Асанов камашке даулетқАНҰлы айтыс өнерінің публицистикалық сипаты Электронды оқулық


Айтыста ұлт тарихын дәріптеудің тағылымдық мәні



Pdf көрінісі
бет19/26
Дата27.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#70231
түріОқулық
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26
Айтыста ұлт тарихын дәріптеудің тағылымдық мәні. Қай халықтың 
болмасын өсіп-өркендеуі, қалыптасуы һәм келешегі өзінің тарихи 
құндылықтарымен тығыз байланыста болады. Дәстүрсіз ел – тамырсыз ағаш 
сияқты. Жасанды тарих, нәрсіз тіл, дүбара дін – елді ешқандай өркениетке 
бастамайды. Ұлттық идеологияның негізін қалыптастыруда тарихтың терең 
тәмсілдеріне жүгінетініміз сондықтан. Айтыста көтерілген тарихи тақырыптың 
барлығы ұлттың ұлы тұлғаларымен сабақтастырыла қарастырылуы заңдылық. 
Мәселен, қазақтың дербес мемлекет болып қалыптасуын Керей, Жәнібек 
хандар есімдерімен байланыстырсақ, қазақ батырлары Қанжығалы Бөгенбай, 
Қара Керей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай есімдері ұлт тарихындағы ұлы 
істерді жүзеге асырушы, көсемдер ретінде бағаланады. 
Тәуелсіздік тұсында өткізіліп келе жатқан ақындар айтысының арналы 
тақырыптарының бірі – ұлт тарихының ұлы тұлғаларын дәріптеу болып 
табылады. 1991 жылдан 2001 жылға дейінгі он жылда қаншама батыр, 
билердің, абыз-шешендердің есімін жаңғыртып, олардың әруағына тәу етіп, 
тарихи жадымызды қайта жаңғырттық. Ұлт тарихының ұлы тұлғаларын 
дәріптеу арқылы Тәуелсіз Қазақ мемлекеті өзінің идеологиялық қуатын байыта 
отырып, жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелеуде жақсы 
нәтижелерге жетті деп айтуға болады. Тәуелсіздік атты ұлы ұғымның баға 
жетпес құндылығын өскелең ұрпақ санасына сіңіруде, тек ұлттың рухани 
мұрасын терең насихаттау арқылы ғана қол жеткіземіз. 
«Айтыс – өзіндік тарихы бар, тағылымы мол ауыз әдебиетін кеңейтіп 
отыратын айтулы өнер. Айтулы болатын себебі, айтыстың өне бойы өлеңмен 
өріледі және ақиқаттан аттамай, шындық шырқалады. Екі ақынның сөзбен іліп-
шалуынан басталған бұл сайыс елдік мәселелерді көтеруге дейін дамиды. Осы 
екі ортада ақын өрелі, өмірлік тәжірибесі мол, зерделі болса, қазақтың әрлі-
берлі тарихы, екі елдің арақатынасы, өмір сүріп жатқан қоғам көріністері 
сөзбен суреттеледі» [163, 139 б.]. 
Зерттеуші келтірген осы пікірдегі «қазақтың әрлі-берлі тарихын» білу, көзі 
ашық, көкірегі ояу кез келген адам үшін басты парыз болып саналады. Ал, 
айтыс ақындары үшін ұлт тарихын жақсы біліп, оны халыққа тартымды 
насихаттау, мемлекет идеологиясы үшін аса маңызды болып саналмақ. Осы 
тұрғыдан қарастырар болсақ, қай айтысында болмасын үнемі азаттық идеясын 
ту қылып көтеретін Баянғали Әлімжанов, Аманжол Әлтаев, Мэлс Қосымбаев, 
Серік Құсанбаев, Оразалы Досбосынов, Дәулеткерей Кәпұлы, Балғынбек 
Имашев, Мұхамеджан Тазабеков, Айбек Қалиев, тағы да басқа көптеген 


217 
ақындардың есімін атауға болады. Жалпы, қазіргі айтыстың басты ерекшелігі 
де азаттық идеясының аясында, ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтап көрсету десек, 
қателеспейміз. Тарихи тұлғалардың ерлігі мен есімін дәріптеу арқылы айтыс 
ақындары ұлт болашағының баяндылығы жолындағы бүгінгі ұрпақтың қандай 
болуы керектігіне меңзеу жасайды. Тіпті бүгінгі келеңсіздіктерді жырлай 
отырып, кешегі тарихтан тәлім алуға шақырған ақын ойлары айтыс сайын әр 
қырынан жарқырай көрініп отырады. Ермек Жұматаевпен болған айтысында 
ақын Аманжол Әлтаев бүгін мен кешегіні салыстырмалы түрде көрсеткен. 
Ақынның бұл тәсілі өз кезегінде өте сәтті шыққан.
«...Бар қазақ бірге жүрсін бұл өмірде, 
Қарасай, Ағынтайдай құшақтасып... 
Ел едік күн астында көшіп өткен, 
Билері даналықпен кесім еткен. 
Жетім мен жесірлердің мәселесін, 
Бабалар мейіріммен шешіп өткен.
Тек біздің әділетсіз қоғам ғана,
Шет елге бала сатып есі кеткен...» [138, 53 б.]. 
Айтыс жырларының тәрбиелік, тағылымдық сипаттарының өзектілігі
мәнділігі де осы қырларынан көрінсе керек. Батыр-билердің, абыз-
жыраулардың азаматтық, тұлғалық қасиеттерін көрсету арқылы бүгінгі ұрпақ 
бойындағы жігерсіздік пен жалқаулықты сынау, ақындар айтысында жиі 
ұшырасады. Мәселен, Маржан Есжановамен болған жекпе-жек айтыста 
Аманжол Әлтаев бір кезегінде ұлт тарихын тым тереңнен қаузай ды. Исі түркі 
жұртының айбары болған Күлтегін, Еділдердің ерлік дәстүрін дәріптей келіп, 
ақын ойларын былайша түйіндейді:
«...Талай мәрте ботаңды өлтірсе де,
Боз інген, аруана – ұлтым, суалмадың.
Тар ноқтаны шешсе деп көп боздадың,
Еркіндікке жеткенше уанбадың.
Елбасы нұрлы жолы ұзақ болсын,
Бабаның орындаған ұлы арманын.
Хан Кене, Махамбеттер арқасы ғой,
Азаттық алып бүгін қуанғаның...» [137, 256 б]. 
Елдік пен ерліктің дәстүрлі жолын бүгінгі Тәуелсіздік заманмен 
сабақтастыра өрген ақын жырлары халық зердесіне өшпес рух ұялатары сөзсіз. 
Бейнелі теңеулермен, әсерлі сөзге құрылған ойлы жырлары көп жағдайда 
көркем публицистикалық жанр сипаттарын еске түсіреді. «Бір атап айтарлық 
жайт: әлеуметтік мәселелерді көтерген көркем айтыстарда сөз бәсекесіне 
түскен екі ақын алғашқы рулық тар шеңберден шығып, асқақтата сөйлейтін 
лирикалық кейіпкерлерге айналды да, бүкілхалықтық мәні бар аса елеулі 
оқиғаларды жырлау дәрежесіне көтерілді. Мұнда ақынның қоғамдық өмірге 
деген көзқарасы мен көркемдік талғам принциптері де сарапқа салынды» [164, 
12 б.]. 
Зерттеуші келтірген осы пікірлердегі ақынның лирикалық кейіпкерге 
айналуын айтыс жырларын талдау барысында анық байқаймыз.


218 
Зерттеудің әр тараушасында үнемі тілге тиек етер қағидаларымыз айтыс 
жырларының көркем-публицистикалық һәм лирикалық ішкі толғаныстарға 
бейім жанр екендігі. Айтыс өнерін халыққа етене жақын қылған да, ақын 
жырларынан осы қасиеттердің көрініс беруі. «Айтыс өнерінің көркемдік 
сипатын саралағанда ең басты назар аударар нәрсе – әр ақынның өз даралығы, 
ерекше бітімі. Дәстүрлі өнерге қойылар осы эстетикалық талап еш уақытта да 
ескерілмейді. Әр түрлі сахналық сөз сайыстарында ақындар тілімен өрілген 
шумақтардың адам жанын қуанышқа бөлер әсерлілігі көрерменнің жүрегінде 
сараланды» [165, 136 б.]. 
Айтыс өнерінің табиғатына зер сала отырып, көп жылғы тәжірибеден 
аңғарғанымыз, халықтың қашанда ақынның тіл шеберлігіне, ой алғырлығына 
ден қойып тамашалайтындығы.
Сөз байлығы аз, тілі жұтаң айтыскердің жыр сайыстарында бағасы төмен 
болып жататындығы белгілі. Қазақ халқы ана тілінің ажарын кіргізетін сұлу да, 
көркем, қанатты сөздерді сағынғалы қашан. Тілге тұсау болған кеңестік дәуір 
туған 
тіліміздің 
бағын 
қашырып, 
байлығын 
жасырды. 
Тілдік 
қолданысымыздағы тегеурінді сөздік тұлғалар архайзмге айналып, халық 
күнделікті тұрмыстық тіл деңгейінде ғана сөйлесетін халге жетті. Айтыстағы 
бейнелі, образды сөздерді естігенде жоғалтқан асылын көргендей халықтың 
қуана қол соғатыны сондықтан.
Аманжол:
«...Исі түркі жұртының айбары едің,
Айға қарап, керілген құба арланым!
Жетімнің көзіндегі жасты көріп,
Ереуіл атқа ер салмай тұра алмадым...» [137, 256 б.]. 
Серік Қалиев: 
«...Қазыбек, Төле бидің ұрпағысың,
Тоқтатқан отты жырмен қолбасыңды.
Мен дағы жақсылардың жалғасы едім,
Еріткен майда тілмен қорғасынды...» [137, 60 б.]. 
Оразалы: «...Ойларыңды оюлап,
Кеттің-ау Омар Һайямша. 
«Бұзау тіс менің сөздерім 
Бұтыңнан шағып шаянша». 
Құлагер аттай қызынып,
Құлдыраңдап шаптың қоянша.
Бақырауық келер ақ серке,
Бауыздалар шақ таянса...» [137, 80 б.] 
Мұндай мысалдарды айтыс жырларынан молынан ұшыратамыз. Халқымыз 
айтыс ақындарын «от ауызды, орақ тілді» деп әспеттеп жатуы да осындай 
сөздерді естігеннен кейін туса керек.
Айтыс тілінің ажарлы болуы да кейде жырлап отырған тақырыпқа 
байланысты болады. Біз сөз етіп отырған ұлт тарихындағы ұлы тұлғалар 
тағдыры кез-келген ақынды бей-жай қалдырмасы анық. Ауылдық жерде өсіп, 


219 
ұлт тілінің уызын бойларына сіңіріп өскен айтыс ақындары, қашанда халық 
мүддесінің, дәстүр-салтының, рухының жоқтаушылары бола білді.
Көрнекті ғалым Р. Бердібаев айтыс ақындары туралы: «Ақын атаулының 
ежелгі дәстүрінің бірі – өз халқының, елінің жақсылығын жария ету, 
жұртшылықты ізгілікке тәрбиелеу, отаншылдық қасиеттерді дарыту болып 
табылады», – [111, 161 б.] деген болатын.
Бабалар салған ерлік жолы халық тарихында жалғасын табатындығын, 
отаршылдықтың зардабын тартсақ та, қанымызда батырлық, дегдарлықтың 
қуаты сарқылмағанын паш еткен, ақын жырлары елге рух, жігер берері сөзсіз. 
Айтыстың бір ерекшелігі де осындай өрлік мінез танытуынан туындайды. 
Дәулеткерей Кәпұлымен арадағы айтысында ақын Оразалы Досбосынов осы 
мәселені тартымды жырлайды:
«...Кешегі ер Исатай, Махамбеттер,
Кенесары, Наурызбай халқымыздың 
Азаттығы жолында әділ өлген.
Отаршылдық саясатқа қарсы шығып,
Бабатайұлы Дулат бабам өлген.
Қазақ қайтсе азат ел болады деп,
Өз көрін өлеңменен қаза берген.
Желтоқсанда өспірім өрен жастар, 
Елім деп ит қорлықта далада өлген. 
Қайрат, Ләззат, Сәбит, Ерболдардай,
Халықтың бағына Алла бала берген...» [137, 74 б.]. 
Тарихтағы ұлт-азаттық көтерілістерінің ерлік үлгілері Исатай, Махамбет, 
Кенесары, Наурызбайлардан желі тартып, кешегі Желтоқсан оқиғасына 
қатысушы жастарға тағылым болғандығын ақын, Оразалы кестелі жырымен 
көрермен назарына ұсынады. Тарихтан тағылым алудың мұндай тамаша 
үлгілері айтыс жырларында аз кездеспейді.
Айтыстағы тағы бір ерекшелік немесе артықшылық – ақын қиялының 
шексіздігі. Айтысушы ақынға сен бүгін осы тақырыпты ғана жырла, осы 
шеңберден, кеңістіктен шықпа деп ешкімнің міндеттеуге қақысы жоқ. Бүгінгі 
күннің проблемасын жырлап отырған ақын, сөз орайы келгенде, жыр 
мазмұнына сәйкес кез келген тарихы оқиғаларды, тұлғаларды тіліне тиек ете 
алады. Және кез келген проблеманы, мейлі ол кіші немесе үлкен болсын өз 
қалауынша көркемдеп, образдап көрсете алады. Кейде шабыты қысып, 
шамырқанған тұстарында «ресми билік» қаламайтын сөздердің де айтылып 
қалатыны бар. Дегенмен де мұның бәрі сол сәтте жарасымды жағдайда 
қабылданады. Өйткені айтыс өнерінің табиғаты да сонысымен ерекшеленеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет