Жүрек-қан тамырлар аурулары кезіндегі емді дене шынықтыру.
Дәрістің мақсаты – қан айналысы мүшелері ауруларының клиникалық белгілерін білуді және емдеу әдістерінің ерекшелігін оқып білу. Дәріс жоспары: 1. Жүрек қан-тамырлар ауруларының негізгі клиникалық белгілері. 2. Жүрек жетіспеушілігі патологиясындағы ЕДТ әдісінің ерекшелігі. 3. Жүректің ишемиялық ауруларының қазіргі реабилитациялық жүйесі. 4. Қан айналымының нейрогуморальдық бұзылуындағы жаттығулар жиынтығының негізгі әдістері. Ішкі ағзалар ауруына арналған емдік гимнастика Басқа індеттерге қарағанда ішкі ағзалардың ауруы жиі кездеседі. Оларды жүрек-қан тамырлары, өкпе-тыныс жолдары, ішек-қарын, бауыр-өт жолдары, зат алмасу ауруларына бөледі. Ауру жедел, жәй, созылмалы түрде өтеді. Адам организмі біртұтас дүние екенін ежелден білеміз, сондықтан бір мүше сырқатқа шалдықса, басқаларын қосоқтап ала кететін әдеті бар. Бір жер ауырса, адамның тұла бойын зіл басып әлсіздік, селқостық, жұмысқа деген ықылас азайып, немқұрайлық пайда болады. Осыған байланысты тек бір ауруды ғана емес, бүкіл организмді, адамды толық емдейді. Сол үшін бірден күрделі емдеу әдісін қолданады. Оған дәрі-дәрмек, тоқпен емдеу, балшықпен емдеу, ине, массаж, хирургиялық операциялар және емдік гимнастика жатады. Емдік гимнастика өзінің әлдендіретін (сергітетін) механизмі арқылы адамға күш-жігер беріп, көңіл-күйін көтереді. Бұл адам ауыр жараланғанда, қатты науқастанғанда, қайғыға душар болып өзінен-өзі түңілген кезде өте пайдалы. Ішкі ағзалар ауруында емдік гимнастиканың қоректендіру механизмі де маңызды рөль атқарады. Қимыл-қозғалыс ауру салдарынан туған кемтікті толтырып, қан айналымын жақсартып, зат алмасуын күшейтеді. Адамның қызметке деген қабілеті артып, ширақтық пайда болады. Жүрек аурулары Адам тіршілігінде жүрек-қан тамырлардың атқаратын рөлі ерекше. Бүкіл организм тек сол жүрек соғуының арқасында қажетті қоректік заттармен оттегімен қамтамасыз етіліп, өндірілген, денеге керексіз заттар шығарылып отырады. Жүрек кенеттен ауруға шалдықса, бүкіл денеде айтарлықтай өзгеріс байқалады. Адамның бойында әлсіздік, көңілсіздік, құлықсыздық, керенаулық пайда болады. Жүрек ауруы тез қартайтады, тіпті жүрек ауруының кейбір түрі ажалға душар етеді. Қазіргі уақытта жүрек және қан тамырлары ауруы өте жиі кездеседі. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әрбір төртінші ер адам жүрек инфарктынан, әрбір жетіншісі – миға қан құйылуынан қайтыс болады. Сондықтан да бұл аурулар XX ғасыр сырқаты деген атақ алып отыр. Осы сырқаттардың негізгі себептері, одан сақтану шаралары туралы арнайы газет-журналдар, радио-теледидар арқылы хабарлар беріліп тұрғанымен, халықтың көбі әлі де бұл дерттің алдын алу шараларына мән бермей келеді. Басы ауырып, балтыры сыздағанша, ауру асқынып денені меңдеп алғанша өз денсаулығына көңіл бөлмейтіндер әлі де аз емес. Өкінішке орай, бұл кезде асқынған сырқатқа ем қону да қиынға түседі. Қазіргі уақытта қан тамырлары ауруы өте жиі кездеседі, оның жолдарының тарылуынан немесе біржола бітелуінен болатын инфаркт ауруы. Халыққа тарап кеткен ұғымдай, инфаркт тек жүрекке ғана емес, бүйректе, көк бауырда, мида, бұлшық еттерде, қан тамыры жүйесінде ең жиі кездесетіні және өмірге қауіптісі жүрек инфаркты. Аурудың пайда болып, бойды жайлауына көп жағдайлар әсер етеді. Ол ішкі сыртқы ортадағы факторлар, мещкейлік, арақ-шарапқа құмарлық, шылым шегіп никотинмен улану, қимылқозғалыстың, физикалық құбылыстар, қозғалыстар, қоршаған ортаның ластануы, ашу реніш, қайғысы қасрет, жұқпалы ауруларға жиі шалдығу, тұқым қуалаушылық т.б. Жүрек-тамыр ауруларының түрлері өте көп. Олардың ішінде халық арасында жиі кездесіп жүрген гипертония ауруы, ЖИА (жүректің ишемиялық ауруы), жүрек инфаркті, стенокардия, коронаросклероз, жүрек қақпақшалар ауруы (пороки), көк тамырлардың кеңеюі т.б. Жүрек ауруларының қандай түрі болмасын, адам денсаулығына үлкен нұқсан келтіреді, өйткені оның қызметі нашарлайды, басқа мүшелерге қанның мөлшері жетіспейді. Осы кезде әр түрлі белгілер білінеді. Сондықтан да әр адам жүрек ауруына тән жиі кездесетін белгілерін ажыратуға тиіс. Негізінде жүрек тұсында шаншу, сыздап ауыру, соғысы жиілеп, ентігіп, әлсіздік байқалады. Кейіннен аяқ-қол сыздап, мұрынның ұшы, саусақтар көгеріңкіреп кетеді. Мұндай белгілер денедегі қанның, оттегінің тапшылығынан болады. Бұл көбінесе жүректің дімкәстенуінен, қан тамырларының өзгеруінен болады. Жүрек тамыр ауруларының көпшілігі қан айналымының тапшылығына, жетіспеуіне әкеп соғады. Қан айналымы үш кезеңнен тұрады, әрқайсысының дәрігерлер белгілеріне қарай айырып қажетті ем қолданылады. Қазіргі кезде өте жиі кездесетін аурудың бірі – жүрек инфаркті, дәлірек айтсақ миокард инфаркті дедік. Бұл жүрек қан тамырларының бір бөлігінің ұйыған қанмен бітелуі не кенет түйілу салдарынан жүрек бұлшық етінің, не тканінің бір бөлігінің өлуі. Жүрек қан тамырларының кенет тарылуы, не склероз болып өзгерген тамырдың тығындалуы, оны қоршаған кішкене тамырлардың шамасының келмеуі осындай қайғыға әкеп соғады. Бұл неліктен болатын жағдай? Оған итермелейтін күш көп. Мәселен, көптен елемей келген қысымы, қан ұюының жоғарылауы, ашу-ыза, реніш қатты назалану, шамадан тыс ауыр жұмыс, алкоголь мен никотин улары. Инфаркт өзінің зақымдаған шеңберіне, бүлінген тамырдың кеңдігіне, арнасына қарай әр түрлі болады. Жансыз ошақ кең жайылып, үлкен болады немесе көлемі орташа, ал тағы бірде көзге әрең көрінетін микроинфаркт болады. Жарақаттанған жердің тереңдігіне байланысты интрамуралды, трансмуральды деп айырады. Біріншісі жүрек бұлшық етінің (миокард) ішкі жағын жансыздандырса, екіншісі бүкіл бұлшық еттің барлық тереңдігі зақымдайды (өлтіреді). Қалпына келу процестері 5-6 күннен кейін басталады. Өлеусіреген бөлік біртіндеп таралып жазыла бастайды, ал орны 6-12 күннен соң тыртыққа айналады. Ауру басталғанда адамға білінетін белгілері ерекше: жүрек тұсы қатты шаншу болып қалады, сол жақ иық, қол әлсіреп жансызданғанда сезіледі, науқас адам абыржып, әлсізденіп қалады. Жүрек тұсы ауырғаннан бастап дәрігерге хабарласу керек. Оны өзі басылады деп тосқан дұрыс емес, өйткені асқынып кетуі мүмкін. Әсіресе жасы 40-тан асқан адамдарға ондай шыдамдылық өте зиян. Бірден жедел жәрдем шақыртқан дұрыс. Ауруды ауруханада жатқызып, қажетті көмек көрсетіп қиын-қыстау кезеңнен алып шыққан соң емдік гимнастика тағайындайды. Егер микроинфаркт болса 2-3 тәуліктен соң, орташа түрінде 4-5, ал кеңінен жайылған түрінде 6-7 тәуліктен соң шынықтыру басталады. Кейінгі жылдары ғалымдардың айтуынша, неғұрлым емдік гимнастиканы ерте бастаса, солғұрлым тезірек жазылуға мүмкіндік туады. Ол адамның көңіл-күйін көтеріп, шеткері қан тамырларын жақсартып, жүрек (миокард) бұлшық етін әлдендіріп, күш береді. Мұның өзі науқастың төсек тартып ұзақ жатпай, тұрып кетуіне тікелей көмектеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың қайта қалпына келу (реабилитация) процесін үш кезеңге бөледі: емдеу мекемесіндегі (аурудың шиеленіскен кезі), сауыға бастаған кез (конвалсценция), көтермелеу (постконвалсценция) кезеңі. Екінші, үшінші кезең науқасты ауруханадан шығарған соң, емханада реабилитациялық орталықта, санаторийде, диспансерлерде өтеді. Ауруханада берілетін жаттығулар инфарктің түрін, кезеңін, аурудың жасын, жынысын еске ала отырып беріледі. Ол 3 жұмадан 6-8 жұмаға дейін созылады. Қимыл-қозғалыс төрт режимнен тұрады. Төсек тартып жатқан, жартылай жатқан (отыратын), палаталық және бос режимдер. Бір режимнен екіншіге өткізуді тек емдейтін дәрігер шешеді. Әр аурудың тамыр соғуы, қан қысымын, тыныс алу жиілігін есептей, салыстыра отырып емдік гимнастика қолданады. Жаттығулар жасағаннан кейін тамырдың соғу жиілігі 10-ға, тыныс алуы 1 минутта 3-4 рет, қан қысымының жоғарғы цифры 10- 15мм. сынап бағасына көтерілуі керек. Мысалы, қалыпты жағдайда тамырдың соғуы – 60-72, тыныс алу – 16-18, қан қысымы – сынап бағасымен 120/60 мм. болса, емдік гимнастикадан соң тамырдың жиілігі минутына 70-82, тыныс алу – 19-22, қан қысымы – 135/60мм. болуға тиіс. Ал аталған мөлшерден асып кетсе, емдік гимнастика жүрек ауруына лайықты болмай, дұрыс қолданылмаған болып есептеледі. Науқас төсек тартып жатқанда берілетін жаттығулар жиынтығы аяқ-қолдың тек саусақтарын ақырын асықпай қимылдатудан, бұлшық етті ширықтырып босаңсытудан тұрады. Емдік гимнастиканы пайдаланғанда дәрігер адамның мінез-құлқын жүйесін ескере отырып, ең алдымен жаттығулардың қарапайым оңай түрлерін белгілейді. Жаттығулар бірқалыпты ырғақпен, байыппен буындардың бірінен соң бірін қозғалта отырып орындалуы қажет. Жаттығуларды онша қатты уүш жұмсамай, сүйсіне, ем болатынына сеніп, ықыласпен орындаған дұрыс. Дәрігер науқас адамның тыныс алуын (кеудемен не ішпен) қадағалап отырады. Өйткені дұрыс алған демнің өзі қан айналымын жақсартады. Бірнеше күннен соң тізе, мықын, шынтақ буындарын қосады. Тізе бүгіп-жазып, табанды жылжытып, аяқты көтермейді. Жүрек тұсында шаншу болсама, табанды тіреп, жамбасты жлғары көтеріп, қозғайды, сол сияқты екі жаққа аунап жатуға болады. Осындай жаттығулар алғашқы кезде 6-8 минутқа созылады. Дене тәрбиесінің бұл режимдегі негізгі мақсаты жүректен алыс, шеткері орналасқан қан тамырларын шындап, қан айналымын жақсарту және науқас адамды отыруға дайындау. Екінші режимге көшкенде адамның вестибуляр аппаратына (тепе-теңдік жағдайын сақтайтын) арналған жаттығулар беріледі. Өйткені көп төсек тартып жатқан адамның басы айналып, көзі бұлдырап, тепе-теңдік жағдайы бұзылады. Сондықтан динамикалық тыныс алу жаттығулары, дененің бұлшық еттерін ширатулар кеңінен қолданады. Бірнеше рет отырып, қайта жатып, аяқтарды алма-кезек көтереді. Алдымен методистің көмегімен, кейіннен өзінше жасайды. Сабақтың ұзақтығы 14-17 минут, 7-10 күнге созылады. Палата режимінде (аурулар жататын бөлме) науқас адамды біртіндеп тұрғызуға дайындайды. Жүрек тамырларын, басқа мүшелерді, барлық организмді тік тұруға дағдылап, жүруге бейімдейді. Отырған қалпына жүру нышанын жасайды. Сонан кейін біреудің көмегімен түрегеліп аяңдап басып жүреді. Жүрудің де мәні бар: бір-екі аттап, кейін екпінді, ара қашығын алыстата түседі. Бұл кезең 7-10 күнге созылады, ал жаттығулар 15-20 минуттан жасалады. Бос режимдегі негізгі мақсат – біртіндеп көбейтілетін күшке жүрек-қан тамырларын дайындау. Бұл кезде ауруды баспалдақпен жүргізеді, далаға серуенге шығарады. Сөйтіп үй жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне қатыстырады. Жаттығулар барлық бұлшық еттерге, тұрып, отырып, жатып - әр түрлі жағдайларда орындалады. Жаттығулар далада немесе арнаулы бөлмеде өткізеді. Ұзақтығы 25-30 минутқа созылады, бұл кезең 7-10 күн болады. Ауруханадан шыққан соң науқас адам әбден айыққанша 3-5 ай емханада немесе реабилитациялық орталықтарда, санаторийлерде емдік гимнастиканы әрі қарай жалғастырады. Мұндағы мақсат – адамның психологиялық жағдайын қалпына келтіріп, жаттығуларға толық бойын үйрету; жүрек бұлшық етін жетілдіріп, оның жиырылукүшін арттырып, қан айналысын жақсарту, тұрмысқа, еңбекке қабілетін арттыру. Жүрек инфарктінің бірінші, екінші кезеңінде қолданылатын жаттығулар жиыны Бұл үшін ертеңгі гигиеналық гимнастика, емдік гимнастика, өз бетінше орындалатын жаттығулар, спорт ойынының түрлері, жүзу, шаңғы тебу, серуендеу кеңінен қолданылады. Сол сияқты адам өзін еңбекке баулып, дене шынықтыру әдістеріне көңіл бөледі. Жүрек ауруына шалдыққан адам өзіне-өзі өте ұқыптылықпен қарап, диспансерлік тізімде тұрады. Бұл кезде емдік гимнастиканың түрлерін одан әрі өрбітіп, күнделікті тіршіліктің тірегі ретінде қарау керек. Тұрмыс, еңбек, кәсіптік дәрежесін көтеру үшін ұдайы қимыл-қозғалыста болған дұрыс. Емдік гимнастиканы тыңғылықты түрде орындау, ол – жүрек инфарктіне қайта душар ептеудің алдын алу. Адам жазылып еңбекке қосылған күннің өзінде, емдік гимнастиканың ешбір зияны жоқ. Ол үшін жұмысына 2-3 рет арнайы ұйымдарға, стадион алаңдарында, өз бетінше әр түрлі әдістермен айналысу керек. Тек сонда ғана дене серігіп, бойды билеген індеттен толығымен жазылады. Стенокардия – жүректің демікпелі ауруы, жүрек талмасы. Кенет жүрек тұсынан инемен піскендей қатты қысып ауырады, ол жауырынға, иыққа, сол қолға беріледі. Мұның себебі жүрек қан тамырлары бірден қысылып, белгілі бір жерде талаурап қан жетіспей қалады. Бұл қайғы –қасіретке душар болғанда, қызмет бабында қатты қиналғанда, әлсірегенде болатын жағдай. Науқастың қатты ұстамасы басылған соң, электрокардиограммалық көрсету жөнді болса, емдік гимнастиканы бастайды. Оның негізгі мақсаты нейрогуморальды орталықты қалыпқа келтіріп, көңіл-күйді жайландырып, қан тамырларының жазылуына ықпал жасау. Жаттығулар (1 кесте) шалқая жатқан бойда, оң жағына аударылып отырған кезде жасалады. Барлығы еппен, науқастың жағдайына қарай біртіндеп орындалады. Жаттығу мөлшері 15-20 минуттан аспайды. Халықтың арасында жиі кездесетін қан-тамыр ауруы – атеросклероз. Бұл созылмалы індет қан-тамырларының тарылуынан, ішкі бетіне май қосындыларының жабысуынан, дәнекер тканьдердің өсуінен болады. Осының бәрі тамырдың арнасы тарылып, созылғыштық, икемділік, майысқақ қасиетінен айырады. Әлбетте, денеде қан ағыны тоқырап тоқтап қалады. Тканьдер мен органдар қоректік затқа тапшы болып, әр түрлі өзгерістерге душар болады. Ең көп зақымданатын қолқа, жүректің ішкі тамырлары, ми, бүйрек, аяқтың ірі тамырлары. Атеросклероз асқына тамыр жарылып кетуі немесе тығындалып қатуы ықтимал. Мұндай жағдай ми тамырларында болса инсультке ұшыратуы мүмкін. Атеросклероздың пайда болуына ықпал ететін көп жағдай бар. Олар адамның шамадан тыс зорлануы, нерв жүйесінің қажуы, шаршау, ой еңбегінің дене еңбегінен бірнеше есе асып кетуі, қимылқозғалыстың тапшылығы, тамақтану мәдениетін білмеу, семіздік, мешкейлік, қант диабеті, тұқым қуалаушылық, гипертония аурулары. Атеросклероз дегенде май мен майлы заттар алмасуының бұзылуынан, атап айтқанда, холестериннің қан құрамында табиғи мөлшерден асып кетуінің әсерінен болады. Холестерин – қандағы ең маңызды заттардың бірі. Бірақ белгілі мөлшерден артып кетсе, зияны да соншалық көп. Егер қан құрамында холестерин өз мөлшерінен аз уақытқа болса да сирек көтерілсе (мысалы, майлы тамақ ішкеннен кейін) онда организм өзі күресе алады. Ал, мұндай жағдай ұзақ уақыт әрі жиі болса атеросклероз ауруына ұшыратады. Холестериннің табиғи мөлшерден артығы көпшілікке түсінікті сөзбен айтқанда, күрделі көміртегі және кальций тұздарымен қосылып тамырдың ішкі қабырғасына шор болып байланады. Көбінесе бұл процесс қолқа? Күре тамырлардан басталып, асқынғанда ұсақ тамырларға да тарайды. Тамырдың ішкі бетіне біткен шор оны тарылтып, қан жүрісін қиындатады, кейде біржолата тоқтатып тастайды. Аурудың белгілері, қауіптілігі қай тамырдың қаншалықты ауыр зақымдануына байланысты. Мысалға, жүрек-қан тамырлары атеросклерозға шалдықса, жүректің қыспа (стенокардия) ауруы басталып, жүрек етінің біржола жарамсыздығына дейін жеткізеді. Егер ми күре тамырлары осы ауруға шалдықса адам ұмытшақ, көп сөйлегіш келеді, бастың айналуы, құлақтың шыңылдауы, ұйқының қашуы сияқты белгілер қосылады. Асқынған кезінде мидағы қан айналымының қатты бұзылуынан сол ауруға үшырау да мүмкін. Бүйрек күре тамырлары атеросклерозға ұшыраса, оның семіп қалуы, қан қысымы қатты көтерілуі ықтимал. Аяқтың қан тамырлары зақымданса, балтырдың бұлшық еттері тартылып, адам ұзақ жаяу жүре алмайды. Аяқ үнемі мұздап тұрады. Көп уақытқа дейін ғалымдар атеросклероз тек жасы 50-ді алқымдаған, адамның егде тартқан шағында кездесетін ауру, тіпті қан тамырларының табиғи тозуының бір түрі деген ұғым орын алып келді. Алайда, бүгінгі күнде атеросклерозбен жас адамдардың да сырқаттануы, тіпті сәбилік шақтан басталуы да мүмкін екендігі ғылым жүзінде дәлелденіп отыр. Холестериннің қан құрамында мөлшерден тыс, өте көп болатын түрлері, аса сирек болса да, кей семьяларда ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Атеросклероз ауруы тұқым қуаламаса да организмнің кейбір бейімділігі, оның осы ауруға күресу мүмкіндігінің әлсіздігінен ұрпағына жалғасуы мүмкін. Осы әзілсіздікте бірнеше есе күшейтетін, аурудың жас кезден басталып тез асқынуына біздің күнделікті өмірімізде себепкер болатын, кейде біле тұра ескерілмейтін, көп жайлар бар. Соның ең бастысы – тамақтана білмеу. Қоғамның, әр семьяның әл-ауқаты артқан сайын тамаққа сары май, қант, тәтті, жұмсақ тағамдар, майлы ет, жұмыртқа, қаймақ, кілегей, консервленген тағамдар қолдану етек алып барады. Ал, бұл тағамдарда холестерин өте көп. Оның есесіне май мен тамақтар ішіндегі холестеринді байлайтын, оның қан құрамындағы мөлшерін азайтатын, ішектің жұмысын жақсартатын өсімдік клетчаткаларына бай дәмдерді асқа жарату азайды. Әрине, бұдан аталған тағамдарды біржола ішпеу керек деген ұғым тұмау керек. Екінші бір көңіл аударарлық жай - қимыл-қозғалысты көбейтіп, дене шынықтыру жаттығуларымен айналасу, шылым шекпеу, ішімдік ішпеу. Бұл да ғылымда дәлелденген жай. Аз қимылдау, асқанаға орын қалдырмай, сылқия тою, ерте жатып, кеш тұру денедегі зат алмасуының саябырлауы мен семіздікке әкеліп соғады. Мұндай тұрмыс айтып отырған атеросклероз ауруының пайда болуына, тез өршуіне әсер етеді. Атеросклероз ауруының тағы бір қауіптілігі – оның біртіндеп өршіп, асқынған уақытында ғана білінуі. Басқа ем әдістерімен бірге емдік гимнастика жиі қолданылады. Мұндай науқастарға көбінесе жаяу 2-3 км. жүру өте пайдалы. Сол сияқты серуендеу, жүзу, шаңғы тебу, арнайы топтарға барып денсаулықты шыңдау қажет нәрсе. Атеросклероздың асқынған түрінде қатты ырғақпен, серпінді, жылдам орындалатын жаттығулар қолданылмайды. Қорыта айтқанда, жүрек-тамыр ауруларына емдік гимнастиканың тигізер пайдасы ерекше. Тыңғылықты қолданған жаттығулар қан қысымын қалыпқа келтіріп, дене салмағын тұрақтандырып, май қабыршықтарының қан тамырларына жабысуын кемітіп, қант диабетіне қарсы тұрады. Темекіден құтылудың әдісі де осы жаттығулар. Жаттығуларды өз бетімен жасайтын адамдар міндетті түрде дәрігерге жылына 2 рет көрінуі керек. Дені сау, жас адамдар дәрігерсіз, тек жаттығуды ретімен, ұзақтығы мен мөлшеріне сақтай отырып біртіндеп көбейткені абзал. Берілген жаттығулар адамның қуатына сай болуы үшін әрдайым қадағалап отырады. Адамның жасы ұлғайған сайын, сырттан берілген күшке жүректің жиырылу әрекеті де өсіп, белгілі бір нышанға жетеді. Ол жүректің ең жоғарғы (максималды) соғуы болып есептеледі. Бұл көрсеткіш мөлшермен 220-дан өз жасын алып тастағанға тең. Мәселен, 20-ға келген жігітке 200, 30 жастағы адамға-190, 40 жаста-180 т.б. Бұл ең оңай анықтауыш, әр адам өз тамыр соғуын осылай қадағалайды. Жүрек соғуы мен тамырдың жиілігі бірдей. Оны анықтау үшін екі саусақпен (ортаңғы және сұқ саусақ) жұтқыншақтын екі жағынан күре тамырға немесе бас бармақпен білезікке басса бірден білінеді. Тамырдың соғуын кез келген артериядан анықтауға болады. Оны 30 секундта санап, екіге көбейтсе болғаны, 1 минуттағы мөлшері шығады. Жаттығуларды орындар алдында және соңынан анықтап, айырмасын біледі. Жаттығулар қарқыны ең жоғарғы көрсеткіштің 60-70 процентіне тең алу болу керек. Мысалы, 20 жаста – 140-150; 30 жаста – 114-142; 40 жаста – 108-135 т.б. Дене гимнастикасы 25-40 минуттай болады. Оның ішінде 5 минут бой жазу., 15-30 минут негізгі бөлігі, 5 минут қорытындылау бөлігі кіреді. Жаттығуларды орындаған біртіндеп күрделі түріне жеткізіп, аяқталған кезде де баяу бітіреді. Бірден кенет тоқтата қоюға болмайды, онда адам талып қалуы да мүмкін. Қандай жағдайда бомасын, жаттығулар адамға жайлы, көңіл-күйін көтеретіндей болу керек. Оны үйде тек жалғыз кісі емес, барлығы қосылып орындаса, тіпті көңілді болады. Дене шынықтыру жаттығуларын дұрыс орындамағанда әр түрлі жағдайлар ұшырасады. Мәселен, бұрын шынықпаған адамның сіңірі тартылып, бұлшық еті созылып, буындары сықырлап әбігерге түседі. Одан онша шошымай, біртіндеп денені үйрете беру керек. Әсіресе, ыстық күндері денені қызып, күнсіп кетуден сақтау керек. Ол үшін арнайы спорттық киімді киіп, қажетінше сұйық ішеді. Тамақ ішкен соң 2 сағатқа дейін жаттығу жасамаған жөн. Сол сияқты жаттығулардан соң 20-30 минутқа дейін тамақ ішпеген дұрыс. Кей жағдайда ел арасында біреу туралы «жаттығулар жасап тұрып кенет өліп кетіпті» деген сөздер де тарайды. Мұндай қасірет кездеседі, оған кінәлі адамның өзі. Себебі жүрегі ауырып жүрген адам, өз жағдайына көңіл бөлмей, кеуде тұсының шанышқанына, жүрегінің ретсіз соққанына мән бермей, басы айналып, ентігіп тұрса да жаттығуды жалғастыра берсе, әлбетте, осылайболуы ықтимал. Бірақ жүрек ауруларының тамақ ішіп отырып, теледидар алдында, ұйықтаған кенет өліп кететінді дәрігерлер де, көпшілік те жақсы біледі. Сондықтан, өлімге кінәлі жаттығулар болмауы да мүмкін. Осы туралы академик П.Е. Лукомский студенттерге лекция оқығанда жүрек-тамыр ауруларында емдеу гимнастикасын қалай болса солай бірден бастамай, ретпен қолдану керек екенін үнемі қадағалап айтатын. Бұл, әсіресе, егде тартқан адамдар үшін өте қажет. Жаттығу үстінде қандай болмасын бас айналу, демігу т.б. белгілері білінсе, жаттығуды тоқтатып, міндетті түрде, дәрігерге көріну керек. Тіпті жүрек емес, басқа орган ауырса да (мәселен, тұмау, баспа сияқты) жаттығу жасауға болмайды. Оның бәрі жүрекке ауыртпалық түсіреді. Дене гинастикасын үзіп-созып жасауға болмайды, ол күнделікті тіршілікті міндетті түрде орындалуы тиіс. Мұның спорттық жаттығуларға ешқандай қатысы жоқ, тек жүрек тамырларын нығайту үшін қолданады. Жүрек-тамыр ауруларында (әсіресе гипертония, атеросклероз, гипотония т.б.) адам тепетеңдік қалыптан айырылады немесе оны вестибулярлы аппараттың бұзылуы деп айтады.