ТАҚЫРЫБЫ: Бала тәрбиесіндегі ата-ана.
АТА-АНАЛАРМЕН ТРЕНИНГ-САБАҚ
Мақсаты: Қазіргі кездегі баланың дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына ата-ана тәрбиесінің әдіс-тәсілдерін жетілдіре отырып, қарым-қатынас орнату.
Міндеттері: Ата-аналардың мектеппен, мұғаліммен тығыз байланысын арттыру, балаларын білімге, мейірімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелеудің жолдарын көрсету. Бала тәрбиелеу саласының аз да болса жоғарылауына ықпал ету.
Қажетті құрал-жабдықтар: Үлестірме қағаздар, А4 формат, қалам, доп, ватман, маркерлер және т.б.
Әдістері: пікір алмасу, сұрақ-жауап, тест, психологиялық жаттығулар.
ТРЕНИНГ БАҒДАРЛАМАСЫ:
«Танысу» жаттығуы;
Топқа бөлу;
Ой жинақтау;
Ситуациялық сұрақтар;
«Үй, жол, жылан, бокал, шалбар және орамал» диагностикасы;
«Ашық айтсам…» жаттығуы;
Рефлексия;
қорытынды.
ТРЕНИНГ БАРЫСЫ:
Психолог сөзі: Сәлеметсіздер ме, құрметті ата-аналар! Бігінгі біздің «Бала тәрбиесіндегі ата-ана» атты тренинг-сабағымызға хош келдіңіздер! Ата-ананың тілегі – баласының жақсы адам болуы, еңбексүйгіштігі, оқу мен еңбектегі табыстары.
Баланы жастан бақпасаң,
Жамандықтан қақпасаң,
Қадірден жұрдай қасқа боп,
Кешкенің өмір босқа тек. – дегендей, баланың ыстық суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар. Бүгінгі ұл ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса оны жалғастырушы, демеуші – ата-ана.
«Танысу» жаттығуы:
Ата-аналар шеңбер бойымен тұрып, әрқайсысы өзінің есіміне сын есім қосып және өз бойындағы 1 қасиет кезекпен айтып шығады.
Талқылау: Қандай әсер алдыңыздар? Не қиындық келтірді.
Топқа бөлу:
Ата-аналар сол тұрған күйлерінде түрлі-түсті гүлдерді таңдайды. Түстер бойынша топ құрып, үстелдерге жайғасып отырады.
Ой жинақтау:
Үш топқа тақырып беріледі.
Ата-аналар сол бойынша өз ойларын ортаға салады.
I-топ. Баланың сапалы білім алуы үшін ата-ана тарапынан жасалатын жағдайлар.
II-топ. Балаларды теріс әрекеттері үшін жазалаудың түрлері.
III—топ. Бала үшін мұғалім мен ата-ана арасында қандай байланыс болу керек.
Ситуациялық сұрақтар:
Ата-аналар үстел үстіндегі үлестірме қағаздарды бөліп алып, сұрақтарға жауап береді.
Балаңыздың өнері, қандай да бір іске қызығушылығы, бейімділігі байқалса, не істер едіңіз?
Баламен сөйлесе білу де үлкен өнер. 4-6 жастағы бала күніне көптеген сұрақ қоятын көрінеді. Мысалы, түн неге қараңғы, күн қайда кетті, ұшақ қалай ұшады….деген сияқты таусылмайтын сауалдар көп. Сіздің балаңыз да осындай сауалдарды көп қойса, жауап беруге тырысасыз ба, жоқ әлде, елеусіз қалдырасыз ба?
Сізге мектептегі мұғалімдерден «Сіздің балаңыз басқа балаларды ұрады» деген бірнеше шағым айтылады. Тағы көрші ата-аналардан да «біздің баланы ұрды» деген сөз естуге тура келеді дейік. Не істейсіз? Балаңызды қалай тәрбиелейсіз?
Кейбір ата-аналардың баласының әрбір іс-әрекетіне көңілі толмай: «Сен сала алмайсың, сен істей алмайсың»,-деп айтып жататынын байқаймыз. Бала іс-әрекетіне теріс баға беруге қалай қарайсыз?
Балаңыз сабақтан қашып, мектептен ерте келді, не істейсіз?
Балаңыз күнде бірінші сабаққа кешігіп келеді. Қалай жөнге келтіресіз?
Балаңыз мектептегі бір мұғаліммен тіл табыса алмай жүр. Балаңызға қандай кеңес айтасыз?
Сіздің балаңыз сыныптағы жақсы оқитын оқушылардың бірі, алайда бір күні сынып жетекшісі оны үлгерімі нашар оқушылармен алып қалды, сіздің іс-әрекетіңіз?
Балаңыздың сабағы тәртібі жайлы білгіңіз келіп, мектепке келіп тұрсыз. Сынып жетекшісі сізді қатулы қабақ, ашулы күймен қарсы алды. Сіздің әрекетіңіз?
Биыл сіздіңі балаңыздың сыныбында оқитындардың бәрінде ұялы телефон бар, тек сіздің балаңызда жоқ. Күнде «әпер» деп, мазаңызды алады, сабаққа барғысы келмейді. Сіз жұмыссыз, енді не істейсіз?
Сіздің тұңғышыңызды атасы мен әжесі бауырына басқан. Сабағы қиындап кеткен соң, өздерің қадағалаңдар деп әкеп тастады. Ал, балаңыз тәрбиеңізге еш көнер емес, не істейсіз?
«Үй, жол, жылан, бокал, шалбар және орамал» диагностикасы
Ата-аналарға мынандай ережелерді қадағалап отырып сурет салатындығы ескертіледі:
Бұл жұмыста Сіздер өз бейсаналарыңыздың хатшысы іспеттес боласыздар, сол себепті де еш ойланбай, қорықпай, берілген тапсырманы тездетіп орындауға тырысыңыздар.
Сурет салу тапсырылғанда, «Қалай саламын? Суреттер қандай болу керек?» деп сұрауға болмайды: өз қалауларыңыз бен шешімдеріңіз бойынша салу керек.
Суреттерді тез салу керек, өйткені оларды салуға уақыт өте аз беріледі.
Суреттерді салғанда, басқалардың суреттеріне қарауға болмайды.
Осыдан кейін ата-аналарға үй, жол, жылан, шарап ішетін бокал, шалбар мен әйелдердің басына тағатын орамалды кезекпен салуға тапсыру керек: әр затты салуға мейлінше аз уақыт беріп (5-10 сек), ата-аналарды асықтырып, жұмыстарын жеделдетіп отырған жөн.
Ата-аналар салынып біткен суреттерін бір-біріне көрсеткеннен кейін, оқытушы олардың мынандай мағына білдіретіндігін айтады:
Үй – адамның өзін-өзі бағалау деңгейін көрсетеді.
Үйдің суреті кең әрі биік болса, онда бұл ата-ана өзін-өзі бағалау деңгейі жоғары деп есептеуге тұрарлық.
Үйдің есік-терезелері бар болса онда бұл студент – қарым-қатынасқа ашық адам.
Үйдің есігі ашық болып немесе оның тұтқасы бар болатын юолса, бұл жәйт ата-ананың қонақжай екендігін білдіреді.
Жол – адамның қарым-қатынасқа қандай деңгейде араласатындығының айғағы.
Жол кең, әрі үйдің есігінен басталатын болса, бұл адамның қарым-қатынасқа бейім және қонақжай екендігін көрсетеді.
Жол тар немесе үйдің қасынан (үйге бұрылмай) өтіп жатса, онда бұл жәйт адамның қарым-қатынасқа оңай кірісіп кетпейтіндігін білдіреді.
Жылан – «Басқа адамдардың мен туралы пікірі қандай?» деген сұраққа өзіңіздің қалайша жауап беретініңіздің айғағы.
Жылан үй жаққа қарап тұрса әрі оның айрық тілі аузынынан көрініп тұрса, онда Сіз «Басқалардың мен туралы пікірі жақсы емес: олар күні бойы мені жамандаудан басқа іспен айналыспайды екен» деген ойдасыз.
Жылан үй жаққа қарап тұрмаса, онда, онда Сіз «Басқалардың мен туралы ойы жаман емес» деген ұстанымдасыз.
Бокал – адамның ішімдікке деген көзқарасын білдіреді.
Бокалдың суреті кішкене болып, оның іші бос болса, онда мұны салған адамның ішімдікке немқұрайды болғаны.
Шалбар мен орамал – ата-аналардың түсінігіндегі ер адамдар мен әйелдердің дәрежесін көрсетеді.
Шалбардың суреті орамалдан биік тұрса, онда ата-ана өмірде ер адамды әйелдерден жоғары санайды деген сөз.
«Ашық айтсам…» жаттығуы; қорытынды:
Ата-аналарға төмендегідей бланкілер таратылып, толтырылады.
Сабақтың жүргізілген күні___________________________________________
Менің тренингтік есімім_____________________________________________
Менің тренинг барысында түйгенім____________________________________
__________________________________________________________________ Бәрінен де маған мына жаттығу ұнады_________________________________ Жүргізушіге ұсыныс_________________________________________________
__________________________________________________________________ Қолы__________________
Рефлексия:
Қорытынды:
Ата-анаға көз қуаныш,
Алдына алған еркесі.
Көңіліне көп жұбаныш,
Гүлденіп ой-өлкесі, — деп Абай атамыз ата-ананың қуанышы, гүлденген үміт-арманы тек перзент сүю, оны тәрбиелеу екендігін айтқысы келген екен. Ендеше, ата-аналар, қолымыздағы алтынымызды жақсылап тәрбиелейік және біздер оларға үлгі болар бейне екендігімізді ұмытпайық. Адам да өсімдік сияқты, күтілмесе жайнап өспейді дейді. Сондықтан да мына жайттарды есімізде ұстайық.
Балаға жан және дене өзгерістерінің байланыстарын табуға көмектесу.
Балаға маман тарапынан тағылған мін, ескертулерді шын пейілмен түсіну және түсіндіру.
Баланы ағза қызметінің қалыптасуымен мұқият таныстыру.
Источник: https://www.tarbie.kz/32450
Достарыңызбен бөлісу: |