Ата-аналар жиналысы
Өтілетін күні: 14.09.2023ж
Сыныбы: 5 «Г»
Тақырыбы: «Қауіпсіз мектеп-бала қауіпсіздігінің басты кепілі»
Мақсаты: Мектептегі оқушының міндеті мен ережесін, ішкі тәртіп ережесін ата-аналарға таныстыру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу; ата-аналарды ұйымшылдыққа,бірлікке шақыру; оқу жылы барысында белсенділік танытуға үндеу.
Өтілетін формат: тренинг
Жиналыс барысы:
Ата-аналармен танысу. «Көңілді тапқырлар» әдісі.
Әр адам өзінің есімінен келетін сын есімдерді қатыстыра өзін таныстыру. Мәселен, Нұрлы Нұрсәуле. Әр ата-ана өзінің есімін таныстырып шығады.
Мұғалім сөзі:
Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу. Бала да жас терек сияқты, қалай тәрбиелесең, жастан қандай тәрбие берсең, ертең есейгенде жас кезіндегі алған тәрбиесі өміріне негіз болмақ. Ата-ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек.
Күн сайын еліміздің қалаларында, ауылдарында автокөліктер саны өскен сайын жол апаттары да арта түсуде. Жол көлік оқиғалары жөніндегі деректерге зер салсақ, қалалық жерлерде жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын оқыс оқиғалар саны едәуір көп. Оның ішіндегі жас балалардың апатқа жиі ұшырайтыны: жастай өмірмен қоштасып, орны толмас өкінішке әкелетіні немесе ауыр жарақат алып, кейбірі өмірлік мүгедек болып қалуы мүмкін. Оның себептері: көптеген оқушылар жолда жүру ережесін сақтай білмеуінде. Олар көбіне ереже талабын бұзып, асығыстық жасап, жүгіріп өтуге ұмтылады. Асыға жолға жүгіріп шыққан баланың қауіпке ұшырайтыны, өзіне ғана емес, өзгенің де өміріне қатер төндіретіні баршаңызға мәлім. Осындай оқиғаларды болдырмас үшін мектепте мұғалім, үйде ата-ана балаға үнемі жолда жүру ережесін ескертіп отыруы міндетті. Әдетте кез келген ата-ана балаларды мектепке шығарып саларда «жолдан жүгіріп өтуші болма, машина қағып кетеді» деген ескертуден аса алмайды. Бұл - әрине, жеткіліксіз.
5-сынып оқушысы үшін үйден мектепке дейінгі жол қиындықтарын білуі тиіс. Сол үшін ата-анасы баласына жол-жөнекей кездесетін қиындықтарға, жол белгілеріне көңіл бөліп, үйреткені дұрыс. Жол көлікпен қатынасатын оқушыға ата-анасы жол қиылыстарынан өтуді, көлік толық тоқтағанда түсіп, мінуіне болатынын, өз аялдамасын дұрыс білуін, бөтен көлікке отырмауын ескеріп отырғаны жөн.
Оқушылардың күнделігінің алғашқы беттері, яғни баланың аты-жөні, мектебі, сыныбы, мекен-жайы, үй телефоны, әке-шешесінің ұялы телефондары, мектеп телефоны толық жазылып, баланың фотосы жапсырылуы тиіс. «Менің мектепке барар жолым» кестесі анық сызылып, қандай көшелерден, қандай қиылыстан, қай үйлердің арасынан жүретіні қызыл бағытпен сызылып көрсетілуі тиіс.
Ата-ана баласына мектепке, көшеге, дүкенге барада үнемі мынаны ескеріп отыруы керек:
- Таныс емес, бөтен адаммен сөйлеспе;
- Мас және қауіпті адамнан алыс жүр;
- Бөтен адаммен подъезге, подвалға, лифтіге кірме;
- Сені артыңнан қуса, көп адамдар арасына жүгір.
Жалпы ата-ана баласының қайда және кіммен ойнап жүргенін білуі керек. Мектепке кешікпей баруын, үйге уақытысында келуін қадағалағаны абзал.
«Жағдаяттарды шешу» әдісі. Ата-аналарға бірнеше жағдаяттар беріледі, олардың ойларын тыңдап, тұжымды қорытынды шығару.
Сұрақтар:
Сізге мектептегі мұғалімдерден «Сіздің балаңыз өзге оқушыларды ұрады, бұзықтық жасайды» деп айтса, сонымен қатар, өзге ата-аналардан да сондай шағымдар түседі. Сіздің іс-әрекетіңіз қандай болмақ? Балаңызға қандай тәрбие бересіз?
Кейбір ата-аналардың өз баласына сенбейтінін көріп жатамыз. «Сенің қолыңнан келмейді, сен жасай алмайсың, істей алмайсың» деп айтып жатқандарын байқаймыз. Бала іс-әрекеттеріне теріс баға беруге ойыңыз қандай? Басқа ата-аналарға қандай кеңес айтар едіңіз?
Балаңыз сізге соңғы үлгідегі телефон алып беруін өтінді. Себебін сыныптастарына ата-аналары алып бергенімен түсіндірді. Сіздің материалдық жағдайыңыз келмейтінін түсініп тұрсыз. Бұл жағдайда не істер едіңіз?
«Менің балам» тренингі. Ата-аналарға түрлі-түсті қарындаштар беріледі. Кем дегенде 3 затты салу арқылы өзінің баласын сипаттап беруі тиіс.
Оқу жылы бойынша мәселелерді шешу:
1) Мектеп ережесі
2) Оқулықтарды қаптау, таза ұстау
3) Білім сапасын арттыру
4) Ата-аналар комитетін сайлау
Мұғалім сөзі: Тәртіп пен тәрбиенің ұштасуы қауіпсіз қоғамды қалыптастырады. Ал, ол қоғам әр адамның игілігі мен ізгі өміріне жарық шашары анық. Ел болашағының баянды болуы бүгінгі игі істерден басталмақ. Ұрпақ саулығы - ұлт келешегі. Балалар қауіпсіздігі әрқашан басты назарда болуы тиіс. Жиналысқа келгендеріңіз үшін рахмет. Сау саламатта болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |