Ќан жїйесі физиологиясы



бет18/128
Дата31.12.2021
өлшемі6,9 Mb.
#23273
түріОқулық
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   128
Байланысты:
Ќан жїйесі физиологиясы

Қан түзу. Құстарда орта есеппен эритроциттер – 90-120, лейкоциттер – 6-7 тәулік тіршілік етеді. Ал лейкоциттердің жеке түрлері бар болғаны бірнеше сағат қана өмір сүреді. Алайда қандағы торшалар саны шамамен тұрақты деңгейде сақталып отырады. Мұның себебі организмде қан түзу процесі (гемопоэз) толассыз жүреді де, тіршілігін тоқтатқан торшалардың орнын жаңа жас торшалар толтырып отырады.

Гемопоэзді қамтамасыз ететін органдар – қан жасаушы мүшелер деп аталады. Оларға сүйек кемігі, көкбауыр, лимфоидты ұлпа және ретикуло-эндотелиальды элементтер жатады. Эмбриондық даму кезеңінде бауыр да қан түзу процесіне қатысады.

Құстардың тіршілігі барысында қан жасаушы мүшелердің гемопоэздегі рөлі мен маңызы өзгеріп отырады. Мысалы, тауық эмбриондарының негізгі қан түзу мүшесі – сарыуыз қапшығы болып саналады. Онда инкубациялау процесінің 16-күнінде эритроциттердің түзілуі (эритропоэз) максимальды деңгейі байқалады. Бұған дейінгі эритропоэз бауырда (7-9 тәулікте) және көкбауырда (5-9 тәулікте) жүреді. Тауық пен үйрек эмбрионында инкубацияның 14-15 күнінен бастап гемопоэз сүйек кемігінде жүре бастайды. Бауырдың қан түзудегі белсенділігі эмбриондық дамудың 10 күннен бастап арта түседі. Осылайша, сарыуыз қапшығының гемопоэздік қызметі тоқтағанша, қан түзу процесіне басқа мүшелер қосыла бастайды. Бұл гемопоэздың толассыз жалғасуын қамтамасыз етеді.

Эмбрион эритроциттерінің тіршілігінің ұзақтығы 8 күннен аспайды. Инкубациясының соңына қарай тауық эмбрионы эритроциттерінің саны арта түседі. 10 күндік эмбриондар қанының 1 мм3 1,2 млн эритроцит, 14 күндік эмбриондарда - 2,2 млн, 21 күндік эмбриондарда - 2,6 млн. эритроцит болады. Эмбриондық даму кезінінің 8-11 және 16-18 күндерінде эритроциттер мен лейкоциттер санының және гемоглобин мөлшерінің төмендейтіні анықталған. Бұл – эмбрионның салмақ қосу процесінің төмендеу кезеңіне сәйкес келеді.

Тауықтар эмбриондарында лейкоциттердің түзілу процесі инкубацияның 12-күнінде – бауырда, 11- күнінде – көкбауырда, ал 14-күнінде –сүйек кемігінде басталады. Эмбрионда лейкоциттердің саны оншалықты көп болмайды, ол балапан жұмыртқаны жарып шығар алдында көбейе бастайды.

Тромбоциттердің саны қанның ұю қасиетінің жоғарылауына байланысты инкубацияның 2-кезеңінен бастап көбейе түседі. Қан ұюына қатысатын протеиндер инкубацияның тек 12-13 - күнінен бастап пайда болады.

Кейбір авторлардың пікірінше инкубацияның алғашқы кезеңінде пайда болған гемоглобин оттегімен шапшаң байланысатын қасиетімен ерекшеленеді. Кейіннен ол оттегімен байланысу қабілеті төмендеу гемоглобинмен алмасады.

Тауық, үйрек, күркетауық және кептер организмнің 1 г салмағына шаққандағы қан мөлшері эмбриондар мен ересек құстарда бірдей деңгейде болады деген де пікір бар.

Постэмбриондық кезеңде құстарда гемопоэз сүйек кемігінде, көкбауырда және лимфоидты ұлпаларда жүреді. Бұл кезеңде бауыр қан түзу процесіне қатыспайды.

Эритроцит сүйек кемігінің ірі вена капиллярларда (синусоидтарда) түзіледі. Олардың түзілуі синусоидтардың ішкі беткейінде қабаттасып орналасқан бастапқы қан торшалары – эритробластардан бастау алады. Эритробластардың протоплазмасында рибосомалардан құралған гемоглобиндерді синтездейтін, түйіршіктер (гранулалар) болады. Эритробластардың бөлінуі нәтижесінде эритроциттер түзіледі. Олардың жетілген торшалар - нормациттерге айналуы тауықтарда бірнеше күнге созылады.

Түйіршікті лейкоциттер сүйек кемігінде қан тамырларынан тыс орналасқан гемоцитобластардан түзіледі. Кейбір деректер бойынша тромбоциттер де осында түзіледі. Лейкоциттер көкбауырдың ақ пульпасында да түзіледі. Бұл ағзаның қызыл пульпасында эритроциттер бұзылады. Бұл процесс бауырда да жүреді. Эритроциттердің жойылуы бұл мүшелердегі ретикуло-эндотелиальды жүйе торшаларында гемолиз процесі арқылы жүреді. Эритроциттер бұзылғанда бөлініп шыққан гемоглобиннен темір бөлінеді. Оның бір бөлігі тотығып, билирубин пигментіне айналады да, организмнен зәр мен нәжіс арқылы шығарылады. Ал қалған бөлігі қан түзуші мүшелерде жинақталып, жаңа эритроциттер түзуге пайдаланылады.

Қан түзумен қатар, көкбауыр қан қоймасы ретінде де маңызы рөл атқарады. Көкбауырдың қан қоймасы қызметін атқаруы оның қан тамырларының құрылымдық ерекшеліктерімен байланысты. Көкбауырға енген қан капиллярлар арқылы сиымдылығы үлкен вена синустарына бағытталып, содан кейін венаға өтеді. Синустың венамен жалғасатын жерінде бірыңғай салалы еттен түзілген сфинктер болады да, ол жиырылған кезде қан синуста іркіледі. Мұндай жағдайда плазманың бір бөлігі тамырлар қабырғасы арқылы ұлпалық сұйыққа өтеді де, қан құрамындағы түйіршіктер саны көбейеді. Ал синустың қысқышы босанған кезде, қан мүшеден шығып, жалпы айналымға қосылады. Көкбауырдың деполық қызметі рефлекторлық жолмен реттеліп отырады.

Қан қоймасы қызметін бауыр да атқарады. Бауыр веналары қабырғасында ет шоғырлары болады, олар жиырылған кезде қанның мүшеден өтуі қиындап, ол мүшеде іркіліп, жинақталады.

Қанның түзілуі гуморальды жолмен және жүйке жүйесі арқылы реттеледі. Қандағы торшалар саны ішкі және сыртқы орта жағдайларына байланысты ауытқып отырады. Организмде оттегі жеткіліксіз болған жағдайда, немесе қансыраған кезде деподағы қанның шығуына және сүйек кемігі қызметінің күшеюіне байланысты айналымдағы қанда эритроциттер саны артады. Ал сүйек кемігінде оттегінің жетіспеуінен қан түзу процесі күшеймейді. Егер жасанды түрде оттегі тапшылығына ұшыратылған жануар қанының плазмасын басқа бір жануарға құятын болса, онда оның қанында эритроциттер санының артуы байқалады. Бұл жайт организмде оттегі жеткіліксіз болған жағдайда бүйректен бөлінетін эритропоэтин деген заттың әсерімен түсіндіріледі. Эритропоэтин түрлі қолайсыз жағдайларда (қансырау, оттегінің үлес қысымының төмендеуі және т.б.) бүйректен бөлініп, эритроциттердің түзілуін жандандырады. Эритропоэтин тығыздығы төмен, табиғаты жағынан көмірсу мен протеиннің қосындысы – гликопротеид болып табылады. Егер бүйректі алып тастаса, қанда эритропоэтин пайда болмайды.

Лейкоциттердің түзілуін (лейкопоэз) қабыну процесінің, ұлпалардың зақымдануы және бұзылуы салдарынан пайда болатын лейкопоэтин деген зат күшейтеді. Қандағы лейкоциттердің деңгейі гормондардың әсеріне байланысты. Мысалы, бүйрек үсті безінің қыртысты затының гормондары лейкоциттер санын арттырса, адреналин – эозинофильдер санын кемітеді.

Қан түзу процесі орталық жүйке жүйесі арқылы да реттеледі. С. П. Боткин сүйек кеміктеріне баратын парасимпатикалық жүйкені тітіркендіргенде қандағы эритроциттер санының артатынын, симпатикалық жүйкені тітіркендіргенде – нейтрофильдер санының жоғарылайтынын анықтаған. И.П.Павлов шәкірттері ас қорытумен байланысты туындайтын лейкоцитозды шартты рефлекторлық жолмен тудыруға болатынын дәлелдеген.

В.Н.Черниговский барлық қан түзуші мүшелер орталық жүйке жүйесімен қос жақты байланыста болатынын дәлелдеген. Осының нәтижесінде гемопоэз қан түзуші мүшелердің және бүкіл организмнің функционалдық жағдайына байланысты нақтылы реттелініп отырады.
Бақылау сұрақтары. 1.Қанға анықтама беріңіз. 2. Қанның қызметтерін баяндаңыз. 3. Қан торшаларының қызметін баяндап, санын атаңыз. 4. Гемоглобин деген не, оның қандай қосылыстарын білесіз? 5. Қан плазмасының құрамын баяндап, оның қан сарысуынан айырмасын атаңыз. 6. Қанның ұюының мәнін түсіндіріп, оның механизмін баяндаңыз. 7. Құс қанының топқа бөлінуінде қандай ерекшеліктер бар? 8. Қан түзу деген не, ол қалай атқарылады?



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   128




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет