Жұтқыншақ, орналасуы, құрылысы. Пирагов-Валдейер лимфа-эпителиальды сақина. Жұтқыншақ, pharynx, жұту актін жүзеге асыратын мүше және тыныс алу мен ас қорыту жолдарының қилысатын жері болып табылады. Жұтқыншақ бас және мойын аймағында ауыз қуысы мен мұрын қуысының тұсында орналасып, бас қаңқасының негізіне ілініп тұрады. Пішіні оймыш тәрізді, ұзындығы 12-15см болады. Жоғарғы жағынан шүйде сүйегінің базилярлық бөлігіндегі жұтқыншақ төмпегінен басталып, VІ-VІІ мойын омыртқалары тұсында өңешке өтеді.
Жұтқыншақ орналасуына байланысты үш бөліктен тұрады: мұрындық, ауыздық және көмейлік бөлік.
Жұтқыншақтың мұрындық бөлігі, pars nasalіs pharyngіs, таза тыныстық қызмет атқарады. Бүйір жақтарына жұтқыншақты ортаңғы құлақпен байланыстыратын есту түтігінің жұтқыншақ тесігі ашылады. Есту түтігі тесігі мен жұмсақ таңдайдың арасында шырышты қабатында түтіктік бадамша безі,tonsіlla tubarіa, орналасады. Күмбезі аймағының артқы қабырғасында жұтқыншақ бадамша безі орналасады.
Жұтқыншақтың ауыздық бөлігі, pars oralіs pharyngіs,таңдай пердесінен көмей кіре-берісіне дейін созылып жатады. Алдыңғы жағынан аран тесігі арқылы ауыз қуысымен байланысады, артқы жағы ІІІ мойын омыртқасы тұсына сәйкес келеді. Бұл бөлігінде ас қорыту және тыныс жолдары қиылысады.
Жұтқыншақтың көмейлік бөлігі, pars laryngea pharyngіs,көмейдің артында орналасып көмей кіре берісінен, өңеш кіре берісіне дейін созылып жатады.
Жұтқыншақ шырышты қабаты қатпарлар түзбейді және жылжымайды. Бұлай болуы жұту актісі кезінде тамақтың оңай өтуіне мүмкіндік береді. Жұтқыншақтың мұрын бөлігінің шырышты қабаты бірқабатты, көпқатарлы кірпікшелі эпителиймен жабылады, ал ауыздық және көмейлік бөліктері көпқабатты жалпақ түлемейтін эпителиймен астарланған.
Жұтқыншақтың бұлшықеттік қабаты үш қысқыш-констрикторлар мен жұтқыншақты көтеретін үш бойлық бұлшықеттерден түзілген.
Тіл, таңдай, түтіктік және жұтқыншақ бадамша бездері сақина түзеді. Бұл сақина Пирогов-Валдьдейер лимфо-эпителиалды сақина деп аталады, ол адам организміндегі біріншілік таможня қызметін атқарады, өйткені ауыз қуысы мен мұрын қуысы арқылы сыртқы ортадан енген микроорганизмдер осы сақина арқылы жойылады.