Атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары 26 қазан 2019 ж



Pdf көрінісі
бет50/92
Дата22.05.2023
өлшемі1,94 Mb.
#96037
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   92
Байланысты:
A Кекилбаев (1)

Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Джуанышбеков Н., Темирболат А. Теория литературы: учебное пособие. 
– Алматы, 2009. – 284 с.
Б.С. Сарбасов,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті,
қазақ əдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының 
кандидаты, доцент
Ф. Қыдырақын,
Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 
1-курс магистранты
(Қазақстан)
БАТЫРЛЫҚ ЭПОСТАРДАҒЫ ҒАЖАЙЫП ТУУ МОТИВІ
Батырлар жырында қаһарманның ерекше бітімі, құдіреттілігі аңыз 
кейіпкеріне қарағанда басқаша түсіндіріледі. Қаһарман тайпалық тотем мен 
аталар аруағының ғажайып түрде желеп-жебеуінің нəтижесінде туылған бо-
лады. Батырлар жырында ғажайып туу мотивтері кейіпкердің кереметтігін 
дəріптейтін көркем тəсілге айналған. Кейінірек бұл мотив батырлардың, ру-
тайпа көсемдерінің ерекше жаратылысын бейнелеуге, яғни, басқа қарапайым 
адамдардан дəрежесін көтеру мақсатына қызмет еткен. 
Дүниежүзі фольклорының эпикалық жанрларында елдің дүниетанымын, 
ежелден қалыптасып келе жатқан тарихын көрсететін əр түрлі көркем 
тəсілдерді кездестіруге болады. Қай халықтың эпикалық мұрасы болмасын, ол 
сол жерді мекендейтін адамдардың тіршілігінен, салт-дəстүрінен хабар береді. 
Соның ішінде бүкіл дүниежүзі халықтарын эпосында кеңінен тараған мотив – 
кейіпкердің ғажайып дүниеге келуі.


189
Батырлық эпоста кейіпкердің ғажайып туу мотивінің кеңінен тараған түрі 
– ата-бабалар аруағының жəрдемімен жəне əулие-əнбиелердің түсте аян беруі 
арқылы болашақ батырдың дүниеге келуі. Бұл мотивтер, əсіресе, шамандық 
жəне мұсылмандық культтердің үстемдігі тұсында қалыптасып, дамыған.
Бұл жөнінде С.А. Қасқабасов былай дейді: «Ислам діні енгеннен бастап 
Қазақстанда ескі шамандық пен ислам діні қатар өмір сүрді. Бұл жағдай көп 
уақытқа созылғаны белгілі. Бірақ жай созылған жоқ, екі идеология арасында 
үнемі күрес болып келді. Сөйтіп, бұрынғы шаманизмді исламның «қасиетті» 
күштері ығыстыра бастады, ал, кейбір шамандық кейіпкерлер мен əдет-
рəсімдер исламдық сипат алады. Соның нəтижесінде ежелгі тотемге жəне 
ата-баба аруағына табынумен қатар, мұсылман дінінің əулие-əнбиелерін 
қасиеттеп, оларға сыйыну кең етек алды. Міне, бұл процесс қазақ фолькло-
рында көрініс тапты. Мысалы, аңыз, ертегі, жырларда болашақ қаһарманның 
ата-анасы бала тілеп, Аллаға сыйынады, мұсылманның қасиетті орындарына 
зиярат етеді [1, 252 б.]. Осындай таным-түсініктердің өзгеруіне байланысты 
жырдағы кейіпкердің дүниеге келу жөніндегі сюжеттерінде əулие-əнбиенің 
жəрдемімен туу сарыны пайда болады. Əрине, бұл сюжет өзінің негізгі баян-
далу тəртібін, қалпын сақтап қалады. 
Қазақ батырлық эпостарындағы əулие-əнбиелердің көмегімен туу мотивіне 
«Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Шора ба-
тыр», «Қарабек батыр» жырларында суреттелетіндей болашақ кейіпкердің ата-
анасы əулие-əнбиелерден сұрап жүріп балалы болуы туралы баяндау жатады. 
Осы дəуірде пайда болған барлық эпостардағы батырдың дүниеге келу эпи-
зодтарда осындай мотивтің қолданылуы сол кездегі халқымыздың фольклоры-
на ислам дінінің ықпал етуін байқатады. Сондықтан бұл сарын сол кезеңдегі 
эпостардың көбінде қайталанып келеді. 
Батырлық жырлар елдің тəуелсіздік жолындағы қаһармандығын, қиялдан 
туындаған немесе тарихта болған адамдардың ерлік істерін жырлау мақсатында 
дүниеге келеді. «Алпамыс», «Қобыланды», «Шора», «Манас» жырларының 
негізгі идеясы халықты жат жұрттардың шапқыншылығынан қорғауға 
халықты шақыру болып табылса, «Оғыз-наме», «Шыңғыснама» эпостарын-
да бір орталыққа бағынған күшті мемлекет құрып, елінің іргесін нығайтқан 
билеушілерді үлгі ету көзделгені сезіледі. 
«Қорқыт ата кітабындағы» Дерсеханұлы Бұқаштың, «Құпия шежіредегі» 
Шыңғыс ханның, «Оғыз-намедегі» Оғыз батырдың, қазақ эпостарындағы Ал-
памыс, Қобыланды батырлардың дүниеге келулері, ер жетіп өсулері – соған 
айғақ. Мысалы, Шыңғыс ханның дүниеге келуі туралы Шəді Жəңгірұлы өзінің 
«Тарихнама» атты туындысында:
Темучин анасынан дүниеге енді,
Бір қолының алақаны жұмық еді.


