Асанов камашке даулетқАНҰлы айтыс өнерінің публицистикалық сипаты Электронды оқулық



Pdf көрінісі
бет16/26
Дата27.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#70231
түріОқулық
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   26
Айтыстағы тіл мәселесі. Ана тіліміздің ажарын айшықтайтын ақындар 
айтысында туған тілдің тағдырына деген алаңдаушылық ХХ ғасырдың 
сексенінші жылдарының екінші жартысында басталған. Республикамызда 
алғаш рет қазақ тілінің мәртебесі сөз болып, облыстарда, қала, аудандарда түрлі 
жиындар өтіп, сол кеңестердің нәтижесінде «Қазақ тілі» қоғамдары ашыла 
бастады. Ресми биліктің аз да болса назарын аудартқан бұл әрекет ұзақ жылдар 
бойы «тілге тұсау, санаға кісен» салған кеңестік идеологияның тоңына сызат 
түсірді. Ұлттық тілдегі бұқаралық ақпарат құралдары бұл бастаманы қызу 
қолдап, шамалары келгенше насихаттады. 1984 жылдан көрсетіле бастаған 
телевизиялық айтыс та бұл мәселеге бел шеше кірісті. Әр аймақтарда өткізіліп 
жатқан айтыстар теледидар арқылы миллиондаған көрермендерге қазақ тілінің 
сол кездегі мүшкіл халін боямасыз жайып салды. Бұқара халықтың көңіліне ой 
тастап, қоғамдық пікір қалыптастыруға әрекет еткен ақындар айтысының сол 
кездегі ықпалын атап өту орынды. Әрине, 1991 жылға дейін тіл туралы 
тереңнен қаузап, батыл, ашық айтылған ойлар айтыста арагідік көрініс 
бергенімен, толықтай ұлттық сипатқа ие болмаған еді. Тәуелсіздік алған 
жылдардан кейін де күрмеуі мол геосаяси мәселелердің ықпалындағы 
Қазақстанда ана тілдің тағдыры бірден шешіліп кеткен жоқ. Сол уақыттағы 
қоғам көрінісін сипаттайтын Қонысбай Әбілов пен Қатимолла Бердіғалиевтің 
айтысындағы мына жыр жолдарынан заман ахуалының бедерін бағамдауға 
болады: 
Қатимолла: «...Көңілге зор қуаныш толады да,
Игі істің бір басшысы болады да.
Бабасын қастерлеген асын беріп,
Көп рахмет «Қазақ тілі» қоғамына. 
Арылып басымыздан азапты күн,
Келгендей жарқырап таң, азатты күн.
Мінекей, осы жолы көрсеткендей,
Баласы үлкен атам қазақтығын...» [137, 41 б.]. 
Сол кездегі облыс орталықтарында құрыла бастаған «Қазақ тілі» 
қоғамының ұлттық дәстүр, рухты оятудағы алғашқы игілікті істері ақындар 
айтысында осылайша көрініс тауып жатты. Халқымыздың өмір сүру 
заңдылықтары мен рухани дүниесінің негізгі тетігі ана тіліне байланысты 
болғандықтан, қоғамдағы көптеген түйткіл мәселелердің күрмеуі бірден 
шешіліп кете қоймады. Қазақ руханиятының жалынды жыршысы, әрі 
жоқтаушысы ұлттық баспасөзде тіл тағдыры өткір көтеріліп жатты. Бұл мәселе 
айтыс сайын алдаспандай жарқырап, туған тілдің болашағына деген 
алаңдаушылық ақындар жырының басты тақырыбына айналды. Сара 
Тоқтамысовамен болған сөз сайысында көкшетаулық ақын Арман Бердалин тіл 
туралы толғанысын былайша өрбітеді:


204 
«...Ең басты мәселе боп тұрған қазір,
Ана тілі – қазақ тілі құрып жатыр.
Өз тілін, діліменен білмес жастар,
Бағытын батыс жаққа бұрып жатыр.
Шоқынса да біз қазір таң қалмаймыз,
Осылай тығырыққа тығып жатыр...» [138, 31 б.]. 
Айтыстағы тіл проблемасы қазақ қоғамында орын алып отырған көптеген 
көкейкесті мәселелердің оң шешімін табуына әсер етті. Ана тілдің қадір-қасиеті 
ұлт тарихымен сабақтастырыла қарастырылып, уақыттың келеңсіз көріністері 
барынша әшкереленіп отырды. Жоғарыдағы келтірілген Арман ақынның 
«Шоқынса да біз қазір таң қалмаймыз, Бағытын батыс жаққа бұрып жатыр» 
деген сөздері тілдің ұмыт бола бастауы тәрбиеге, имандылыққа да кері әсерін 
тигізіп жатқандығын аңғартады. Ана тілдің уызына жарымай өскен ұрпақтың 
төл тарихтан, дәстүрден, тәрбиеден, әдебиет пен ұлттық мәдениеттен ада болып 
өсетіндігін айтыс ақындары жеріне жеткізіп жырлады. Сара Тоқтамысовамен 
айтысқан Балғынбек Имашевтың тіл туралы жырлары өз уақытының ащы 
ақиқатын бүкпесіз ақтарған толғанысы еді:
«...Сенат пен парламентке қайран қалам,
Тіліме қарсы шығып тайраңдаған.
Жалғыздың үні шықпай, тілім өлді,
Айтса да Айталыдай қайран ағам. 
Болдырды қан майданда қазан аттар,
Қалдырды бізді ұятқа азаматтар.
Дінімнің тамырына балта шауып,
Тіліме жымыңдайды тозақ оттар.
Тіл жайлы парламентте зор дау болды,
Бас тіл деп қазақ тілін қолдау болды.
Елімнің елеулісі есер екен,
Халқымның қалаулысы қорқау болды...» [138, 123 б.]. 
«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», – деген өр халқымыздың шындыққа 
келгенде семсердей қиып түсер, қайтпас қайсарлығы сонау Асан қайғы, 
Шалгиіз, Қазтуған, Бұқар жырау, Махамбет замандарымен желі тарта отырып, 
бүгінгі ұрпақ бойына да дарығанын қазіргі айтыс ақындарының осындай алмас 
жырларынан байқауға болады. 
Айтыста тіл тағдыры туралы қаншама шындықтар шырылдап, жалғанның 
жарығына шықты. Ең бастысы айтыста айтылған осындай ойлар нәтижесіз 
болған жоқ. Қоғамға қозғау салып, халықтың рухын оятты, пікір 
қалыптастырды. Тіл төңірегінде қазақ қоғамында орын алып отырған қаншама 
келеңсіздіктердің беті ашылды. Айтыста қандай тақырып көтерілмесін, ол 
белгілі бір проблема төңірегінде қалмайды. Мәселен, тіл тағдырына арналған: 
«Туған тілім – ұлы рухым» атты республикалық айтыста ақындар ана тілдің 
проблемасын көтере отырып, қоғам болмысының барлық қырын ашып көрсетті. 
Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті былай деп жазды: «...Биылғы тілге 


205 
арналған шаралардың мазмұны мен сипаты солғындыққа ұрынбай, мемлекеттік 
тілді құнарлы шалғындағы тұғырына қондыру үшін, әр қазақты өзінің ана тілі
туралы ойлантып, оған деген перезенттік махаббаты мен рухын оятуға құрылды 
десек, артық айтпаған болар едік. ...Айтыс өнері арқылы қазақ тілінің мұң-
мұқтажы мен қазіргі күйі баяндалды. Жай қарапайым сөзбен айта салу мен оны 
көркем оймен бедерлеп, бейнелеп жеткізудің айырмасы жер мен көктей. Жұрт 
сөздің сол құдіретін айтыскер ақындардың алқынбай жырлаған шабысынан 
аңғарады...» [157]. 
1997 жылдың 11 шілдесінде Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» 
Заңы қабылданды. Ол Заңның 4-ші бабында, – «Қазақстан халқының басын 
біріктіруші маңызды қатынас құралы болып табылатын осы мемлекеттік тілді 
білу – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының қасиетті борышы болып 
табылады» [142, 275 ], – деп жазылған.
Қалай дегенмен де, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, үлкен істердің 
қолға алынуына мүмкіндіктер туғызды. Қазақстанда ұлт тіліндегі балабақша, 
мектептердің ашылуы, қазақша БАҚ-дары санының көбеюі, түрлі рухани 
салалардың өркендеуіне өз септігін тигізді. Жыл өткен сайын өз жерінде 
азшылықта болып келген жергілікті ұлт саны көбейіп, қазақы рух өз Отанында 
қайта түлеп, жандана бастады. Десек те, қазақ тілі қоғамда өз қуатын барынша 
таныта алмады. Бұл жағдай әлі күнге дейін сақталуда. Тәуелсіз ел атанып, 
тіліміз мемлекеттік мәртебе алса да, туған тілдің тұсауы шешіліп, шынайы 
түрде биліктің тілі бола алмай келеді. Айтыстың сын садағынан қоғамның бұл 
көрінісі де тыс қалған жоқ. Мұхтар Қуандықовпен айтысында ақын Аманжол 
Әлтаев бұл мәселені барынша әшкерелеп берді:
«...Әлемдегі өркенді мемлекетке,
Ана тілі азаттық кепілі еді.
Өзге түгіл өзбектер аш жүрсе де, 
Өз тілінде өзбекше «гәпіреді».
Ал біздің шұбар тілді чиновниктер, 
Бәрінен біз оздық деп көпіреді.
Үлде менен бүлдеге оранса да,
Тілсіз ел кімнен озып кетіп еді? 
Қалтасы қампайғанмен ұлдарының, 
Не пайда қуыс болса көкірегі.
Ана тілін білмейтін дүбаралар,
Осылай ұлт қадірін кетіреді» [138, 145 б.]. 
Айтыста көтерілген қандай да бір проблема болмасын, ол қашанда ел 
мұратымен мүдделес, мақсаттас болып жатады. Халықтың айтыс өнерін жақсы 
көріп, іш тартуына да осы жағдай себеп болса керек. Ана тіліміздің мәртебесі 
Ата Заңымызда анық жазылса да, іш жүзінде сол қауқарсыз қалпында қалып 
отырды. Қазақ тілін өркендету ісі құжаттарды тәржімелеуден ары аспады. 
Осыны көріп, сезіп отырған халықтың көкейіндегі ойлар айтыс сайын айтылып 
жатты. Қоғамда орын алып отырған ұлт мүддесіне қайшы осындай 
келеңсіздіктерді барынша әшкерлеп, үнемі ащы шындықты айтатын ақын 


206 
Айбек Қалиев, Мэлс Қосынбаевпен болған айтысында қазақ тілінің мүшкіл 
халін барынша ашып көрсетеді. 
«... Аты бар да заты жоқ қазақ тілі, 
Орыс тілдің қолына су құйып жүр. 
Ал біздің ел басқарған азаматтар, 
Ағылшынша үйрен деп күлдіріп жүр. 
Сайқал қоғам сорпасын сорға төккен, 
Қазақтың қасіретпен кіндігі бір...» [138, 193 б.]. 
Шығармашылық салада проблеманы көтерудің әр алуан тәсілі бар. 
Айтыста көтерілген мәселелер мәнінің көпшілік қолдауына ие болып, бірден 
бұқаралық сипат алып кетуінің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, проблемалық 
мақалада қазақ тілінің қоғамдағы дәрменсіздігі дәл Айбек ақын жырлаған 
кейіпте берілмейді. Әрине, журналист қазақ тілінің мүшкіл халін суреттеуде 
нақты дерек, мысалдарға жүгінері сөзсіз. Журналист көтерген проблема, сөз 
жоқ, барлық қырынан талапқа сай жазылуы мүмкін. Дегенмен де айтыста 
кездесетін, бейнелі образды сөздердей тыңдаушысына немесе оқырманына анау 
айтқандай әсер етпесі анық. «Аты бар да заты жоқ қазақ тілі, орыс тілдің 
қолына су құйып жүр» [138,193 б.] (Айбек), «Дінімнің тамырына балта шауып, 
Тіліме жымыңдайды тозақ оттар» [138,123 б.] (Балғынбек), «Өз қазағы табанға 
таптаған соң, Ана тілдің көз жасы сорғалады» [138, 47 б] (Аманжол), 
«Шаранада тілімді шетінеттің ой, дүние-ай» [138, 164 б.] (Мэлс) сияқты айтыс 
сайын кездесетін бейнелі, образды сөздер халық жүрегіне бірден әсер ететіні 
сөзсіз. Өйткені ақын айтқан бұл сөздердің барлығы халықтың зердесіне сай, 
табиғатына жақын ұғымдар. Айтыста көтерілген мәселені халықтың бірден 
қабылдап, қолдап кетуінің бір сыры осында жатыр. 
«Тағы да қайталап айтар болсақ, біздің ұлтымыз – қазақ ұлты қоғамдағы 
қайшылықтар мен кем-кетікті, әлеуметтік теңсіздікті, дертті, әділетсіздіктерді, 
жолсыздықтарды бетің бар, жүзің бар демей тайсалмай – тайынбай айтыс өнері 
арқылы әлеумет алдында ашық та айқын айтуды айтыскер ақындарына 
жүктеген» [138, 5 б.]. 
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап бүгінгі күнге дейінгі ақындар 
айтысында, күн тәртібінен түспей келе жатқан тақырыптың бірі – туған тілдің 
тағдыры жайлы толғаныс.
Тіл – халықтың рухани қуаты. Тілге халықтың барлық таным-түйсігі, өмір 
сүру заңдылықтары, тіршілік қағидалары, дүнияуи көзқарасы сіңген. Осындай 
баға жетпес асыл қасиетінің қадірсіз болуы, халықты толғандырмай тұра 
алмайды. Егер қазақ деген халық өмір сүрер болса, онда оның тілі де жоғалмақ 
емес. Қазақ тілінің қасиет айбынын көрсеткен айтыс өнері Тәуелсіздік тұсында 
оның жоқтаушысы да бола білді.
Әрине, айтыс жырлары «аттың жалы, түйенің қомында» туатын сөз өнері. 
Сондықтан да, ақын табиғатына тән немесе жастардың албырт сезімдерінің 
тегеурінінен кейде ащы айтылған тұстар болды. Бірақ ащы айтылса да, айтыс 
жырларының өзегі ақиқатқа құрылды. Шынайы шындық қана шырғалаңнан 
шығуға бағыт болады. Балғынбек Имашевпен айтысқан семейлік ақын Сара 


207 
Тоқтамысованың мына жыр жолдары ащы да болса, біз айтқан шындықтың 
шынайы болмысын көрсетеді:
«...Ақынның құса-мұңға толғанда іші,
Өлең боп төгіледі шер-қайғысы. 
Депутат мырзалардың миы қатпас,
Келсе де келімсектің жерді алғысы.
Жерді сатып бабасының мазарымен,
Келеді миллиондап теңге алғысы.
Парламенттің төрінде толып отыр,
Тілім мен дініме қас, енжар кісі.
Тіліме қарсы болған депутаттың, 
Сұмдық-ай қазақ екен тең жартысы.
Тілден безген безбүйрек бетпақтарды,
Жылаған жібермейді ел қарғысы...» [138, 124 б.]. 
Осындай жыр жолдарына зер сала отырып, көңілге түйгеніміз, қазақ 
тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, елімізде ұлттық балабақша, мектептердің 
ашылуы, руханият әлеміміздегі көптеген оң өзгеріс, игі шаралардың өмірге 
келуіне Айтыс өнерінің де белгілі дәрежеде ықпалы болғандығына көз 
жеткіземіз. Ғасырлар бойы халықтың аңсар-мұратын жырлап, ел мүддесі үшін 
күресе білген айтыс ақындарының өміршең мұрасы осы ойларымыздың дәлелі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет