ДАҒДАРЫСТА ҚАЛТАРЫСТА ҚАЛМАҢЫЗ
Елімізде жыл сайын – баспасөз күні аталып өтіледі. Бір жылдың ішінде
не істедік, не тындыра алдық деген ойдың мазалайтыны сөзсіз.Қазақ
баспасөзінің көш-керуені қайда бет түзеді, Елдік мұрат жолдындағы үдеріске
қандай үлес қоса алдық деген сауалдардың қылаң беретіні ақиқат. Әрине,
зымыран уақыттың жалына жармаса жүріп атқарған істері де көп, кемшін
жатқан шаруалар да баршылық.
Атқарылғаны – ежелден «халықтың үні, құлағы һәм көзі» болуға
тырысып баққан қазақ баспасөзі Тәуелсіздік құдіреті тамырының терең
тартуына атсалысты. Иненің жасуындай болса да ізгілікті іске үлес қосты.
Рухани құндылықтарымыздың құнарлануына, тарихи жадымыздың жаңғыру
бағытында нақты шаруалар атқарылды. Демек, уақытпен үндес болды.
Миллиондаған оқырманның жансерігіне айналды. Нарықтың жойдасыз
қылбұрауына түсіп, жекешелендірудің барымтасына айналған түкпірдегі
ауылдың мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Бұл, әрине, біздің басты
жетістігіміз!
Тәуелсіздігіміздің елең – алаңында, тіпті одан да бергі уақыттарда:
«Қазақ газеттерін қойшы, оқитын түк те жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп,
іргелес ел тілінде шығатын басылымдарды бір саты жоғары қоюға
тырысушылық айтар әңгіменің салтын айналған да еді. Ал, ол жылдары
шынында да митінгілік демократияның толқыны тулап тұрған кезеңдерде
іргелес ел тілдеріндегі басылымдардың «атып кетті, шауып кетіпті, өртке
оранды, басын жарып, көзін шығарды» тақылеттес арзанқол хабарларының
айы оңынан туған-ды. Ақиқатында, моноидеологияның жылдар бойында
құрсауында болған газеттерді оқудан жалыққан оқырмандар үшін бұл
жағдай, әрине, оңай олжа болды. Сөйтіп, арзанқол, ақиқат-жалғаны аралас
хабарлар тасқыны ақпараттық кеңістікті жайлады. Ол бұқаралық сипат
алды…
Ал сол тұста қазақ басылымдары тәуелсіз жас мемлекетіміздің буынын
қалай бекітеміз, неден бастап, нені қолға аламыз деген көкейтесті
мәселелермен шұғылданды . Ақтаңдақтар ақиқатын жазды. Халықтың саяси
санасын оятты. Мемлекеттілікті қалыптастырудың қамын күйттеген, оның
құқтық негізін қалайтын тарихи құжаттар мен материалдар журналистік
шеберлік мектебі қалыптасқан дәстүрлі басылымдарда үздіксіз жариялап
жатты. Ел зиялылары мен білікті мамандар қал-кәдерінше түсініктеме беруге
тырысты. Қолына қалам алып, өзекжарды өткір ойларын ортаға салды. Ал бір
нөмірден екінші нөмірге жалғасқан саяси экономикалық сипаты күшті
құжаттардың, заңдар мен қаулылардың, стенограммалық есептердің тарихи
маңызы өте зор еді. Мұны, әрине, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар сезініп
отырды, қуана қолдады. Ал, керісінше дау-дамай мен оқыс оқиғалардың,
қылмыс әлемінің құпия-қалтарыстарын оқитындар үшін бұл жағдай олардың
көңілін көншіте қоймағаны жасырын емес. Бұл енді кешегі күннің ащы да
болса ақиқаты.
Сөйтіп, қазақ баспасөзі нарықты экономиканың қиындығымен бетпе –
бет келе отырып қоғамдық санаға әсер етудің эволюциялық жолын таңдады.
Кезінде атамыз Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газеті негізінде қалыптастырған
баспасөздің ағартушылық миссиясы, дәстүр сабақтастығы лайықты жалғасын
тапты. Бұл таңдау дұрыс таңдау болып шықты!
Қазір қазақ ақпарат кеңістігі туралы ілгерідегі пікір түбірінен
өзгерген. Ана тіліміздегі басылымдар қай тақырыпты жазуда болса да көш
басында келеді. Айталық, қазіргідей ақпараттық заманның толассыз
ағынынан зәрезап болған оқырманға жанына рухани уыз беретін, сезім
иірімдерін тербейтін дүниелер ауадай қажет болып отырғаны шындық. Міне,
осы өлшеммен қарағанда да қазақ газеттері қабырғалы істің басынан көріне
білді. Бұл, әрине, қуанышты құбылыс! Қалың оқырман кімнің кім, ненің не
екенін түсіне бастады. Орыс тіліндегі газеттер қазақ басылымдарындағы
мақалаларды түйіндемелеп аударып беретін болды. Оқырмандар
аудиториясы ұлғайып газеттер мен журналдардың таралым аумағы жылдан
жылға өсіп отыр.
Бүгінде қазақ ақпарат кеңістігін біржақты пікір қалыптастыратын
идеологиялық құрал деп ешкім де күстаналай алмайды. Ұлт рухын
ұлықтайтын мемлекеттік басылым да, қоғамдық-саяси өмірдегі алуан
оқиғаларға балама пікір айта алатын басылымдар да , бір ай шығып келесі
аптада жабылып жататын жолбике басылым да, тіпті, әркімнің мамандығына,
түсінік-түйсігіне, талғам-тұшымына сай саржағал газет-журналдар да жетіп
артылады. Міне, мұның бәрі, әрине, Ата заңымызда атап көрсетілгендей,
егеменді, еркін еліміздегі сөз, баспасөз бостандығының айқын айғағы.
Айтам дегеніңді – айтасың. Ешкімнің аузына қақпақ қойылып жатқан жоқ.
Алайда, еркіндіктің де өз өлшемі бар. Еркінсиміз деп ел іргесінің іргетасына
сызат түсіруге тағы болмайды. Бұл жерде, әрине, әрбір қалам иесінің өз
кәсібіне адалдығы, отаншылдығы, оның мемлекетшілдігі шешуші роль
атқарады.
Іргеліде ана тілімізде шығатын басылымдар өткен ғасырдың тоқсаншы
жылдары нарықты экономиканың жойдасыз қиыншылығымен бетпе бет келе
отырып, Қазақ мемлекеттілігі үшін болған саяси сайыста шынығып, ширап
шықты дедік.Сонымен қоса ел тәуелсіздігі мен егемендігі жолындағы
мәртебелі күресте үнемі өзінің кесімді де шешімді сөзін айта білген ана
тіліміздегі газеттер мен журналдардың тағдыры ешкімді де бей-жай қалдыра
алмағандығы тағы шындық.
Жоқшылық жылдарында қазақ басылымдарының қолдаушысы да,
қорғаушысы да ұлы мәртебелі оқырман болғаны анық. Сүйікті газетінің
шығып тұруы үшін бүтіндей ауыл аймақ, көше-аула тұрғындары қолда барын
беріп жатты. Бұзаулы сиырын, енді біреуі боталы түйесін, қой-ешкісіне дейін
атап, жеделхаттар жолдады. Қулық-сұмдықтан ада, ақжарылқап пейілді
қайран Ел іші-ай десеңші!… Айлап жалақы, жылдап қаламақы ала алмай
газеттерінің бір нөмірі шықса, он нөмірі баспаханада өндірісте қатталып
жататын менің әріптестерім, қаламдастарым сол жылдары мамандыққа
адалдықтың шынайы үлгісін көрсетті!
1999 жылы 12 шілдесінде «Қазақ газеттері» деп аталатын жабық
акционерлік қоғамның құрылуы алды жетпіс-сексен тарихи бар ұлт
руханиятының жанашылары атанған басылымдарды жабылып қалудан
құтқарудың амалы еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзінің
қамқорлығымен жүзеге асырылған бұл шешім өзінің өміршендігін көрсетті,
бірден-бір дұрыс шешім екендігін байқатты. Соның нәтижесіде осы
акционерлік қоғам құрамына кірген басылымдар белшеден батқан
қарыздарынан құтылып, уақытылы оқырмандар қолына тиетін болды.
Заң талаптарына сай қайта тірекеуден өтіп, жауапкершілігі шектеулі
серіктестігі болып құрылған бұл қауымдастық құрамындағы «Ана тілі»,
«Экономика», «Ұйғур авази», «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» басылымдары
бүгіндері оқырман қауымның қолдан қолға тигізбей оқитын газеттері мен
журналдары болып отырғаны анық. Өзінің бет-бейнесін, тақырып аясын,
түрлендіріп, жаңаша мазмұнмен шықпаған басылымның жолы келте. Осы
талапты өздерінің жұмыстарының негізгі өлшеміне айналдырған еңбек
ұжымдары бүгінде зор серпіліс үстінде. Айталық, «Ана тілі» газеті жуырда
ғана «Сирек кітаптар сериясы», «Халық батыры» айдарлармен жаңа
жобаларды игеруді бастаса, «Экономика» газетінің жанынан бір топ зиялы
қауым өкілдердің басын қосатын ақпараттық сараптамалық орталық –
редакциялық кеңес құрылды. Бұл кеңес бүкіл елімізде қолға алып жатқан
индустрияландыру жобасына байланысты өзінің ұсыныс-пікірлерін беріп
отратын болады. Ағайын арасындағы бірлік пен татулық ынтымақ «Ұйғур
авазидың» ежелден толғаулы тақырыбы. Ал, «Ақиқат» және «Мысль»
қоғамдық-саяси журналдары қазірдің өзінде зиялы қауымның мінбер алатын
басылымдарына айналды.
«Үркер» журналы туралы ерекше айту керек. Біздің болашағымыз –
жастар. Ал, шығармашылық жастардың шабытына қанат бітіретін, олардың
арман-аңсарын әспеттейтін де осы басылым болмақ. Қазір бұл журналдың әр
бір нөмірі шыққан-шыққаныша студент жастар арасында тез таралып кетіп
жатыр. Жуырда ғана еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-
Мұхаммед мырзамен кездесуде атап өтілгеніндей, еңбек ұжымдарының
шығармашылық белсенділіктерінің арттырылуына барынша қамқорлық
жасалып, көмек көрсетіледі.
Газеттер мен журналдардың қалың бұқараның көзі мен құлағы, үні
болуға ұмтылысы, әрине, оқырманның көз алдында. Өйткені, бүгінгі
оқырман өте сауатты оқырман. Одан ештеңені жасырап-бүге алмайсың. Олай
болса, біздің сол газетті қолымен жасап оның әрбір сөзіне жауап беретін
қалам иесінің кәсіби шеберлігі мен біліктілігіне айырықша назар
аударатынымыз сондықтан.
Әрбір қаламгердің жүріс-тұрысынан бастап, ішкі мәдениеті, талғам
түсінігі, шығармашылық ұжымда шыңдалатыны сөзсіз. Олай болса, ар
тазалығы мен имани әдеп, қанағатшылдық пен қайырымдылық секілді
қастерлі ұғымдардың қаламгер бойында мамандыққа адалдық сезімін
қалыптастыратынын айрықша назарда ұстауымыз керек. Мұның түптеп
келгенде елжандылық, мемлекетшілдік сана дейтін қасиеттермен
астасатынын тағы қаперде түйген жөн.
Осы орайда Елбасы Н. Назарбаевтың биылғы жылғы халыққа
Жолдауындағы: « …Бұқаралық ақпарат құралдары адамдар үшін қиындықты
қалай еңсеруге болады. Мынадай қиын кезде қалай аман қаламыз, қалай
төтеп береміз деген мәселелерде «кеңесші» ретінде көрсетуге тиіс.
Азаматтарды басқа адамдардың оң тәжірибесі арқылы үйрету керек» деген
талабы ойға аралады. Демек, қазіргідей қаржы дағдарысы қоғамдық өмірдің
қай саласына да болса салқынын тигізіп жатқан шақта қаламгер ағайынға да
зор міндет жүктелетіні сөзсіз. Қайда оң тәжірибе болса саны қуана қолдап, ел
игілігіне асыруға асығайық. Осы бағыттағы журналист қауымы біріне бірі
демеу, сүйеу болғаны жөн.
Қазір жау іздейтін, дау қуатын заман емес. Дағдарыс кезінде
қалтарыста қалмайық. Дағдарыста қалтарыста тұрып тас атпайық. Бізге ірілік
керек, бірлік қажет. Осы бір қағидат әрбір еңбек ұжымында, шығармашылық
ортада айтыла беруі керек деп есептейміз.
Еңбек ұжымы, әрине, тәрбие мектебі. Алайда, қаламгердің біліктіліген
арттыру мақсатында ойласатын шауаларда жоқ емес. Осы орайда республика
бойынша бұқаралық ақпарат өкілдерінің кәсіби шеберлігін арттыратын,
білімін жетілдіретін арнайы институт ашу мәселесі пісіп-жетілген секілді.
Бұл мектеп шын мәнінде озық тәжірибелер ортаға түсер, мемлекетіміздің
стратегиялық бағыттарына сай атқарылып жатқан алуан жұмысын ой
сүзгісінен өтер білім ордасы болар еді. Бұл мектеп сонымен қатар бүтіндей
Қазақстан мен Орталық Азия бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс жасап
жатқан әріптестермен пікір бөлісетін тәжірибе алмасатын орталық та болмақ
деп ойлаймыз.
2009
Достарыңызбен бөлісу: |