11.Тест түрлері. Дидактикалық материалдар химияны оқыту құралы ретінде.
Тест түрлері
Тест – ағылшын сөзі, «сынақ», «байқау» деген мағынаны білдіреді де, белгілі тапсырма беру арқылы оқушылардың ақыл — ой сапаларын сынап көрсететін әдіс.
«Педагогикалық тест» деп белгілі мазмұны бар, ерекше формадағы тапсырмалардың жүйесін атайды. Тест сынаққа түскендердің бір пән бойынша білімінің құрамы мен құрылымын анықтайды. Басқа сынақ жұмыстарымен салыстырғанда, тесттің артықшылығы — оның объективті, сенімді, көп варианттылығы болып табылады. Тесттің міндетті түрде бірнеше варианты болуы керек. Бұл тексеру кезіндегі тиімділікті арттырады, өйткені мұнша тапсырманың барлығын жаттап алу, есте ұстау немесе көшіріп алу мүмкін емес. Тест тапсырмалары тек бақылау ретінде емес, оқушыларды үйрету, машықтандыру үшін де тиімді. Педагогикалық тест арқылы әрбір оқушының білім деңгейін нақты және тез анықтауға болады.Педагогикалық тест нәтижелі болу үшін оның қорытындысын міндетті түрде статистикалық өңдеуден өткізу керек.
Жалпы педагогикада тестік бақылау бір — бірімен тығыз байланысты 3 қызметті орындайды: диагностикалық, оқыту және тәрбиелік.
Диагностикалық қызмет бұл тестілеудің ең негізгі және ең айқын атқаратын қызметі, оқушының білім деңгейін, пән бойынша тақырыпты қалай меңгергенін анықтайды. Оқушының білім, білік дағдыларының деңгейін анықтау болып табылады. Диагностиканың объективтілігі, ауқымы және жылдамдығы бойынша, тестілеу педагогикалық бақылаудың барлық қалған үлгілерінен асып түседі.Объективтілігі жағынан тест педагогикада үлкен орын алады.
Оқыту қызметі оқушылардың оқу материалдарын меңгеруге деген белсенділігін арттыру. Оқыту функциясының ролін арттыру үшін қосымша сұрақтар қайталауға арналған, өз бетімен оқуға арналған тақырыптарды, ұқсас тесттердің, орындалған тесттің қорытындысын талдау болып табылады.
Тәрбиелеу қызметі оқушылардың есте сақтау, қайталау, белгілі уақытта тапсырманы орындап үлгеру қасиеттерін тәрбиелейді. Тестті талдау кезінде оқушы өз біліміне сын көзбен қарауға үйренеді, білімдерінде кемшіліктерді анықтап, жоюға көмектеседі, өз қабілеттерін дамытуға тырысуды қалыптастырады.Білімді бағалаудың басқа түрлеріндей тестік бақылаудың артықшылығы да, кемшілігі де болады.
Достарыңызбен бөлісу: |