Өлең құрылысы – өлең өлшемдерінің жасалу жүйесі, дыбыс үндестігі мен ырғағына тән ерекшеліктерді белгілейтін шарттар мен заңдылықтар. Өлең-жырдың күнделікті айтылатын жай сөз, қара сөздерден басты айырмасы олар мөлшерлі жеке жолдарға, яғни тармақтарға бөлінеді. Өлең тармағының құрылыс жүйесі әр халықтың поэзиясында өзінше қалыптасқан.
Өлең ұйқасы – тармақтың соңындағы бірнеше буынның келесі тармақтарға сәйкес буындармен үйлесуі. Ұйқас өлеңдегі әр тармақтың жігін айқындап, өлең сөздің ырғағын күшейтуге себін тигізеді, әуезділігін арттырады. Ұйқас түрлерін ажыратқанда, алдымен, оның сапасы, яғни ұйқасқан сөздердің өзара үйлесімі еске алынады. Ұйқас өзара үйлескен тармақтардың кезектесу ретіне қарай сан түрлі болып келеді: ең көп кездесетін ұйқастар: егіз ұйқас (аа), шалыс ұйқас немесе кезекті ұйқас (абаб), қаусырма ұйқас немесе орама ұйқас (абба). Соңғысы орыс поэзиясында жиі қолданылады, ал қазақ поэзиясында көп кездесетіні – қара өлең ұйқасы деп аталатын ақсақ ұйқас (ааба). Бұл 11 буынды өлең өлшемінде үнемі дерлік қолданылады. Қазақ поэзиясындағы жыр ұйқасы кейде шұбыртпалы ұйқас деп те аталады, ол бір ұйқасты ұзақ сақтап, бірнеше тармақтарды бірыңғай үйлестіруімен ерекшеленеді. Көбінше негізгі ұйқасқа (желілі ұйқас) қосымша, жанама ұйқас ілесіп, қосарланып отырады. Абай қолданған ұйқастың жаңаша түрлері: алты тармақты ұйқас (алты аяқ, аабввб) және “Сегіз аяқтың” ұйқасы (аабввбгг).
Жалпы поэзия – шеті-шегі, мұхит десек, ақ өлең сол түпсіз дарияның ең бір терең қабаттарын елестетеді. Оны я теңіздің астындағы ағыс дейік, я болмаса теңіздің түбіндегі жарық дейік, қайткенде көзге бірден көрінбейтін, адам түйсігі ә дегенде қабылдай қоймайтын соны құбылыс. Айталық сізге қанның түсі жасыл десек сене қоюыңыз қиын. Тіпті оған дау айтып қарсы уәжіңізді қарша боратуыңыз да ғажап емес. Ал шындығында қанның түсі тура сондай, жасыл.
Қара өлең өз шама-шарқы жеткенше дүние заңдылықтарының методологиялық кілтін ашуға талпынады. Заттар мен құбылыстардың шығу тегі, адам өмірінің мәні мен мақсаты, тіршілік заңдылықтары, қозғалыс пен тоқырау, даму мен сему, баяндылық пен тиянақсыздық, кеңістік пен уақыт ағымы секілді іргелі сауалдардың үдесінен шығады. Халықтық мәдениеттің көрінісі ретінде адамның ақыл-ойы жететін тұңғиықта осы өлең жүреді.Оның назары түспейтін болмыстың шеті де шегі де жоқ, қозғаған мәселесі дүниенің басқа аян болған заңдылықтарымен қатар қойылып, сыры мен қыры, мәні мен сәні, ортақтығы мен дербестігі, саны мен сапасы, тегі мен ұқсастығы шендестіріле шешімін табады. Заттар мен құбылыстардың жаппай ара байланысын, оның өрбу, тоқырау әлде сему қуатын тыстан іздемей, ішкі болмысынан табу – қара өлеңнің ең машық қасиеті.
Қатынасы биік көлдерден
Қатар түзеп қу ұшар
Алға сап тез оқ ата көрмеңіз,
Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай,
Атаның ұлы ер жігітке
Арту-арту оқ келер,
Оңған қатты сөз келер. Ақ өлеңнің көркемдік табиғаты Еуропа мен орыс поэтикалық дәстүрі және өлеңтаным құрылымына қатысты бағыттарда жан-жақты қарастырылған. Бұл өлеңнің түрлеріне М.Әуезов пен М.Мақатаев,З.Қабдоловтар да ғылыми пікірлер айтқан.
Көнетүркілік жазбаларда ақ өлең сарынымен жазылған жыр-дастандар жиі кездеседі. Бұл өлеңдердің көбісі жауынгерлік рухты, асқақ мінезді, елдік пен ерлікті дәріптеп, дұшпанның сесін қайтаруға арналған-тұғын. Түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей, қасиетті жерін қорғаған түркілердің жазу, ойлау, армандау мәнері де осы тақырыпта өрбіді. VI ғасырда «Тоныкөк», «Күлтегін», «Білге Қаған» сынды эпикалық жыр-дастандар жазылып, олардың үзінділері тасқа қашалды. Көнетүркілік жазбалар Моңғолия-Сібір мекенінен Еуропадағы Чуваш, Венгрия даласына дейін таралған. Жоғарыда айтқандай, бұл таңбалар көбінесе ақ өлең түрінде жазылып, насихатталғаны туралы деректер бар. Мәселен, «Күлтегін» жырында батырдың тұлпарға мініп, дұшпанға шапқан бейнесі былайша суреттеледі:
Күлтегін ақбоз (аты) Азманға мініп, Шабуылға ұмтылды. (Жаудың) алты батырын шаншып, Жекпе-жекте жетіншісін қылыштады. Бұл шумақта ұйқас пен бунақтың жоғы анық байқалады. Автор (Иоллығ-тегін) ұйқас пен ырғаққа бағынбай, батырдың бейнесін ашу үшін еркін жазуды ұйғарады. Бұдан Көнетүркілік сарын, дәстүрлі поэзияның жарқын көрінісін аңғару қиын емес. Демек, ақ өлеңнің сыртқы және ішкі формасы біздің әдебиетімізде көнетүркілер заманынан бері қалыптасып, болмысымызбен, жазу үрдісімізбен біте қайнасып кеткен.
Ақ өлеңнің, яки рифмасыз жырлардың таралуына ықпал еткен басты фактор – адамзат санасының, мәдениетінің өзгеріске ұшырауында жатыр. Осылайша, еркін ойлау – еркін жазуға жетеледі. Алайда, өлеңнің мәні, симфониялық, силлабикалық ырғағы жоғалмай, түпкі қалпы сақталуы қажет. Онсыз оқырманның үдесінен шығу қиынға соғады. Ұйқасы болмаса да, өлеңнің көркемдік-эстетикалық мазмұны ұлы үйлесімділікке негізделгені жөн.
Өлең мен өнерде шекара жоқ. Әлемдік ойлар көркем әдебиетте тоғысып, адамзаттың ақыл-ойын, қиялын уақыт өткен сайын биіктетіп келеді. Қазіргі таңда өзге ұлт ақындарының өлеңдерін оқу, шығармашылығымен танысу қиынға соқпайды. Бүкіл әлемді жаулаған ғаламтордың қуаты дүниежүзі қаламгерлерінің тілдесуіне, әдеби байланыс орнатуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Осы тұста аударма мәселесі де менмұндалайтыны анық. Жазба әдебиеті қалыптасқаннан бастап аударма ғылымы жаһан жұртшылығының қызығушылығын тудырғаны белгілі. Шетел қаламгерлерінің идеясын, поэтикалық шеберлігін білу – көңілдің көкжиегін кеңейтері анық.