В1 витамині (тиамин) организмнің көптеген маңызды қызметтерін, соның ішінде бірінші кезекте көмірсу, сосын амин қышқылдарының алмасуын реттейтін ферменттердің құрамына кіреді. Ол орталық және шеткі жүйке жүйесінің қалыпты қызмет етуіне өте қажет.
B1 витаминіне салыстырмалы түрде бұршақтұқымдастар (бұршақта - 0,8 мг%, үрмебұршақта - 0,5 мг%), кейбір жармалар (сұлыда - 0,5%, тарыда - 0,4 мг%, қарақұмық дәнінде - 0,4 мг%), шошқа еті (0,5 - 0,6 мг%), II сұрыпты бидай наны (0,23 мг%), қара бидай наны (0,18 мг%), нан пісіретін жаншылған ашытқы (0.6 мг%) бай келеді.
B1 витаминінің азғантай мөлшері көптеген көкөністер (0,02-0,10 мг%) мен жемістерде (0,01-0,06 мг%), жоғары сұрыпты бидай нанында (0,1 мг%) кездеседі. Асшеберлік жылумен өңдеуде осы витаминнің 25-30% жоғалады.
Ересек адамның B1 витаминіне тәуліктік қажеттілігі шамамен - 1,7 мг. В1 витаминіне деген қажеттілікке рационның құрамы әсер етеді. Көмірсуға бай тағам, алкоголь В1 витаминіне қажеттілікті жоғарылатады. Басқа жағынан рационда май мен белоктың мөлшері жоғарыласа, оның қажеттілігі азаяды. Витаминнің жеткіліксіздігі кезінде жүйке жүйесі қызметінің бұзылыстары: ұйқысыздық, ашуланшақтық, жүрек-қан тамырлар (артериалды гипотония) және асқорыту жүйелерінің бұзылыстары байқалады.
Біздің елімізде тиаминді тұтынуды орташа адам санына шаққанда күніне 1,65 мг-нан келеді, яғни қалыпқа сай. Дегенмен, зерттеулердің нәтижесі бойынша қазіргі таңда В1 витаминінің жеткіліксіздігі әлі де кездеседі. Ол көбінесе емізетін әйел тағаммен аз тиаминді тұтынған кезде, емшек еметін нәрестелерде, кей жағдайда жасы үлкен балалар мен жасөспірімдерде байқалады. Ересек адамдарда тиаминнің жеткіліксіздігі маскүнемдік кезінде және тамақтануда қант пен кондитерлік бұйымдарды көп тұтынғанда жиі кездеседі.
В1 витамині жеткіліксіздігінің орнын толтыру үшін тамақ рационына салыстырмалы түрде көп мөлшерде бұршақтұқымдастарын, жармаларды, ірі тартылған ұннан дайындалған нанды қосу керек. В1 гиповитаминозының алдын алу үшін жоғары сұрыпты ұнды витаминмен байытады. Мысалы, 100 г жоғары сұрыпты бидай ұнына 0,4 мг В1 витаминін, 0,4 мг В2 витаминін және 2 мг РР витаминін қосады.