Жүрек, құрылысы мен топографиясы.
Жүрек, cor, салмағы 240-330г болатын, пішіні конус тәрізді, қуысты, бұлшықетті мүше. Кеуде қуысында, төменгі көкірекаралықта орналасады. Қызметі: насос тәрізді қанды тамырлардан қабылдап, қысыммен тамырларға қайта айдайды.
Топографиясы. Жүрек алдыңғы жағынан төспен және қабырға шеміршектерімен, артқы жағынан өңеш және кеуде қолқасымен, төменгі жағынан көкетпен жанасады. Жүрек кеуде қуысында қиғаш орналасады. Оның жоғарғы кеңейген бөлігі –негізі, basis cordis: оңға және артқа қарай, төменгі жіңішкерген бөлігі – ұшы, apex cordis: солға және алға қарай бағытталып орналасады.
Жүректің бетінде сақина тәрізді көлденең орналасқан тәждік жүлге, sulcus coronarius, байқалады. Бұл жүлгелер бойымен тәждік артериялары мен веналары орналасады.
Жүрек төрт камерадан тұрады:
Оң жүрекше- atrium dextrum cordis;
Сол жүрекше- atrium sinistrum cordis;
Оң қарынша- ventriculus dexter;
Сол қарынша- ventriculus sinister.
Жүрекшелер веналардан қанды қабылдап, қарыншаларға өткізеді, ал қарыншалар қанды артерияларға айдайды: оң қарынша өкпе сабауына, ал сол қарынша қолқаға айдайды. Әр жүрекше өзіне сәйкес қарыншамен жүрекше-қарыншалық тесік арқылы байланысады. Жүректің оң бөлігінен веноздық қан, сол бөлігінен артериалдық қан ағады.
Жүрек қабырғасының құрылысы. Жүректің қабырғасы үш қабаттан тұрады: ішкі қабаты - эндокард, ортаңғы қабаты - миокард, сыртқы қабаты - эпикард деп аталады. Эндокард, endocardium, жүрек қуысын толық астарлап, бұлшықетті қабатымен тығыз жанаса орналасады. Оның қуысқа қараған беті эндотелийден тұрады. Эндокард жүректегі барлық қақпақшаларды түзеді.
Миокард, myocardium, жүректің ең қалың және қызметі жағынан мықты қабырғасы. Жүрекшелердің бұлшықетті қабаты беткей және терең бұлшықеттерден тұрады. Беткей бұлшықеті екі жүрекшені бірдей, терең бұлшықеті әр жүрекшеде жеке орналасады. Қарыншалардың бұлшықеттері сыртқысы бойлық, ортаңғысы сақина тәрізді және ішкісі бойлық қабаттардан тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |