Зерттеу әдістері. Алға қойылған міндеттерді шешу үшін жұмыста қарастырылатын тілдік бірліктерді көркем мәтіндерден жинау, сипаттау әдісі, мәтіндік, мән-мәтіндік талдау, көркем шығармадағы тілдік бірліктерді мәдени, жағдаяттық, коннотаттық қолданыстарды түсіндіру (интерпретация) әдісі, т.б. әдіс-тәсілдер кешенді түрде қолданылады.
Зерттеудің ғылыми-әдістанымдық негіздерін тіл біліміндегі Ю. Н. Караулов, В. В. Виноградов, А. Ю. Маслова, Г. Б. Колшанский, Г. Г. Матвеева, И. В. Самарина, Л. А. Новиков, И. А. Широкова және қазақ Тіл біліміндегі А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Қ.Өмірәлиев, Н. Уәли, Ж. Манкеева, Ф. Оразбаева, Э. Сүлейменова, Б. Шалабай, Қ. Жаманбаева, Б. Момынова, Г. Смағұлова, Г. Мұратова, Э. Оразалиева, Ш. Елемесова, Ж. Сәткенова, З. Ерназарова, Г. Әзімжанова, Д. Әлкебаева сияқты ғалымдардың іргелі теориялық тұжырымдары құрады.
Зерттеу материалы ретінде жазушы Д. Исабековтің көркем мәтіндері белгілі бір коммуникативті бірлік және кең коммуникативтік контекст ретінде танылады.
Зерттеу жүргізу үшін көркем шығарманың прагматикалық әлеуетін жасайтын және күшейтетін әр түрлі тілдік құралдар пайдаланылатын 700-ге жуық мәтін үзінділері таңдалып, талданды.
Зерттеу дереккөзі ретінде: Исабеков Д. Қарғын: роман, повесть, әңгіме. – Алматы: Жалын, 1980. – 280 б.; Исабеков Д. Екі томдық таңдамалы шығармалар.– Алматы: Жазушы, 1993. – Т 1. 544 б. жинақтары алынды.
Достарыңызбен бөлісу: |