Көрнекілік әдісі.Тілдің грамматикалық құрылысын, оның жекелеген категорияларын
оқушыларға жан-жақты түсіндіруде, тақырыптық, талапқа сай жасалған көрнекі құралдарды
пайдаланудың үлкен маңызы бар. Қазақ тіліндегі берілген тақырып бойынша жаңа сабақты
түсіндіру, өткен материалды қайталау, не бекіту, жаттығу жаздыру кезінде пайдаланылған
көрнекілік әрбір сабақтың әсерлігін және мазмұнын арттырып, оқушыға білімді қызықты,
жалықтырмай игеруге септігін тигізеді. Көрнекіліктің түрлері көп. Оны сабақтың мазмұнына
қарай, мұғалім басшылығымен жүзеге асырылып отырады. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында
көп қолданылатын көрнекіліктер: схемалар, кестелер, картина, табиғат суреттері, техникалық
құралдар, т.б. Қазақ тіліне арналған кестелер: фонетикалық, орфографиялық, пунктуациялық,
лексикалық кестелер. Кестелер бір тақырыпқа арналған, не жинақтау түрінде болуы мүмкін.
Көрнекілік әдістің бір түрі – Триггерлік сурет әдісі. Әдебиет сабақтарында көркем
шығарманың сюжетін мазмұндауда мәтін мазмұнына сай сюжеттік суреттерді қолданып,
Триггерлік сурет әдісі арқылы сюжетін баяндау өте тиімді.
Жалпы әдіс-тәсілдер оқушылардың сабаққа деген ынта ықыласын, қызығушылығын,
қабілеттерін арттырып, сабақты түсінуге жағдай жасайды. Сонымен бірге шағын
жинақталған мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқытқан кезде оқушылардың деңгейлеріне
қарай тапсырмалар, жаттығу жұмыстарын жасатқаны тиімді, соған орай, оқушылардың
деңгейлерін анықтап, әрбір оқушының қай салаға икемділігі бар екендігін және
қызығушылықтарын мұғалім анықтай алады. Шағын жинақталған мектептерде бірнеше
сыныптарды бірге оқытатындықтан оқушылардың әрқайсысының зейінін арттыру
330
мақсатында интерактивті тақталардың маңызы өте зор. Себебі оқушылар қазақ тілі мен
әдебиеті сабағында интерактивті тақталармен жұмыс жасаған кезде оқушылардың сабаққа
деген қызығушылығы артады, және интеллектуалды қабілеттерін арттыра отырып, өзінің
ойын, пікірін емін-еркін айта алуға жетелейді. Оқу материалына негізделген оқу фильмдерін,
видео роликтерді көрсету арқылы оқушылар естіген және көрген материалдарын есте сақтай
алады. Оқушылар аудиалды және визуалды қабілеттеріне қарай оқу материалдарын жақсы
қабылдайды, себебі көре отырып естіген оқу материалдарының 40-50 пайызы оқушылардың
есінде қалады. Демек, мұғалім әрбір оқушыға жеке-жеке түсіндірмей-ақ интерактивті тақта
арқылы әр оқушыға оқу материалын меңгерте алады.
Мұғалім оқыту әдістерінің көмегімен оқушыларға білім беріп, олардың тәрбиелік
әрекетін ұйымдастыруда өзінің іс-әрекетін оқушылардың таным әрекетіне басшылық етумен
байланыстырады. Мұғалім оқытудың нәтижесін арттыруда оқыту әдістеріне қатысты амал-
тәсілдермен қатар оның құралдарын да пайдаланады. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында
қолданылатын әдістер: түсіндіру, әңгімелесу, кітаппен жұмыс. Оқыту үдерісінде ең көп
тараған дәстүрлі әдіс – сөздік немесе мұғалімнің ауызша баяндау әдісі. Бұл әдіс оқыту
процесінде басқа әдістерге қарағанда жетекші рөл атқарады. Тәжірибелік әдістердің ішінде
ең көп қолданылатыны – жаттығу әдісі. Оқу барысында теориялық ережелер мен
қағидаларды қайта пысықтап, тиянақты меңгеру жаттығу арқылы орындалады. Ауызша
жаттығу оқушының оқу материалын ауызекі баяндауға дағдылану мақсатын көздейді.
Деңгейлеп оқытудың ерекшелігі:
1. Таланттылар өздерінің қабілеті мен икемділігін одан әрі бекіте түседі.
2. Оқушылардың оқуға деген ынтасы артады.
3. Білім дәрежесі бірдей оқушыларды оқыту ісі жеңілдейді.
Деңгейлік тапсырмалар оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеттен алатын білімін
толықтыра отырып, қажетті дағдылар мен біліктердің қалыптасуын қамтамасыз етуіне ықпал
етеді. Деңгейлік тапсырмаларды белгілі бір тарау аяқталған кезде, қайталау сабақтарын
өткізгенде пайдалану өте ұтымды. Бұл тапсырманың ең маңыздылығы – әр оқушы өз
шамасына қарай тапсырманы орындай отырып өзінің нені білетінін және не білмейтінін
толық сезінеді, жолдастарынан қалмау үшін келесі жолы білмегенін біліп алуға тырысады.
Әңгімелесу әдісі білімді жинақтауға, оқушылардың теориялық білімдерін қолдану
тәсілдерін жүйелеуге бағытталған. Әңгімелесу барысында мұғалім сұрақты бір оқушыға
немесе барлық сынып оқушыларына қояды. Бірлескен іс-әрекет арқылы оқушылар өздері
еңбектеніп, ойланады. Білімді жинақтайтын, бекітетін әңгіме оқушылардан теориялық
білімдерін, оны қолдану тәсілдерін жүйелеуге бағытталған.
Шағын жинақталған мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті сабағын оқытқанда топқа бөлу
әдісі тиімді рөл атқарады. Оқушыларды топқа бөліп, 1-2-3 топтарды өзара бір-бірімен
жарыстырады. Сонда топ арасында ұйымшылдық, бірін-бірі сыйлауы, тыңдауы
қалыптасады. Сонымен бірге әр оқушының қабілеті ашылады. Мысалы, бір оқушы сурет
салса, енді бірі шығармашылықпен, енді бірі ән айтады, осылайша оқушылардың топ
арасында кімнің қандай өнері бар екендігін және бұрын соңды білмеген қабілеттерін дамыта
алады.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында интербелсенді әдістерді қолданудың да өзіндік тиімді
жақтары көп. Интербелсенді оқыту білімді меңгерту үдерісінде оқушылардың тиімді қарым-
қатынасына негізделеді. «Интербелсенді» дегеніміз диалог арқылы, әңгіме, сұхбат, бірлескен
оқу негізінде үйрету. Бұл үдерісте оқушылар бірлескен таным үдерісіне белсенді араласа
алады және әр оқушы өзінің игерген білімін ортаға салып талқылап, ой толғау жасай алады.
Интербелсенді оқыту процесінде оқушы бірлескен әрекет негізінде, басқа оқушылармен
өзінің идеясымен, білімімен, түсінгенімен, сұрақтарымен пікір алмаса отырып, жоғары ойлау
деңгейіндегі тапсырманы қалай орындай алатындығын айқындайды. Бұл процесс – әдетте
ынтымақтастық ахуалда өтіп, жаңа білімді қызығушылықпен оқушылардың игеруіне
мүмкіндік туғызады, жағдай жасайды.
331
Интербелсенді әдістерді қолдану ақпарат ұстаздан оқушыға, оқушыдан ұстазға беріліп
отыруына ықпал етеді. Бұл интербелсенді оқыту кезінде оқушы өз пікірін еркін жеткізе
білуге, өзге оқушылардың пікірін тыңдай білуге, өзгелерге құрметпен қарауға үйренеді.
Мәселен, «Дербес пікір жазу» тәсілін қолдану кезінде әр оқушы тақырыпқа қатысты өз
көзқарасын білдіреді. Оқушы 7-8 минут ішінде қарастырылған тақырып бойынша өз ойын
жазады. Ой өзіндік пікірді 1 сөйлеммен білдіру, дәлелді 2 сөйлеммен келтіру, өз пікірін
дәлелдейтін мысалды 2 сөйлеммен, өз пікіріне қарсы дәлелді 1 сөйлеммен білдіру, қарсы
дәлелді жоққа шығаратын мысалды 1 сөйлеммен келтіру және қорытындыны 2 сөйлеммен
жеткізу сияқты құрылымдардан тұрады. Бұл әдісті қолдану кезінде мұғалім әр оқушыға өз
ойын айта алуына мүмкіндік береді. Оқушылардың жеке дара ерекшеліктерін ескере отырып,
коммуникативтік шығармашылық қабілетін дамыту.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағын «Атаулар туралы үш сұрақ» әдісі арқылы өткізуге
болады. Мұғалім сабақ барысында жаңа тақырып бойынша үш терминді тақтаға жазып,
оқушыларға осы атауларға қатысты мынадай сұрақтарға жауап беруді тапсырады:
1. Қайда? Бұл терминдерді сіз бұрынырақта қайда және қандай мағынада кездестіріп
едіңіз?
2. Қалай? Өз тәжірибеңізбен осы атауларды қолданудың мысалдарын келтіре аласыз
ба?
3. Қандай? Сіз осы сабақта бұл атаулар қандай қолданыста болады деп ойлайсыздар?
Әдеттегідей, бұл жұмысты жеке, жұппен (шағын топ ішінде) ауызша немесе жазбаша
орындауы ықтимал. Содан кейін мұғалім бірнеше оқушының пікірін тыңдайды.
Мұғалімнің сұрақтарды шығармашылық тұрғысынан әр сабаққа байланысты өзгертіп
отыруы тиіс.
«Ассоциативті қатар» әдісі. Мұғалім бір сөз немесе сабақтың тақырыбын жазады.
Оқушыларға бір бетке тақтада жазылған сөздерден пайда болған пікірлерін жазуды ұсынады.
Мысал: Зат есім, оның мағыналық түрлерінде жалпы, жалқы, деректі, дерексіз сөздерді
мұғалім тізіп жазады және соған байланысты оқушылар дұрыс сөздерге + қате сөздерге –
қойып шығады.
«Алдын-ала берілген атаулар» әдісі. Мұғалім сабақ барысында жаңа тақырып бойынша
бірнеше атау, терминдер жазып қойып оқушыларға оның мағынасы, мазмұны және өзара
қатынасы мен байланысы туралы ойлануын сұрайды. Бұл жұмысты оқушылардың жеке,
жұппен немесе шағын топ ішінде ауызша яки жазбаша орындауы ықтимал. Содан кейін
мұғалім бірнеше оқушының ойы мен пікірін тыңдауына болады. Бұл тапсырманы
күрделендіріп, берілген тапсырмалардың ішінде сабақ тақырыбына қатысы жоқ бейтарап
сөздерді қосуға болады 3.
Мәтінді талдау үшін қолданылытын «ПОПС» формуласыда бірінші «Біздің ойымызша»
деп басталатын сөйлемді жалғастырады, екінші «себебі, біз оны былай түсіндіреміз:» деген
сөйлемді жалғастырса, ал үшіншісі «біз оны былай дәлелдейміз» дей келе, фактілер мен
дәлелдер келтіреді. Әдістің ең соңында оқушы ойын жинақтап, қорытыныды ойын жеткізеді.
«Бес қадам» әдісінде ортаға табан іздері сияқты жасалған табан іздері тасталады.
Ортаға 5 оқушыдан шығады. Әр оқушыға сол күнгі лекциялық тақырып бойынша 1 сұрақтан
қойылады. Оқушылар берілген табан іздерін басқан сайын сұраққа жылдам жауап беріп
отырады. Осы сияқты әдістерді қолдана отырып, сабақты ұйымдастыру – мұғалім мен
оқушының өзара тиімді қарым-қатынас жасауына және оқушының сыни ойлау
дағдыларының қалыптасып жетілуіне, әрі өз бетінше талдау, қорытынды жасай білуіне
ықпал етеді. Сабақ барысында « Миға шабуыл», « Автор орындығы», «Ыстық орындық»,
«Уақыт тізбегі», «Хикая картасы», «Балық қаңқасы» «Дара диаграмма» оқушы тұлғасының
үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу
жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа
түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу, функционалды сауаттылықты,
шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді әдіс-
тәсілдері оқушылардың қызығушылығын туғызады, әрқайсысының оқу процесіне қатысу
332
белсенділігін кеңейтеді, әрбір оқушының сезіміне назар аударады және оқу материалдарын
тиімді меңгеруге бейімдейді, оқушыларға көп жоспарлы әрекет етуге әсер етеді 4.
Оқыту процесінде кері байланысты (аудиториялық жауап беру реакциясын) жүзеге
асырыды және оқушылардың пікірлерімен қарым-қатынастарын қалыптастырады, өмірлік
машықтарды қалыптастырады, мінез-құлықтың өзгеруіне көмектеседі.
Қазіргі уақытта сабақтарда жаңартылған бағдарламаның жүзеге асыру шеңберінде
оқытудың интербелсенді әдістері және интербелсенді құралдардың көмегімен мұғалімнің,
оқушының шығармашылықпен жұмыс істеуіне жол ашылып отыр. Сондықтан оқу тәрбие
процесінде үнемі жаңа оқыту құралдарының мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып, оған білім
алушыларымызды үйрету – әр педагогтің басты міндеті. Осы шарттарды дұрыс орындағанда
ғана біз күтілетін нәтижеге қол жеткізіп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын тудыра
аламыз. Оқу барысында үйренушілер әрқашанда белсенді болып, өзіндік пікір
қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз көзқарасын дәлелдеуге, пікірталас
жүргізуге, басқаларды тыңдауға өзге пікірді сыйлауға үйренеді. Ал, мұндай адамзат бәсекеге
қабілетті, білімді, білікті, өрісі жоғары ел болашағын ойлайтын тұлға болып қалыптаса
алады.
Шағын жинақталған мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту кезінде әртүрлі әдіс-
тәсілдер арқылы сабақты қызықты қылып өткізу – мұғалімдерге қойылатын басты талап.
Тағы да басқа көптеген әдістер арқылы оқушылармен жеке- жеке жұмыстар жүргізу
арқылы оқушылардың таным қабілетін оятып, өмірге деген көзқарасын біз жас маман
ретінде қалыптастыруымыз керек.
«Ой ойыннан басталады» демекші, ойын ойнату арқылы оқушылардың басқару
қабілетін арттыруға, оқушылардың сыныппен, қоғаммен, ортамен араласып диалогқа
түсуіне, бір-бірінің қабілетін, қызығушылығын арттыру, интеллектуалды белсенділігін
арттыру, болашақта өз ойы, пікірі қалыптасқан, тұлға болуға апарар жол ол – ойын, соның
ішінде дидактикалық ойындар және көрнекіліктермен жұмыс істей отырып оқушыларды
жан-жақты дамыту тұлға болып қалыптасуға апарар жол болып табылады.
Қорыта келгенде, шағын жинақталған мектептерідің орта буынында қазақ тілі мен
әдебиетін оқытуда ұстаз шығармашылықпен жұмыс жасап, жан-жақты ізденсе, алар асулары
да, жетер жетістіктері де мол болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Астамбаева Ж.Қ., Уәйісова Г.И. Шағын жинақты бастауыш мектептегі педагогикалық үдеріс
теориясы мен технологиясы. – Алматы, 2010.
2 Баймолдаев Т.М. Шағын жинақталған мектептерде пәндерді оқытуда жаңа педагогикалық әдістерді
пайдалану жолдары. //Әдістемелік нұсқау. – Алматы, 2002.
3 Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. – Алматы, 2009.
4 Молдағалиев Б., Махимова А., Сатқанова Г. Интерактивті оқыту әдістері. //Қазақстан мектебі -2006.,
№9.
ӘОЖ 37.02. 371
СМАГУЛОВ ТАЛГАТ КАИРБЕКОВИЧ
СЕҢКІБАЕВ САБЫР ТӘЛИҰЛЫ
А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті
Көкшетау, Қазақстан
Достарыңызбен бөлісу: |