Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы



бет6/197
Дата24.10.2022
өлшемі1,85 Mb.
#45116
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   197
Қолданылған әдебиет тізімі .................................................................................................... Х


Кіріспе

Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылы мамыр айының 26 жұлдызында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқыған «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» атты лекциясында былай деп айтқан еді: «Жеке тұлғаны функционалдық әзірлеу тұжырымдамасынан жеке тұлғаны дамыту тұжырымдамасына көшу жүріп жатыр. Жаңа тұжырымдама білім берудің дара­лық сипатын көздейді, ол әрбір нақты адамның мүмкіндіктерін және оның өзін-өзі іске асыруы мен өзін-өзі дамытуға қабілеттілігін ескеруге мүмкіндік береді». Мұндай философиялық ұстаным бүгінгі күні бүкіл әлемде жүріп жатқан жоғары мектеп реформасының негізін құрайды.


Еліміздің жоғары мектеп жүйесі Болонья процесінің идеяларын толық қабылдап, өзінің мазмұнын осы үрдіспен байланыстыруы жоғары оқу орындарының жұмысына елеулі өзгерістер енгізуді талап етеді. Болонья процесінің басты идеясы – оқу нәтижелерін жоспарлау, яғни мұнда оқу нәтижелері жоғары мектептің негізгі қызметі (функциясы) болып танылады (Болонский процесс, 2007, 10. – Бұдан әрі қарай сілтеме көзі келесідей беріледі: алдымен автордың фамилиясы, одан кейін қажет болған жағдайда жарық көрген жылы, содан соң беті көрсетіледі. –А.Ә.).
Осыған сәйкес оқу нәтижелерін құрастыру - әр ЖОО-ның, оның ішінде әрбір оқытушының, әр пәннің міндеті болып танылуда. Егерде бұрынырақта жоғары оқу орындары оқудың мазмұнын құрастыруға ден қойған болса (студенттің «не оқу» немесе «не білу» керектігін көрсететін бағдарламалар, оқу жоспарлары), енді кредиттік оқу жүйесі жағдайында олар оқыту (оқытушы әдістемесі), оқу (студенттердің өздігімен үйренуі) және бағалау арқылы студенттердің «не білетіндігін», яғни олардың оқу нәтижелерін анықтауы қажет. Бұрынғы тар мағынадағы «біліктілік» термині енді «құзырлылық» ұғымымен алмастырылған. Ал бұл дегеніңіз студенттің кең ауқымды контекст аумағында (рухани-моральдік, философиялық, әлеуметтік, экономикалық, саяси, т.б) оқып-үйреніп, өмірдің көлденең тартқан қандай да болмасын проблемаларын шешуге құзырлы болуы керек дегенді білдіреді. Мәселе «өмір бойы азық боларлықтай білім беру» идеясының енді «өмір бойы өздігімен үйрену» ұстанымына өзгеруінде болып отыр.
Нәтижеге бағытталу оқу процесінде студентті бірінші орынға шығаруды талап етеді. Ал бұл ұстаным әрбір оқытушыға студенттерді белсенділендіретін оқу/оқыту әдістемелерін қолдануды міндеттейді, өйткені бүгінгі күні оқу процесі бұрынғыдай «үйрету», «оқыту», «беру» сынды етістіктерден құралмай, «ұйымдастыру», «жағдай жасау», «бағыт-бағдар беру» сияқты ұғымдардан тұрады. Оқу процесі студентке бағытталып, студентцентристік идеяларды ұстанғандықтан үйрену мен үйрету әрекеттері қоян-қолтық қарым-қатынастан тұруы керек. Бұл қарым-қатынас оқытушы мен студенттер, студент пен басқа студент, студенттердің шағын топтары арасында өтеді. Оқу мен оқыту, үйрену мен үйрету мұндай қарым-қатынаста біртұтас қалыпта болып, олардың нәтижесі мен маңызы да осындай қарым-қатынасқа тәуелді болады (сол себепті әрі қарай «оқу/оқыту» және «үйрену/үйрету» терминдері жұптасқан қолданыста болады – А.Ә.).
Басқаша сөзбен айтқанда, бүгінгі күні білім беру жүйесінде мәселені тіпті келесідей төтесінен қоюға болады: «Үйрену мен үйрету тек өзара белсенді әрекеттерге негізделген қарым-қатынас арқылы жүзеге асырылады» және «Тек әрекеттесу арқылы ғана үйренуге/үйретуге болады».
Міне, осы себептерге байланысты жоғары мектепте оқу процесінің негізін интербелсенді (интерактивті) әдістемелер құрауы керек, әрбір оқытушы интербелсенді (бұдан әрі қарай «интербелсенді» термині қолданылады – А.Ә.) құралдар мен тәсілдерді өзінің әдістемесінің төрінен көруі қажет.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2007 жылдың 1-қыркүйегінде Білім күнін интербелсенді сабақ түрінде өткізуі Елбасының интербелсенді әдістеменің тұлғаны дамыту мен маман қалыптастырудағы ерекше маңызын баса көрсеткендігі деп түсіну керек.
Бұл оқу құралының басты мақсаты – жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерінің назарын интербелсенді оқу/оқытудың ерекшеліктеріне аударып, оларды бұл әдістеменің негізгі идеялары мен әдіс-тәсілдерімен таныстыру. Автор мұнда интербелсенді әдістеменің аз ғана бөлігін сипаттағанын мойындайды. Өзінің педагогикалық философиясында «Әрбір ұстаз – білікті маман, ал әрбір студент – ойшыл тұлға» деген қағидаларды ұстанғандықтан, автор осы құралда келтірілген мәліметтерді әрбір оқырман (оқытушы және студент) өз қажеттіліктеріне икемдеп, бейімдеп, өз мақсаттарына сәйкес өзгертеді, тереңдетеді, дамытады деген үмітін білдіреді.
«Интербелсенді оқу/оқыту» ұғымы жан-жақты, кең мағыналы болғандықтан, оның философиясы мен әдістемесін көптеген оқу/оқыту жүйелерінен көруге болады. Олардың қатарына біздің еліміздің педагогикалық жұртшылығы арасында кеңінен танымал, педагогикалық қолданыста жан-жақты көрініп жүрген «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» халықаралық жобасын, халықаралық «Street Law» және «Тәй-тәй («Step by step») бағдарламаларын, М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясын» және де басқа жобалар мен бағдарламаларды жатқызуға болады.
Бұл орайда әсіресе Қазақстанда 1997 жылдан бастап дамып келе жатқан «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» («Reading and Writer for Critical Thinking») халықаралық жобасының ұстанған философиясы мен әдістемесі интербелсенді оқудың/оқытудың мазмұнына толық сәйкес деп айтуға тұрарлық. Аталмыш жобаны педагогтар арасында тарату ісімен айналысатын Қазақстан Оқу Ассоциациясы (президенті С.С.Мирсейітова) бүгінде еліміздің он төрт мыңнан астам ұстаздарын интербелсенді оқуға/оқытуға үйреткен. Оқу құралының авторы да осы жоба аумағында он жылдан астам қызмет жасаған ұстаз, аталмыш ассоциация мүшелерінің бірі. Бұл құралда «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасының көптеген идеялары мен әдіс-тәсілдері қолданыс тапқан. Автор талай жыл бірлесе әрекеттесіп келген Қазақстан Оқу Ассоциациясының мүшелеріне (олардың ішінде әсіресе Мұрат Құрмановқа) және оның президенті Сапаргүл Мирсейітоваға өзінің шексіз ризашылығын білдіреді.
Оқу құралының идеялары мен негізгі ұғымдары соңғы бес жыл ішінде Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясында жыл бойы өткізіліп отырған «Кәсіби даму мектебі» атты тұрақты семинарда қолданыс тапқан. Бұған қоса автор І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде, Д.А.Қонаев атындағы университетте, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінде, Қ.А.Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде және еліміздің басқа да жоғары оқу орындарында өткізген әдістемелік семинарларда осы оқу құралында келтірілген интербелсенді оқудың әдістемесін қолданған.
Жалпы алғанда, «оқу құралы» дегеніміз практикалық маңызы бар жұмыс, сол себепті де автор осы кітапта интербелсенді әдістеменің оқу процесінде қалайша қолдануға болатындығына баса назар аударуға тырысты. Бұл жерде әсіресе кредиттік оқу жағдайында лекция (дәріс) мен семинар сабақтарын қалайша ұйымдастырып, қандай интербелсенді әдіс-тәсілдерді қолдануға болатындығы құрал мазмұнының негізін құрайды.
Интербелсенді оқу/оқыту бірінші мезетте диалогқа негізделетіндіктен, автор оқу құралында өз оқырмандарымен әңгіме, сұхбат құруға ниеттелді. Осы мақсатта мұнда баяндаудың негізгі тәсілі ретінде эссеистік стиль таңдалып, құралдың мазмұнында «Лирикалық шегіністер» айдарымен автордың субъективтік эсселері және сопылық хикаялар қолданылады, Қосымшаларда басқа да ақпарат пен деректер келтіріледі.
Мұндай шешімдердің өміршеңдігі мен ұтымдылығына, оқу құралының пайдасы мен қажеттілігіне оқырмандар әділ баға беріп, өз ойлары мен пікірлерін келтіреді деген үмітпен автор барлық ескертпе мен ұсыныстарға өзінің дайын екендігін білдіріп, келесі электрондық адресін жариялауды жөн көрді: alai@ok.kz.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   197




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет