АЛАШ ЖОЛЫ – АЗАТТЫҚТЫ АҢСАҒАН АРМАН ЖОЛЫ
Аннотация: мақалада ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық идеясы – «Алаш»
идеясы, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы қозғалысы, ұлт зиялыларының жанкешті
еңбегі әдеби-тарихи үдеріс тұрғысынан зерделенеді.
Тірек сөздер: Алаш, бостандық, еркіндік, көшбасшы
ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанда әлемдегі басқа отарлық тәуелділік пен
феодалдық мешеуліктің қыспағына тұншыққан елдердегідей дағдарысты жағдай
қалыптасқан еді. Ресейлік, әскери-монархиялық басқару жүйесінің озбырлығы, қазақ жерін
орыс мемлекетінің өз меншігіне айналдыруы, соның салдарынан ішкі Ресейден қоныс
190
аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлықпен құнарлы жерлерден
ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең тоқырауға ұшырауы, ұлттың мәдени
өркендеуіне қарсы қойылған түрлі кедергілер - осының бәрі сол ауыр жағдайдың көріністері
еді. Яғни қазақ қоғамына ұлт ретінде біржола жойылып кету қаупі төнді, ал оған көнбеген
жағдайда өз мүддесін қорғау мақсатында белсенді күреске шығу мәселесі қойылды. Өз
ретінде ұлттық мүдде үшін әрекетке көше қалған күнде қалыптасқан жаңа саяси жағдайға
лайық күрес құралдарын игерген, сондай-ақ соңынан халықты ерте алатын қоғамдық саяси
күшке сұраныс аса зор болғандығы түсінікті. Қазақ қоғамында ондай саяси күштің
қалыптасып келе жатқанын 1905-1907 жылдардағы оқиғалар көрсетіп берді. Ол күш-сан
жағынан аз болғанымен, бірақ саяси күрес қазанында қайнап, тез ысыла бастаған ұлт
зиялылары еді [1, 52].
Осы кезеңде басында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып
Дулатов тұрған ұлттық саяси элита жаңа өрлеу жолына түскен ұлт-азаттық қозғалысқа
нысаналы сипат беру мақсатында газет-журналдар шығару, азаттыққа үндеген кітаптар
бастырып тарату, мемлекеттік Дума жанындағы мұсылман, түрікшілдік қозғалыстарына
атсалысу сияқты саяси күрес әдістерін игере бастайды. 1911 жылдан шыға бастаған «Айқап»
журналы, 1913 жылдан жарық көріп, жалпыұлттық басылым дәрежесіне көтерілген «Қазақ»
газеті, 1917-1918 жылдары жарық көрген «Бірлік туы», «Сарыарқа» газеттері ұлт-азаттық
күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті[2].
Алаш қозғалысының басты мақсаты – қазақ еліне өзін-өзі басқару мүмкіндігін беретін
мемлекеттік жүйе құру, яғни оның ұлттық мемлекеттікке құқы бар екендігін метрополияға
мойындату, ал түбінде дербес мемлекеттікке қол жеткізу, қазақ жеріне ішкі Ресейден қоныс
аударушылар толқынын тоқтату, әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып қазақ қоғамын
жаңа өмір сұранысына сай өзгерту, демократиялық принциптерді қадір тұтумен бір мезгілде,
әсіресе, білім мен ұлттық мәдениеттің өркен жаюына жол ашу болды.
Алаш идеясы – ХХ ғасыр басындағы қазақтың ұлттық идеясы болатын. Рухани-
мәдени кеңістікте Алаш қозғалысы әлемге танымал жәдитшілдіктің Қазақстандағы
көшбасшы бағыты еді.Зиялылардың Алаш атауын таңдауы да жайдан-жай емес-тін.
«Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш». Кереге – мемлекет құрылысы, Алаш – идеология.
Тоқтам осы болатын.
ХХ ғасырда қазақтың азаматтық тарихындағы ең ұлы идея - Алаш идеясы болғаны
анық. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргетасы да – осы идея.
Алаш идеясындағы қайраткерлердің жемісті еңбек жылдары – ақыл Һәм жүрек
айбатымен күрескен кезеңі 1907 жылдан 1937 жылға дейінгі 30 жылдай уақытты қамтиды.
Тағдыр мен тарих оларға осындай мерзімді ғана қиыпты. Одан кейінгі жайы белгілі:
айдалды, атылды, ресми тарихтан, ел жадынан аты өшірілді. Ұлт лидерлері шықты: Алихан
Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Барлыбек Сырттан, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел
Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов. Алаш зиялыларының алдыңғы
толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі, бүгінгі тілмен айтсақ, мемлекет
басқаруға қабілетті Президенттей еді.
ХХ ғасыр басындағы ұлттың ояну кезеңінің жалынды жаршысы, Сұлтанмахмұт
Торайғыров Алаштың ардақты азаматтарына жан даусымен Алаш деп ұран салды. Ол
барлық ерлерді бостандық, еркіндік, ел қамы үшін күресуге, бірігіп тізе қосуға, бір тудың
астына Алаш ұранымен бірігуге шақырды. «Алаш ұраны» - Алашорданың гимні. «Алаш
ұраны- «Алаш» партиясының адамзат баласының көзі көріп, құлағы естімеген өзгерістерді
өткеріп жатқан қазақтың ұраны еді.
1917 жылдың 20 наурызында Петроградтан Әлихан, Мұстафа, Міржақып «Алаш
ұлына» атты мақала жолдап, онда: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше
құл едік, енді бүгін теңелдік. Неше ғасырдан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта
ұстаған, жауыз үкімет өзгеге қазған оры өзіне көр болып, қайтпас сапарға кетті», -дейді. Осы
қуаныш лебі Сұлтанмахмұт өлеңінде де жалғасты. "Алаш ұранындағы":
Құрт аурудай жайлаған,
191
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Елімізді лайлаған,
Ерімізді айдаған,
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы
Жасасын, Алаш, жасасын! – деп ақынның жігерлене жыр кестелеуі сол заман
ақиқатын көз алдымызға елестетеді.
Алаш қауымы арасынан ат төбеліндей азаматтар суырылып шығып, болашағы бұлдыр
көшпелі қазаққа бағдаршам болған еді. Қазақ халқының өз мемлекеттігін құру жолындағы
қозғалысын ұлттық интеллигенция басқарды. Ол топтың басында ұлт зиялысы, публицист
әрі саясаткер, патшалық Ресей Мемлекеттік Думасының мүшесі Әлихан Бөкейханов тұрған
еді.
1905 жылы Мәскеуде өткен Земство және қала қайраткерлерінің съезіне қазақ
халқының өкілі ретінде қатысып, сөз тигенде Әлихан Бөкейханов былай деген еді:«Мен
Оралдан Алтайға дейін, Сібір темір жолы жүйесінен Омбыға дейін ірі аумақты алып жатқан
төрт миллион халықтың өкілімін... бізде... қазақтілді мектептер қуғын-сүргінге ұшырауда,
цензура бізді де жаныштауда. Шаруалардың бастықтары (көбісі бұрынғы ротмистрлер) іс
қарағанда қазақ тілін пайдалануға жол бермейді. Қырғыздардың таяу уақыттағы ең зәру
мәселесі ана тілін пайдаланудағы еркіндік, ол әсіресе алдымыздағы сайлау үстінде қажет,
сондықтан мен съезден жергілікті тілдердің құқығына байланысты барлық шектеулерді
қолма-қол алып тастауды ұсынған жолдастардың ұсынысына қосыламын...».1923 жылы
Әлихан Бөкейханов Дінше Әділұлына жазған хатында: «Кітап жазып, газет-журналға мақала
шығарып, Алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі», - дейді. Ұлттық мемлекет құру
жолында жазықсыз құрбан болған Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың атқарған ісі, кейінгі
ұрпаққа қалдырған аманат-мұрасы еш ұмытылмайтыны анық [3].
ХХ ғасырдың басында пайда болған Алаш қозғалысының ең көрнекті өкілі – Ахмет
Байтұрсынұлы. Тұтас буынның төл басы болған Ахмет ұлт азаттығы жолында күрестің
басшыларының бірі болды. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген
өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ
оқығандарының тәуелсіздік жолындағы күрескерлері мен зиялылары осы кітаптардан демеу
алды. Халық енжар күйінен арылып, қазақ рухы көтерілер ме екен деген ұлы мақсат өз
қызметін атқарды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің
аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913-1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары
Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатұлымен бірігіп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ»
газетін шығарып тұрды.
Тұңғыш салихалы газет шығарудағы Ахмет Байтұрсынұлының ерекше еңбегін осынау
қиын-қыстау кезеңде үзеңгілес болған әріптестері аса зор бағалады. М.Дулатұлы:
«Публицист ретінде А.Байтұрсынов ешқандай қаражат қоры болмаса да, 1913 жылдың
басында Орынборда шын мәніндегі тұңғыш қазақ газеті – «Қазақтың» негізін қалап, оның
бетінде қазақ халқының мұң-мұқтажын батыл сөз етіп отырды», - деп шын көңілден
мақтанышпен жазды. А.Байтұрсынұлы ұйымдастырған «Қазақ» атты тұңғыш бейресми
ұлттық газеттің патша әкімшілігінің көңілінен шыға бермегендігін, қазақтың мұңын мұңдап,
жоғын жоқтаған сара жолы, өзіндік көзқарасы бар, саяси бедері айқындалған беделді
басылым екенін тарих растайды [2].
Алаш арыстарының арасында есімі Ахмет Байтұрсыновпен бірге аталатын тұлға –
Міржақып Дулатұлы. Міржақып патша отаршылдығына қарсы шығып, жер мәселесін, дін
мәселесін көтерген қазақтың зиялықауымының алдыңғы қатарынан орын алады. Ұлтты ояту
ісінде аянбай қызмет еткен ақын Алаш қозғалысының барлық істеріне өзінің өшпес ізін
қалдырған. 1909 жылы қазақ даласын дүр сілкіндірген үш кітап шықты. Оның бірі –
Абайдың өлеңдер жинағы, екіншісі – Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысалы», үшіншісі –
192
«Оян, қазақ!»атты Міржақып Дулатұлының Қазақ елінің манифесіне айналған
публицистикалық-лирикалық жинағы. «Оян, қазақты!» ел қазақтары сол кезде құрандай
жаттаған еді. Міржақыптың «Оян, қазағы» оның атын алты алашқа таратты. «Оян, қазақ!»
жинағы Қырым, Кавказ, Түркияға дейін тарап кетті. Осы өлеңі арқылы халқын оянуға
шақырған Міржақып бар ғұмырын, білімін халқының пайдасына арнайтынын келесі жолдар
арқылы да білдіреді:
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жарты қаңқам мен сенікі, -
Пайдалан, шаруаңа жараса, Алаш!
Ресей империясының отарлық саясаты, атақонысы мен мал-мүлкінен, дәулетінен
айырыла бастаған халқының мұң-зары, ауыр тұрмысы Міржақып Дулатовты саяси күрес
жолына шығарды. Ол «Қазақ» газеті бетінде саяси-әлеуметтік мәселелерді көтеріп, отарлық
езгі тепкісіндегі қазақ елі туралы тынбай жазып, зорлыққа қарсы тұруға, күресуге үндеді.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының ең жарқын өкілдерінің бірі –
Мұстафа Шоқай. Мұстафа өзінің бүкіл ғұмырын, күллі қажыр-қайраты мен ақыл-ойын туған
халқының ғана емес, тұтас Түркістан аумағындағы түбі бір түркі жұртының бірлігі мен
тәуелсіздігі, өз алдына дербес мемлекет болуы жолындағы күреске арнады, соңғы демі
біткенше: «Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мухаббәт уәзифа болмақ.
Мұны ұмытпау керек!...» - деп өтті. Мұстафаның барлық ниеті – баспасөз арқылы өз елінің
бірлігіне қызмет ету болған. Ол Швейцария мемлекетінің үлгісімен федерация құрғысы
келген. Осы арманын шындыққа айналдыру жолындағы күресте небір қысылтаяң сәттерді
бастан өткерген Мұстафа Шоқай - шетелге эмиграцияға саяси күресті жаңа жағдайда
жалғастыру үшін барған түркістандық тұңғыш тұлға [2].
Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясы, ұлттық бірегейлік идеясы, мәдени-рухани
қайта өрлеу идеясы.
Қорыта айтсам, Алаш зиялыларының, Алаш қайраткерлерінің бізге, жас ұрпаққа,
елімізге сіңірген еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Еліміздің тәуелсіздігі үшін,
жерін, тілін, тілін сақтап қалу үшін өз өмірлерін құрбан еткен Алаш қайраткерлерінің еңбегі
еш ұмытылмақ емес. Ұмытылмайды да. Бұл адамдардың жасаған ісі тарих қойнауында
мәңгілік алтын әріптермен жазылған. Жас ұрпақтың, яғни біздің мақсатымыз енді осы
ақтаңдақтар аңсаған тәуелсіздігімізді баянды ету, еліміздің, жеріміздің барынша жайнап,
жарқырап дамуына титтей де болса өз үлесімізді қосу. Алаш қайраткерлерінің рухына
тағзым ете отырып, олардың ерлігі жадымызда мәңгі сақталатынын, олардың жасаған істері
әлі талай зерттеулерге негіз болатынын айтқым келеді. Бұл бір күннің немесе бір жылдың
жұмысы емес, ғасырдан ғасырға жалғасын табатыны сөзсіз.
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің Алашты
Қорлығына бермейміз!
Өлер жерден кеттік біз,
Енді мәңгі өлмейміз!
Жасасын, Алаш, жасасын! – деп ұрандаған Сұлтанмахмұттың өлеңі де алаш
қайраткерлерінің мәңгі өлмес бейнесін санамызға бекіткендей. Алаш зиялыларының арманы
қазіргі таңда толық жүзеге асты. Тәуелсіз қазақ елі бірқатар жетістікке қол жеткізді. «Мәңгі
ел» идеясымен қаруланған мемлекетіміз Алаш зиялыларының жүзеге асыра алмаған
идеяларын өміршең етуде.
Алаш арыстарының әдебиет саласында да қалдырып кеткен мол мұрасы – бізге қалған
мирас. Ол шығармалардың барлығында қазақ деген халықтың қамын ойлаған арыстардың
көкірек шері, ұлтқа деген махаббаты, азаттық идеясы көрініс табады. Бұл шығармалар
арқылы біз ұлтжандылықтың дегеннің не екенін терең түсініп, елі үшін, жері үшін жанын
құрбан еткен азаматтардың осы саладағы теңдессіз еңбегін көреміз.
193
Пайдаланылған әдебиеттер:
1
Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. –Алматы:«Алаш» , 2004.
2
«Аңыз адам» журналы. №24, желтоқсан, 2014ж.
3
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Көп томдық. 4-том. – Астана:«Астана полиграфия» АҚ, 2007
Достарыңызбен бөлісу: |