190
Қатындар қызмет еткен қарағанда,
Ішінде ұйып қалған бір қан көрді [2, 96 б.].
деп жырласа, «Қисса Наурызбай» дастаны да бұл эпизод қайталанады.
Қасым хан өзге ұлынан асып туған,
Көңілін дұшпанының басып туған.
Қарнында анасының қан шеңгелдеп,
Қызартып екі көзін ашып туған [3, 62 б.].
Махмұт Қашқаридың жазуына қарағанда, халық Қорқыттың туғаны ерекше 
сипаттаған. Олардың баяндауынша Қорқыт Сырдарияда сөйлеп туыпты. Бұл 
жөнінде халық аузында сақталған мынадай өлең де бар:
Қорқыт туар кезінде,
Қараспанды су алған,
Қара жерді құм алған, 
Ол туарда ел қорқып,
Туған соң əбден қуанған [4, 4-5 б.]
Мотивтердің шығу тегін зерттеуді осы тұрғыдан қарастыра отырып, оның 
тек қазақ фольклорына тəн сарындарына ғана емес, өзге халықтардан келген 
мотивтерін жəне жалпы түркі халықтарына ортақ түрлерін анықтап, олардың 
таралу жолдарын анықтауға күш салдық.
Ғажайып туу мотивін аналық ру заманында пайда болған түсініктермен 
байланысты қарастырған ғалым А.Н.Веселовский өзінің «Историческая по-
этика» атты еңбегінде ғылыми тұрғыдан дəлелдеген [5, 538-539 бб.]. Бұл мо-
тив – осы көрсетілген кезеңдегі адамдардың дүниеге келуі тотемнің əйел бой-
ына қонуына байланысты жүзеге асатын құбылыс қарабайыр дүниетанымның 
жемісі деп білген. Бірақ кейбір халықтар өздерінің генеалогиялық мифтерінде 
өздерінің шығу тегін, əйелмен емес, керісінше ер адаммен байланыстыра-
ды. Кейіпкер белгілі бір қасиетті тотеммен некеге отырып, сол арқылы ұрпақ 
таратуға иеленеді.
«Оғыз-наме» кітаби эпос ескерткішінде де ғажайып туу сарыны кездеседі. 
Солардың бірі – «Оғыз қағанның тууы мен балалық шағы баяны» атты та-
рау. Кейіпкердің ғажайып туу мотивінің бір түрі – болашақ кейіпкердің күннің 
нұрынан пайда болуы. Бұл мотив бүкіл жер жүзі халықтарының ауызекі 
шығармаларында бар. Бұл мотивтің түркі-монғол халықтарының фольклорын-
да пайда болу себептерде, оған əсер еткен, діни-наным сенімдер де анықталған. 
Кейіпкердің күн нұрынан туу мотивінің пайда болуына ерте замандағы шаман 
дінінің мол əсері болған. Шаман дінінің ең негізгі ұстанымдары күнге, айға, 
көк аспанға табыну болып табылады. Кейіннен Құдайдың есімі болып табыла-
тын – «Көк Тəңірі» деген сөз пайда болған [6].


191
Түркі-монғол халықтарының аңыз-ертегілерінде кейіпкердің күн нұрынан 
туу мотивінің орын алуы ежелгі наным-сенімдерге байланысты. Жалпы дүние 
жүзі халықтары фольклорында атақты адамдар мен Құдайлардың дүниеге 
келуі көбінесе күн нұрымен байланыстырылады. Фольклортанушы ғалым 
В.Я.Пропп: «Адам баласы мəдениеттің неғұрлым төменгі сатыларында болған 
уақытта «ғажайып туу» елдің бəріне талғаусыз таныла береді. Патша мен 
Құдайлардың бұлай тууы олардың артықшылығына айналды. Ал қарапайым 
адамдар қалыпты жағдайда дүниеге келеді. Египет патшалары өздерін «Күннің 
құдайы Раның тұқымымыз» деп санайды. Осындай сенім Үнді патшалары мен 
ханзадалары жəне Қытай императорларында да бар», – деп жазған [7,207-208].
Қазақ аңыздарында бұл мотив Шыңғыс ханның дүниеге келуімен байланы-
сты айтылады. Қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» жыры Есім ханның атасы 
Шыңғыс ханның күннің нұрынан дүниеге келгенін əңгімелеуден басталады. 
Ал, біз қарастырып отырған «Оғыз-намеде» да Оғыз қағанның анасы Ай қаған 
күн нұрынан жүкті болады. Бұл мотив екі туындыда ұқсас сарында баяндала-
ды. Осы аңыздың қазақ, монғол арасында тараған нұсқаларын салыстырып 
зерттеген ғалымдардың ой-пікірлері бір арнаға саяды. Олар кейіпкердің күн 
нұрынан туу мотиві түркі тектес жəне монғол халықтарының фольклорына 
тəн сарын екендігін дəлелдеп көрсетеді. Қазақ фольклорындағы ғажайып туу 
мотивінің көне үлгілерін Оғыз ханның, Қорқыттың, Шыңғыс ханның дүниеге 
келуі жайындағы шежірелерден кездестіруге болады.
Батырдың ғажайып тууы туралы сюжеттің зерттелу нəтижелерімен 
М.Əуезов, Ə.Марғұлан, Ə.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, 
Т.Сыдықов, О.Нұрмағанбетова, С.Қасқабасов, Ш.Ыбыраев т.б. фольклортану-
шылар еңбектері арқылы танысамыз.
Бұл мотив халқымыздың ежелгі таным-түсінігінің негізінде қалыптасқан 
түркі, монғол тайпаларының таралуы туралы шежірелерде жəне жыр 
аңыздарда, соның ішінде Оғыз ханның, Қорқыттың, Шыңғыс ханның, 
Манас жөніндегі шығармаларда ұшырасады. Осы қаһармандар тура-
лы шығармалардың нұсқаларын Əбілғазының, Қадырғали Жалайырдың 
шежірелерінен, Г.Н.Потанин жинақтарынан кездестірсек, оларды зерттеуге 
Б.Кенжебаев, Ə.Қоңыратбаев, Ə.Марғұлан, С.Қасқабасов т.б. ғалымдар зор 
үлес қосты.
Оғыз, Қорқыт туралы аңыздарда немесе ру тайпалардың шығу тегі тура-
лы шежірелерде қаһармандардың ерекше жаратылуына үлкен мəн беріледі. 
Бұл жерде ол алғашқы ру-тайпаларды жаратушы ілкі бабалардың, атышулы 
əулие-перілердің, жасампаз қаһармандардың ғажайып тууын баяндайтын 
мифтер циклін құрайды. Əрбір халық өздері табынатын объектілерді уағыздау 
мақсатында осындай мазмұндағы аңыздарды таратқан. Оның халыққа əсерлі 
болуы үшін қаһармандарды ерекше жаратылысын суреттеу тəсілі қолданылады. 
Мəселен, жоғарыда сөз болған Оғыз қаған, Шыңғыс хан, Қорқыт т.б. 
кейіпкерлердің барлығы да түркілердің мифологиялық дүниетанымына сəйкес 


192
суреттеледі. Осы келтірілген материалдардың зерттелу нəтижесіне қарап, 
ғажайып туу мотивтері дами келе эпикалық туындылардың экспозициясын 
құрайтын негізгі бөлшектердің қызметін атқарғандығын көреміз. Мұндай 
мотивтің ертедегі алғашқы адамдардың пайда болуы туралы антропогониялық 
мифтерге негіз болып, өз алдына дербес жанр ретінде таралғандығын фоль-
клортанушы ғалымдар анықтаған.
Жалпы, дүниежүзі тарихында атақты адамдар мен Құдайлардың дүниеге 
келуі жайлы мифтерден көбінде күн нұрынан туу мотивін жиі кездестіруге 
болады. Ол – тек түркі халықтарында ғана айтылмайды, көптеген халықтарға 
тəн құбылыс. Текті нұрдан жаратылған етіп көрсету ежелдегі адамдар үшін 
өте маңызды болған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет