Тірек-қозғалыс апараты аурулары мен жарақаттарында қолданылатын ЕДШ.
Дәріс жоспары:
1. Тірек-қимыл аппараты зақымдарындағы өзгерістердің сипаттамасы.
2. Тірек-қимыл аппараты зақымдануы нәтижесінде пайда болатын аурулар.
3. Шеткері жүйке жүйесі ауруларымен жарақаттарындағы жаттығулар жиынтығының әсер ету механизмі мен әдістерінің ерекшеліктері.
4. Тірек-қимыл аппараты жарақаттарындағы ЕДТ негізгі әдістері. Тірек-қозғалыс аппаратына арналған ЕДТ Омыртқа жотасының қисаюы Адамнаың тұлғасымен сымбаты, жүріс-тұрысы омыртқа отасына байланысты. Иық тік, кеуде жазық болып, кермаралдай керіліп жүрудің өзі осы омыртқаның дұрыс болуынан. Осы этаптың алдыңғы бөлімінде көрсетілген қалыпты жағдайдағы омыртқа жотасындағы иректер оны қоршаған бұлшық етке тікелей байланысты. Дене сымбаты кішкене бала кезден бастап қалыптасады. Оның басын дұрыс ұстауынан, отыруынан, жүруінен жоғарыда көз болып отырған омыртқа иректері (лордоз, кифоз) қалыптасады. Оның дұрыс не бұрыс болуы көп жағдайға байланысты. Мектепке партаның жоғары не төмен болуынан орындықтың ыңғайсыздығынан, біржағына қисайып отырудан немесе ауыр жүкті бір қолымен көтеруден т.б. жағдайлардан адам денесі бір жағына қисайып кетеді. Сол сияқты ұзақ ауырып, организм әлсірегенде құяң, ішек қарын жарасы, сондай-ақ өт қабынғанда, буындар ауырғанда, адамның жүрісі өзгеріп, омыртқа жотасы бір жағына шығып кетеді. Адам тұлғасы, мүсіні бұзылу деп омыртқа жотасының алға-артқа немесе оң-солға ауысып кетуін айтамыз. Мұның өзі тіпті спортсмендер арасында да кездеседі. Мәселен, боксшылар, сайысшылар, ескекшілер. Әлбетте,көбінесе бұлшық еті жетілмеген жасөспірімдер арасында жағдай жиі кездеседі. Егер омыртқа жоталары белгілі иректермен алға не артқа кетіп қалса, онда адамның мүсіні бұзылады дейді. Ал омыртқа жотасы оңға, не солға қисайып кетуін медицина тілінде сколиоз деп атайды. Мұнымен қатар бір жақ иық пен жауырын екінші жағынан жоғары болуы де кездеседі. Сөйтіп мүсіннің өзгеруі бірнеше түрге бөлінеді. Омыртқа жотасының қисаюы үйреншікті әдетке де байланысты. Кейінгі кезде ғалымдардың айтуынша, балалардың бір жағына қисайып кетуі ішкі (эндокриндік) бехдердің кінәрәттануынан дейді. Кейде өзгерген мүсін баланың жетілуіне байланысты дұрысталып кетеді. Дегенмен омыртқа жотасының қисаюы тек сыртқы келбетті бүлдіріп қоймайды, ол ішкі ағзаларға да, әсіресе, өкпе мен жүрек қызметіне кері әсерін тигізеді. Өйткені қисайған омыртқа көкірек ішіндегі өкпенің толық жазылуына, көк еттің (диафрагма) қозғалуына бөгет жасайды. Сондықтан денеде қан айналымы кеміп, оттегі жетпей, құрсақ ішіндегі қысым өзгеріп кетеді. Балалардың тұлғасы бұзылмас үшін мамық төсекке үйретпей, қаттылау төсекке жатқызған дұрыс. Сол сияқты басқа салған жастық биік болмай, жазық, кішкене болғаны абзал. Отыратын орын баланың бойына шақ болу керек. Киген киімі, аяғындағы аяқ киім қыспай, өзіне дәл болса, бала еркін отырады. Столға отырғанда түскен жарықтың да әсері көп. Әсіресе, көзі алыстан көрмейтін балалар екі бүктеліп, басы салбырап кетеді. Бұл кейін қалыптасып желкесі шорланып, иығы көтеріліп кеткенін бір-ақ аңғарады. Өкінішке орай, осындай балалар балабақшада, мектепке үлкендердің салақтығынан кемтар болады. Мектепке мұндай балалар арнайы медициналық топқа баруы керек. Осындай қиянаттан құтылудың бірден-бір жолы – тек емдік гимнастика. Арнайы берілген жаттығулар омыртқалар қозғалысын арттырып, қисайған жерін қалпына келтіреді, арқа бұлшық етін жетілдіріп, омыртқаларды қысып ұстайтын «құрсау» жасайды. Тек арқаның бұлшық етін жетілдіріп қоймай, жаттығулар жүрек, өкпе т.б. ағзалардың жұмысын жандандырып, зат алмасуын үдетеді. Ауру бала үшін мұның пайдасы көп. Сол сияқты дене тәрбиесі адамды шыңдап, шыдамдылығын, қайратын арттырады. Ең маңыздысы денені тік ұстауға дағдыландырады. Міне, осының бәрі емдік гимнастиканың негізгі түпкі мақсаты. Енді оны іске асыру үшін жаттығулардың әр түрін қолдану керек. Мәселен, белгілі гигиеналық, гимнастикалық жаттығулармен бірге арнайы түзету жаттығуларды кеңінен қолданады. Сол сияқты суда жүзу баланың денесін шынықтырады және денеде бұлшық еттерді жетілдіріп, қисайған омыртқаны қалпына келтіреді. Жүру, жүгіру, спорттық ойындарға қатысу, шаңғы тебу т.б. дененің дұрыс жетілуіне ықпал жасайды. Арқаның бұлшық етін жетілдіру үшін түзету жаттығуларында науқас шалқадан және етпетінен жатады. Мұнда аяқ-қолға әр түрлі қимылдар беріледі. Мәселен, кезекпен аяқты көтеруі, кеудені көтеру, «велосипед тебу» т.б. Жаттығулар еңбектеп тұрып, отырып, түрегеліп тұрып әр түрлі жағдайда жасалады. Көлбеу жазықта жатып омыртқаны созуға болады. Ұзақтығы 30-45 минутқа созылады. Коррекциялы немесе түзететін жаттығуларды омыртқа жотасының қай жаққа ауытқуына сайлап алады. Жота күдіс болғанда кеуде омыртқалары артқа теуіп кетеді, мұндай кезде арқаның ұзын бұлшық еттерін бекітеді. Ол үшін барлық тұрқымен артқа шалқаяды (иіледі). Мұны етпеттен жатып, еңбектеп тұрып (шынтақпен тізені, алақанмен тізені тіреп), белді қайқайып жасайды. Неғұрлым көп шалқайса, солғұрлым арқаның ұзын бұлшық етіне күш көп түседі. Сондықтан оны әр түрлі жағдайда, қолына таяқ, жіп, доп ұстап тұрып орындауға болады. Егер бел омыртқа алға ығысып кетсе (лордоз), онда іштің бұлшық етін жетілдіреді. Ол үшін шалқадан жатып, түзу аяқтарды алма-кезек көтереді, «велосипед тебеді», басын көтеріп отырып қайта жатып құрсаққа күш түсіреді. Физиологиялық иіндердің бәрі түзуменен кеткен жағдайда (жазық арқа) жаттығулар арқа мен құрсақ бұлшық еттерін бірдей жетілдіруге арналады. Ол үшін жаттығулар күрделеніп, гантель, гирь (0,5-1 кг.), доп, гимнастикалық таяқтармен орындалады. Дене бір жағына қисайып кетсе, оны түзету үшін бар ықыласты дұрыс жүруге аудару керек. Ол үшін басқа ауыр зат қойып, бір аяқпен тұрып, сол қалпына бір сызықпен жүріп т.б. жаттығуларды орындаған дұрыс. Екі жауырын қанат сияқты көтеріліп, иық алға қарай қушиып кетсе, қолды шыр айналдырып, желкеге қолдың ұшын әкеліп артқа қарай майыстырады. Осының бәрі баланың, тіпті үлкендердің, өз тұлғасын дұрыс ұстауға арналған жаттығулар. Адам үйде болсын, түзде болсын, қызметте болсын, денесін дұрыс тік ұстауға дағдылану керек. Оны қалыптастыру үшін айна алдынды жаттығулар жасайды: үй ішінде бірін-бірі қадағалайды, қабырғаға желке, арқа, бөксе, өкшені тіреп бір-екі минут тұрады. Денені қалыпқа келтіру үшін емдік гимнастикадан басқа, массаж, табиғат факторларын (ауа, су, күн) пайдалану болса қажет. Жоғарыда айтылғандай, омыртқа жотасындағы табиғи имектер – алға не артқа ойысып кетсе мүсіні бұзылады, сондай-ақ омыртқа жотасының оңға не солға қисайып кетуі де кездеседі. Ол сколиоз ауруы деп аталады. Кейде бұл ауруда омыртқа өзектің айналасында бұрылып шодырая шығып, адам бүкір болып қалады. Бұл індетте жүрек қан тамырлары, өкпе тыныс жолдары қатты зақымданады. Сондықтан оны тек сколиоз демей, сколиоз ауруы деп атайды. Аурудың негізгі себептерін үш топқа бөледі. Бірінші – адам бойындағы зиянды кеселдер. Ол іштен туған ақаулар: бойдың өспей қалуы, омыртқаның жетілмеуі, омыртқаның сына тәрізденуі, артық қабырға, бесінші бел омыртқаның сегізкөзбен бітұтас бітіп қалуы т.б. Екінші – статистикалық-динамикалық құбылыстар. Ол адамның еріксізден бір жағына қисайып қалуы. Мәселен, оқыста өртеніп күйген адамдардың денесіне пайда болған үлкен тыртық, не шеткері нерв жүйесінің зақымдануы адамды бір жағына қисайтып жібереді. Үшінші – жасөспірімдер қаурыт өсетін кезеңде төзімділігін жоятын індеттерге шалдығуы. Аталған себептердің қайсысы болмасын, адамға келтіретін зияны айтарлықтай. Аурудың білінген белгілеріне байланысты сколиозды төрт кезеңге бөледі. Бірінен-бірін ажырату үшін омыртқа жотасының доға тәрізді иілуі одан пайда болған бұрыштың көрсеткішін білу керек. Сколиоз омыртқаның қай жерін кінәрәттағанына байланысты кеуде, кеуде-бел, бел омыртқа сколиозы деп аталады. Сол сияқты оң жақ, немесе сол жақ сколиоз деп доғаның бағытына қарай айырады. Сколиоздың бірінші кезеңінде доғаның омыртқа жотасынан тайып кеткен бұрышы 100 – қа тең. Ал жотаның өзі «S» әрпіне ұқсайды. Арқа бұлшық еттеріне күш түсіргенде немесе жатқызып босаңсытқанда доға көрінбей кетеді. Екінші кезеңде пайда болған доға латынның «S» қарама қарсы жақында төмендеу екінші доға пайда болады. Бұл кезде омыртқа өзегінен алшақтап кеткен бұрыш 300 – қа тең болады. Омыртқалардың бұралып, қабырғалардың сыртқа иеуіп, бұлшық еттің білектей бұлтиып қалғаны аңғарылады. Науқасты жатқызып қойғанмен не аздап созғанмен доға қалпына келмейді. Үшінші кезеңде омыртқалар бір бөлігінде бұралып, айқын екі үлкен доға пайда болады. Бұрыш 30-60 градусқа жетеді. Көкірек қуысы өзгеріп, қабырғалар шодырайып, бүкірлік байқалады. Бұл ішкі ағзаларды бүлдіріп, нерв талшықтарының түбін зақымдайды, құяң ауруындағы белгілер пайда болады. Төртінші кезеңде ауру асқынып, омыртқа жотасы бұрыңғыдан бетер қисайып, бұралып, адамды қатты өзгеріске түсіреді. Бұл кезде тек кеуде ғана емес, жамбас сүйегінде де өзгеріс білінеді. Омыртқа өзегінің тік түзуінен алшақтаған доғаның бұрышы 60 градустан жоғары болады. Нәтижесінде көкірек қуысындағы ағзалар мен нерв жүйесі айтарлықтай зардап шегеді. Сколиоз ауруының кезеңіне, белгісіне, себептеріне қарай әр түрлі емдеу әдісі қолданылады. Оның ішінде операция (ортопедия), физиотерапевтік ем (тоқпен емдеу), балшық, массаж сияқты түрлерін айтуға болады. Ең бір қажетті ем – емдік гимнастика кейінгі кезде өте жиі қолданылуда. Сырқаттың бірінші кезеңінде мектептегі балаларды арнайы медициналық топта немесе емханаларда емдейді. Оларға басында жаттығулардың белгілі түрлерін қолданады. Ол денеге жақсы әсер етіп, тәуірленсе, спорттың кейбір түрлерін тағайындайды. Мәселен, суда жүзу, шаңғы тебу, ескек есу, спортық ойындар. Сколиоздың екінші кезеңінде емдік гимнастика медициналық мекемелерде мамандардың қадағалауымен өтеді. Үшінші-төртінші кезенде емдеу әдісі белгілі – мектеп-интернаттарда арнайы «қалыпқа» салып емдейді (гипс төсек, т.б.). Мұндай сырқатта тағайындалған емдік гимнастиканың мақсаты: 1. Ауруды әрі қарай асқындырмай, денені тік ұстауға дағдыландыру. 2. Иілген жақтағы қысқарып қалған бұлшық еттер мен сіңірлерді созып, дөңес жақтағыларын бекіту. 3. Кеуде мен арқа бұлшық еттерін нығайтып, табиғи құрсау жасау. 4. Өкпе-жүрек қызметін арттыру. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін жаттығулар көбінесе шалқадан, етпеттен жатқанда, еңбектеп тұрғанда жасалады. Мұның өзі шыдамдылық, төзімділікті арттырады. Омыртқа жотасын түзетуге көмегін тигізеді. Ең негізгісі – мұндай жағдайда омыртқа жотасына салмақ аз түседі, бұлшық еттер толық босаңсиды. Осы жағдайда түзету (коррекциялық) жаттығулардың орындау әлдеқайда ыңғайлы. Сол сияқты омыртқа аралық шеміршек, сіңір созылып қалпына жатса дұрыс болады. Ол үшін иектің астына арнайы ілгекпен жоғарғы басына тартып қояды. Омыртқа жотасын түзетуде бір сызықпен жүрудің, тыныс алудың маңызы өте зор. Денені тік ұстап, ішті тартып, басты салбыратпай, иықты төмен түсірмей жүруге дағдалану керек. Немесе басқа бір ауырлау зат (кітап...) қойып жүрсе болады. Шалқадан жатып бір қолды кеудеге, екінші қолды ішке қойып дұрыс дем алса, кеуде мен көк ет ширығады. Науқас балалар тек емханада, диспансерде емделіп қоймай, оларға де үлкен қамқорлық керек. Уақыттың көбін таза ауада өткізу керек. Түнгі ұйқы ұзақ болғаны жөн. Оларды ерте жатқызып, ерте тұруға дағдыландыру керек. Бала жатқан төсек өте жұмсақ болмай, қаттылау әрі тегіс, басындағы жастық аласа болғаны дұрыс. Ондай балалар шалқасынан жатады, оқыста аударылып кетсе оятудың қажеті жоқ. Түнгі ұйқыдан басқа, бір сағатқа созылған күндізгі ұйқада пайдалы. Онда да тегіс салынған қатты төсекте, тек шалқадан жату керек. Қолға кітап, ойыншықтар ұстауға болмайды. Сколиоз ауруына шалдыққан балалардың тамақтануына баса назар аудару керек. Олар мезгілінде, витаминдерге бай әртүрлі құнарлы тағамдармен тамақтануы қажет. Үйде жасалатын түзету гимнастикасы күніне 2 рет, ертеңгі астан кейін бір сағаттан соң (толық балаларға ашқарынға орындауға жөн), түсте 2 сағаттан кейін орындайды. Жазда дене тәрбиесін далада, таза ауада (көлеңкеде) өткізеді. Допты жоғары лақтырып ойнаудың да пайдасы көп. Тек оларды спорт жарасына қатыстырмайды. Спорттық ойындардың ішінде тек жүзу «брасс» түрімен екі қолмен бірдей ескек есумен айналысу керек. Қыста шаңғымен жүру, коньки тебу өте пайдалы. Бұл салада да жарысқа қатысуға болмайды. Жас балалар өз бетімен ойнаған ақ жерде жатқан құмда, топырақта еңкейіп ойнау да зиян. Оларға бойы жететіндей биігірек етіп құм үйіп беру керек. Балаларды аз қимылдайтын ойындармен ойнатқанда (сурет салу, жапсыру), столдың биіктігі қолды төмен түсіргенде шынтақтың деңгейінен 3 см. биік болуы шарт. Жазда балаларға көп қимыл керек. Сондықтан сабақ дайындағанда не отырып сурет салғанда, әр 20 минуттан соң үш түзету жаттығуларын орындайды. Велосипед тебуге, секіруге, ауыр жүк көтеруге мүлде болмайды. Үй жағдайында алға көп иілмейтін жұмыстар атқарады. Таза ауады көп жүру керек, тек күн кезінде емес, көлеңкемен алмастырып отыру керек. Жазда баланың жасына байланысты, дәрігердің нұсқауы бойынша, суға күніне 2 рет 10, 15 минуттан шомылуға болады. Стодың үстінде ойнайтын ойындардың қажеті жоқ. Осы айтылған нұсқауларды ата-ана мұқият қадағалап, бала өз ықыласымен орындаса, аурудан жазылуға толық мүмкіндік бар. Қазтабан Жалаң аяқты суға малып алып еденге басса, ортасы ойықтабанның көрінісі қалады. Өйткені табан күмбез тәрізді көтеріңкі. Сондықтан оның көлденең және ұзыншақ күмбездері бар. Сол арқылы адамның салмағы мен серпінділік қызметіатқарылады. Осы күмбездердің жарым-жартылай немесе толық төмен түсуі қазтабан деп те аталады. Қазтабан балаларда да, үлкендер арасында да кездеседі. Ол іштен туа пайда болуы – жатырдағы баланың жетілуіне зиян келуінен. Жүре пайда болған қазтабан мешел, сүйек аурулары, жарақаттану т.б. жағдайларға байланысты. Ел арасында көп тараған түрі – статикалық (орныққан, қозғалмайтын) қазтабан. Ол табан бұлшық еті мен сіңірдің созылуынан. Күні бойы жұмыс бабымен тік тұрып, аяғы талған адамдарға жиі кездеседі. Сол сияқты қан тамырларының ауруы (эндоартрит, тромбофлебит), ыңғайсыз аяқ киім (биік өкше, иілмейтін қатты табан) үлкен әсерін тигізеді. Үшкір тұмсық аяқ саусақтарды қысып қисайтып, қажап, табанды жалпайтып жібереді. Аса кең аяқ киім де пайдалы емес. Киген кезде аяқ киімнің арты өкшені қысып ұстамаса, алдымен қисайып, кейіннен қазтабан болады. Табанның жалпаюы аз қимылдайтын, сіңір бұлшық еттері жетілмеген әлжуаз және үйде үнемі қымтанып киінетін, сол сияқты семіз адамдарда кездеседі. Статистикалық қазтабан басталған кезде аяқ жылдам талып, шаршап, табан-өкше, жіліншік, сан бұлшық еттері ауыра бастайды. Кейбір кезде бел де сыздайды. Кешке қарай ауырғаны үдеп, табан қызып, аяқтың басы іспектеліп кетеді. Осы белгілер байқалған соң дереу ортопед дәрігерге көріну керек. Оған қаралмай жүре берсе ауру үдеп кетеді, жүрісі тұсалған аттай кібіртіктеп қалады. Кейде екі аяқ алшақтап, тізе шодырайып алға шығып, қолдарын сермеп тәлтіректей жүреді. Осындай жүріспен жамбас қисайып кетуі ықтимал. Күн өткен сайынауру асқына береді, тіпті қозғалуға зар болып қалады. Осы қиындыққа ұрынбау үшін бала кезден табанның еті мен сіңірлерін жетілдіруге ықпал жасау керек. Нәресте өзі аяғын басқанша тиіспеу керек, ерте жүргізуге асықпаған жөн. Аяқ киімнің табаны қаттылау болғаны дұрыс. Аяқ киімнің табаны жұмсақ болғанынан бұлшық ет шынықпайды. Күні бойы түрегеліп тұрып қызмет атқаратын адамдар (сатушы, шаштараз, мұғалімдер т.б.) қалайда аяғына бір жеңілдік беру жағын ойлау керек. Ол үшін екі аяқты қатарынан қойып, сыртқы қырынан біраз тұрады. Үзіліс кездерінде аяқты орындыққа қойып, немесе сырмақта көсіліп отырудың өзі бір рахат, аяққа да жеңілдік әкеледі. Бұл онша байқалмайтын ақау болғандықтан емдеуі өте қиын. Табанның жалпағы қайтеді дерсің, ден сау балсын деп жүре беретін, оны елемейтін адамдар кездесіп қалады. Мұндай жағдайда ауру асқынып, ішкі ағзаларға әсер ете бастағанда ғана емдеуге кіріседі. Басқа емдеу әдісінің ішінде ең тиімдісі – дене тәрбиесі. Омыртқа сырқатындай, қазтабан болған адамның да организмін шынықтырып, нығайтуға әсері мол. Осыған орай емдік гимнастиканың белгілі әдістері мен методикасы толық қамти беріліп, әлсіз органды жетілдіреді. Аяқтың бұлшық еті мен сіңірін созылғыш қалыпқа келтіруде гимнастикалық жаттығулардың орны бөлек. Алғашында салмақ түсірмейтін жаттығулар жасайды. Ал қан айналымын жақсарту үшін массаж және жылытатын емдеоді қоса қолданады (балауыз, балшық, тоқ т.б.). Қазтабан болған адам күнде тәңертең 5-6 минут арнайы жаттығулар жасайды. Оны жалаң аяқ жүруден бастайды. Алдымен табанды толық тіреп, кейін аяқтың ұшымен жүреді. Одан соң сәл жүреден отырып, табанның сыртымен жүріп, ақырында аяқтың ұшымен секіріп жаттығуды аяқтайды. Орындықта отырып аяқты созып, ұшын бүгіп бір нәрсеге қатты тірейді; бүгілген саусақтарды еденге тірейді; саусақтармен ұсақ заттарды жерден теріп алады. Осындай жаттығулар арқылы жіліншік бұлшық етін, саусақтарды қимылға келтіретін ұзын еттерді, сіңірлерді жетілдіріп нығайтады. Соның нәтижесінде табанды қалпына келтіреді. Арнайы жаттығулар жинағын мектепте дене шынықтыру сабағына енгізсе, тіпті жақсы. Тәжірибе көрсеткендей, емдеуі балалар арасында неғұрлым ерте бастаса соғұрлдым нәтижелі болады. Аяқ киімнің ішіне супинатор салу ел арасында көп тараған. Бұл арнайы пластмассадан жасалған ұлтарақ, оны табанға салғанда қазтабан жөнделмейді, тек аяқ шаршауы, ауруы кемиді. Оны көп қолданса, адам үйреніп алып шешпей қояды. Бірақ ұзақ кигеннен бұлшық еттер мен сіңір жетілмей, керісінше семіп қалады. Сондықтан оны салғанда да жаттығуларды міндетті түрде орындау керек. Дене тәрбиесінен жаттығулар жинағы қандайкөмек бергенін анықтауға болады. Оның бірнеше әдісі бар. Ең кең тараған танымал түрі – плантография. Ол үшін табанды 10% боялған жер неғұрлым көп болса, онда қазтабан нағыз өзі. Жаттығуларды әрі қарай жалғастыра беру керек. Нәтижесін жоғарыдағы әдіспен анықтап отыруға болады. Түрегеліп тұрғанда екі аяқтың басын екі жаққа жіберіп, тұруға, тіпті жүруге де болмайды. Өйткені салмақ табанның ішкі қырына түседі, содан барып өкшенің қисайып кетуі ықтимал. Дайындық бөлімінде берілген жаттығулар жіліншік бұлшық еттерін бірде босаңсытып, бірде қатайтып, аяқтың басын дұрыс ұстауға дағдыландырады. Негізгі бөлімінде адам жүрісін ықшамдап, тепе-теңдік қалпын, денені тік ұстауды қалыптастырады. Сол үшін аяқ саусақтарына қатысты бұлшық еттерді шынықтырады (башбайлармен ұсақ заттарды қамтып ұстау, оқтауды сырғанату, допты дөңгелету т.б.). Қорытынды бөлімінде тек берілген жаттығулар емес, емдік гимнастиканың бұқаралық түрін кеңінен қолданады. Мәселен, суда жүзу «кроль», шаңғы, коньки тебу, жақын жерге жорыққа шығып, жазық жолмен жоғары көтерілу. Тек аяққа көп салмақ түсіретін ауыр зат көтеруге болмайды, секіретін жаттығулар жасалмайды. Остеохондроз Омыртқа аралық шеміршектің, буындардың, сіңір мен сүйектің өзгеруінен пайда болған ауру – остеохондроз деп аталады. Оның себебін жоғарыда айттық. Остеохондроздың белгілері сан алуан. Оны функционалды және морфологиялы деп екіге бөлуге болады. Оның біліну белгілері зақымданған омыртқа бөлігіне, адамның тұлғасының жетілуіне, жасына тікелей байланысты. Остеохондроз мойын, кеуде, бел омыртқаларын қамтиды. Сондықтан осы аталған бөліктердің остеохондрозы дейді. Қазіргі кезде дәрігерлер көптеген неврологиялық белгілерді анықтады. Кейбір еңбектерге сүйенсек, оның 52 түрі кездеседі екен. Организмдегі функционалды өзгерісті науқас адамдар елемей беруі мүмкін. Дәл сол кезден бастап емдік гимнастиканы қолданса үлкен жетістікке жетуге болады. Функционалды белгілерге мыналар жатады: мойын бұлшық еті жылдам шаршайды, иық, арқа, екі қолдың еті салдырап, тез талып қалады. Қадалып күні бойы қозғалмай столда отыру, жазу, ой еңбегімен шұғылдану осы белгілерді асқындырып жібереді. Сол сияқты мойын, арқа еттері шымырлап ауыра бастайды, бұл жұлыннан шыққан нерв талшығының қысылуы, бұлшық еттердің жиырылуы. Органикалық өзгеріс болғанда: мойын омыртқа тұсында, иық пен жауырын буындарында құяң ауруларының белгісі білініп, бұлшық ет қабынғандай болады. Бел остеохондрозы бел мен сегізкөзді тұтастырып ұстап қалатын құяң (радикулит) ауруындай білінеді. Неврологиялық белгілер жеке-жеке кездеспейді, бірі мен бірі байланысып, бірге білінеді. Қандай түрі болмасын, неврологиялық синдром (белгілердің бірнеше түрі) науқастың сол зақымдаған бөлігінде қозғалысты сезімталдығын, зат алмасуын тежейді. Соның әсерінен иық үсті, жауырын, қол бұлшық еттерінің кейбіреулері қабынып, іспектеліп кетеді. Иық буыны ауырған адамдар оны көпшілікке танымал ревматизм немесе полиартрит деп шатыстыруы да мүмкін. Остеохондроз болғанда омыртқа арасынан, желке тұсынан шыққан жұлынның талшықтары қысылап қалса, жүрек тұсы шаншады. Кейбіреулер оны инфаркт не стенокардия ауруымен шатастырып, дәрі іше бастайды. Тек бұған тән бір жәй – электрокардиография жасағанда жүректен ешбір ақау табылмайды және қолданған дәрілер (валидол, нитроглицерин) көмек бермейді. Біраз қимыл-қозғалыс жасап, көңілін ауласа жүрек шаншуы басылып қалады. Мойын омыртқа остеохондрозында миды қоректендіріп тұрған қан тамырлары қысылып, 12 пар ми сүйегімен мидың нервтері зақымдануы мүмкін. Мұнда неше түрлі белгілер білінеді. Бас ауырады, айналады, вестибулярлық өзгерістер байқалады, көзге, жұтқыншаққа да әсер етеді. Бас желкеден тартып ауырып, кейде лоқсып құсады. Бейне бастың сақинасы ұстағандай болады. Вестибулярлы өзгерістер кезінде адам тепе-теңдіктен айырылып, түзу жүре алмайды. Әсіресе транспортқа отырып түскен кезде бір жағына жамбастап кетіп қалатын уақыт болады. Жұтқыншақ белгісі сирек кездеседі. Онда адам жұтынғанын, тілдің ішінде дәмді сезбейтін жағдайға тап болады. Ауру асқынған кезде дауыс шықпай, қырылдап қалады. Сонымен қатар адамда әлсіздік, тез ашулану, өкпешілдік, қорқыныш, абыржу, ұйқының бұзылуы, ұмытшақтық, көңіл-күйдің, мінездің өзгеруі байқалады. Осының бәрі желке остеохондроздың симпатикалық белгілері. Бел омыртқа зақымдану ересектер арасында жиі кездеседі. Екінің бірі осы аурудың белгісін өзінен тауып жатады. Әйтседе радикулит белгілері көбінесе ер адамдар арасында (20-40 жаста) жиі кездеседі. Ең алғашқы белгісі – белдің ауруы. Бұл күтпеген жерде кенеттен ұстап қалады (люмбага) немесе ұзақ уақыт сыздап ауырып жүреді (люмбалгия). Кенет ұстап қалатын түрі бел бұлшық еттерінің бірден қатты жиырылып, шымырланып қалуы себебінен. Ол ауыр жүк көтергенде, шұғыл қимыл жасағанда, қатты жөтелгенде, түшкіргенде, зорланғанда болады. Қақсап не сыздап ауыру тек белдің тұсында байқалады, басқа жаққа берілмейді. Ұзаққа созылған люмбалгия түрінде ауыратын нүктені көрсету қиын. Ол отырып-тұрған кезде, не шамадан тыс ауыр жұмыс атқарғанда ғана білінеді. Қалай ауырсада, оның негізгі себебі – бел-омыртқа арасындағы шеміршектің кеселі. Соның әсерінен бел және сегізкөз тұсынан нерв талшықтары түбінен қысылып, адамның жағдайын кетіреді. Радикулитке (құян) тән белгілері: бел тұсының ауруы, оның сезімталдығы, өткізгіштігі, қозғалтқыш-қимылдатқыш қасиеттерінің төмендеуі болып саналады. Нерв түбі қысылғанда, белдің тұсы удай ашып, дуылдап күйдіргенде, түйрегендей шаншып ауырады. Ол тек бір жерде топтаспай, бөксемен ұршыққа, санға, аяққа, тіпті өкшеге дейін беріледі. Осындай қатты ауырғанда науқас қалай да бір ыңғайлы жағдай іздейді. Ондай жағдай әр түрлі болады. Мәселен, шалқадан жатып, тізені бүгіп бауырға жинап, сондай-ақ, қырымен етпеттен немесе еңбектеп тұрса, ауырғаны сәл басылып, жанға сая табылады. Бұл жағдайлар жұлыннан шыққан нерв талшықтарын босатып, белдің ішке қарай майысуын азайтады. Радикулит белгісі білінген остеохондроз ауруынан кейін адамдар сол тынымын алған жерді босаңсыту үшін бір жағына қисайып, не еңкейіп жүреді. Бұлшық еттердің, нерв талшықтарының қабынуы біржола басылғанда, адам бұрынғы қалпына келеді. Дегенмен уақытында емделмесе, созылмалы түріне айналуы ықтимал. Мұнан кейін – бел тұсындағы сезімталдық қасиеттің кемуі байқалуы мүмкін. Ол көбіне аяқтың басында білінеді. Өйткені белден, сегізкөзден шыққан нерв талшықтары аяқты қамтамасыз етеді. Мұндай кезде бөксе, жіліншік, табан бұлшық еттері солып, семіп қалуы да ықтимал. Бұл қозғаушы күштің кемуінен. Остеохондроздың осы аталған белгілерінде вегетативті өзгеріс те байқалады. Мәселен, аяққол іспектеліп, көгілдір тартып, терлеп, тері түлеп, құрғап, тырнақ өсіп, денені түк басып кететін кездері болады. Аурудың асқынатын және бәсендейтін кездері бар. Енді осы індетті емдеуге көп күш салу керек. Оған дәрі-дәрмек, ортопедиялық ем, инемен емдеу, массаж және дене тәрбиесін қолданады. Емдік гимнастика ауру асқынған кезде ғана емес, оның алдын алу үшін де кеңінен пайдаланылады. Дене тәрбиесін тағайындағанда әр адамның жеке басының ерекшелігіне, жасына, жынысына, аурудың шоғырланған жеріне, оның кезеңіне баса назар аударады. Мойын омыртқа остеохондрозы Емдік гимнастика тағайындағанда еске ұстайтын методикалық жағдайлар бар. Олар: 1. Омыртқалап бұлғақтап бір жағына шығып кетпес үшін, мойынға мақта-дәкеден жасалған тіреуіш кигізеді. Бұл мойынға киілген қамыт бүкіл бір емдеу курсы біткенше шешілмейді. Осы арқылы омыртқаның тыныштығын сақтап, артық қимыл-қозғалыстан аулақ болады. Мұның өзі зақымданған жердің жетілуіне мүмкіндік туғызады. 2. Алғашқы және негізгі бөлімдерде мойын омыртқаны өз еркімен қозғауға болмайды. Тек қорытынды бөлімде 15-20 минут баяу қарқынмен қозғайды. 3. Барлық жаттығулар бұлшық еттерді босаңсытумен қатарласып келіп отырады. Әсіресе иық, жауырын белдеуіндегі еттерді босатса, шаншып, ұйып ауырғаны басылады. 4. Бірінші күннен бастап мойын бұлшық еттерін жетілдіруге ықпал жасайды. Ол үшін қарсыласу жаттығуларын орындайды. Мәселен, дәрігер, не көмекші адам алақанымен басты артқа итергенде, ауру алға итеру керек. Оны кейін әр адам өзі орындайды (маңдайға екі алақанды тіреп, немесе иектің астынан тіреп отырып, басты алға итереді). Мойын бұлшық етін жетілдіруге жатқан бойда басты көтеріп 2-5 секунд ұстап тұру да үлкен әсер етеді. Оны шалқадан, етпеттен, бір қырынан жатып жасауға болады. 5. Науқас мойнының ауырғанынан қорғаншақтап, көкіректің кең дем алуына да кедергі келтіреді. Сондықтан тыныс алу жаттығуларын қосқан абзал. 6. Жаттығулар жасағанда адам шаршамауы, еш жері ауырмауы керек. Ал жаттығу үстінде мойын тұсы шаншып ауырса, жаттығу мөлшерін бірден азайтады. Емдік гимнастиканың негізгі мақсаты: жауырын белдеуіндегі бұлшық еттерді босаңсытып, ауруын азайту, қан айналымын жақсарту, вестибулярлы өзгерістерді қалпына келтіру, тканьдердің ісігін басу, жалпы организмді нығайту болып табылады. Емдік гимнастиканы аурудың жедел түрінде, алғаш басталған кезінде қолдана береді. Жаттығулар қолдың басына, ұсақ және орта буындарға тағайындалады. Бұлшық еттерді босаңсытуға арналған жаттығулар отырып, тұрып, жатып, яғни науқасқа қолайлы жағдайда орындала береді. Жауырын белдеуіндегі бұлшық етті босаңсыту үшін еңкейіп тұрып қолды алға-артқа сілтеу кең қолданылады. Ауырғаны басылған соң, емдік гимнастика мойын, жауырын бұлшық етін шынықтыруға жұмсалады.