Атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары 26 қазан 2019 ж



Pdf көрінісі
бет6/92
Дата22.05.2023
өлшемі1,94 Mb.
#96037
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92
Байланысты:
A Кекилбаев (1)

Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Қазақстан жазушылары: XX ғасыр: Анықтамалық. – Алматы: Ана тілі, 
2004. – 392 б.
2. Кекілбаев Ə. Шыңырау: Роман жəне повестер. – Алматы: Жазушы, 1982. 
– 456 б.
3. Қазақстан: ұлттық энциклопедиясы / Бас редактор Б. Аяған. – Алматы: 
Қазақ энциклопедиясы, 2007. – 9 том. – 688 б.
А.С. Ісімақова
ҚР БҒМ М.О. Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының бас
ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор
(Қазақстан)
АЛАШТАНУШЫ ƏБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫ
Тəуелсіз қазақ елінің тұңғыш президенті Н.Ə. Назарбаев «Ахмет 
Байтұрсынұлы – қазақ халқының ар-ожданы» деген жоғары бағаны ғалымның 
125 жылдық мерейтойындағы баяндамасының атауына қойған еді.
Мемлекет қайраткерлері Алаш ғалымдарының ғылыми еңбектері қайта 
оралғанына да биыл 30 жылдан асты. Содан бері бұл ғылыми мұраны қабылдау 
екі түрлі болып келеді. Біреулер күні бүгін Ахмет Байтұрсынұлының «Əдебиет 
танытқышы» ескірген, біздің ғылым одан əлде қайда алға кетті деген пікірден 
əлі жалыққан емес. Бұл қауымның ниетін де түсінуге болады. Оның негізі – 
кеңестік кездегі тілтану мен əдебиеттанушы ғалымдарының зерттеулері екінші 
кезекке түсіп қала ма деген пендешілік. Тəуелсіздік кездегі əдебиеттану сала-
сында Ахмет Байтұрсынұлының əдеби-теориялық тұжырымдары қазір қажет 
пе деген пікір-талас жалғасып келеді. 
Ғалымның тілтанулық, əдебиеттанулық пəн сөздерінің (терминдер) атын 
атамай пайдаланып келген аға ұрпақтың ішінде М.Əуезов, М.Дулатов, 
Е.Омаров, Т.Шонанов, Е.Поливанов (1927), С.Сейфуллин, Н.Яковлев (1928), 
А.Н.Самойлович, А.Кононовпен қатар А.Байтұрсынұлының ғылымдағы 
реформаторлық қызметін тəуелсіздік кезде мойындағандар: Б.Кенжебаев, 
К.Нұрпейсов, М.Қозыбаев, М.Қойгелді, Ш.Қ.Сəтбаева, Р.Нұрғали, З.Қабдолов, 
З.Ахметов, С.Қирабаев, Т.Кəкішев, Р.Сыздықова, Ө.Айтбай, С.Дəуітұлы 
Ж.Ысмағұлов, Ө.Əбдиманұлы, Қ.Сəрсекеев, Д.Досжан жəне Ə.Кекілбайұлы 
екен. 


19
А.Н. Самойловичтің «Байтурсынов является первым выдающимся казах-
ским ученым-лингвистом. Он реформатор орфографии казахского языка, ос-
новоположник его грамматики и основатель теории казахской литературы» 
[1, 144 б.] деген пікірін тəуелсіз кезде алғашқы болып қазақ тілінде айқындап 
берген де Ə. Кекілбайұлы.
Тəуелсіз кездегі қазақ əдебиеттануындағы алаштану мəселесіне зор үлес 
қосқан бұл зерттеу жоғарыда аталған халықаралық ғылыми конференция-
да оқылған Алаштанудың негізгі ұстанымын айқындап берген сол кездегі 
мемлекеттік хатшы Ə. Кекілбайұлының «Ұстаз ұлағаты» атты баяндамасы. 
Күні бүгін Алаш ғылымын мойындамай келе жатқандарға бұл зерттеу осыдан 
16 жыл бұрын ғылыми негізделген тойтарыс беріпті («Егемен Қазақстан» – 
1998, 15 қазан).
Қазіргі ғалымдардың ішінен Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін мойын-
дап, бірақ кезінде атын атай алмай өттік деп кешірім сұрағандар академиктер 
З. Қабдолов, З. Ахметов, Р. Нұрғали еді. 
Бүгінгі əдебиеттану ғылымында ерекше орын алатын Ə. Кекілбайұлының 
еңбегінің мəні неде? Ел егемендігін аңсаған ғалымның мұрасын біз қалай 
қабылдауымыз қажет?
Тəуелсіздік кездегі алаштанудың негізгі шарттары осы зерттеуде орын 
алған, сондықтан еңбекті қайта бір саралап шығу – қазіргі алаштанудың негізгі 
концепциясын тағы бір анықтап алуға мүмкіншілік береді. 
«Біз бүгін қилы заманда туып, қиямет кешіп, мерт тапқан ғазиз жанның атын 
ардақтап, аруағын ұлықтауға жиналдық». Зерттеудің алғашқы сөздері тəуелсіз 
кездегі ары таза қазақтың перзенттік парызын осылай о баста айғақтап алады. 
Алаштың мұрасын тану бүгін бізге не үшін қажет? Ол туралы Ə.Кекілбайұлы 
былай депті: «Құдайға шүкір, қазақ даласы қай заманда да ондай марқасқаларға 
кенде болмапты. Солардың ішінде дəл осы ғасыр басындағы аңтарылыста 
жұртына жоралылық көрсете алған жолбасшы топтың өмірі мен өнегесі біз 
үшін тым қымбат. Өйткені, ол ұрпақ пен бүгінгі ұрпақ, түптеп келгенде, бір 
арқанның екі ұшын ұстап тұр. Ол – ХХ ғасыр деп аталатын қазіргі жер ба-
сып жүрген ұрпақтардың барған сайын ширыға түскен шытырман тіршілігінің 
арқауы» [2, 81-82 бб.]. 
А. Байтұрсынұлы ұлт тəуелсіздігі үшін қандай үлес қосты? Ол өзі қандай 
тұлға? Осыған байланысты Ə. Кекілбайұлы былай дейді: «Ол – кескекті кезеңде 
келелі істер тындырған кемел ер. Кемеңгер... Сондықтан, қалыс қауымды 
алысқа озып кеткен өркениет көшіне жетелеп апарып іліктіруге тəуекел ету 
үшін елден ерек ержүректік керек еді. Біз сөз еткелі отырған адам да сондай 
сирек сүлейлердің сойынан-тұғын. Оның азаматтық тағдырының қаншалықты 
арасат қиындықтарға толы болғанын аңғару үшін ұлттық тарихпен шектел-
мей, ғалами тарихқа көз жүгіртуге тура келеді» [2, 82 б.].
«Құбылмалы дүниенің құйқылжыма ықпалымен өніп-өрбу қажеттігі сананы 
қалыптастырыпты», – дейді Ə. Кекілбайұлы. Бұл тұжырым ұлттық мемлекеттің 


20
пайда болуына байланысты айтылған. Ə. Кекілбайұлы алаш əдебиетшілері 
сияқты əдеби мəселені қоғамдық, əлемдік деңгейде қарастырады. Ұлттық 
мəдениет пен ғылымды аталған ғаламдық контексте қарастырады: «Күллі 
адамзатқа дүниежүзілік соғыстар мен əлеуметтік революциялар ахуалы күштеп 
таңылды. Оны біреулер өркениет қамын, екінші біреулер езілген тап мүддесін 
көздегендік деп түсінді. Шын мəнінде, жер бетіндегі халықтардың көбіне 
ұлт ретінде жойылып кету, мемлекеттерге – тəуелсіздігінен айырылу қаупі 
төнді. Бұған төтеп берудің жалғыз жолы – өркениеттің жаңа жетістіктерін өз 
еркіңмен меңгеріп, халықаралық тиімді еңбек бөлісуге тікелей қатысуға тезірек 
жетілу еді. Мұндай жағдайда біреулер дүниежүзілік соғыстарға бой алдырса, 
біреулер – ұлт-азаттық қозғалысын қоздыруға мəжбүр болды»
[2, 83-84 бб.]. 
Осы тұста тəуелсіз кездің саясаттанушысы Ə. Кекілбайұлы қазір қажет келесі 
пікір берген: «Өйткені, өзіңде бар экономикалық ресурсты басқалармен тиімді 
бөлісіп, өркениет игілігіне қол жеткізу үшін, сол арқылы өз отандастарының 
саяси-экономикалық мүдделеріне жауап бере алатындай кемелді дамуға ие 
болу үшін, ең алдымен, ұлттық езгіден арылу, мемлекеттік дербестік пен 
тəуелсіздік керек еді. Алайда, оза дамыған дүниенің идеологтары азды-көпке, 
əлсізді күштіге біржолата жығып беру арқылы жаһандық жарастыққа тезірек 
жетуге болады деп санады. Жарастықтан гөрі үстемдік көбірек күйттелді.
Бірақ, бұл қай жақ, қай тап үшін де аса қауіпті ахуал еді. Өркениетті – 
жалпыадамзаттық құндылық деп қарамай, оның белгілі бір бөлігінің басы-
байлы монополиясы деп ұғатын жаңсақтықтан түбегейлі арылмай, аздың да, 
көптің де, əлсіздің де, күштінің де құлағынан қиқу кетпейді» [2, 84 б.]. Бұның 
бəрін Ə.Кекілбайұлы қазіргі қазақ даласының жағдайын ойлаған алғаш Алаш 
саяси элитасының қалыптасуына себеп болғанын анықтау үшін ғана емес, 
қазіргі тəуелсіздіктің де негізгі ұстанымы ретінде айғақтап береді.
ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары қандай еді? Ол туралы былай 
делінген: «Оқығандар шашыранды жұрттан шыққандықтан бас қосып, күш 
біріктіруге құлықты емес еді. Мұндай жағдайда əлгіндей тəуекелге бел 
байламақ түгілі, ол жайында ойланудың өзі ақылға сыймас батылдық еді. 
Соған айдаладағы ауыл мұғалімінің қалай жүрегі тұрғанына қанша таңғалсаң 
да көптік етпейді. Бұл жағынан келгенде, Ахмет Байтұрсынов – ұлттық тари-
хымызда ешкіммен салыстыруға болмайтын ерекше тұлға» [2, 85 б.]. Осыдан 
12 жыл бұрын замандасымыз Ə. Кекілбайұлы тəуелсіз кездегі Алаш атынан 
ұлт ұстазына өз бағасын осылай береді. 
Сол жылы қозғалған менің докторлық диссертацияма жазған пікірінде 
бүгінгі бір академик ағамыз: «А. Байтұрсынұлының «Əдебиет танытқышы» 
– оқулық қана, филология ғылымы одан баяғыда алға кеткен. Ол ескірген 
мұраны сонша насихаттау дұрыс емес», – деп еді. Бір кезде айтылған екі 
түрлі пікір, екі түрлі ниет. Ə. Кекілбайұлы осындай замандастарының пікірін 
ескеріп отырғандай былай депті: «Бəлкім, біреулерге бұл орынсыз тамсану 
боп көрінер. Оған дейін де, бұл далада Фараби, Иасауи, Қорқыт, Асан қайғы, 
Ыбырай, Шоқан, Абайлар да өтті ғой десер».


21
Ə. Кекілбайұлы осылардың ішінен А. Байтұрсынұлын бөліп алады. А. 
Байтұрсынұлы неге ұлт ұстазы атанды? Ол туралы былай делінген: «Ол рас. 
Бірақ, Ахмет Байтұрсынов оларға ұқсайды да, ұқсамайды да. Ұқсайтыны: ол 
да аталмыш алыптар сияқты, ұлттық дамуымыздың үрдісі мен қарқыны қалған 
дүниедегі даму үрдісі мен қарқынына сəйкес келмей кенде қалып, көрер көзге 
тығырыққа тірелген халқына адастырмас жол іздеді.
Ұқсамайтыны: Ахмет Байтұрсынов ондай жол Қорқыт пен Асан қайғыдай 
үйреншікті үрдісті аман сақтап қалатындай жаңа қоныс іздеумен табылады 
деп түсінбеді; Фараби мен Иасcауидей өз тұсындағы кең жайылған антикалық 
немесе исламдық дүниетанымға уақытылы көшу арқылы барлық мəселені 
шешуге болады деп ұқпады; Абай, Шоқан, Ыбырайлардай теңдікке жетудің 
жолында тек ағартушылықпен шектелгісі келмеді. Оның үстіне, бұлардың 
ешқайсысы да Ахмет Байтұрсыновтың рухани қалыптасуына тікелей əсер 
етті деу тым асыра айтқандық болар еді. Ол кезде жұрттың көбі Фараби мен 
Иасауидің заты түгілі, атына қанық емес еді.
Шоқан Уəлихановтың атына қанық қазақ оқығандары еңбектерімен 
соншалықты таныс емес еді. Ал, Абайдың атына да, затына да Байтұрсынов 
тым беріде, өз таңдауын жасап, сол үшін айыпты боп, Семейге ауып барған 
кезде қанығыпты. Ал бала жасынан жақсы білетін Ыбырай өнегесінің жаңа 
кезең жағдайында жеткіліксіз екендігіне бастапқы жылдары-ақ көзін жеткізіп 
үлгерген-ді» [2, 85-86 бб.]. Бұл ғылыми мəселе осылай қойылғанымен 
əдебиеттануда əлі арнайы зерттелген жоқ.
Осы ретте əдебиеттанушы Ə. Кекілбайұлы тарих тұрғысынан қазақ 
даласындағы рухани дəстүрдің үзілмегенін қазіргімізге қажет етіп келтірген. 
Кеңес кезінде əл-Фараби есімі аталғанымен күні бүгін одан үркіп жүргендерге 
Ə. Кекілбайұлы былай депті: «Біз бұл арқылы рухани дамуымыздың ойдағыдай 
өрістеп кете алмауының себебі тарихи сабақтастықтың қайта-қайта үзіліп қала 
беретіндігінен, соның салдарынан əрдайым тыңнан бастап, өткендер біліп 
үлгерген ақиқатқа қайтадан өз күшіңмен жетуге тура келетіндігінен, сүйтіп, 
көп күш-жігердің босқа сарп болатындығынан екенін айтқымыз келеді» [2, 86 
б.].
А. Байтұрсынұлының жоғарыда аталған киелі ата-баба жолындағы орны 
қандай? Ол туралы былай делінген: «Алайда, бұдан Ахмет Байтұрсынов 
алдыңғылар салған соқпақты қайта шиырлап шықты деген қорытынды тума-
са керек. Ол – ешқандай атланттардың иығына шықпай-ақ, бұрынғылардың 
көздеріне іліге қоймаған соны көкжиектерге көз жеткізе білген, көрген. Ол, 
бар болғаны алты-ақ жыл оқыпты. Екі жылын Торғайда, төрт жылын Орын-
борда оқыпты. Екеуінде де өз заманының интеллектілік өрісін толық таны-
та алған ордалы оқу орнын, өнегелі ұстаздар ортасын көре алмапты» [2, 86 
б.]. Бұл күні бүгін А. Байтұрсынұлы «біз сияқты университет бітірмеген, оған 
ғалымдық қайдан келді» дегендерге берілген жауап.
Сонда А. Байтұрсынұлының жанына қандай күш əсер етті? Оның асыл 
жүрегі нені армандап, өзіне қандай мақсат қойды? Ғалымдық оған, əрине, əуелі 


22
Алланың бұйрығымен берілді. Одан кейін Ə. Кекілбайұлы айтқандай: «Ендеше, 
Ахмет Байтұрсыновтың ендігі тағдыры қыл үстінде тұрған халқының қамын 
ойлап, жанкешті жолға түсу мен азаматтық кемелділіктің мұншама шырқау 
биігіне көтерілуінің сырын тек тумысынан ерек қабілет пен абзал жүрекке ие 
азаматтың айрықша ыждаһаты мен мігірсіз ізденістерінен іздегеніміз орынды. 
Ол бір басының тəуекелімен бүкіл бір ұлттың тəуекелінің түгел оянуына түрткі 
болды. Бір өлеңінде ол: «Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп, бітпейтін жүрегімде 
бар бір жарам, алданып жегеніме оны ұмытсам, болғандай жегенімнің бəрі 
харам» [2, 86 б.], – деп жазды».
Бұл қазіргі əр қазаққа қажет үлгі. Қазіргі Алаш ұрпағы тəуелсіздікті көгерту 
үшін əрқайсысы азаматтық таныту керек.
Ата-бабамыздан келе жатқан қазақ үшін қасиетті сөз бар. Бұл туралы 
Ə.Кекілбайұлы: «Сол бір найзадай түйрелген намыс сөзі көкірегіне мəңгі-
бақи қадалып қапты. Оқуға аттандырған да намыс. Оған қанағаттандырмаған 
да намыс. Елің теңелмей тұрып, өзің теңелмейтініңді ұқтырған да намыс. Жат 
оқудың жады пиғылын аңғартқан да намыс.
Көршілес екі халықтың мəдениеттері үзбей байланыста болуы нəтижесінде 
əлсіз əлдісінің ықпалына жығылып, бастапқы айырмашылықтарының бəрінен 
айырылып, ақыр соңында бір ұлтқа айналады дейтін қисын бел алып кетпей 
тұрғанда, апаттың алдын алу жолында аласұртқан да намыс. Əрі мəдениетке 
жетілу, əрі өз қалпынан айырылып, өзге болып кетпеу сияқты аса шытырман 
мəселенің төңірегінде ойын он саққа, қиялын қырық саққа жүгірткен де намыс» 
[2, 87 б.]. Бұл Алаш ғылымына бүгінгідей күмəнданып қарайтындарға қаратып 
айтылғандай. А. Байтұрсынұлының өзімен сырласқандай Ə. Кекілбайұлы 
қазіргімізге қажет ата-бабаның тектілігін осылай алға тартады.
Заман мен саясиланған кеңес қоғамы қолын байлаған кезде ер азаматтың 
қолынан не келеді? Ар-намысын қара басының пайдасын ғана ойлаумен шек-
темеген А. Байтұрсынұлы туралы осы ретте былай делінген: «Ендігі жол 
– үкіметтің емес, халықтың өзінің көзін жеткізу еді. Елді түзеудің баланы 
оқытуды түзеуден, ұлт болудың қазақша оқуды жолға қоюдан басталатынын 
ұғындыру еді...
Ұлт тізгіні ұлттың өзіне тимей тұрып, ұлттық даму жүзеге аспайтынына көзі 
біржола жеткендей болды. Енді бостандық жолында ашық күресуге тура келді. 
Жоғарыда келтірілген бір шумақ өлең де сонда жатып анасына жазылған хат-
тан алынған-ды. Демек, дəл сол кезде баяғы он үш жасында жүрегіне қадалған 
оқ ақыр аяғында ұлттық тəуелсіздікті көксейтін айықпас дертке айналды. Нені 
бастап, нені қолға алса да, сол өзек күйдірген арманнан бастау алатын еді» [2, 
88 б.]. А. Байтұрсынұлы туралы тəуелсіздік кезде көп көпірме сөздер айтылды. 
Бірақ тура Ə. Кекілбайұлы сияқты жанымен, рухымен түсіну əлі де сирек.
Тəуелсіздік кездің əдебиеттанушысы Ə. Кекілбайұлы А. Байтұрсынұлын да-
рынды тұлға деп санайды: «Бұл арада басын аша кететін бір жəйт бар. Байтұрсынов 
ықыласы ауған қай салада да ең үлкен беделге ие болды. Əдеби мұрамызды 


23
жазуда, зерттеуде, насихаттауда арғы-бергі айтулы шығыстанушылармен қатар 
тұрады. Өнер мен мəдениет теориясын жасақтауда күллі түркі дүниесінде ең 
бірінші боп батыл қадамдарға бара алды» [2, 88 б.]. Бұл өнертану мен мəдениет, 
əдебиет теориясын жасап шыққан А.Байтұрсынұлына берілген тəуелсіз 
кездегі ғылымның əділ бағасы. А.Байтұрсынұлының əдебиеттану мен қазақ 
поэзиясындағы Т.Шонанұлы, М.Дулатов, Е.Омаров, Ж.Аймауытов, М.Əуезов, 
Қ.Мұқамедханұлылар Абай шəкірті деп анықтап берген қасиетті орны туралы 
былай делінген: «Оның «Əдебиет танытқышы» енді қаз тұра бастаған көбен 
əдебиет түгілі, əлем мойындаған кемел əдебиеттің өзіне де көрік қоса алатын 
сүбелі еңбек еді. «Маса» мен «Қырық мысал» өткелекте тұрған ұлт өмірінің 
ең зəру мəселелеріне ең дəру жауаптар іздеді» [2, 88 б.]. Бұған дəлел қазіргі 
ресейлік ғалымдар мойындап отырған А. Байтұрсынұлы мен М. Бахтинның 
əдебиет пен мəдениет теориясының негізгі ұстанымдары, екі ғалымға ортақ 
қоғамдық ғылымды ізгілікті ғылым саласы ретінде ғаламды тану жүйесімен 
бірлікте қарастыру.
«Маса» мен «Қырық мысал» қазақтың күні бүгін келе жатқан ұлттық 
мəселелеріне арналған саяси астарлы азаматтық лирика үлгісі. 
ХХ ғасыр басында А. Байтұрсынұлы өзі атауын қойған көсем сөз жанр 
ретінде қалыптасты. Бұрын жырау мен ақын сөздерінде орын алған бұл 
жанрлық түр тұңғыш рет өз ресми құқықтық атауын А. Байтұрсынұлынан алды: 
«Ол бұрын ұтқыр да өткір шешен сөзге ғана құлақ асып қалған жұртшылыққа 
енді істің байыбына барып, мəселенің мəйегін аршып, еліктіре сөйлеудің ор-
нына ежіктей сөйлейтін шынайы көсем сөздің үлгісін көрсетіп берді» [2, 82 
б.] − дейді Ə. Кекілбайұлы.
А. Байтұрсынұлы елдің көзін қалай ашты? Ол туралы Ə. Кекілбайұлы былай 
дейді: «Ағарту ісінде көп мəселеде əлемдік тəжірибеден алға оза əрекеттенді. 
Көп халықтарда енді талқылана бастаған жəйттерге ол сонау ғасыр басында-ақ 
өз тұжырымын айтты. Кейінгі тəжірибе оларды дұрысқа шығарды» [2, 89 б.].
Қазіргі ғалымдарының көбі күні бүгін қимай отырған шындықты 
Ə.Кекілбайұлы осыдан 12 жыл бұрын айтып беріпті: «Қазақ тілінің дамуы-
на жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, 
Байтұрсыновтың бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара. Сол арқылы түркітануға 
да келелі үлес қосты. Жаңа жазу. Жаңа əліппе. Тұңғыш емле. Тұңғыш фоне-
тика. Тұңғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология мен 
əдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар. Ұлттық тіл біліміне 
түпкілікті темір қазық болар мəңгілік үлестер. Кейде күллі бір ұлттың талай 
ұрпағының қолынан келе бермейтін келелі істерді бір-ақ адамның тындырғаны 
таңданбасқа болмайтын жəйт. Кейде, шіркін, сол сабаз қазір тіріліп келсе 
ғой дейсің. Бізге ұят болғанымен, ең үлкен мəртебеге енді ие боп, соны əлі 
дұрыстап игере алмай жатқан сорлы қазақ тілінің сауабына бір қалар еді-ау 
деп ойлайсың» [2, 89 б.]. Кім біледі? Доктор, академик емессің деп қазіргі 
ғылым басындағылар бұған жол берер ме екен? 


24
Осы тұста Ə.Кекілбайұлы А.Байтұрсынұлының кəсібилік деңгейін 
нақтылап береді. Сонымен қатар, қазіргі тіл тануға үлгі боларлық мысал-
дарына назар аударады: «Бір ғана «ш» дыбысы мен «ш» əрпіне қанықтыру 
үшін: «мынау сорлы шал, бойына назар сал, сақал-шашы ақ; қайраты шақ; 
баладан ада, қарадан таза; ауқаты – шабақ, сусыны – шалап, аяқта – шарық, 
қатқан аш, арық, шабақтан, шалаптан болсын ба қарық?» – деп, əлеуметтік 
тұрмыстың күллі бір эпопеясын көз алдыңа көлденең тартатын, тіл таныта 
отырып, тіршілік танытатын əліппелері, «бақ-бақ еткен текені қыс келгенде 
көрерміз, батырсынған жігітті іс келгенде көрерміз», «кісі бір көргенде бұлан, 
екі көргенде құлан, үш көргенде адам», «ексең егін, ішерсің тегін», «түбі 
бірге түтіспейді», «ойнаңдар, ойлаңдар» деп жататын тіл ашарлар, шіркін, 
салт өзгеріп, сана өзгеріп жатқан қазіргі заманда да көптеп шықса ғой» [2, 89 
б.]. Қазақ тілін таныту арқылы ұлтты таныту мəселесін Ə.Кекілбайұлы осы-
лай еске салады. Бұл мойындау ғана емес, А.Байтұрсынұлының мұрасының 
тəуелсіз кездегі қажеттілігін айқындап беру. Қазіргі қазақ тілін таныту осы-
ларды іске асырумен жалғасса ғой... Қаншама жалған оқулықтардан арылар 
едік. Осыған орай Ə.Кекілбайұлы бүгінгі ғылым алдындағы мəселелерді де 
атап өткен: «Ахаңдар қазір арамызда жүрсе, баяғы «Қызыл əскер тіл ашары» 
сияқты «Кəсіпшінің тіл ашары», «Іскерлік тіл ашары», «Тəуелсіздік тіл аша-
ры», «Демократия тіл ашары», «Əділет тіл ашары», «Кеңсе тіл ашары», «Билік 
тіл жұмсары», «Құқ əліппесі» қосылмасына, тілтану құралдары тіршіліктану, 
заңтану, адамтану, қоғамтану құралдарына айналмасына кім кепіл? Сондай 
мемлекеттік тілдің жолындағы талай психологиялық тосқауылдың өз-өзінен 
аласталмасына кім кепіл? Ал, осы ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов та 
отбасында омалып қалған ана тіліміздің жоқ-жітігін айтып, күні-түні зарлап, 
қол қусырып қарап отырып алса, қазақ тілі мен ол туралы ғылымның əлі күнге 
кіндігі кесілмей, шырылдаған шарана халде жатпасына кім кепіл? Егер Ах-
мет Байтұрсынов осының бəрін сол кезде дүниеге келмек түгіл, əлі ешкімнің 
қиялына да келе қоймаған ұлттық мемлекет орнап, сол жасап берсін деп отырып 
алса, ұлттық мектеп, ұлттық баспасөз, ұлттық тілтану, елтану, өнертану, өзін-
өзі тану бүгінге дейін болар-болмасына кім кепіл?» [2, 89-90 бб.]. Бұл қазіргі 
қазақ тілінің құқығы үшін дауласатындарға берілген жауап. Əр қазақ өзі нақты 
не қосыпты бұл іске? Ұрандап, байбалам салу уақытты өтті. Əрқайсымыз өз 
саламызда тəуелсіздік үшін не тындырдық деп есеп сұрайтын кез жетті.
А.Байтұрсынұлының ұлт тарихындағы орны қандай? Күні бүгін пейіліміздің 
тарлығынан айтылмай келе жатқан пікірді осыдан бір мүшел бұрын 
Ə.Кекілбайұлы беріпті: «Иə, Ахмет Байтұрсынов – ұлттық дамудың талай жыл 
əбден тот басып қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған тегершігін бір өзі 
айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген, ертегінің ерлеріндей 
ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруының сырын тап ондай біліп, сол 
жолда қалтқысыз еңбек етіп, мəңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған 
қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, онан кейін де болған емес. Неліктен 


25
ол мұншалықты жанкештілікке барып жүр? Бұның жауабын оның арман мен 
арпалысқа толы өмірінің ең шынайы шежіресі – өлеңдерінен ізделікші» [2, 
90 б.]. Бұл əдебиетші Ə.Кекілбайұлының Алаш ақынының басты тақырыбын 
айқындап беруі. Əр ақынның өзіне ғана тəн ішкі тақырыбы болуының сырын 
əдебиетші Ə.Кекілбайұлы осылай аңғартады.
Əдебиеттанушы Ə.Кекілбайұлы мемлекет қайраткері А.Байтұрсынұлының 
қалыптасу жолын оның поэзиясында айқындалғанын дəлелдеп шығады. Бұл 
тəуелсіз кездегі əдебиеттанудың үлгісі болатын əдеби мəтінді талдаулар: 
«Мақтағандықтан ба? Онда «Əзірге қолдан келген осы барым, қомсынып, 
қоңыраймай, құрбыларым, бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық, күн қайда үздік 
шығар топты жарып; бар болса сондай жүйрік, қызар деймін, естілсе құлағына 
дүбір барып: əйтпесе, арық шауып оңдыра ма, жүргенде қамыт басып, қажып-
талып», – деп қайғыра қаймығар ма еді?
Масаттанғандықтан ба? Өйтсе: «Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ, теңізде 
жүрміз қалқып кешпесі жоқ, жел соқса, құйын қуса жылжи беру, болғандай 
табан тіреу ешнəрсе жоқ; бұл күнге бүгін емес, көптен кірдік, алды-ар-
тын аңдамаған бетпен кірдік, жат жақты жаратқанға күзеттіріп, жақынмен 
ырылдастық, иттей үрдік... білдірдік елдің сырын, ердің құнын, еліріп ерегіске 
екі-үш күндік... кіреді тентек есі түстен кейін, мүшкілін халіміздің енді 
білдік...», – деп күйзелер ме еді.
Даңққұмарлықтан дейін десең, «Жанға көңіл қалып тұр, жан бұл күйге са-
лып тұр; тəнге көңіл қалып тұр, тəн шыдамай арып тұр; жұртқа көңіл қалып 
тұр, жұрт жалғанға нанып тұр; өтірік өрлеп, күшейіп, шын жеңіліп, талып 
тұр; жала деген төбеті балтырыңды қауып тұр; табалаған жаманның шаян тілі 
шағып тұр; жаны ашыған жақынның жасы көзден ағып тұр...», – деп айтқаны 
рас болса, кімге сеніп атақ іздейді, кімнен даңқ дəметеді» [2, 90 б.]. Бұл поэ-
зия талдау үлгісі. Мағынасыз терминдердің қалай болса солай қолдануы емес, 
негізгі түпкі ойды анықтап алу. Өлеңдегі мағына мен түрдің үйлесуі осылай 
анықтала түседі. Абайдан келе жатқан мақтану, масаттану, даңққұмарлықтан 
аулақ болған шынайы поэзия сипаттары осылай айғақтала түседі. Ақынның 
өзін өзі атақ алуға ұсынуы деген сұмдықты біз бүгін ғана көріп келеміз.
Кезінде Т.Шонанұлы талдаған, бірақ қазіргі əдебиетшілер назарынан 
тыс қалған «Адамдық диханшысы» өлеңіне Ə.Кекілбайұлы жаңа баға беріп 
Т.Шонанұлының басты ойын жалғастырып тəуелсіз кезге қажет мазмұнды 
анықтап алады: «Сонда мұншама сарп болып сарсылуда не мəн бар? Сүйтсе, 
мəн бар екен: «Адамдық диханшысы қырға шықтым, көлі жоқ, көгалы жоқ 
– құрға шықтым; тұқымын адалдықтың шаштым, ектім, көңілін көтеруге 
құл халықтың»... «рахатсыз өтсе де өмір-жасым, бұл жөнімнен Құдайым 
айырмасын... шалдығатын, шаршайтын жерлер де бар... шыққызбайтын жо-
лында өрлер де бар... ел бұнымды білемін ұқпайтынын, көтермеге қалғанда 
шықпайтынын, шалыс басып аяқты жығылғанда, «жатқаныңнан тұрма» деп 
мықтайтынын ...мен өлсем де, өлемін жөнімменен, тəннен басқа немді алар 


26
өлім менен, тəн көмілер, көмілмес еткен ісім, ...ойлайтын да мен емес бір күнгі 
ісін, жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын, ел – бүгіншіл, менікі ертең үшін...
Міне, гəп қайда?! Шын азаматты пендешілікке, шын ерді есерлікке 
жібермейтін де осы: ертеңге деген сенім; келешек алдындағы жауапкершілік. 
Ендеше, əңгіме əлі келе қоймаған бостандық, орнай қоймаған тəуелсіздік жай-
ында болып отыр» [2, 91 б.]. Ə.Кекілбайұлы А.Байтұрсынұлының аталған 
өлеңінде Абайдың асыл қағидасын жалғастырып кеткенін ғана аңғармайды 
(«Тəннен басқа немді алар өлім менен, тəн көмілер, көмілмес еткен ісім»... 
Тəуелсіз кездің əдебиетшісі Ə.Кекілбайұлы бəрімізге қажет ұлттық мақсатты 
осылай алға тартады: «ел бүгіншіл, менікі ертең үшін». 
Ə.Кекілбайұлы А.Байтұрсынұлының ғалымдық, тұлғалық істерін қазіргі 
мемлекеттік деңгейден бағалайды: «Өйткені, басқа бір өлеңінде: «Кім біліп, ер 
еңбегін сезіп жатыр? Кім шыдап жолдастыққа төзіп жатыр. Кешегі кеңшілікте 
керек қылған бостандық болмаған соң безіп жатыр» дейді. Осыған қарап-ақ, 
оның көп қырлы қызметінің қай саласына басым маңыз бергенін аңғарамыз.
Олай болса, Ахмет Байтұрсынов бірінші кезекте халқының азаттығы, елінің 
тəуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттілігі жөнінде жан аямаған күрескер. Бұлай 
болатын жөні де бар еді» [2, 91-92 бб.]. Алаш саяси тұлғаларының мемлекеттік 
істі ғалымдық, ақындық іспен ұштастыра білгені ғана емес, олар тəуелсіздік 
жолында қолынан келген амалдардың бəрін қолданған күрескерлер екені осы-
лай анықталады.
Əдебиеттану ғылымы күні бүгін əр жазушының шығармашылығын тектік 
түрлерге бөліп қарастырады. Ə.Кекілбайұлы А.Байтұрсынұлының өлеңдерінің 
азаттық рухы ақының көсемсөзімен тікелей байланысты екенін аңғартады: 
«Бұндай тұста ағартушылықты тек сауат ашумен шектемей, ең алдымен за-
ман танытуға бағыттау керек болды. «Қамсыз жатқан қазақтың көңіліне 
соңғы кезде ғана қайғы кіре бастады, басқа келген нəубəттің қайдан келген, 
кімнен болғанын біле алмай, əркімнен көріп өкпеледі. Қазақтың өкпелеуінің 
жөні бар ма, жоқ па?», – деп толғанады бір мақаласында Ахмет Байтұрсынов. 
Бұл жайында толғана-толғана келген қорытындысы «Өзімізге өкпелемесек, 
өзгелерге өкпелер рет жоқ... Өткен өтті, іздегенмен таптырмайды, қуғанмен 
жеткізбейді... Ендігі əңгіме, өткенді көксемей, сары уайым сала бермей, сағым 
қуып, сандала бермей, шалажансарланған шаруаны түзету... Жеке кісі түгілі, 
жалпақ ел – заманның бұйдалап жетектеген түйесі» [2, 92-93 бб.].
Бұл да Ə.Кекілбайұлының қазіргі замандастарына қаратып айтқаны.
А.Байтұрсынұлының жүз жыл бұрынғы айтылған тұжырымының Ə.Кекіл-
бай ұлы тəуелсіз кездегі қазақ үшін қажет екенін осылай айғақтап алады: 
«Бұдан бүгінгі біз үшін шығаратын қорытынды: тіршіліктің үйреншікті үрдісін 
заманға лайықтап түбегейлі жаңғыртпақ шарт... Ұлттық сананы заманға 
лайықтап қайта қалыптастыруға жұрт боп жұмылмақ шарт.
Өйткені, біз өкпеледі екен деп, өз өзегін үзіп бере қоятын, бопсалады екен 
деп болатынды болдыртпай қоятын заман бəрібір жоқ» [2, 93 б.].


27
Қазіргі қазақ үшін не қажет екені туралы ойын Ə.Кекілбайұлы А.Байтұр-
сынұлы пікірімен түйіндейді: «Əркім өзіне керегін күйттейді. Көптің керегін 
əркім өз шаруам деп емес, біреудің шаруасы деп санайды. Ол үшін біреулерге 
өкпелеп, біреулерді сынайды. «Қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан кел-
генше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып толықпақшы. 
Іс қолынан келмейтініне сөз жоқ, іс қолынан келетіндері де қарап жатыр... 
Алға басып жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмау үшін біз білімді, 
һəм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кəсіп керек. 
Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», 
– деп ренжиді Ахмет Байтұрсынов» [2, 94 б.]. А.Байтұрсынұлының саяси 
ұстанымдары бүгін де ұран болуға əбден лайық екені осылай анықтала түседі. 
Ұлт жұмысы бəрімізге ортақ мүдде. Əр қазақ осы жолда нақты іс тындыруы 
қажет. Бірлігі бар ел ғана күшті бола алады.
А.Байтұрсынұлының көсемсөзінен Ə.Кекілбайұлы қазіргі қазаққа қажет 
ел бірлігі ойын осылай алға тартады: «Байтұрсынов бөліне-жарылушылық 
атаулыға атымен қарсы боп, бəрін де ұлттық жаңарысқа жұмылдыруға ты-
рысты. Ол өтпелі кезең жағдайында кездеспей қалмайтын дəстүршілік пен 
жаңашылдық тайталасында жаңаруды жақтады. Жаңару жаппай жұмылмаса 
жүзеге аспайды. Жиғанды – тойға, білгенді дауға шашып, ауыз бірікпейді. 
Олжалы жердегі үлес пен жоралы жердегі жол да тек білімдіге ғана емес, 
біріккенге бұйырады. Ұлт мүддесі – үлкен міндет. Үлкен іске көп кісі керек. 
Көпті күшті билік жияды. Өз ісің өз билігіңді өз қолыңда бекем ұстай алсаң 
ғана өнеді. Ол үшін ұлт əуелі өз ахуалын өзі терең түсініп, оны түзетуді бірлесе 
ойластырып, бірлесе қамдастырмақ шарт. А.Байтұрсынов жан-жақты əдеби-
ғылыми шығармашылығы мен ұстаздық-қоғамдық қызметін – қандастарына 
осыны терең ұғындыруға арнады. Бұл оның ұлттық мемлекет билік жолындағы 
жүйелі күресіне керекті білім, тəжірибе, бедел жиып бере алды» [2, 95 б.]. Бұл 
тəуелсіз кездегі басты көзқарас: ұлт мүддесі жолында ел болып бірігу.
Алаш тұлғалары неге қара басының ғана қамын ойламаған? Ол туралы 
Ə.Кекілбайұлы былай дейді: «Байтұрсынов басшылығындағы «Қазақ газеті»: 
«Мұндай лайсаң заманда закон жоқ, жол жоқ, қорғалайтын пана жоқ. Əркім 
өзін-өзі қорғайды. Əуелі өлмеске, екінші мал-мүлкімізді талауға бермеске, 
үшінші осы лаңның ішіне кірмеске қолдан келген күшімізді, ісімізді сарп етуге 
керек. Данышпандар білімін, азаматтар қайратын ұлты үшін аямай жұмсайтын 
орын осы», – деп дабыл қақты. Құдайдан басқадан қорықпай, бұрынғы ай-
тыстарды ұмытып, халық бірлігін нығайтуды бірінші кезекке қойды. Сонда 
ғана ұлт тізгіні қолға ілігіп, оны бекем ұстауға болатынын ескертті» [2, 96 б.]. 
Соңғы сөйлемдерде тəуелсіз кездегі саясатшы Ə.Кекілбайұлының пікірі анық 
аңғарылады. Ел бірлігі болмай, ел көсегесі көгермейтіні осылай айғақтала 
түседі.
ХХ ғасыр басындағы қазақ даласы төртке бөлінгені туралы қазіргі саясатта-
нушы Ə.Кекілбайұлы былай дейді: «Сібірдегі Колчак үкіметі либералдықтан 


28
гөрі таза монархиялық сипат танытты. Семейдегі Алаш үкіметін жаптырды. 
Түркістан автономиясында аз ұлттардың өзара қырқысы қоздады. Ондағы 
Уақытша үкімет басшылары Мұхаметжан Тынышбаев пен Мұстафа Шоқай ел-
ден аластатылды. Батыс Алашорда мен дутовшылар мəмілесі де ұзаққа барма-
ды. Большевиктер үстемдігі тарихи шындыққа айналды. Ұлттық автономиядан 
не атымен қол үзу, не большевиктермен келіссөз жүргізу керек болды. Бұған 
дейін автономия төңірегіндегі кереғар пікірлерді үйлестіруге үнемі ұйытқы 
боп келген Ахмет Байтұрсыновқа бұл міндетті өз мойнына алуға тура келді. 
Ағарту ісіндегі, əдебиет пен ғылымдағы, əлеуметтік қызметтегі табандылығы, 
білімдарлығы, бірлікшілдігі арқасында түрікшілдердің де, орысшылдардың 
да, қазақшылдардың да, либералшылдардың да, тапшылдардың да алдында 
үлкен беделге ие айтулы қайраткермен келіссөзге большевиктер де пейіл бол-
ды» [2, 97 б.].
«Алаш» партиясы, Алаш Орда мемлекеті қазіргі тəуелсіздік үшін қандай 
міндет атқарды? Осыдан 20 жыл бұрын ол туралы анық айтқан Ə.Кекілбайұлы 
екен: «Кейін біздің егемендік алып, тəуелсіздік жариялауымызға да сол бір 
жанқиярлық пен жүзеге асқан жағдай бірден-бір құқықтық негіз болды» [2, 98 
б.]. Бұл да есте сақтайтын нақты тарихи дерек.
Сауатты адам өз ұлты үшін қандай қызмет атқара алады? Осы тұста оған 
кімдер үлгі бола алады деген сауалға Ə.Кекілбайұлы былай депті: «Ахмет 
Байтұрсынов өз арманы жолында арыстанның аузына, зымыстанның түбіне 
бара жүріп, халқына қалтқысыз еңбек сіңіре білді. Елдің арасына алалық 
кіргізетін айтыс-тартыстан аулақ тұрып, тек қана ұлттық мүддеге қызмет етті. 
Кеңес үкіметімен мəмлеге де сол үшін барды. Ақ пен қызылға бөлініп, бір-бірін 
бүріп тастағалы тұрған үзеңгілестерін аман сақтап қалғысы келді. Бай мен 
жарлыға бөлініп, барынан айырылып қалғалы тұрған халқының ұйытқысының 
бұзылмағанын көздеді. Патша кезінде де жан аямай қолға алған ағартушылық 
реформаны жаңа жағдайда жалғастыра беруге тырысты. Сол үшін де ағарту 
комиссары болуға келісті. Сол арқылы ұлттық оқу-білім, мəдениет, өркениетті 
дамыту ісіне ешқашан естен шықпастай мəңгілік үлес қосып үлгерді» [2, 98-
99 бб.]. Алаш тарихын зерттеген академик К.Нұрпейісов осыған байланысты 
А.Байтұрсынұлының кеңестік академиялық орталықтың төрағасы болғанын 
ұлттық ғылым академиясының басы деп айқындап беріп еді.
Кеңес өкіметі неге алашты жоюды өзіне басты мақсат етіп қойды? Кеңестік 
саясаттың шын пейілі туралы Ə.Кекілбайұлы былай дейді: «Бірақ, тапшыл 
идеология өліара кезең өткен соң түбегейлі үстемдікке ұмтылды, кешегі 
уəделер ұмытылды. Ұлттық автономиялар уақытша шарттылыққа айналды. 
Бір кезде самодержавие үлгере алмай кеткен аздарды ұлтсыздандырып, көптің 
сойылын соқтыратын саясатқа көшті. Оған қарсы болатын күштер алдын ала 
есепке алынып, олардың алдынан арандар қазылды. Халықтардың тарихи 
қалыптасқан əлеуметтік қатынастары жаппай тапшылдық арнаға көшіріліп, 
ұлтішілік алауыздық ашық қолдау тапты. Ахмет Байтұрсыновтың үзеңгілестері 


29
жаппай жер аударылды» [2, 99 б.]. Қазақтарды жаппай қыруды Голощекин іске 
асырды. Əуелі ұлттың қамын ойлаған алаш қайраткерлерінің көзі жойылып, 
ғылыми, əдеби, саяси мұрасына қатаң тыйым салынды.
Қазақ мемлекеті мен қазақ ұлтына қызмет етудің осындай үлгілі тұлғасы бар 
қазіргі біз не істеуіміз керек? Нені есте сақтап, нені басты мақсат етуіміз қажет? 
«Ол сағат Байтұрсынов ақырына дейін адал қызмет еткен тəуелсіздік жеңісімен 
бірге соқты. Жетпіс жыл бойы тұншықтырылған егемен мемлекеттілік бəрібір 
жүзеге асты. Оны баянды ету үшін де бір кезде Ахаңдар айтқандай, тағы да 
қапы қалмастай боп, бір Құдайдан басқадан қорықпай, араға жік салар ай-
тыс-тартысты ұмытып, халық бірлігін нығайта беруге тиіспіз. Сол арқылы 
өзгеріске толы дүниеде өзгелерден кем қалмайтындай боп, өз орнымызды 
иемдену үшін бір кезде олар бастап беріп кеткен түбегейлі жаңарысты жаңа 
қарқынмен жалғастыруға міндеттіміз» [2, 100 б.].
«Бір Құдайдан басқадан қорықпаған» қазіргі алаш өз алдына қандай мақсат 
қою керек? Ол туралы Ə.Кекілбаев былай дейді: «Біздің кемеміз үміт жаға-
лауына жақын қалды. Бұндай кезде жауапкершілік бұрынғыдан да арта түседі. 
Өйткені, сын кезең əлі өткен жоқ. Тарихтың алдан қанша талқысы тосып 
тұрғанын ешкім білмейді. Сонда қалтылдақ қайықтың кебіне түспес үшін 
тəуелсіздік алғаннан бергі аз жыл ішінде жинақталған тағылым мен тəжірибені 
жете байыптап, əділ бағалағанымыз, бұдан арықарай да тізгінімізді сол талай 
тығырықтан аман алып өткен саяси реализм мен мемлекеттілігіміздің, демо-
кратия мен реформаның мүдделерін қорғаудағы азаматтық табандылықтың 
сенімді қолына бекем ұстатқанымыз дұрыс болары даусыз.
Тек сонда ғана осындай аса бір жауапты кезеңде бəріміздің басымызды 
маңызды мəслихатқа жиып отырған Ұлттың ұлы Ұстазы аруағы алдындағы 
шəкірттік арымыз таза, иманымыз кəміл болар еді» [2, 101 б.].
А.Байтұрсынұлын тəуелсіз кезде «Ұлттың ұлы ұстазы» деп атаған Ə.Кекіл-
байұлы бұл бағаны бүгінгі қазақ елінің атынан беріп отыр. А.Байтұр сынұлының 
еңбегін күні бүгін біреулер «ескірді» деп жоққа шығарушыларға осыдан 23 
жыл бұрын осындай кəсіби əділ пікір білдіру екінің бірінің қолынан келмес. 
Ə.Кекілбайұлы осыдан 12 жыл бұрын Алаштанудың негізін осылай 
анықтап беріпті. Сондықтан біз Ə.Кекілбайұлына алғысымызды кеш те болса 
білдіруіміз қажет.
А.Байтұрсынұлы туралы тəуелсіздік кезде көбіміз жаздық. Бірақ ешқай-
сымыздың аузымызға келесі сөздер түспепті: «Ол, бүгін расында да мынау 
бостандықтың бозала таңында ақ бозға мініп, қыр басынан көрінген Қызыр 
Ілияс сияқты. Алдынан жүгіріп, аяғын құшқымыз келеді. Үзеңгісіне жабы-
сып, əкеден балаға ауысып келе жатқан сағынышымызды басқымыз келеді. 
Қайтадан ақ жол үстіндегі бүгінгі ұрпақ ол жазып кеткен адамгершілік пен 
азаматтық, жаңартушылық пен жасампаздық əліппесін жетік меңгеріп, жемісті 
жүзеге асырарына сендіргіміз келеді. 
Сонда рухани піріміз Ахаң көк аспандағы көлеңдей желпілдеген көк 
туымызға көзі түсіп сүйсінер. Өздері көре алмай кеткен тарихи дəуренге біздің 


30
жеткенімізге еміренер де тебіренер. Бір кезде «Қазақ» газетінде берген бата-
сын берер: «Төңірекке қарасаң, түнерген бұлттар əлі бар... Түбі қандай болады 
деп қобалжымалық... Дауылды жауын ету қолымыздан келмесе де, үйімізді 
үй етіп, шашылмай қалудың қамын желік... Дүниенің төріне ұмтылғандар 
төрден орын алып жатыр. Ұмтылмағандар есікте қалып жатыр... Қалмайық де-
сек, қарап жатпалық... Көп ісіне көп болып жабылайық... Қолымнан не келеді 
деп қорынбайық. Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп 
жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нəрсесі 
жоқ. Əркім əлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, аз нəрсе көпке 
сеп болмақшы. Сəл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды... 
Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет». «Елін 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет