Қарақалпақ әдебиеті. Фольклоры. Қарақалпақ әдебиетіндегі жыраулық поэзия кезеңі. Бердақ шайыр. Кейінгі дәуір әдебиеті. Жолмырза Аймырзаев, Төлепберген Қайыпбергенов шығармашылығы. Қарақалпақтардың мәдениеті. Қарақалпақтардың фольклорлық шығармалары - «Қырық қыз», «Ашық Ғаріп», «Шадияр», т.б. батырлық, лиро-эпостық дастандары ерте ғасырларда дүниеге келген. Жазба әдебиеті 19 ғасырдан басталады. Осы кезде Жиен жырау Тоғайұлы (18ғ), Күнқожа Ибрайұлы (1799-1880), Әжінияз Қасыбайұлы (1824-78), Бердақ Қарғабайұлы (1827-1900), Омар Өтеш (1828-1902), Омар Сүгірбабатұлы (1879-1922), Құлмұрат (1838-1927), Садық Шаир (1857-1917) сияқты ақындардың өлең-жырлары ел ішіне кең тарады. Туыстас қазақ және қарақалпақ халықтарының ауыз әдебиетінде ортақ үлгілер көп. Солардың бірі «Қырық қыз» дастаны. Ұлт әдебиеті Кеңес үкіметі жылдарында сапалы - кәсіби шығарма деңгейіне көтерілді. Проза-драматургия жанрында жаңа туындылар жазылып, әдеби сын дамыды.Ұлттық әдебиеттану ілімі қалыптасты. ХХ ғасырдың 50-жылдары жазылған А.Бегімовтың «Балықшының қызы» (1958), Ж.Аймырзаевтың «Әмудария жағасында» (1958) романдары сондай-ақ, Т.Қайыпбергеновтың «Қарақалпақ қызы» (1963-65) атты кітаптары қарақалпақ прозасын биікке көтерді. Осы жылдары жазылған Ж.Аймырзаевтың «Айгул-абат», «Бердақ», А.Бегімовтың «Боз отау», «Ашық Ғаріп», М.Дәрібаевтың «Көклан батыр», «Жаңа адамдар», С.Хожаниязовтың «Сүймегенге сүрінбе», «Жас жүректер» пьесалары республика театрларының репертуарларын байыта түсті.
Ақын Бердақ Қарғабайұлы. Бердақ (Бердімұрат) Қарғабайұлы (1827-1900) Қарақалпақстанның Мойнақ ауданында дүниеге келген. Діни медіреседе оқып, Ислам дінін, Көне түркі тарихы мен әдебиетін жетік меңгерген. Рудаки, Фирдауси, Низами және Мақтымұлы сияқты шайырлар поэзиясын өзіне үлгі - өнеге тұтқан. Бердақ өз заманының көкейкесті мәселелерін терең пайымдап, оны сан қырынан алып жырлады. Ақын өзінің алғашқы өлеңдерінде-ақ әділетті өмірді армандады («Жаз келер ме»). Қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікке наразылық білдірді («Іздер едім»). Елді әділ әкім басқару қажеттігін насихаттады («Керек»). Бердақ гуманистік ой-пікірлері әсіресе оның «Жасырақ», «Болған емес», «Көрінді» және «Заманда» атты өлеңдерінде айқын көрініс тапқан. Бердақ тарихи тақырыпқа да бірқатар көлемді дастандар жазған. Мәселен ақынның түркі тектас халықтардың ежелгі шежіресін тарихи деректер мен генеологиялық аңыздар негізінде жыр еткен «Шежіре» атты дастаны бар. Қарақалпақтардың Қоқан езгісіне қарсы 18-ғасырда ерлікпен жүргізген күресін «Аманкелді» дастанында тарихи деректер негізінде шеберлікпен берілсе, «Айдос би» және «Ерназар» атты тарихи дастандарында қарақалпақ елінің 1827-1828, 1856 жылдардағы Хиуа хандығының отаршылдық саясатына қарсы бағытталған қаһармандық күресін жырлаған. Бердақ ақынның өлеңдері дидактикалық сарындағы «аталық сөз, ағалық ақыл, өсиет, уағыз» түрінде айтылады. Бұған ақынның «Балам», «Надан болма» т.б. өлеңдері дәлел. Бердақ поэзиясы өзінен кейінгі кезеңдегі қарақалпақ әдебиетінің көркемдік тұрғыдан дами түсуіне зор әсер етті.