбет оң көзім болғанда, Шернияз сол көзім еді. 
Екі көзімді таластырмас үшін ортасына мұрын қойыпты 
ғой. Бұл екеуін бітістірейін. Шерниязға айта бар, ауызына 
абай болсын, жараның аузын тырнай бермесін», – депті. 
Кейін  Махамбеттің  өліміне  байланысты  Шернияздың 
Баймағанбет сұлтанға қияс сөйлегені осыдан екен дейді. 
Ардақтаған  ағалары  Абыл  мұндай  болғанда,  ел  мақ-
тайтын  Өгізбай  мен  Қалниязы  қандай  екен?!  Ылғи  ел 
арасы ала шабуылдың ортасында жүретін Қалнияз деген 
күреңіңнің күнде бастан кешіп жүргенінің өзі тірі тарих 
болып шығады.
Жау жағадан алған соң,
Жапалақ қонған жапанда
Қармыс жалғыз қалған соң
Омыртқадан он жота,
Сансыз найза салған соң,
Қабырғадан қырық жота
Шалажансар болған соң, 
Ертеңгі сәске кезінде
Басшысы Төлеп жүз кісі
Соңынан іздеп келеді,
Келе сөйлей береді:
– Қуғыншының ішінде,
Әнеттің ұлы Төлеп бар,
Белгілі ерден Бегей бар,
Бексауытты Жанақ бар,
Қойсарыдан Қонай бар.

14
Он бес жасар Шабай бар,
Шабай түгіл талай бар.
Өле кетсең, Саты бар,
Ту ұстаған Адайда
Белгілі ердің бәрі бар.
Балықшыдан Балуанияз батыр бар,
Қайсы бірін айтайын
Бірі айыр, бірі нар,
Бірі жая, бірі жал,
Бірі шекер, бірі бал,
Бірі қайың, бірі тал.
Айналайын, ағеке,
Сенің көрген жауыңды
Бір көруге ынтазар, –
дейді. «Қыземшектегі» қырғынның тірі протоколы түгел 
тұр.
Ал Жаманадай Нұрым Шыршығұлұлы жүрген бір эн-
циклопедия  ғой.  «Әуелі  тәңірім  жаратқан  он  сегіз  мың 
ғаламды,  бұлардан  соң  жаратқан  лауқы  мен  мақфоз, 
кәламды,  атамыз  Сафи  адамды,  тоқсан  құрсақ  көтерген 
жаратқан Хауа-анаңды... Сіздер түгіл өткізген Мұхаммед 
досы жаранды», – деп бастайтын Нұрекең жер бетінде кісі 
тастамай түгел жырлайды. «Әуелі бастан айтайын, атамыз 
Әнес Жабалдан, құлақ қойып тыңдасаң, қандырайын хабар-
дан», – демекші, Жабалдан Ноғай, Естек, Микорай тарайды. 
Микорайдан Зағипыран, одан Саһис, одан Ақшолпан мен 
Қурай, Қурайдан Аламан, Аламаннан Сегіз арыс Сейілхан 
өреді.  Ақшолпаннан  Майқы,  Жаһан,  Жайылқан  дүрейді. 
Майқыдан  Өзбек,  Жаһаннан  Қарақалпақ,  Жайылқаннан 
Қазақ,  Қазақтан  Қырғыз,  Алау  өрбиді.  Алаудан  Алаш, 
Маңғыбай туады. «Маңғыбайдан дүрейді Алаштың алты 
баласы, қатар екен көгені, мал мен басы тең өскен, бір Алла 
берген ел еді, үш шешеден туған соң, үш жүз болған себебі. 
Ақарыстың баласы – Үйсін, Найман ұлы жүз, Бекарыстың 
баласы – Арғын, Қыпшақ орта жүз, Жанарыстың баласы – 
Алшын,  Кеншін  кіші  жүз»,  –  деп  толғайды.  «Алшынға 
бақыт орнаған, інісі Кеншін ер екен халқын жаудан қор-

15
ғаған». Алшыннан Әлімқожа, Байқожа, Қыдырқожа өрбиді. 
Жиырма бес ата ел тарайды. Бәрін сұңғыла Нұрым қойдай 
өргізіп, қозыдай көгендейді. Адамдарды бұлайша өрбіткен 
даңғұла перілер мен періштелерді де көзінен тізеді.
Ол  заманда  не  көп,  той  көп.  Қай  заманда  да  солай. 
Біреуінің үстінде өзінен бата сұрай кірген Қашағанға қиқар 
ақын құрулы қақпандай шап береді. Шариғаттан алдына 
жан салмайтын Нұрым балтырына енді мінген бәтшаһарды 
қалың сұрақтың астына алады. Сонда ел алдында енді та-
нылып келе жатқан Қашаған айтулы ағасынан еш саспайды. 
«Бала, білсең хабар бер, үдірегелі Хауа анадан қанша за-
ман өтті арада? Дүниенің басы неден жаралған? Жер мен 
аспан бұл не зат? Мақұлық қалай таралған?» деген сұраққа 
Қашаған:
Дүниенің басы әуелі
Меруерт тастан жаралған,
Меруерт тас еріп су болған,
Судан түтін бу болған.
Аспан, жер содан жаралған
Адам, лаухы, ғалам, абзал баршасы
Сол заттан дейді озалдан.
Он сегіз мың ғалам болғанда
Үш бөлім болып тараған
Алтауы болар жәмәдат,
Алтауы болар нәмәдат,
Алтауы болар хайуанат,
Үш алтыны қоса ғой,
Он сегіз мың жан болад,
Білмеген адам таң болад...
Нұреке, енді тілің тарт,
Көп ішінде көлденең
Туысына ұрынған
Дүниедегі жаман зат, –
дейді.
«Қашаған саған бір сұрақ,
Екеу жансыз, екі арам
Бейішке кім ед баратын?», –

16
деп Нұрекең де қасарған жеріне қадала түседі. Қашаған да 
шамалыда сыр бере қойса, Қашаған бола ма?
Нұреке, сенің «қаңқуың»
Қапталымнан жабысқан
Жақтырмайтын шаншуым.
Ұраным Қосай болғасын
Бүйірімнің тартуын.
Бүйірім әттең, бұрып тұр,
Амалы түскір құрып тұр,
Басқа біреу болғанда
Маған қиын емес ед
Табаныммен тарпуым,
Азуыммен қарпуым.
Өзім әзер жүргенде
Қай-қайдағы пәлелерді артуын?!
Білсең қылма келемеш,
Келемешің жөн емес.
Сол дүниені жаратып жатқанда
Қасында тұрған мен емес.
Бірінші айтқан жұмбағың –
Әзіреті Мұса пайғамбар
Арша ағланы кезгенде
Екі арамы дегенің
Еріп барған қасына
Қытымыр деген қызыл ит
Жеті қазынаның бірі еді.
Екіншісін айтайын
Астына мінген есегі.
Дүниенің бәрін сұрайсың
Бар деп пе ең менде есебі?
Екі жансыз дегенің
Біреуі Айсаның аса таяғы
Біреуі Ідірістің киген кебісі
Естуіміз шын болса
Сол төртеуі Нұреке
Тергеусіз барады дейді бейішке.
Сүйтіп қытымыр ағаның қыспағынан қысылмай өткен 
Қашаған сұраған батасын алады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет