Барлық қан құйылғаннан кейінгі асқынулар мынадай топтарға бөлінеді:
Барлық қан құйылғаннан кейінгі асқынулар мынадай топтарға бөлінеді:
1. Қан құю тәсілінің қателіктері мен тазалықтың бұзылуына байланысты асқынулар.
2. Донор мен реципиентті жеткіліксіз бақылағанда және қан құюға жағымсыз кері көрсеткіштерді толығымен анықтамауға байланысты асқынулар болады. Асқынудың бұл тобына безгек пен мерез, сары ауру, жүре қалыптасқан иммунды тапшылық сырқат (ЖҚИТС - СПИД) ауруларымен зақымдалғандар жатады.
3. Сақтауға дайындалған қан жарамдылығын дұрыс анықтамаудан болатын асқынулар. Қабынуға немесе ыдырауға (гемолиз) ұшыраған қанды құйғанда сепсиске немесе өзара сәйкеспеушіліктен дамыған шоққа әкелуі мүмкін.
4. Қан топтарын, резус факторды дұрыс анықтамағанда, сынақтарды жүргізу кезіндегі қателіктерді анық тексермеуге байланысты асқынулар қалыптасады.
Бөтен қан топтарын құю нәтижесінде қан құйылғаннан кейін талу (шок) пайда болады. Бұл асқыну ағымында 2 кезеңді ажыратуға болады:
І кезең – негізгі қан құйылғаннан кейінгі талу;
ІІ кезең – жедел бүйрек қызметінің жетіспеушілігі;
Ең алғашқы кезеңінде ауруда тынышсыздық пен ауырсыну сезімі бел мен кеуде аймағында қысып, шаншып, ашып ауыруымен күшейеді. Өкпе, бүйрек, ми артерияларының жиырылып, жабысқан эритроциттермен бітеліп тарылуы және қатты бас ауыруы, қалтырау, жүрек соғуы жиілейді. АҚ төмендейді, тері жамылғысы бозарып, көгеріп, суық тер байқалады. Мұндай құбылыстар қысқа мерзімді болуы және аурудың жағдайы жақсаруы мүмкін. Бірақ, бұл жақсару көп жағдайда алдамыш, қысқа мерзімде болып, артынан бірден екінші кезең басталады. Ол - жедел бүйрек қызметінің жеткіліксіздігі. Бұл жағдайдың қалыптасуында бүйрек түтікшелерінің (қанальцы) кілегей беткейлерінің ауыр зақымдануы жатады.
Науқастың зәрінде ақуыз, эритроциттер пайда болып, зәр мөлшері не азаяды (олигурия), не толығымен жоқ болады (анурия). Азот қалдықтарының денеден шығарылуы бұзылады да қанда азот қалдықтары, мочевина, креатининдердің жоғары көрсеткіштері байқалады. Эритроциттердің ыдырауы салдарынан сары ауру (желтуха) дамиды. Бұл кезде қанда билирубин, плазмада калий иондарының мөлшері өседі (гиперкалиемия). Көбінесе бұл кезеңде аурудың өлуі мүмкін. Міне сондықтан қан құйғаннан кейін екінші күні міндетті түрде аурудың қаны мен зәрін тексеріп, қажетіне қарай асқынуды, шокты емдеуді жүргізу қажет.