Ағзаның жас кезеңдерінде дамуы
Адам ағзасы біртұтас жүйе ретінде онтогенездік кезеңдерде өсіп тіршілік жасайды. Адамның тіршілік әрекеттері жас кезеңдеріне сәйкес өзгеріп отырады.Себебі, онтогенездік дамудың әрбір сатысында өзіндік физиологиялық көрсеткіштер қалыптасады. Өскелең ағзаның жетілуі - өсуі, дамуы және дене пішінінің қалыптасуы арқылы жүреді.
Өсу - жетіліп келе жатқан ағзадағы құрылымдардың мөлшерлік өзгерістері, ол жасушалар санының дене салмағы мен аумағының артуы арқылы өтеді.
Даму - ағзада өтетін ағзалар, тіндер, мүшелер жүйесінің сапалық өзгерістерін көрсетеді.
Өсу мен даму кезінде анатомиялық және физиологиялық көрсеткіштердің "секірмелі" өзгерістерін байқауға болады. Олар 3 кезеңнен өтеді: Бірінші: қатерлі немесе аумалы кезең 2-3,5 жаста болады. Балалардың қимыл белсенділігі артады, төңірекпен, заттармен араласуы кеңейеді. Тұрмыстық жарақаттар алу көбейеді. Санасы, сөз қоры ұлғаяды, жүйке жүйесі, психикасы нәзік келеді, жиі зақымданады.
Екінші: аумалы кезең - балалар мектепке барғанда 6-8 жаста өтеді. Балалардың оқуына байланысты жауапты міндеттер жүктеледі, жаңа адамдармен араласады, әлеуметтік жағдайы өзгереді, қимыл белсенділігі шектеледі, жауапкершілігі көбейеді, тез шаршайды, жол-көлік зақымдары жиіленеді.
Үшінші: аумалы кезең - балиғаттық шақ (11-15 жас), жеткіншектердің эндокриндік және жүйке жүйелерінің тепе-теңдігі өзгереді, дисфункция (тірліктік өзгеріс) пайда болады. Жүйке-психикалық аурулар жиі кездеседі.
Адам өмірі: құрсақта даму, балалық шақ және ересектік шақ болып үш сатыға бөлінеді.
I Құрсақта (антенаталдық) 2 айға жуық бұл ұрықтық даму (эмбриогенез) және 2 айдан 9 айға дейін нәрестелік даму (фетогенез) кезеңдерінен тұрады.
II Балалық шақ (постнаталдық, құрсақтан тыс даму) бірнеше кезеңнен өтеді:
1Жаңа туған (неонаталдық) кезең - туған күннен 4 аптаға дейін, перзент қырқынан шыққанша, созылады. Дана халқымызда қырқынан шығару деген дәстүр осыдан туындаса керек. Бұл кезеңде ағза сыртқы орта жағдайларына икемделеді. Шараналық (плаценталық) қанайналымы өзгеріп, өкпе арқылы тынысалу калыптасады. Осы алғашқы 1 аптаға жуық неонаталдық мерзімін өтпелі тез бейімделу кезеңі деп те атайды.
2 Еметін, бөбектік шақ - бөбек өмірінің алғашқы бірінші жылы.
3 Алғашқы балалық, сәбилік шақ - 1-3 жас.
4 Бірінші балалық, естиярлық шақ - 4-7 жас.
5 Екінші балалық, бүлдіршіндік шақ: ұлдар - 8-12 жас, қыздар 8-11 -ге дейінгі жас.
6 Жеткіншектік, балиғаттық (пубертаттық) шақ - ұлдар 13-16 жас, қыздар 12-15 жаста.
7 Жасөспірімдік, бозбалалық шақ - жігіттер 17-21 жасқа, бойжеткендер 16-20 жасқа дейін.
III Ересектік шақ бірнеше кезеңнен құралады.
1 Кәмелеттік жас екіге жіктеледі:
а) кемел жас - ерлер 22-35 жасқа, әйелдер 21-35 жасқа дейін. Бұл кезеңде адамның өсуі тоқтайды, ағзаның құрылымы мен қызметі толық қалыптасады, іс әрекеті белсенді және тиянақты болады.
б) кемел жас - ерлер 36-60 жас, әйелдер 36-55 жасқа дейін.
Олардың жүйке және эндокриндік жүйелері өзгеріп, қайта қалыптасады, тіршілік әрекеттері күрделі өзгерістерге душар болады.
2 Егде жас - ерлер 61 -74 жасқа, әйелдер 55-74 жасқа дейін.
Бұл кезеңде ағза тез қартаяды. Оның күнделікті қабілеті азайып, бейімделу әрекеті төмендейді. Сондықтан олар осы жас кезеңдерінде кездесетін ауруларға жиі шалдығады.
3 Кәрілік жас - ерлер мен әйелдер 75 жастан кейін басталады. Ағзаның негізгі тіршілік әрекеттері күрт төмендейді.
4 Ұзақ өмір сүрушілер 91 жастан асқан кісілер. Ағзада толықтай құрылымдар мен жүйелердің қызметі әлсірейді, тірек-қимыл әрекеті үйлесімсіз болады, зат алмасу қарқыны төмендейді, жүйке қажиды, тежелу құбылысы байқалады, ұйқы нашарлайды. Аталмыш бұл жастада ширағырақ қарттар да кездеседі.
Тірі ағзаны, оның ішінде кәрі адамның тіршіліктік өзгерістері мен қартаю заңдылықтарын зерттейтін ғылым - геронтология (грек. «gеrоn», «gеrоntios» - кәрі, «1оgos» - ілім). Геронтология ғылымының түбегейлі мақсаты - адамның белсенді және толық бағалы өмір жасын ұзарту амалдарын іздеп табу. Мұны осы ғылымның маңызды бір саласы - гериатрия жүзеге асырады. Ол егде және кәрілік жастағы адамдардың ауруларын анықтау, тексеру әдістерін тауып, оларды тиімді емдеу және аурудың алдын-алу шараларын жасайды. Оның адам өмірін ұзартуға арналған саласы макробиотика XVIII ғасырда пайда болған. Ол кездегі ұсыныстар бойынша, жеке бастың тиімді гигиенасы (дұрыс тамақтану, денені таза ұстау, дер кезінде ауруды емдеу) жеткілікті деп есептелінді. Расында, қазіргі кезде қолданыс тауып отырған салауатты өмір салты - санология («sanos» - денсаулық) оның дұрыстығын дәлелдейді.
Қартаюдың зақымдаушы әсеріне қарсы ағзаның витаукт қасиеті болады, бұлар өмір мерзімін межелейді.
Витаукт («vita» - өмір, «аuхіо» - өсіру) дегеніміз - ағзаның бейімделу қасиетін ұзақ уақыт ұстап тұру қабілеті. Оның негізі дененің өзін-өзі реттеуі, қайта жаңаруынан құралады.
Қазіргі әлеуметтік және демографиялық жағдайларды ескеріп, дәрігерлер күнделікті медициналық қабылдаулар кезінде қартайған науқастарға ерекше көңіл бөлуі қажет.
СҮЙЕКТЕР ТУРАЛЫ ІЛІМ – OSTEOLOGІA
Адам ағзасындағы сүйектер қаңқаны түзеді. Қаңқа-скелет-skeleton (кептірілген, құрғатылған) - ересек адамда 200-ден астам сүйектерден тұрады. Еркектердің қаңқасы әйелдердікіне қарағанда салмақтылау, дене салмағының 9-18% құрайды (ал әйелдерде 8.6-15%), ал “құрғақ” қаңқаның салмағы 5-6кг.
Каңқа екі негізгі биологиялық және механикалық қызметтер атқарады. Механикалық қызметі: тіректік, қорғаныстық және қозғалыс. Тіректік қызметі жұмсақ тіндер мен мүшелердің қаңқаға бекінуімен анықталады. Қорғаныстық қызметі денеде қуыстар түзіп, өмірлік маңызы зор мүшелерге қорған болады. Мыс: бас қаңқасында ми орналасады. Қозғалыс қызметі қосылыстар мен бұлшықеттердің көмегімен жүзеге асады, ал биологиялық қызметі зат алмасуға, негізінен минерал алмасуға (кальций және фосфор) және қан түзуге қатысады.
Адам қаңқасы негізгі төрт бөлікке бөлінеді: бас қаңқасы, тұлға қаңқасы, қол және аяқ қаңқалары.
Сүйектердің құрылысы. Сүйек, кость, os, ossіs, негізінен сүйек тінінен тұратын мүше. Сүйектің негізін тығыз және кемікті заттар құрайды. Сыртынан сүйек қабымен, тек буын түзуге қатысатын беттері ғана шеміршекпен қапталады. Сүйектердің ішінде жілік майы болады. Сүйектер де басқа мүшелер сияқты қанмен қамтамасыз етіледі және жүйкеленеді.
Сүйектердің химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері. Сүйектің құрамы 50% судан, ал қалған бөлігі құрғақ заттан тұрады. Құрғақ заты органикалық (28% жуық) және бейорганикалық (22% жуық) болып бөлінеді. Органикалық заты негізінен оссеин ақуызынан, бейорганикалық заты кальций және фосфор тұздарынан тұрады. Сүйек қатты, берік әрі серпімді келеді. Егер сүйекті өртесе органикалық заттары жанып кетеді де, бейорганикалық заттары қалады. Бұндай жанған сүйек қатты, бірақ морт сынғыш болады. Егер сүйекті қышқылға салса, бейорганикалық заттары қышқылмен реакцияға түсіп кетеді де, органикалық заттары қалады. Бұндай сүйек майысқақ, иілгіш болады. Қорыта келгенде органикалық заттар сүйекке серпімділік қасиет берсе, бейорганикалық заттар қаттылық және беріктік қасиет береді. Салыстырмалы түрде жас балалардың сүйегінде органикалық заттар, егде адамдарда бейорганикалық заттар көп болады. Сондықтан да егде адамдар жарақаттанғанда сүйегі жиі сынып кетеді, ал жас балаларда шығу жиі кездеседі.
Сүйектер құрылысы. Сүйектер сүйек табақшаларының орналасуына байланысты тығыз және кеуекті заттардан (2.3-сурет) тұрады. Тығыз затында, substantіa compacta, сүйек табақшалары белгілі бір реттілікпен орналасып, остеондар түзеді. Остеон - сүйектің құрылымдық-қызметтік бірлігі болып табылады. Ол бір-біріне ене орналасқан 5-20 цилиндрлік табақшалардан тұрады. Әр остеонның ортасында қан тамырлары мен жүйке талшықтары өтетін орталық өзек (Говерсов өзегі) орналасады. Остеондардың арасында сүйекаралық табақшалар болады. Кеуекті затында, substantіa spongіosa, жұқа сүйек трабекулалары бір-бірімен айқасып, ұяшықтар түзе орналасады. Тығыз және кемікті заттар сүйектердің функционалдық жағдайларына байланысты орналасады.
Сүйек қабы,надкостница,perіosteum-сүйекті сыртынан қоршаған қызғылт түсті дәнекер тінді жұқа (2.4-сурет) қабыршақ. Сүйек қабы екі қабаттан тұрады. Сыртқы қабаты коллаген талшықтары мен фибробласттардан түзілген –фиброзды қабат деп аталады, ал ішкі қабаты остеогенді қабат деп аталады, өйткені бұл қабатта сүйектердің көлденең өсуін қамтамасыз ететін остеогенді жасушалар орналасқан. Сүйек қабы ендірмелі табақшалар арқылы сүйектің негізгі затымен тығыз байланысады. Сүйек қабының тесігі (қоректік тесік) арқылы сүйек ішіне қан тамырлары мен жүйке талшықтары енеді.
Жілік майы-костный мозг-medulla ossіs. Жілік майының екі түрі болады: қызыл және сары. Қызыл жілік майы қан түзу және қорғаныс қызметін атқарады. Құрсақтағы бала мен нәрестелердің барлық сүйектерінде қызыл жілік майы болады. Бала өскен сайын қызыл жілік майы біртіндеп сары жілік майына ауыса бастайды. Ересектерде қызыл жілік майы жалпақ сүйектерде (төсте, мықын қанатында), түтікті сүйектердің эпифиздерінде сақталады, ал қалған сүйектерде сары жілік майы болады.
Сүйектердің жіктелуі. Қаңқа сүйектерінің 33-34-і тақ, қалғандары жұп сүйектер. Сүйектер пішіні мен құрлысына қарай жіктеледі:түтікті сүйектер, кеуекті сүйектер, жалпақ сүйектер, аралас сүйектер, ауалы сүйектер.
Түтікті сүйектер - диафизден және екі эпифизден (проксималды және дисталды) тұрады. Толық жетілгенге дейін эпифиз бен диафиздің арасында метафиз болады, ол сүйектің ұзынынан өсуін қамтамасыз етеді. Түтікті сүйектердің денесі тығыз сүйек затынан түзіледі. Сүйектің эпифиздерінде тығыз заты жіңішкеріп, оның ішінде кеуекті заты орналасады. Түтікті сүйектер ұзын және қысқа болып бөлінеді. Ұзын түтікті сүйектерге: тоқпан жілік, ортан жілік т.б. жатады, ал қысқа түтікті сүйектерге: алақан, табан, саусақ сүйектері жатады.
Жалпақ сүйектер - денеде қуыстар түзеді. Оларға бассүйектің жалпақ сүйектері (маңдай және шеке сүйектері) және мықын сүйектері жатады. Жалпақ сүйектерде тығыз заттан түзілген екі табақшаның арасында кеуекті заты орналасады. Бас қаңқасындағы осындай кеуекті зат диплоэ деп аталады.
Кеуекті сүйектер - сыртынан тығыз затпен қоршалған кеуекті заттан тұрады. Бұл сүйектерді кесіп көргенде кеуекті заттың трабекулалары сүйекке түсетін күшке қарсы белгілі бір бағыттарда күмбез түзе орналасады, сондықтан да бұл сүйектер ауыр күшті көтереді. Кеуекті сүйектер ұзын және қысқа болады. Ұзын кеуекті сүйектерге төс және қабырғалар, қысқа кеуекті сүйектерге білезік және тілерсек сүйектері жатады.
Аралас сүйектер-құрылысы күрделі келеді. Мысалы: бұл сүйектердің бір бөлігі кеуекті сүйектерге жатса, екінші бөлігі жалпақ сүйектерге жатады. Осы топқа жататын омыртқаны алсақ, оның денесі кеуекті, ал өсінділері мен доғасы жалпақ сүйектерге жатады. Оларға бас қаңқасы негізінің сүйектері жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |