Атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары



Pdf көрінісі
бет11/204
Дата06.01.2022
өлшемі3,96 Mb.
#14830
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   204
Байланысты:
{CF395923-CB60-413E-9F69-F9338E1D4631}

 
ӨРЕЛІ ОЙ, ӨРІСТІ ЗЕРДЕ 
(Ғалым Сәбит Жәмбектің ғылыми еңбектері туралы ой) 
 
Аннотация: мақалада ғалым Сәбит Жәмбектің ғылыми еңбектеріне талдау жасалып, 
әдебиеттану  ғылымына  қосқан  үлесі  туралы  жан-жақты  талданды.  Көкше  өңіріндегі 
фольклорлық  жанр  сипаты  туралы,  фольклортанушы  ғалымдар  туралы,  сал-серілер  мен 
жыраулық  поэзияны,  ХІХ  ғасыр  әдебиетін  зерттеудегі  ерекшелігі  мен  әдіс-тәсілдері 
қарастырылып,  ғылыми  ізденістеріне  жоғары  баға  берілді.  Ғалымның  әдебиет  теориясы 
мен  әдебиет  тарихына  қатысты  зерттеулеріндегі  жаңалықтары,  тың  ғылыми 
тұжырымы сараланды. 
Тірек сөздерфольклор, әдебиет тарихы, әдебиет теориясы, поэзия, проза, әдеби жанр, 
көркем шығарма, әдебиеттанушы 
 
Сәбит  Жәмбек  –    қазіргі  қазақ  әдебиеттану  ғылымында  зерделі  зерттеулерімен  зиялы 
қауымның назарын аударып жүрген, сөз өнерінде өзіндік орны бар ғалым. Ғалымның қазақ 
әдебиетінің  тарихы  мен  теориясын,  фольклорын,  Көкше  өңірінің  әдеби  мұрасын  бар  ынта-
жігерімен  зерттеген  еңбектері  әдебиеттану  ғылымының  зор  жетістігі  деп  санаймыз.  Ол 
әдебиеттің  бір  ғана  саласын  зерттеумен  шектелмейді.  Оның  аса  бай  ауыз  әдебиеті 
үлгілерінен  бастап,  жыраулық  поэзияны,  ХІХ  ғасыр  ақындарын,  ХХ  ғасырдың  басынан 
бастап  бүгінгі  тәуелсіздік  кезең  әдебиетін  тұтас  қамтитын  танымы  терең  зерттеулері  қазақ 
әдебиеттануының  дамуына  қосылған  өлшеусіз  еңбек  болып  табылады.  Осы  тұрғыдан 
қарағанда  Сәбит  Жәмбек  алдыңғы  толқын  ағалар  Қ.Жұмалиев,  З.Ахметов,  С.Қирабаев, 
З.Қабдолов,  Т.Кәкішев,  Р.Нұрғали  сияқты  қазақ  әдебиеттану  ғылымының  көшін  іргелі 
зерттеулерімен  анағұрлым  алға  жылжытқан,  әлемдік  әдебиеттану  кеңістігіне  жол  салған 
ғұламалардың ізбасары деуге болады.  
Академик  Зәки  Ахметов:  «Қазақ  сөз  өнері,  әдебиеті  аса  бай  және  өте  бағалы  қазына 
болғандықтан әдебиеттану ғылымының өркендемеуге хақысы да жоқ. Аса бай ауыз әдебиеті, 
Абай  мен  Әуезові,  Жамбыл  секілді  ұлы  тұлғалары,  Мағжан  мен  Сұлтанмахмұт,  Сәкен  мен 
Ілияс  сияқты  дүлдүл  ақындары  бар  елде  әдебиет  зерттеушілерінің  мәдени  көштен  қалуы 
орны  ойсыраған  осалдық  болар  еді»  [1,  111]  дейді  әдебиеттану  ғылымы  туралы  бір 
сұхбатында.  Осындай телегей-теңіз,  аса  бай  әдеби  көштің  алдыңғы  шебінде  Сәбит  Жәмбек 
тұр  деп  батыл  айтуға  болады.  Шынымен  де  қазақ  әдебиеті  телегей  теңіз  қазына.  Осы  бір 
қазынаны  тереңнен  қазып  қопарып,  ақ-қарасын  айырып,  елеп-екшеп  елге  беру  кім 
көрінгеннің қолынан келмесі анық. Қажыр-қайрат пен зор төзімділікті талап ететін ғылыми 
жұмыспен айналысу үшін өрелі ой, өрісті зерде қажет. Қазақ әдебиетінің негізі, бастау көзі 
фольклор десек, Сәбит ағамыз Көкше өңіріндегі фольклорлық мұраларды жүйелеп, жанрлық 
сипатын талдап, таралу ерекшелігі мен салт дәстүрі туралы бірнеше ауқымды мақала жазды. 
Ол  өзінің  «Көкше  өңірі  фольклорының  таралу  ареалы»  мақаласында:  «Көкше  өңірінің  бай 
ауыз  әдебиеті  мұралары  тарихи  Есіл-Көкше  өңіріне  түгел  тараған.  Бір  шеті  Ресей 
федерациясының  Қорған  облысынан,  екінші  шеті  қазіргі  Ақмола  облысының  аудандарын 


20 
 
қамтиды.  Бұрынғы Көкшетау облысының шегіндегі Уәлиханов, Қызылту, Тайынша (Чкалов, 
Красноармейск),  Келлер,  Айыртау,  Рузаев  аудандары  қазір  Солтүстік  Қазақстан  облысы 
территориясының  құрамына  кіреді.  Бірақ  біз  фольклорлық  мұраларды  жинап  зерттегенде 
Көкше өңірінің бұрынғы қалыптасқан аймақтық межесін еске аламыз. Себебі Көкше өңірінің 
аймақтық фольклорын аталмыш аудандарсыз елестету мүмкін емес» [2,1] деп Көкше өңірінің 
бұрынғы аумағына қараған жоғарыда аталған аудандардың барлығын тегіс қамту керектігін 
еске  сала  отырып,  оның  негізгі  себептерін  нақтылайды.  Ғалымның  зерттеуінше  Ақан  сері 
жайындағы  әңгімелер  Бурабай,  Зеренді  аудандары  мен  Солтүстік  Қазақстан  облысының 
Ғабит Мүсірепов, Айыртау аудандарынан табылған, Біржан салға қатысты оқиғалар Ақмола 
облысының  Бурабай,  Еңбекшілдер,  Ақкөл  аудандарынан  жазып  алынған.  Сондай-ақ  Көкше 
өңіріндегі сал-серілер туралы әңгімелер Ресейдің Омбы, Қорған облыстарынан да кездескен. 
Ғалым  ол  пікірін  1965  жылы  Ресейдің  Омбы,  Түмен  облыстарына  Е.Ысмайылов  бастап 
барған ғылыми экспедицияның Орынбай ақынның жырлары мен өмірі туралы нақты білетін 
адамдарды  кездестіргенін  дәлелдейтін  нақты  деректермен  тұжырымдайды.  Сонымен  қатар 
сол өңірдегі жер-су, елді мекен, тау аттарына қатысты аңыз-әңгімелердің жоғарыда аталған 
аймақтарда таралып, айтылып жүргенін де тілге тиек етеді. Демек, ғалымның Көкше өңірінің 
фольклорлық  таралу  аймағына  қатысты  пікірі  мейілінше  заңды  әрі  логикалық  тұрғыдан 
орынды  деуге  толық  негіз  бар.  С.Жәмбек  Көкше  өңіріндегі  фольклорлық  жанр  сипатын  да 
жүйелеп, бір ізге түсірді. Сол өңірде ауыз әдебиетін жинап зерттеу ісіне ХХ ғасырдың 20-шы 
жылдарынан  бастап  С.Сейфуллин,  С.Мұқанов,  М.Әуезов,  Ә.Марғұлан,  Қ.Сәтбаевтардың  ат 
салысқаны  жөнінде  де  нақты  деректер  келтіреді.  Бұл  өңірде  халық  өлеңдері  мен  әндерін 
және  аты  аңызға  айналған  Абылай  хан,  Бөгенбай  батыр  сияқты  т.б.батырлар,  сал-серілер 
туралы  ел  арасына  тараған  ұлағатты  сөздер  мен  аңыз-әңгімелер  жиналғанын  зерттеуші-
ғалымдар  Б.Уахатов,  З.Ахметов  еңбектеріндегі  мәліметтермен  дәлелдейді.  Ғалым  халық 
өлеңдерінің  ішінде  үйлену  салт  өлеңдеріне  беташар,  тойбастар,  сыңсу,  бата  өлеңдері, 
жұбату,  қоштасу  сияқты  өлеңдерді  жатқызып,  оны  Көкше  өңірінен  жинаған  ғалымдардың 
еңбектеріне  тоқталады.  Соларың  ішінде  Ә.Диваев  пен  А.Затаевич  еңбектеріне  жоғары  баға 
береді.  Сондай-ақ  бұл  өңірде  Үкілі  Ыбырай,  Ақан  сері,  Біржан  сал,  Шөже,  Орынбай, 
Арыстанбай  сияқты  ақындардың    да  арнау  өлеңдері  сақталғанын  айта  келіп,  Сырымбетте 
туып-өскен айтулы өнерпаз – Шәкен Отызбайұлы (1890-1948) «Бөгембай батыр», «Қабанбай 
батыр»,  «Ағыбай  батыр»,  «Кенесары-Наурызбай»,  «Қарға  батыр»  жырларын  жатқа  айтып, 
жеткізгені  туралы  құнды  пікірлер  айтады.  Көкше  өңіріндегі  фольклорлық  жырларды 
жүйелеп,  оның  жиналуы  мен  зерттелуі  туралы  жайындағы  еңбектері  фольклортану 
ғылымына қосылған зор үлесі болып табылады. 
Ғалым 
өз 
еңбектерінде 
фольклортанушы 
ғалымдардың 
еңбектерін 
зор 
ыждаһаттылықпен талдады. Фольклорды зерттеген ғалымдардың еңбегіне баға беру арқылы 
олардың еңбектерін бүгінгі ұрпаққа саралап түсіндіріп береді. «Ш.Уәлиханов – эпостанушы» 
мақаласында 
Ш.Уәлихановтың 
Қырғыздың 
әйгілі 
эпосы 
«Манасты» 
қырғыз 
манасшыларының аузынан жазып алғанын, «Көкетай ханның ертегісі» деген ұзақтау бөлімін 
орысшаға  аударғанын  сөз  ете  отырып,  орыстар  мен  еуропа  халқына  «Манас»  жырының 
алғаш  рет  Шоқан  арқылы  таныс  болғанын  зерттеуші  ғалымдардың  еңбектеріне  сүйене 
отырып  дәлелдейді.  Сондай-ақ  Шоқанның  өткен  дәуірлердегі  тарихи  тұлғалардың  тағдыры 
мен  бастарынан  өткен  оқиғаларға  ерекше  мән  беріп,  қазіргі  ұрпаққа  жеткізуге  себепкер 
болғанын  «18  ғ.батырлар  жайындағы  тарихи  аңыздар»  деген  мақаласында  «Абылайдың 
айналасындағы  батырлардың  басынан  өткен  уақиғалары  туралы  аңыздары  сол  күйінде 
жеткізуге  тырысады»  деп  бағалайды.  Шоқанның  ноғайлы  дәуірінде  туған  жырларды 
қарастырғанда  «ондағы  тарихи  тұлғалардың  есіміне  байланысты,  тарихи  негізі  бар  әңгіме-
жырларға  көбірек  назар  аударды.  Бұл  жерде  Шоқан  халқымыздың  тарихи,  эпостық 
нұсқаларын тек қана тарихқа қатысты тұрғысынан ғана бағалады деген сөз тумау керек. Ол 
осындай  бай  қазынаның  көркемдік  мән-маңызы  мен  құндылығына  да  ерекше  зер  салған. 
Мысалы  «Ер Қосай»  мен  «Ер Көкше» жырларын көркемдік шеберлігі  тұрғысынан бағалап: 
«Бұл жырдың тарих тұрғысынан қызықты ештеңесі жоқ. Бірақ жырдың өлеңдік жағы күшті, 


21 
 
әуезді жыр оқиғасы басынан аяғына дейін тартымды»  - деп жазады  [4,162]. Дей тұрсақ та 
Шоқан осы әңгіме-жырлардың тарихпен байланысы жағын бірінші орынға қойып, баса көңіл 
бөледі. Өзінің тарихилық көзқарастағы ұстанымдары арқылы байыпты да құнды байламдар 
жасайды.  Ондағы  нақты  тарихи  оқиғалардың  мәніне  үңіледі.  Ел  арасына  кең  тараған 
«Еркөкше  мен  Ерқосай»  және  «Орақ  батыр»  жырларына  тоқталады».  [3,  2]  деп  Шоқанның 
аталған  жырлардың  тарихи  ролін  бірінші  орынға  қоюымен  бірге  олардың  көркемдік 
ерекшелігіне  қызығушылығы  болған  деген  тұжырым  жасайды.  Сондай-ақ  Шоқанның 
ноғайлы  дәуіріндегі  жырларға  ерекше  назар  аударғанын,  соның  ішінде  Алтын  Орда  ханы 
тоқтамыс  пен  Ноғайлы  биі  Едігенің  араздасып,  жауласу  тарихы  ерекше  қызықтарғанына 
тоқтала  отырып  «Едіге»  жырын  алғаш  ғылымда  танытқан  қазақ  ғалымы  Шоқан  Уәлиханов 
деген байлам жасайды. Оны академик Жирмунскийдің, ғалымдар: Қ.Сәтбаев, М.Тынышбаев, 
С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан, Р.Бердібаев еңбектерімен салыстыра отырып ғылыми негіздейді.  
Ғалым С.Жәмбектің фольклортанушылар туралы еңбегінің тағы бірі «Мәлік Ғабдуллин 
және  «Едіге»  жыры»  деп  аталатын  мақаласы.  Ғалым  академик  М.Ғабдуллиннің  ғылыми 
мұраларын  саралап,  ауыз  әдебиетін  зерттеудегі  еңбегін  жан-жақты  талдап  береді.  Ауыз 
әдебиетін  зерттеу  ісінде  М.Ғабдуллиннің  Омбы,  Санкт-Петербург  қалаларындағы  қазақ 
әдебиетіне қатысты материалдарды сұрыптап, зор ізденіспен жинап, жүйелеп іргелі ғылыми 
еңбек жазғанына ерекше мән береді. Соның ішінде «Қобыланды батыр» жырын зерттеудегі 
еңбегін  ерекше  атап,  «Едіге»  эпосын  талдап-түсіндірудегі  еңбегін  эпостануға  қосқан  зор 
үлесі  деп  таниды.  40-50  жылдардағы  солақай  саясаттың  тезіне  түспей,  қасқайып  қарсы 
тұрған, батырлар жырын арашалаудағы батыл әрекеттерін де маңызды деп санайды.  
Ғалымның әдебиет тарихына қатысты еңбектерін де атап айтуға тиіспіз. Себебі Сәбит 
Жәмбек  ғұн,  сақ  жазуларынан  бастап  жыраулар  поэзиясында,  ХІХ  ғасыр  мен  ХХ  ғасыр 
әдебиетінде өзіндік орны бар ақын-жазушылар шығармаларын тұтас қамтып зерттейді. «Ғұн, 
сақ жазулары  және тілі  мен Атилла есіміне байланысты кейбір мәселелер...»  деп аталатын 
мақаласында  Мажарстан  Ғылым  академиясының  академигі,  Сегед  университетінің 
профессоры,  академик  Андраш  Рона-Таштың  2008  жылдың  18  желтоқсандағы  «Ана  тілі» 
газетінің  тілшісіне  берген  сұхбатында  Атилла  есіміне,  ғұндар,  сақтар  тарихына  қатысты 
тұжырымдарында  олар  иран  тілінде  сөйлеген  деген  еуропацентристік  көзқарасын  аңғарып, 
соған  қарсы  батыл,  әрі  ғылыми  негізделген  мақала  жазды.  Ғұндар  мен  сақтардың  түркі 
тілінде  сөйлегенін  дәлелдеген  ғалымдар:  Ә.Марғұлан,  К.Ақышев  пен  С.Аманжоловтың 
еңбектеріндегі мәліметтерді талдай келе, олардың түркі халықтарының арғы бабалары деген 
болжамын  қолдайтынын  білдіреді.  «XVIII  ғасырда  қытай   тілінен  аударылған  И.Дегиннің 
еңбегін ерекше атауымыз қажет. Ғұн, үйсін, қаңлы, түркі тайпалары туралы бай мәліметтерді 
қытайдың  ескі  тарихи  жазба  көздерінен  орысшаға  аударған  қажырлы  ғалым  Н.Я.Бичурин. 
Ғұндар  мен  түркілердің  бір  халық  екенін  көптеген  ғалымдар  дәлелдеген.  Олардың  ішінде 
Ф.Хирт,  С.Паркер,  Абел  Ремюза,  Прай,  А.А.Куник,  В.В.Радлов,  И.Дегин,  В.А.Пановтар 
болды.  В.В.Радлов  түріктердің  ғұндардан  шыққандығын  сирек  фактілермен  дәлелдей 
отырып,  осы  көзқарасқа  қарсы  болған  ғалымдарды  қатты  шенейді»  [4:3]  деп  мажар 
ғалымының  пікіріндегі  еуропацентристік  біржақты  көзқарасқа  қарсы  И.Дегин,  Я.Бичурин, 
Ф.Хирт,  С.Паркер,  В.В.Радлов  сияқты  әлемдік  ғалымдардың  еңбектерінен  нақты  мысал 
келтіре отырып, дәлелді пікір айтады. Әдебиетші ғалым тек көркем шығарманы зерттеумен 
ғана шектелмейтіні С.Жәмбектің осы аталған мақаласынан айқын көрінеді. Ғалым әдебиетке 
қатысты өзге ғалымдардың тұжырымын тез аңғарып, оны талғамының таразысынан өткізіп, 
талдап-түсіндіруімен  де  ғылыми  көзқарасын  негіздейді.  Осыған  байланысты  қазақ 
әдебиетінің  тарихына,  хандық  дәуір  әдебиетіне  қатысты  Ұлытау  өңірі  туралы  «Қазақ 
әдебиетіндегі  Ұлытау  тақырыбы»  мақаласында  осы  қасиетті  мекен  жайындағы  аңыз-
әңгімелерді талдап, қазақтың «ұлы жүз», «орта жүз», «кіші жүз» атануы мен «Алаша ханды» 
ақ  киізге  көтеріп  хан  сайлауы  туралы  аңызға  ерекше  мән  береді.    Сондай-ақ  Жошы  хан 
туралы аңыздар мен Ақсақ Темір,  Едіге, Кенесары туралы  аңыздардың Ұлытау тақырыбын 
қозғайтынына назар аударады. 


22 
 
Ғалымның  әдебиет  тарихына  қатысты  мақаласының  бірі  «Қазақ  тарихындағы 
Қожаберген  жырау  тұлғасы»  деп  аталады.  Қожаберген  жыраудың  әдебиеттегі  орнын 
анықтауда  мақаланың  ролі  өте  зор  болды.  Жырау  көпке  атақты  «Елім-ай»  әнімен  белгілі 
екенін білеміз. Бұл мақалада ғалым Қожаберген жыраудың  «Ер Көкше», «Еңсегей бойлы ер 
Есім»,  «Ер  Қойлыбай»,  «Қасқа  жолды  Ер  Қасым»,  «Қабанбай  батыр»,  «Ер  Қосай»,  «Асан 
ата», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Орақ батыр», «Ер Едіге», сонымен қатар елге «Қарғыс 
атқан  қалқам-ай»  «Шоңғал,  шоңғал,  шоңғал  тас»,    «Сылаң  сыр»,    «Балқан,  Балқан,  Балқан 
тау»,  «Қазақ  пен  ноғайдың  қоштасуы»  сияқты  көптеген  жыр-дастандар  мен  өлеңдердің 
авторы екенін атап көрсетіп, аталған дастандары мен өлеңдерін талдап береді.  
Әдебиет  тарихын  зерттеуде  Сәбит  Жәмбек  еңбектерінің  ішінде  Қожахмет  Ясауидің 
шығармашылығы  турасындағы  Алтын  Орда  дәуірінің  әдебиеті,  сопылық  әдебиет  туралы 
мақаласының орны ерекше деп батыл айта аламыз. Бұл мақалада Диуани хикметке қатысты 
құнды  пікірлер  айтады.  «Яссауидің  өзі  жазған,  авторлығы  сақталған  қолжазба  біздің 
заманымызға  жеткен  жоқ.  Ол  басында  ежелгі  қазақ  ру-тайпаларының  арасында  ауызша 
жатталып,  XVІ-XVІІ  ғ.ғ.  қағазға  түскен  болуы  мүмкін.  Йассауидің    бізге  жеткен  «Диуани 
хикметі» оның кейінгі шәкірттерінің әртүрлі уақытта көшіріп жазған көшірме қолжазбалары. 
Негізінен түркі тілдерінің оғыз-қыпшақ  диалектісінде жазылған. «Диуани хикмет» - тек таза 
тілдік,  әдеби,  тарихи  ескерткіш  қана  емес,  ол  түркі  халықтарының,  оның  ішінде  қазақ 
халқының  рухани-мәдени  дамуында  өшпес  із  қалдырған,  көптеген  ғасырлар  бойы 
халқымызды  адамгершілік,  имандылық,  ғибраттылық,  өнегелік  жолына  үндеп  келген, 
маңызы  орасан  зор  рухани  мұрамыз!»  деген  жоғары  баға  береді.  Сондай-ақ  Қожа  Ахмет 
Ясауидың  «Диуанның»  көшірмелері  Көкшетаудан  табылғандығы  туралы  жаңалақты  жайып 
салады.  Яссауи  хикметтерінің  Көкшетау  нұсқасында  59  хикмет  бар  екенін,  ғасырлар  бойы 
сақталған  шығарманың  біраз  хикметтерін  оқу  қиынға  түскен,  қағаздары  ескіріп,  әріптері 
көрінбей қалған. Бірақ 56 хикметтің аударылып бәзге жетуін зор олжа деп санайды. 
Ғалымның  жыраулар  поэзиясын  зерттеудегі  зор  еңбегі  Абылайхан  тақырыбы.  Ол 
«Жыраулар  поэзиясындағы  Абылайхан  дәуіріне  қатысты  тарихи  шындық  сипаттары» 
мақаласында ХVIII ғасыр ақындары Тәтіғара, Үмбетей, Бұқар жырау өлеңдеріндегі Абылай 
хан  бейнесіне  тоқталып,  жан-жақты  талдай  келе  тарихи  шындықпен  салыстырады. 
Тәтіғараның  «Қамыстың  басы  майда,  түбі  сайда»,  «Кебеже  қарын,  кең  құрсақ» 
толғауларындағы  Шақшақұлы  Жәнібек,  Бөгембай  батыр,  Уақ  Деріпсәлі  мен  Баян,  Сары 
батырлар мен Бәсентиін Малайсары батырлардың тарихта болғандығы және олардың жауға 
қарсы  соғыстағы  ерлігі  туралы  Ш.Уәлихановтың  еңбегіндегі  тарихи  деректер  мен  жыр 
жолдарындағы  аталған  батырларға  қатысты  тарихи  оқиғалар  мен  жырдың  шығуына  себеп 
болған жағдайды салыстыра талдайды. «Қамыстың басы майда, түбі сайда» өлеңін жорықта 
жүріп  шығарған  Тәтіғараның  нақты  оқиғаның  куәсі  болғанын  да  баяндайды.  Сол  сияқты 
Абылай  бастаған  қазақ  әскерлері  сан  жағынан  күші  басым  қытай-мәнжүр  әскерлерімен 
соғыста    шегіне    жүріп  соғысуға  мәжбүр  болған.  Абылай  әскерінің  еңсесі  түскенін  көрген 
Тәтіғара  жырау  оларды  жігерлендіріп,  рухын  көтеру  мақсатында  «Кебеже  қарын,  кең 
құрсақ»  өлеңін  табан  астында  суырып  салып,  жырлаған  деген  тұжырым  айтады.  Оны 
Ш.Уәлиханов  еңбегіндегі  оқиғамен  салыстыра  отырып  дәлелдейді.  Ғалым  аталған  ақын 
өлеңдерінде  Абылайхан  мен  оның  сарбаздарына  қатысты  жырланған  оқиғаны  нақты 
дәлелдермен  мысал  келтіре  отырып  тарихи  шындық  екеніне  көз  жеткізеді.  Үмбетей 
жыраудың  да  Бөгембай  өлімін  естірткен  кездегі  Абылай  хан  туралы  санамалап  айтқан 
оқиғаларды М.Мағауин зерттеулеріндегі  мәліметке сүйену  арқылы тарихи шындықты негіз 
етеді.  Ғалым  шығарманы  зерттеу  барысында  сол  кезді  зерттеген  ғалымдар  пікірін  негізге 
алып отырады. Құрғақ сөздер мен бос пайымдауларға, негізсіз тұжырымдарға жол бермейді. 
Ғалым Сәбит Жәмбек жыраулар поэзиясын зерттеу барысында олардың өлеңдеріндегі 
тарихи  шындықты  ашуға  ұмтылады.  Тарихи  сипаттарын  анықтауды  көздейді.  Оны  Бұқар 
жырау  шығармаларын  талдауынан  да  байқаймыз.  Өлең  жолдарындағы  мағынасы  түсініксіз 
сөздерді реконструкция жасауға кеңес береді. 


23 
 
Жыраулар поэзиясының тарихи сипаттарын анықтауда зор мән берген тұлға – Кетбұғы 
бейнесі. Ол Доспамбет жыраудың әйгілі «Кетбұғыдай билерден кеңес сұрар күн қайда» деген 
өлең жолдарында не үшін оның аты аталғандығына үңіле келе, тарихшы Н.Мыңжанұлының 
еңбектеріндегі деректер мен Ш.Әбеновтың «Қорқыттың қобызы» шығармасындағы мәтінге, 
«Қазақ  совет  энциклопедиясына»,  Л.Гумилев  пікірлеріне  және  Тұрсын  Жұртбаевтың 
«Дулыға»  тарихи шығармасына  сілтеме жасай отырып, Кетбұғаның тарихи тұлғасын алдап 
береді.  Ғалым  жыраулар  поэзиясын  талдауда  тарихи  оқиғалармен  салыстырып,  шындық 
оқиғаның ізін ашуды мақсат етеді.  
Ғалым  Сәбит  Жәмбек  әдебиет  тарихын,  теориясын,  сынын  тұтас  қамтып,  жан-жақты 
зерттеген  ғалым.  Оны  бір  мақаланың  көлеміне  сыйғызып  талдау  мүмкін  емес.  Себебі  ХІХ 
ғасыр әдебиетінде сал-серілер творчестосына бір емес бірнеше мақала арнаған. Біржан сал, 
Ақан  сері  шығармаларын  жеке-жеке  зерттеген.  Абай  шығармашылығын  да  сан  қырынан 
қарастырған.  Пушкин  шығармашылығымен  салыстыра  талдаған  мақаласы,  ислам 
құндылықтарымен байланысы туралы мақаласы да арнайы талдауды қажет етеді. Сондай-ақ 
ХХ ғасырдың ғасырдың басындағы Мағжан поэзиясын, Қошке Кемеңгеров, Бернияз Күлеев 
шығармашылығын  зерттеуі  ғалымның  ғылыми  әлеуетінің  зор  екенін,  өте  ауқымды  екенін 
дәлелдейді.  Сонымен  бірге  ХХ  ғасырдағы  поэзия,  проза  жанрында  қалам  тербеген  ақын-
жазушылар  шығармаларын  назарынан  тыс  қалдырмаған.  Ақын  Марфуға  Айтқожина,  Естай 
Мырзахметов,  жазушы  Сәкен  Жүнісов  шығармаларындағы  көркемдік  таным,  суреткерлік 
ерекшелік, жанр сипаты, кейіпкер болмысы терең талданған. 
 
Пайдаланылған әдебиеттер: 
1  Ахметов З. Асыл сөз арнасы: Зерттеу, сұхбат, сын. – Алматы: «Арда», 2008, - 400 б. 
2  Жәмбек С. Көкше өңірі фольклорының таралу ареалы // «Ж.Мұсаұлы: қазақ филологиясының 
мәселелері» атты ІІ Республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Көкшетау,  2014, – 79-
85 бб. 
3  Жәмбек С. Ш.Уәлиханов – эпостанушы // БҚМУ хабаршысы №1 2016 жыл,  – Орал. 
4  Жәмбек С. Ғұн, сақ жазулары  және тілі мен Атилла есіміне байланысты кейбір мәселелер// 
Халықаралық түркологиялық конференция жинағы. Халықаралық «Түркі әлемі» Академиясы. – Астана, 2011. 
 
ӘОЖ 811 (5Қ) 
ТІЛЕУБАЕВ СОВЕТХАН БАЯНҰЛЫ  
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 
 Алматы, Қазақстан 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   204




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет