Алт ертегілері қазақ ертегілерінің ішінде көптігі және тақырыбы мен идеясының алуандығы жағынан хайуанаттар жайындағы және қиял-ғажайып ертегілерінен асып түседі
Тұрмыс-салт ертегілері қазақ ертегілерінің ішінде көптігі және тақырыбы мен идеясының алуандығы жағынан хайуанаттар жайындағы және қиял-ғажайып ертегілерінен асып түседі. Тұрмыс-салт ертегілеріне көлемі жағынан өте қомақты халықповестері, әсем новеллалар, даналық сынасу мәселелері туралы ертегілер мен әңгімелер, өмірдің алуын саласында кездесетін әр түрлі кемшіліктерді түйрей сынайтын өткір мысқыл ертегілер, қысқа, көңілді де күлкілі анегдоттар енеді.
Жалпы ертегі ішінде шыншыл ертегілер көп болса, соның өз тобындағы ең молы осы салт ертегілері. Бұл ертегінің көптігіне орай тақырыбы да мол. Оның ішіндегі бастыларын санасақ: пайдалы өсиет, ақылды жігіт, ақылды қыз, қиянатшыл жар, өгей шеше қастығы, хан қиянаты, әке мен бала, ағалар мен інілер арасы, дағдыр мен бақ, ұрылар мен аярлар әңгімесі сияқты неше алуан боп шығады. Бұлардың жалпы тобынан туатын идея, қоғамдық салт-сана: үстемдік пен теңсіздікті, зорлық пен қарсылықты, байлық пен кедейлікті, бақ пен сорды, жақсылық пен жауыздықты, ақыл мен ақымақтықты қарсы қою түрінде болады. Осы қатарда үй-іші тұрмыстың адалдық пен қиянаты, беріктік пен алдасуы да көп ертегінің идеясын ашып отырады.
Жоғарыда аталған тақырыптар ретімен қарасақ пайдалы өсиет жайындағы салт ертегілері өз алдына бір мол әңгімелер болады. «Білгір адам», «Қарттың ұлына өсиеті», «Үш ауыз сөз», «Үш өсиет», «Өнеге», «Алпысқа келгеннен ақыл сұра», «Үш кеңес» деген ертегілердің барлығы осы бір тақырыптың көп түрлі әңгімесі, көп қайталамасы есепті.
Жалпы пайдалы өсиет жайындағы ертегілер түрі жалғыз қазақ ертегілері емес, дүниежүзі фольклорының бәрінде кездесетін, ортақ түр. Бұны «Мың бір түннен», иран ертегілерінен, орыс ертегінен де көп кездестіреміз. Тек әр халықтың осы үлгідегі ертегісінде айтылатын өсиет, берілетін бағыт сол елдердің өзіндік ұлттық, тарихтық, шаруашылық өзгешілігіне қарай әр жайдан айтылатын болады.
Ертегіде әуелде бала бұл ақылды түсінбейді, бірталай кез жаңсақ басып, көресіні көріп барып әке ақылын аңғарады. Аңғарады да баққа жетеді. Кейде қазақ әңгімесінде өсиетті бөгде кісі айтады, сатып айтатыны да болады. Бар мүлкін беріп ертегінің ері, өсиет түсінен өз бақытын табады. Кейде өсиет сатушының ақылы ертегі ерін зорлықшыл, қиянатшыл уәзір сияқтының озбыр қастығынан құтқарады, ажалына ара түседі («Өнеге»).
Шыншыл салт ертегісінің бұл түрінде адам жай ғана, қалыпты адам болып кездеседі. Ертегі ері бұнда батыр да, бағлан да емес, көптің бірі, және айласыз, әлсіз жалқы адам болады.
Көбінше өмір тартысына, талқысына бұрын түспеген, көргені мен тоқығаны аз, жас болады. Өзінің жоқ жітігі көп, дос жары жоқ, басына көп ауырпалық түсетін жас болады. Сондықтан бұл адам көптің бірі, тірлікте, қоғамда күнде кездесетін көп жас буынның өкілі. Ендеше ертегі осындай жас өспірімге сеніп, серік етіп, өзіндей жасты әңгіме етіп нақыл, ақыл береді. Тірлік үшін алысудың тәсілін, құралын бермек болады. Жасқа әсіресе не жетпейді. Тұрлаулы ой, түбегейлі ақыл жетпейді. Сондықтан өмірге өздігіңмен кірер кезге жетсең, өзіңе-өзіңнен басқа дос таппай жалқы-жадау қалсаң, ақылды серік ет» деп ойлануды, ақыл іздеуді тапсырады. Және кісіден алған өсиет оңай олжа болмасын, тәжірибеде маңдайың тасқа тисе де өз басыңмен соны ұғынып, танып тұтын. Ақыл, кие салатын киім емес, ішіңе орнап, өз тәнің боп шықсын деп үгіттейді.
Міне бұл түрлі ертегіден туатын тәрбиелік, ұстаздық мағына осындай өмір құралы боп, жазылмаған кітап нәріндей боп келеді. Қазақ айтып жүрген ертектердің ішінде, мұсылмандық шығыстан келген ертектер арасында өсиетші, қиял ертегісіне де араласады. Ақ сақалды, ақ сәлделі шал болып келіп, кейде түсте, кейде ояуда ертегі жасына бет нұсқап, белгі беріп кетеді. Бұны діндар айтушылар әңгімесінде әулиелік, пайғамбарлық қасиеті бар Қызыр деп, пір деп те атайтыны бар. Ондай ертегінің өсиетшісі қазақтың халықтық өз тән тұлғасы емес, қыдырып келген ауыспалы мотивтің әкелген тумасы болады.
Шыншыл ертегілердің тағы бір мол қайталайтын тақырыбы ақылды жігіт, ақылды асыл қыз жайындағы ертегілер. Бұл ертегілердің ескі түрі қиял ертегілерінің әсерін көрген, сондағы ертегілік қиын жол, қыспақ хал сияқтының бір талайын ішіне ала жүреді. Қыз ақылды, жігіт жақсы боп қиауадан табысатын бір нұсқалары болса, сонымен қатар кей ертегіде қыз ақылды, дана бірақ жігіт олақ боп кездесіп, арадағы ақылды дос жігіт, не дос қыз көмек етіп мұраттары хасіл болады. Осы алуандас артегігің бір үлгісі «Жалайдар хан мен Сағат». Бұнда ақылды, сұлу хан қызы жігітке ғашық, іздеп табуын тосады, аңсайды. Жігіт өзі жете алмастай. Ақылды досы Сағат жәрдемші болады. Жол ауыр, өткелсіз қиын. «Тозбас тон, азбас ат» керек ететін жол деп ертегінің өз тілінде баян етіледі. Бейнетпен жетеді. Бірақ жігіт ғашығына жолығар түнде ұйықтап қала береді. Қыз белгілер қалдырып отырады. Ақыры Сағат көмегі, ақылымен қыз жігітке қосылады.
Осы түрде әңгімеленген ертегінің бәрінде жұмбақ әрекет көп келеді. Қыз үнсіз, бірақ зат қалдырып, ылғи жігітін сынап, із тастап отырады.
Ақылды қыз әңгімесі тағы бір осындай ескі ертекте хан қызы боп, бірақ әкесінің қатал кәріне ұшырап, жазаға бұйырылып сол жаза түрінде қайыршы жігітке беріледі. «Жақсы әйел» деген ертегі солай келген. Ерік, ықтияр жоқ күңдік күйдегі әйел халі өзгеде емес, хан қызының басында да бар. Қиянатшыл қатал, қаскөй хан жұрт қызына қысым көрсетумен тұрмай, өз қызына да сор тудырады. Бірақ ертегінің ақылды қызы қайратты да мінезді. Ол көп жерде, шын қасиетімен хан қызы емес, халық қызы боп кетеді. Сондықтан қайыршы байын, не кем-кетік, не ақылсыз қор боп жүрген «Жаман» деген атқа ілінген байын ада етіп, жақсы етіп биік баққа жеткізіп отырады.
Ақылды жігіт әңгімесі де осы ақылды қыз сияқты сан түрлі, көп алуанды боп келеді. Соның бірі «Қарт пен тапқыр жігіт» деген ертегідегі жас. Ол бірге жол жүріп келе жатып қасындағы қартқа, екі-үш түрлі жұмбақ, қиғаш сөз тастайды. Сонда арқаласайық дегені, әңгіме айтысайық дегені екен.
Өлген адамның жаназасына кезігіп өлмеген екен дейді. Пісіп тұрған егінді желінген екен дейді – бәрінде де ақылды терең мағына бар болып шығады. Жұмбақты үйге келгенде шалдың қызына да тастайды. Бірақ қыз бәрін шешіп ұғынып, дана жігітке, тең дана жар боп қосылады.
Ақылды жігіттің бір алуаны әділ шебер болып, елге, жұртқа даңқы жеткен «Аяз би» сияқты болады. Бұндай елдік абройды алған жақсы жігіт көбінше елеусіз көптен шыққан, қалың халық ішінен келген жалқы, жалғыз жігіт болады. Ол жігіт елге жаққан, қиынның ебін, қиюсыздың бабын тапқан ақылды болғандықтан, хан сарайын да өз дегеніне мойындататын, үлкен күш иесі боп кетеді. Қарадан шығарып, «бақ пен асқан патшадан, мимен асқан қара артық» деп, халық әңгімесі ондайды хан да қоятыны бар. Халық, бұқара көпшілік хан мен әміршінің ақылсызынан, қиянатшылынан зығыр жеген кезінде ең болмаса осындай үлгілі ертегісі, әңгіме қиялы арқылы дауласа жүрісіп, өз мүддесін айтады.
Сондай кездерде қырсықты ханды жеңген жанның бәрін көп дәріптейді. «Кесір хан мен тазша» деген ертегіде осындай қырсықты хан қыз болады. Басын үш рет сөзбен көтерткен кісіге тимек, көтерте алмағанның басын алады. Салт ертегісінде көп кездесетін осындай сертті жазаларға, қатал сынға шыдап барып жүлде алып келетін әрдайым, тағыда, халық өкілі болады. Мынау ертегіде сол талапкер, тазша болады. Ол хан сертін әдейі айтылған қияс даумен мысқыл етіп жояды да, жеңеді. Қызды, ханды олжаға алады. Ақылы мен тәуекелінің жүлдесі етіп көнбесіне көндіріп отырып алады.
Салт ертегілернің осы соңғы айтылған сияқты түрімен жалғаса келетін бір топ ертегі қиянатшыл жар, қиянатшыл өгей шеше жайында болады. «Молда мен сиқыршы әйел» деген ертегі осы түрдің ең айқын мысалының бірі. Арам жүрісін сезген сайын сиқыршы қатыны сары ит қылып жібереді. Бұл ертегіде анық айқын қиял ертегісінің белгісі бар. Сол ертектерде болатын құбылыс өзгерістер (ертегілік құбылыстар) бұнда мол көрінеді. Бірақ ертегі негізі үй-іші тұрмыстың салтта кездесетін шындығына құрылған. Ит болатын тағы неше алуан жәндіктер боп ауысатын халдері теңеу есебінде ұлғайтылып алынған әдіс сияқты. Қатын өзі мықты кезінде еріне неше алуан көр көрсетеді. Ит етумен тұрмай есек те, қара мысық та ететіні болады. Ал еркекке болысушы, әділет жоқтаушы боп екінші адам шыққанда (мынау ертегіде ол екінші, оқымысты дана қыз болады) сиқырлы қатын өзі неше алуан жәндіктің халіне, суретіне түсіп ақырында аярланып, құбылып құтылмақ болады. Бірақ түбінде қиянат зұлымдық жеңіліп, жақсылық үстем шығады. Қатыны қиянат еткен ер, ит болған уақытында өз басынан талай сорлы күй кешеді. Оның халі, адам кескінін жоғалтпаған, жан ашыры бар жанның бәрін тітіркентеді. Қайғылы, зарлы халде қалған еркек жайы шын үлкен өмірлік трагедиямен тең болады. Сондықтан әйел қиянатынан оны екінші жақсы әйел, қиянатсыз адал, дос, арашалап алады, кегін әпереді. Сырт құбылысы қиял ертегінің көріністеріне ұқсағанымен бұндай ертегілер шыншыл, болмыс қалпынан туып, соны ақындық теңеуімен, және қиял ғажайып ертегілердің әсер ықпалымен әдейі ұлғайта, өсіріп айтқан.
Осы алуандас тағы өмір шындығынан туатын салт ертегісінің бір талайы қиянатшыл өгей шеше жайындағы ертегілер. Бұл тақырып, тегінде жалғыз қазақ емес, көп ел ертегісінде бар. Өгей шешенің қыз балаға сор туғызатын қастығын, әсіресе орыс халқының қиял ертегілері де, салт ертегілері де көп әңгімелейді.
Шығыста, кітап хиқаялардан шығып, ауызша ертегі, немесе халық романы боп кеткен. «Шәкір Шәкірат» әңгімесі де осы тақырыпты баян етеді. Оны қазақ халқының айтуында салт ертегісінің ішіндегі нағыз халық романы, үй іші трагедиясының романы деп атауға болады. Ал қазақтың өз тума әңгімесінен алсақ бұл алуандас салт ертегілері көп қатын алудың кесірінен туған, «күндестің күлі күндес» деген үзілмес үй іші әрекет, жаулықтан туған үлкен драмалық әңгіме боп, көп санды боп айтылып жүреді.. «Екі жетім» ертегісі сол үлгінің бірі. Ондағы қасқөй шеше, бәйбіше, қорлық көретін екі жетім бала, тоқалдың балалары. Бұларға жаны ашып достық ететін үй хайуаны малдан шыққан, қошқар, сиыр болады.
Салт ертегісінің қазақ фольклорында жиі кездесетін бір алуаны өнерпаздар жарысы болады. Оның басы қиял ертегілерінде болған ғажайып дос сақина немесе асыл тас, әлсіз жігітке бар жақсылықты істейді. Бірақ жау патша, не дию соны алдап, ұрлап алады. Бала бақтан, жардан бірақ айырылады. Сонда жүзікті іздеп ит, мысық, тышқан сияқтылар шығып әрқайсысы әртүрлі еңбек етіп, жүзікті жігітке әкеледі. Жігіт жоғалтқан бақытын қайта табады. Ертек аяғы жұмбақ болады, кімнің еңбегі артық болды деп таңдаушыға сұрақ қойып, ертегі бітеді. Салт ертегісінде де осындай үлгі, өнер салыстыру көп кездеседі. Бір көрнекті мысалы «Жеті өнерпаз». Бұлар жау алып қашып кеткен сұлу қызды іздеп шығады. Бірі көргіш, бірі мерген, бірі епті, қағып алғыш сияқты боп келеді. Қызды көп бейнеттен соң көргіш көріп, қайда екенін айтады. Бұлар жақындағанда алып қарақұс бейнесіне түскен дәу, жау алып қашады, мерген атады. Қызды қарақұс аспаннан тастап жібереді. Қағып алғыш алақанын төсеп өлтірмей қағып алады. Осындай өзгелерінің де еңбегі, өнері болады. Ақырында ертегі «осы қызды жаңағы көп өнерпаздың қайсысына бұйырған мақұл?» деп сұрақ жұмбақпен тоқтайды. Бұл өнерпаздар көбінше ағайынды жігіттер боп келеді. Кейде үш өнерпаз, кейде жеті өнерпаз боп жұп болмай, тақ санды боп келеді.
Салт ертегісінің тағы бір мол тақырыбы әке мен бала, ағалар мен інілер арасын әңгіме етеді. Бұл түрлі ертегі де дүние жүзі фольклорына аса көп жайылған, аса мәлім. Және барлық елде де ол ертегілердің көнесі бар да, жаңасы бар. Көне үлгілері қиял ертегісінің үйреншікті, таныс заттарын ішіне ала жүреді. Кейбір ғажайып заттар араласпайтын үлгілері ескі кездегі дін әңгімелерінен де тарайды. Дүние жүзіне мәлім Жақыпұлы Жүсіп жайындағы ертегі талай дін кітаптарын аралап өткен. Басында бұл Мұса дінінің ескі діндік хиқаяларын айтатын «Библиядан» басталып, мұсылман дінін де әңгіме етілген.
Жақыптың бәйбішесінен туған он бір ұлы, кіші әйелінен туған жалғыз Жүсіпке, сұлу Жүсіпке зорлық көрсетіп, қорлыққа салады. Араб, иран, шағатай әдебиетінде, және қазақ әдебиетінде осы Жүсіп жайы неше алуан әңгімелі дастан жырлар, қиссалар да туғызған.
Осындай әңгімелердің халықтардың салт ертегілеріне әсері көп болып, шыншыл салт ертегісінің әлденеше ұқсас, тектес мысалдарын туғызған. Ол жаман ағалардың жақсы ініге өтетін күншілдігі, қастығы жайындағы ертегілер.
Жақсы баланы құрбан етіп амандық алатын әке жайындағы әңгімелер де осы алуандас келеді. Қазақта дәл осы соңғы тақырып қиял ертегілерінің ескілігімен жалғас, қатар жүреді. «Алтын сақа», «Жаналы» ертегілері қиял ертегісі «Ертөстікпен» туысады. Бұларда әуелі әке, жалмауыз кемпір, айдаһар сияқты қастан күшке оқыс кезігіп, өлімнен құтылу үшін жаңағы дұшпандарының талабы бойынша ұлын құрбан етпек, жібермек болады. Содан кейін бар ертегі сол жазықсыз жақсы баланың ат көмегімен, өз ерлігімен не басқа дос көмегімен құтылуын баян етеді.
Бұл айтылғандар салт ертегісінің қиял ертегісімен шектес, көне түрлері. Әке мен бала, ағалар мен інілер жайындағы салт ертегілерінің бертін шыққан үлгілері шын өмірлік, уақиға, халдерді баян етеді. «Дарыш мергеннің ұлдары», «Хан мен баласы», «Әби Тәби» деген ертегілерде балалар әке тапсыруымен сапар шегіп, бейнет көріп өз еңбектерімен бақытын іздейді. Кейде сол сапарға шыққан баланың бәрі неше алуан күйге жеке-жеке кетіп жүріп ұшырайды да, бәрі де жақсылық, ерліктері арқылы ырыс тауып тынады. («Дарыш мергеннің ұлдары»). Мұндай ертектің басында берілген осындай әңгіме түйіні бір тамырдан көп бұтақ тарағандай, бір әңгіме тұқылынан әлденеше жеке әңгіменің тумағына композициялық себеп болады.
Кейде осы бірнеше ағайынды жігіттің арасынан біреуі ерен жақсы боп, бейнет үлкені де соныкі, еңбек үлкені де соныкі болады да, әңгіме салмағын сол баланың жайы өзіне тартып алады. «Хан мен баласы» деген ертегі осылай. Тек бұл ертектің ерекшелігі – жақсы бала үлкені де, кенжесі де емес, ортаншысы болады. Әдетте жақсы бала кенже бала болса, мынау ертегіде ол қалып әдейі бұзылған. Әке мен балалар, іні мен ағалар ертегісіне көбінше солардың серігі болатын қыз, қатындардың араласатыны көп болады. Олар не бақ, не сорға, не достық, не араздық жаулыққа себепші боп кездеседі.
Бұл ертегілер сан жағынан аса көп болумен қатар, түр жағынан да бай, көп өзгергіш, көп уақиға тудырғыш, мазмұн мағынасы бай ертегілер болады. Тақырыбы мен санасында, түп негізінде күнделікті өмір шындығының үлкен түйіні жататын ертегілер. Себебі, әке мен бала, аға мен іні, келін мен абысын аралары, үй іші тұрмыстың көп қайшылығы да, көп жарастығы да, көп араздық алысы да, көп тілеулес достығы да жиылып, түйілген жер.
Бұрыннан бүгінге дейін салттың осы түрдегі тақырыбы ертегіден бастап, қоғам тірлігі өскелеңде өзгеріп қиынданған сайын неше алуан әңгіме дастанға, ертегі романға да үлкен арқау боп келген. Әр ел фольклорында да көп замандар үзілмей, қалмай неше алуан боп әңгімелене бергендіктен бұл үлгідегі салт ертегісінің саны да, әңгімелену өрнегі да мол болатын орны бар.
Бұндайлық саны көп болмаса да және үлкен ертегі үлгілерін ұзақ әңгіме етіп айтпай қысқарақ қайыратын болса да, қазақ ертегісінде өзінше жиі кездесетін бір тақырып бақ пен тағдыр жайындағы салт ертегілері болады. «Ұядағы хан баласы», «Қыдыр», «Қу бас», «Бақа» деген ертегілер осы алуандас ертегілердің әртүрлі өрнектері.
«Ұядағы хан баласы» анық тағдырға иланған, санадан туған ертегі. Ханның жалғыз баласының ажалы кісіден болады, аты пәлен деген кісіден болады деп болжаушы сәуегей айтады. Сол баланы қазадан сақтау үшін жапанда сақтайды. Адам баласына көрсетпес үшін ағаш басындағы ұяда сақтайды. Осы баланың қасына ойда жоқтан екінші өзіндей хан баласы барады. Ойламай, қастық етейін демей, алғашқы баланың өліміне, тағдырына себеп болады. Сонда соңғы баланың аты ертеде балшы айтқан ат болып шығады.
Мұнда тағдырға, жазуға дауа жоқ деген дін үгіттінің әсері бар. Әсіресе ислам дінінде болған аса бір адамға ауыр, адам еркін, талабын тұсаған наным осы болатын. Адам не істесе де тәңір, тағдыр бұйырғанды істейді. Өмірі баққа, сорға соқса да, тумысынан пешенесіне жазылып қойған тағдырына барады деген ұғым болатын. Соның бір мысалы боп жаңағы ертегінің уақиғасы алынады. Ислам діні орнап, тарауымен қатар халық ішіне жайылған бір алуан салт ертегісінің мысалы «Қу бас» деген ертегі де осындай алдын ала кесулі, байлаулы болған тағдырдың бір айғағы сияқты. Өлі қу бас, тірі күнімде сексен кісінің басына жеттім, енді өлі күнімде және қырық кісінің ажалына жетпекпін дейді. Дегеніндей, ертегі сол қу бастың тағы қырық кісіні қалмағаны жөнінде әңгіме етеді. Бұл да жаңағы діншіл нанымнан сынсыз, қараңғы нанымнан туып, елге ертегілі үгіт ретті жайған молдасүрей, діндар адамдар ортасынан тараған әңгіме.
Ал, «Бақа» деген ертегі осы ретте, тағдырға иландырам деген ертегілерге қарсы әдейі әзіл-мысқыл есебінде туған әңгіме.
Онда Бақа деген шал көріпкел де, сәуегей де емес. Бірақ еріксіз балгер, болжаушы болады. Өзі тілемей, ешбір дайыны болмай сол міндетті атқаратын болады. Жай жазықсыз таза адам өзінің мынандай өрескел халінен барды беріп құтылуға ынтық болады. Қашпақ та болады, бірақ құтылар шара жақ, балгерлік етпесе қауып төніп тосып тұрады. Бұның халі әрі уайым, әрі күлкі. Сонда болымсыз, ойда жоқ себептер Бақаның сандырақ сөзін ем сөз ғып шығарады. Бақаның қадыры артады. Тағы қысылып, тағы сәтпен айтқаны келеді. Үшінші қысталаң сында бұның Бақа деген атының өзі шалдың бағы боп шығып, сол құтқарады. Сөйтіп бақ деген нәрсе арзан, оңай жолмен Бақа шалға ойда жоқтан кеп оралады.
Бұл әңгіменің түп мағына санасы бақ, тағдыр деген үгіт, өсиеттерге қарсы сыншы, мысқылшы, толғаулы ойы тудырған бір алуан күлкі ажуа, ойын әңгімесі, қызық әңгімесі болады.
Салт ертегісінің дүниежүзілік бар фольклорға жайылған бір қызықты тақырыбы ұры, қарақшылар, аярлар, жайындағы ертегілерде. Қазақта да бұл көп ертегі. Ерте күндегі, көне түрі «Қырық қарақшы» сияқты боп шығып дәумен алысады. Басында қызға таласып өз туысқандарын өлтіреді. Бірақ қызды дәу алып қашып кетеді. Дәудің жаны судағы шабақта екенін біліп алып, қарақшы сол шабақты ұстап, өзінің санын тіліп етіне қыстырып алып келіп дәуді өзіне көмекші етіп алады. Дегенін істетеді. Ұрлық ұсталығын адамға қарсы қас күшті жеңуге жұмсаған қарақшы болады. Бұл қиял ертегісімен жалғасқан ескі түрлі әңгіме.
Осылай басталғанмен бертін келе ұры қарақшы жайындағы ертегілер түгелімен шындыққа жақын, анық салт ертегісінің өз қалпына түседі.
«Жеті қарақшы мен момын», «Ұры мен Аяр», «Патша қулығы», «Көзбояушы ұры» деген ертегілер, осы үлгідегі ертегінің көп санындағы ерекшеліктерді анық танытатын, айқын әңгімелер. Бұл ертегілердің тіл кестесінде өзіне бөлек айшығы, өз бояуы болады. «Жеті қарақшы» ертегі «бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін» ұрлаған деп сипаттайды. Бұлар момынның бар малын ұрлайды, қара жерге отырғызады. Бірақ момын ақырында осы жеті қарақшының бабын тауып, өзі алдап өшін де алады, малын да қайырып алады.
Бұл ертегі момынды қу мен сұмға жем болмасын деген жалпы әділет тілегінен туады. Жамандық жаза шекпек, жақсылық жеңбек, «арамзаның құйрығы бір тұтам» дегендей халық ұғымындағы әділет көксеу желісіне құрылған. «Патша қулығы» деген ертегі де ұрыны жеңген ақыл, айланы айтады. Жаңағы ертегімен ұқсас келетін көп әңгімелердің бір үлгісі.
Патша қазынасын ұрлайтын ұрыларға өзі қосылып, бірге ұрласып жүріп, ақыры ұрыларды алдап ұстап жеңіп шығады.
Ұрылар жайындағы ертегінің бұлардан бөлек бір тобы бар. Онда шебер аяр, «байлағанның бауын кескен», жан бабын таппас, анық алаяқ ұрылар туралы әңгіме жүреді. Бұлар әңгімесі уақиғалық шұғыл құбылыстар жағынан, адам мінезін өткір, тапқыр, шебер етіп бейнелеу жағынан қарағанда өзгеше бір қызықты, қысқа новелла, жазба әңгіме, көркем тапқыр шығарма есепті болады. «Ұры мен аяр», «Көзбояушы» деген ертегінің екеуі де қазақтың салт ертегісінің ішіндегі, нағыз көркем прозаның ең шебер жазба әңгімелеріне бара-бар келерлік аса қызық әңгімелер.
«Ұры мен аяр» өнер жарыстырады. Екеуі де елге симай, өлімге бұйырылып, ханның қатты қаһарына ілінгендер. Қаладан қашып шығып, жазадан бірлесіп құтылудың амалын істемек болады. Бірақ екеуі азықтарын алып жемекке кіріскенде үйлерінен алған нандары, қазыларды қатар қойғанда бір бүтін нан, бір бүтін қазы боп шығады. Сөйтсе екеуіне бірдей қатын боп, екісін бірдей білдірмей алдап соғып жүрген бір қатын екен. Бұлар жауласып, ашуланыспайды. Қатын екеуінен де асқан шебер екенін мойындап, енді өнер жарыстырайық, қай озғанымызға қатын бәйге болсын деседі. Сүйтіп өздерін ең қиын сынға салады. Жаңағы қатал ханның өз сарайына кіріп, өз қазынасын ұрламаққа байлайды.
Сол сында аяр хан сарайына кіріп шеберлік еткенде, ұры енді сен болсаң тұра-тұр деп, ханның тіпті өзі жатқан үйге кіріп, басының астында жатқан кілтті алмақ болады. Ұры аяр ойламаған, батпаған сұмдық қиындықты өзіне міндет етіп алады. Аяр шыдамай қорыққанда ұры оның өзін хан бөлмесінің босағасына байлап қойып, дегенінің бәрін істеп, өнер асырып шығарады. Міне ұрылар жайындағы қазақ халқы айтқан бұндай шебер, қиын түйінді, тапқыр әңгіме барлық композициясы, қызықтығымен, теңі жоқ өткір әңгіме болады.
«Көзбояушы ұры» деген әңгімеде осы үлгіде. Тағы да ұрлық өнерінің жарыс бәсекесін көрсетеді. Әке мен бала бірдей ұры. Әке баласына айла өнер көрсетсем деп, сақ сауысқанның ұя басып отырған кезінде, дәл бауырынан жұмыртқасын ұрлайды, баласы осы кезде әкесінің ұлтанын кесіп алып, өнер асырады. Содан кейін осы соңғы бала ұрының ерен, бөлек шебер ұрлықтары әңгіме етіледі. Бір сұлтанды мүлде сорлатады. Бұл сұлтанды бөгде бір хан табалайды, ұрыны тия алмадың дейді. Сұлтан ұрыға кешпек, тек сол ханнан бірдеме ұрлап әкеп беруін өтінеді. Халыққа осыны жар қылады. Ұры, мақтаншақ ханға барып, жаныңды ала келген әзірейілмін деп ешкі терісін киіп, жаман сұрықпен түнде барады да ханшасы мен екеуін бірдей сандыққа салып алып, сұлтанға әкеліп, үй іргесіне білдірмей қойып кетеді. Сұлтан сандық ұрлапты деп қуанғанда хан мен ханшаны және шығарады. Сұлтан ұрыға алғыс ретінде қызын беріп уәзір етеді. Сөйтіп сұлтанға құдай қосқан уәзір «байлағанның бауын кескен» әлемнен асқан ұры болады. Бұл әңгіменің тапқырлық құрылысы, қызық құбылысы өзгеше болумен қатар хан, сұлтандарға берген бағасы мен орны да қызық. Сұлтан уәзірге жарыды дегендей мысқыл етіп, өмірдегі анық шындық, елді жегіш, қазына жегіш сарайды да өлтіре түйреп кетеді. Қатты шенеу, мазақпен, ел күлкісімен түйрейді. Қысқа қызық әңгіменің бар жоғы өткір мағыналы боп, аса қызық шеберлікпен құлпырып тұрады. Оқиғаны оқыс түйінді көркем новелланың жазба түріне соншалық жақын қабысатын фольклор туындысының бірі болады.
Салт ертегілерінің тақырып түрлері бұл саналғандармен бітпейді, көп те, кең де келеді. Бірақ осында тексерілген ертегілер арқылы ашылған ерекшеліктер, қоғамдық, сыншылдық сырлар, таптық идеялар, композициялық өзгешеліктер бәрі де салт ертегісінің қазақтық, байырғы туынды түрлеріндегі, ескілі-жаңалы жалпы бітімді аңғартуға жарайды.
Бұл ертегілер тұсында қосымша қып айта кететін бір сөз қазаққа өзге елдерден, әсіресе шығыстан келген салт ертегілері туралы. Ертеден қазақ ішіне кең тараған «мың бір түннің» көп әңгімесінде салт ертегісінің үлгілері бар. Содан шығып кең, ұзақ әңгімелеріне қазақ ертегілері «Үш соқыр», «Төрт дәруіштерден» басқа «Сәйфүлмәлік Бадиғұлжамал» қазақта өлең, дастан, қисса боп та тараған. Бұлардың қиял ертегілерімен тең өзгешеліктері бола тұрса да қазақ әңгімесінде халықтың салт ертегілерінің әсерін алып, халық романы үлгісіне ауыса өзгергені де көп. «Мың бір түннің» бұл салаларынан басқа да өте көп хикаялары қазақ ішінде сан өңделіп, өзгеріп қызық әңгімеленеді.
Сондайлық шығыстан келген әңгімелердің бір мол саласы «Атымтай Жомарт», «Тотының қырық тарауы» және түрік елдерінің атақты халық романы «Бақтажардың қырық бұтағы», «Қаһарман Қатран», «Рүстем дастан», «Сейтбаттал», «Ескендір», «Сүлеймен даналықтары» сияқты мол түбірлі, шоғыр-шоғыр үлкен ертегілер бар. Бұлар көбінше бір әңгіме емес, әлденеше сан салалы, салқар ұзақ шебер құрылысты ертегілер болады. Осылардың көбіндегі өмір шындығы, қоғамдық мүдде талап, адам мінезі мен іші, үй ішілік, әлеуметтік қатынас талас, тартыстар барлығы да қазақ ертегілерінде байырғы салт ертегілеріндей үлкен толғаулы оймен шешен, шебер тілмен қызықты халық романдарынша әңгімеленеді.
Қазақ ертегісінің көптен-көп жайылған ертелі-соңғы үлкен қоры салт ертегілерінің әзіргі алғашқы тексеру-шолуда байқалатын көлем аумағы, сыр сипаты осындай.