ƏОЖ 821. 512. 122: 82–1
Р.С.Каренов
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
(Е-mail: rkarenov@inbox.ru)
Мақалада ХVІІІ ғасырдың көрнекті қоғам қайраткері, жырауы, батыры Ақтамберді Сарыұлының өмірі мен қызметі суреттелген. Оның 1738–1752 жж. шетел басқыншыларымен болған шайқастарға қатысып, айрықша батылдық пен ерлік көрсетуімен ерекшеленгендігі айтылған. Оның шығармалары қазақ халқының жоңғар басқыншыларымен күресін бейнелеуде елжандылық рухына толы екендігі туралы қорытынды жасалған. Ақтамберді жыраудың шығармаларында өмір, батырлық, адами құндылықтар, моральдық нормалар туралы философиялық толғаулар, маңызды əлеуметтік мəселелер көтерілгендігі пайымдалған.
Кілт сөздер: жауынгер-жырау, жыр-толғау, тақырыбы, майдан, шабыт, азаттық күрес, нақылдар,
толғаныстар, рухтандыру.
Кіріспе
Ақтамберді Сарыұлы 93 жыл өмір сүрген, яғни 1675–1768 жж. дəуір кешкен. Ол күреске ерте араласқан жауынгер-жырау санатына жатады. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, ерлік, жер мəселелерін жырларында жақсы бейнелеген. 1738–1752 жж. қазақ-қалмақтың қанды қақтығыстарының барлығына дерлік қатысқан. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының зұлмат қан кешуін бастан өткерген. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктері, болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, əділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған. Əлі де қолға түспеген толғаулары ел аузында сақталуы ықтимал. Қазіргі қолда бары 300 жолдан аспайды [1; 29].
Даңқты жыраудың азғантай қазынасының өзі афоризмдерге толы. «Күмбір-күмбір кісінетіп»,
«Уа, қарт Бөгенбай», «Менімен, ханым, ойнаспа», «Жауға шаптым ту байлап», «Заманым менің тар болды» жəне т.б. өлең-толғаулары батылдыққа, ізгілікке, отансүйгіштік күй-сезімдерге толы.
Бүгінде Ақтамберді жыраудың 26 туындысы белгілі. Олар тақырыбы жағынан үш топтан тұрады жəне тиісінше жауынгер-ақын өмірінің үш кезеңін: жастық шағын, толысып, даңқы шыққан жылдарын жəне егде тартқан кезін бейнелейді [2; 554].
Ақтамберді жыраудың бірінші топтағы туындылары
Бұл туындылар жас Ақтамберді жоқшылыққа ұшырап, адамгершілік-жан күйзелісін бастан кешірген кезеңде туған болса керек. Оларда тағдырына налу, өзінің жалғыздығына, кедейлігі мен дəрменсіздігіне мұңаю басым. Лирикалық кейіпкер жападан-жалғыз жəне қорғансыз, көп қорлық көреді, өзін бəрінен айырылып, жұртта қалғандай сезінеді. Ол мұңайып, өзін бар күшімен көрсетіп, өзін-өзі қорғай алатындай жасқа тезірек жеткісі келеді. Ол жақсылыққа деген үмітке бөленіп, өзімен жұрт санасатын күнді армандайды.
Ақтамберді өзінің алғашқы туындыларын 10–11 жасында шығара бастаған. Оның бұл кездегі өлеңдері мұң, зар, жалғыздыққа налу түрінде келеді [3; 57]:
Жағалбай деген ел болар, Жағалтай деген көл болар, Жағалтайдың жағасы Жасыл да байтақ ну болар. Атадан алтау туғанның Жүрегінің бастары
Алтын менен бу болар, Атадан жалғыз туғанның Жүрегінің бастары
Сары да жалқын су болар, Жалғыздық, сені қайтейін!