Асанов камашке даулетқАНҰлы айтыс өнерінің публицистикалық сипаты Электронды оқулық


Айтыстағы дін, имандылық тақырыбы



Pdf көрінісі
бет17/26
Дата27.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#70231
түріОқулық
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   26
Байланысты:
d12a00640c0832fa23edce30a75d6d85 (1)

Айтыстағы дін, имандылық тақырыбы. Жетпіс жылға жуық үстемдік 
құрған коммунистік идеология тек тілге ғана қысым көрсеткен жоқ, ол сондай-
ақ халық руханиятының өзге де құндылықтарына кері әсерін тигізіп бақты. 
Қазақтың ұлттық қасиетін танытатын басты критерийлері тілі мен діні екендігі 
белгілі. Өзін мұсылман елі санайтын қазақ халқы үшін, атеистік көзқарастың 
зардаптары қаншалықты ауыр болғандығын ойша шамалауға болады. Ғасырлар 
бойы халықтың зердесінен орын алып, өмір сүру заңдылықтары мен тіршілік 
қағидаларымен етене араласып, салт-дәстүр, өнер-мәдениетке, рухани 
құндылықтарға өзінің әсер-қуатын барынша сіңірген ислам дінінен алыстау, 
ұлт үшін аса қауіпті құбылыс еді. Қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі 
ғұмыры ислам дінінің ең асыл қасиеттеріне негізделіп, дүниелік көзқарас, 
таным-түйсігі сол бойынша қалыптасқан еді. Бүгіндері БАҚ жиі көтеріп жатқан 
ұрлық-қарлық, кісі өлтіру, нашақорлық, жезөкшелік, тастанды бала, жесір әйел, 
жетім қарт сияқты халық салтында болып көрмеген жаман әдеттердің көбеюі, 
сөз жоқ, адам бойынан имандылық, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттердің 
жоғала бастауын көрсетеді.
Белгілі дінтанушы ғалым Мұртаза Бұлұтай: «Ислам дінінің негізгі 
мақсаттарының бірі – адамдарға жақсылық ахлақ, яғни, көркем мінез беру. Бұл 
иманы кәміл мұсылманда көркем мінезге жататын әдептлілікпен бірге, рухани 
қасиеттер де болу керек деген сөз. Қасиетті Құранда Аллаһ Тағала ахлақи 
құлдыраушылық, яғни, өтірік айту, ұятсыздық, өсек, өзгелерді сырттарынан 
ғайбаттау, күндестік, күншілдік, сараңдық, парақорлық, сабырсыздық, 
озбырлық секілді жаман қылықтар салдарынан болатын күнәлардың салмағы, 
басқаларға қарағанда ауырлау болатынын баса айтқан»[158, 276 б.].


208 
Берер тағылымы ұшан-теңіз Құран қағидаларының бір ғана парасы адамзат 
зердесіне осындай ой салса, оның біз сіңіре алмай жатқан басқа да 
тағылымдары қаншама. Ел тәуелсіздігін алған тұстан бастап қазақ қоғамында 
көтерілген өткір, зәру мәселенің бірі осы дін жағдайы еді. Халықты исламның 
иманды жолына шақырып, оның қоғам үшін қаншалықты қажет екендігін 
түсіндіруде ақындар айтысы өте ықпалды насихат жүргізді деп айтуға толық 
негіз бар. Әрине, елді имандылыққа шақыруда жалғыз айтыс өнері ғана жұмыс 
жүргізді деп айту ақиқат бола қоймас. Теле,- радиодағы, газет-журналдағы үгіт-
насихат ғылыми танымдық пікір көзқарастар да, бұқара халыққа үлкен ықпал 
еткені анық. Қазақстан елді мекендерінде бой көтерген жүздеген, мыңдаған 
мешіт, медреселердің өмірге келуі аталмыш салалардың бұқара халық санасын 
оята білуі деп түсінген жөн. Айтыстағы дін мәселесінің өзектілігі айтысушы 
ақынның осы тақырыпты терең білуімен де өлшенсе керек. Айтысушы 
ақындардың біразы ислам діні туралы біршама білімі бар азаматтар еді. Атап 
айтқанда, айтыс өнеріне дін тақырыбын әкелген және оны тартымды 
насихаттай білген ақындардың көш басында Мұхамеджан Тазабеков болды. 
Айтыс өнерінің айтулы өкілдері Шорабек Айдаров, Серік Қалиев, Балғынбек 
Имашев, Айбек Қалиев, Айтбай Жұмағұлов, Тілеген Әділов, сондай-ақ кейінгі 
толқында Дидар Қалиев сияқты көптеген жастардың имандылық жолын 
ұстануы, діннің тағылымдық-тәрбиелік мәнін барынша тереңдете түсті. 
Ақынның діни сауатты болуы тақырыптың өзектілігін һәм насихатшылдық 
сипатын барынша айқындай түсті. Мәселен, Мұхамеджан Тазабеков пен Мэлс 
Қосымбаев арасында өткен діни көзқарас сипатындағы пікірталас аталмыш 
мәселе жөнінде қажетті бағыт-бағдар берері сөзсіз.
Мұхамеджан: «Мэлс-ау, айтқан сөзің нықталады,
Иманмен орындалсын ұлт талабы.
Жеңіл сөзден сүрінер деп ойлап па ең,
Мұндайға мұсылмандар мұрт қағады.
Білген жанға сауалың өте оңай,
Қиын боп көрінгенмен сырт талабы.
Әуелі Мұса пайғамбар үшке бөлген, 
Жәннатқа қайта тірілген құс барады.
Содан кейін Құранда атын айтқан, 
Үңгірде бірге ұйықтаған ит барады...» [137, 10 б.]. 
Бір кезегінде дін туралы толғамын осындай деректі ойлармен 
сабақтастырған Мұхамеджан әріптесі Мэлске бірнеше сыни сауалдар тастайды. 
Әріптесінің әлі намаз оқымай жүргенін, Құран сүрелерінен хабарсыз екенін, 
халықтың басқа жолға түсіп бұзылмауы үшін қандай үгіт-насихат 
жасайтындығын, мешіт салуға неге мұрындық болмағаны жөніндегі сөздерін 
батырыңқырап айтады. Кезегі келгенде Мэлс ақын да діни тұрғыдан өзінің қара 
жаяу еместігін мынадай ойларымен танытып өтеді:
Мэлс: « ...Екі жансыз дегенім: 
Біреуі – Мұсаның аса таяғы,
Біреуі – Ыдырыстың киген кебісі.
Екі арам дегенім... 


209 
Біреуі – Айсаның мінген есегі,
Біреуі – Қытымыр деген қызыл ит...» [137, 11 б.]. 
Екі ақынның да сөз саптасынан аңғарғанымыз, дін жөніндегі таным-
біліктерінің біршама бар екендігі. Ислам – жалаң ой, жадағай насихаттың 
құралы емес. Исламды, дінді насихаттау, жырлау үшін ақын белгілі дәрежеде 
сол тақырыпты білуі шарт. Жоғарыда келтірілген Мұхамеджан мен Мэлс 
ақындардың жыр үзінділерінен біз осы жайтты аңғардық. Екі ақын да ойларын 
абстрактылы түрде емес, нақты мысалдар арқылы өрбітеді. Мұның өзі айтыс 
ақындарына осы тақырыпқа қатысты проблемалық ойларды қозғау барысында 
көп көмегін тигізері анық. Публицистика теориясында мынадай уәж бар: 
«Публицист объективтілікті сақтау үшін іске кіріспес бұрын белгілі объектіні 
барлық жағынан да қарастырып, ондағы жағдайлардың бәрін де өз көзімен 
көріп, зерттеп алғаны жөн...» [114, 24 б.]. 
Айтыс өнерінде діни тақырыпты жырлау ертеден келе жатқан үрдіс. 
Ғалымдарымыз айтысты түрге бөліп қарастырғанда, «діни айтыстар» деп жеке 
көрсетуі де бұл тақырып саласының өзіндік орны мен әлеуметтік мәніне айғақ 
болса керек. Жоғарыда келтірілген Мұхамеджан мен Мэлс ақындардың дін 
жөнінде сауал қоя отырып, бір-бірінің білімін сынау дәстүрі ХІХ һәм ХХ ғасыр 
басындағы айтыс үлгілерінде жиі кездеседі. Шамамен 1916 жылдары өткен 
Иманжан мен Бибіғали қыздың айтысында осы тақырыпқа қатысты мынадай 
жыр жолдарын байқаймыз:
Бибіғали қыз: «Сұраудың уақасы жоқ, білмегенге,
Қиын сол, қараңғылық көрмегенге.
Айтып бер, анық білсең, ақын інім,
Мақал бар ел аузында Зіл деген не?» [38, 441 б.]. 
Иманжан: «Білмесең мен айтайын апекежан,
Жаратқан дүниені Қадір-Мәулан.
Жаратып алты күнде тамам еткен,
Өрбіген бұл дүниеге алты мың жан.
Басып тұр дүниенің төрт бұрышын,
Кішкене өзі ауыр Зіл деген аң» [38, 442 б.]. 
Қазан төңкерісіне дейінгі ақындар айтысында жиі кездесетін дін 
тақырыбы, ел тәуелсіздігін алған тұстардан бастап қайта жаңғырып, кең өріс 
ала бастады. Бірақ бұл жолғы діни насихат, жұмбақтасу немесе ақындардың 
білім сынасу тұрғысында емес, елдің әлеуметтік, моральдық жағдайларымен 
сабақтаса өріліп, имандылыққа, ізгілікке шақырған рухани түлеу сипатында 
көрініс тапты. Қазіргі айтыста слам діні халықты ынтымақ, бірлікке бастайтын, 
жат әдеттерден арылтатын рухани қуат ретінде насихатталды. Айтыстағы бұл 
бағыт нәтижесіз де болған жоқ. 2005 жылдың тамыз айында айтыс 
ақындарының біразы Меккедегі «умра» қажылыққа барып қайтуы, ислам дініне 
деген ұлт азаматтарының көзқарас-танымын біршама кеңейте түсті.
2001 жылы Алматы қаласында өткен «Отанды сүю – иманнан» атты 
республикалық ақындар айтысы да. аталмыш тақырыптың қоғамдық маңызы 
мен өзектілігін айқындаған шараның бірі болды. Қазіргі айтыстағы дін 


210 
тақырыбы намаз, қажылық, зекет, ораза, иман сияқты мұсылманның басты бес 
парызын уағыздаумен емес, имандалақтың негізгі төркіні адалдық, 
адамгершілік, ізгілік, тазалық, ақиқат сияқты адам бойындағы асыл қасиеттерде 
екендігін көрсетумен, соған шақыруымен ерекшеленеді деп айтуға болады. Әрі 
бұл насихат жалаң үлгіде емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігікпен, қазіргі қоғам 
проблемаларымен астаса өрілуімен құнды болып табылады.
Мәселен, Мұхамеджан Тазабековпен айтысқан ақын Дәулеткерей 
Кәпұлының мына бір толғамдары дін мен қоғам арасындағы ымырасыздықты 
әшкерелейді.
«... «Көпұлтты» деп мақтанған Қазақстан,
Көпдінді боп жүрмесін, көпқұдайлы?! 
Тыйылмай құмар істеп, кінәлі істен,
Жылытар жүрегіңді жұбаныш кем.
Құлқынның құлы болған қазақ аз ба,
Кәпірден асып түсер құлап ішкен? 
Қаладағы қаптаған казиноңның,
Мешітіңнен мерейі тұрады үстем...» [137, 21 б.]. 
Дәулеткерей ақын сегіз жылға сыйдырған қоғамның осындай күрделі 
проблемасы өзінің салыстырмалы сипатымен тыңдарманын бірден баурап 
алады. Газет журналистерінің тілімен айтсақ, сегіз жүз жолдық проблемалық 
мақалаға жүк болар мәселе салмағы сегіз жол өлеңге сыйып тұр. Ақынның осы 
жыр шумақтарында: «Көпұлтты» Қазақстандағы көпдінді ұлт өкілдерінің бүгіні 
мен болашағы, нәпсіге құл болушылық сияқты қазақ қоғамындағы орын алып 
отырған ең дертті мәселелер қамтылады. Және жай қарапайым баяндау 
үлгісінде емес, ақындық қуатпен әсерлі кейіпте жырланып тұр. Белгілі ғалым 
М. Базарбаев саяси-әлеуметтік өлең-жырларға былай деп анықтама береді: 
«Саяси-әлеуметтік өлең-жырлар – кезеңдік поэзиядағы саяси-мәселелерді 
көтеріп, әлеуметтік мақсат-мүдделерді паш ететін саласы. Қоғам өзгеріс 
алдында, бұқара толғаныс үстінде тұрған алмағайып кезеңде, саяси-әлеуметтік 
өлеңдердің белсенділігі арта түсетіні белгілі» [159, 308 б.]. 
«Қоғам өзгеріс алдында, бұқара толғаныс үстінде» тұрған уақытты 
Қазақстан халқы да бастан өткереді. Дәл осындай ұлы өзгерістер дәуірінде 
публицистика жанрының рухани көшті бастайтынына зерттеу барысында жан-
жақты тоқталған болатынбыз. Жетпіс жылдай үстемдік құрған коммунистердің 
атеистік идеологиясы тәуелсіз елдің еншісіне тілі жұтаң, діні қуаң ұрпақты 
қалдырды. Тәуелсіздіктің баянды болуы үшін осы келеңсіздіктерді дер кезінде 
тоқтату, алдын алу оңай жұмыс емес еді. Осыны жақсы түсінген ұлттың зиялы 
қауымы, рухани құндылықтарды күшейтуге барынша күш салды. Осы қатарда 
айтыс ақындары да үлкен насихаттар жүргізіп, мүмкіндіктері келгенше халық 
зердесіне әсер ететіндей отты жырдарды дүниеге әкелді. Жоғарыда келтірілген 
Дәулеткерей ақынның жыры тақылеттес, айтыс өлеңдері уақыттың өткір 
мәселелерін батыл көтерді. Әсіресе, қазақ қыз-жігіттерінің бойындағы жат 
әдеттерді әшкерелеп, саналарына сәуле боларлықтай насихат айтқан 
ақындардың ішінде Мұхамеджан Тазабеков есімін ерекше атаған жөн. 
Мұхамеджан жырлары өзінің тілдік қуаттылығымен, терең танымдылығы һәм 


211 
қазақи құнарлылығымен тыңдаушы-көрерменнің ықыласына ие болды. 
Ақынның айтыста айтқан терең тәмсілдері халық арасына кең тарап, насихат 
жырына айналды. Осының өзі айтыстың халыққа етене жақын өнер екендігін 
тағы бір мәрте дәлелдей түседі. Енді Мұхамеджан ақынның Бекжан 
Әшірбаевпен болған айтысындағы мына бір жыр шумақтарына зер салып 
көрелік.
«...Ұлттың рухын жоғалтқан ұлдарың көп,
Қылышына тар келген қын секілді.
Тамырын тарата алмас қыздарың бар,
Шелекке отырғызған гүл секілді.
Құдайсыз ұрпақты да өсірдік-ау,
Құмырадан шығарған жын секілді...» [123, 221 б.]. 
Өнер – адамзат баласының рухани айнасы, кез келген рухани 
шығармашылық дәуір мен сол қоғамда өмір сүрген адамдардың жан-дүниесін, 
болмыс-бітімін бедерлейтін құндылық.
Мұхамеджан ақынның ұлт рухсыздығы туралы толғаныстары бүгінгі 
замандастарымызға ой салары хақ. Осы жырларды тыңдаған немесе естіген кез 
келген адам алдымен өзіне, одан кейін маңайына сын көзбен үңілері ақиқат. 
Ақын жырының мұраты да сол халыққа ой тастап, санасына ізгілік сәулесін 
ұялату.
«Адамның ең үлкен дұшпаны – нәпсісі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кәсібім – 
үнемі нәпсімен күресу, бұдан қашқан адамдар қорлықта қалады», – деп 
нәпсімен күресуді үлкен жиһадқа санаған. Кісінің діні, иманы, ақылы бір жақ 
та, нәпсіні, оны қоздырушы шайтан бір жақ болатын бұл соғыс, адам адам 
болып жаратылғалы бері бір сәтке де тоқтаған емес. Дін, иман, ақыл – адамды 
ізгілікке, көркем мінезділікке, Алланың рахметі мен жәннатқа шақырса, нәпсісі 
– кісіні күнәға, құмарлық пен шаһуатқа қызықтырып, шайтанмен бірге мәңгі 
тамұқ түбінде қалуға итермелейді» [160, 5 б.]. 
Дінтанушы ғалымдар келтірген осы пікірдің актуальдылығы бүгінгі қазақ 
қоғамында аса маңызды болып отыр. Адамгершілік, ізгілік қасиеттерден ада, 
құлқынның, нәпсінің құлы болған адамдар қоғамға өте қауіпті элементтер. 
Бүгінгі күннің өзекті проблемасына айналып отырған «коррупция», «адам 
сату», «нашақұмарлық», «жезөкшелік» сияқты толып жатқан келеңсіз
көріністердің негізгі тамыры осы нәпсіқұмарлық, құлқын қамын ойлау сияқты 
жаман әдеттерден туындайтыны белгілі. Ел болып күресіп жатқан осынау 
кеселге қарсы айтыс жырларында да аз айтылған жоқ. Лена Әбдіхалықовамен 
болған айтысында Тараздық ақын Шорабек Айдаров замана зобалаңын 
былайша толғайды:
«...Бұл өзі қос дүниеге көпір заман,
Байға ну, ал кедейге тақыр заман.
Бейшара, ғарып-жесір, сорлылардың,
Көз жастарын көрмейтін соқыр заман. 
Құлқыны үшін құдайын ұмытатын,
Кәнігі ұрыға дос – кәпір заман.
Ағайын, айтыңдаршы айналайын,


212 
Жақындап қалған жоқ па ақырзаман?!.» [123, 292 б.]. 
Қазақ қоғамында орын алып отырған әлеуметтік теңсіздіктер салдарын 
адамның ар-ождан болмысымен сабақтастыра қараған ақын мәселе себебін 
имансыз пенделердің тоғышарлығынан іздейді. Қара басы, құлқыны үшін 
иманды, құдайды ұмытқан тоғышарлардың елді аздыратынын, егер осы жағдай 
жалғаса берсе, түбі жақсылыққа апармайтынын ескертеді. Айтыс мұраты да 
халық санасына ой салып, белгілі бір мақсатқа жұмылдыру керек екенін 
ескерсек, Шорабек ақынның бұл жырлары өз уақытына қызмет істеп тұрған 
сөздер.
Насихат, үгіт жырларының құндылығы да өз уақытының проблемасын 
тани білуімен, әрі оған дер кезінде үн қосуымен өлшенеді. Қазіргі айтыстағы 
дін тақырыбын жырлаудың өзіне тән ерекшелігінің бірі, ақындардың заманға, 
уақытқа лайық ойларды, яғни, сөйлеу образдарын қолдануы дер едік. Халыққа 
сол уақыттың, сол қоғамның пайымдауы, көзқарасы тұрғысында тіл қату – бұл 
біріншіден адам санасына жылдам әсер етеді, екіншіден сол ойды қиналмай 
қорытуға мүмкіншілік береді. Бекарыс Шойбековпен арадағы айтысында ақын 
Мұхамеджан Тазабеков мынадай қазақы танымға жақын жыр жолдарын тілге 
тиек етеді:
«...Салтанат құрсаң, елім, мен шаттанам,
Сен үшін тілім – келі, келсап болған.
Ниеттестер жиылып қалыпсыздар,
Алғысы алтын тақтан кем соқпаған.
Мәсінің қонышындай тар заманда,
Кебежедей көңілін кең сақтаған.
Иманды елдің ұрпағы емес пе едік,
Анасы – ар, бабасы – жер сатпаған.
Билері бәтуасыз сөзге бармай, 
Ұстасы ескі ағаштан ер шаппаған.
Жамағат, жанашырым сіздерсіздер,
Сабырына сүйеніп жан сақтаған...» [123, 112 б.]. 
Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді ащы айтатын ақындар, кейде халық 
жүрегіне, танымына жақын осындай аяулы сезімдерді де ұсынып жатады. 
Мұның өзі айтыс ақындарының қараша халық ықыласына, пейіліне ден қоя 
білетіндіктерін, нені айтып, нені жырласа да тек ұлт мүддесі, аңсар-мұраты 
үшін қызмет қылатындықтарын аңғартады. Айтыстағы дін-ислам тақырыбы, 
сөз жоқ, халыққа үлкен рухани қуат, байыпты бағдар берген тағылымы мол 
жыр үлгілері болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет