Факультатив сабақтардың әдістемесі
Әлеуметтік өмір талабынан туындап отырған оқу-тәрбие процесінің жаңа формасы – факультативтік сабақтар. Факультатив сабақтар – оқушының өз қалауымен, қызығушылығы, қабілеті мен икеміне сәйкес таңдап алатын сабақтың еркін формасы. Факультатив сабақтардың өзіндік ерекшелігі – оқушыларды даярлау мүмкіндігі молаяды, оқушы қабілетіне қарай белгілі пән немесе оның саласы тереңдетіп оқытылады. Ол оқушының ғылымға болмаса белгілі бір мамандыққа деген қызығушылығын, ынтасын дамытып отыруы керек. Факультативтік сабақтарда оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстарының меншікті салмағы едәуір артады, пікір таластыруға, ізденуге, тұжырым жасауға, шығармашылық ой еңбегімен шұғылдануға жаттығады.
Факультативтік сабақтар мектеп тәжірибесіне 1966 жылдан бастап енді. Барлық пәндерден факультатив курстар бағдарламалары жасалды. Қазақ әдебиетінің факультативтік сабақтар мектеп тәжірибесінде кеңінен етек алмай және өз деңгейінде ойдағыдай жүргізілмей келе жатқанының басты себебі – курстың педагогикалық жағынан қамтамасыз етілмеуінде. Біріншіден, мұғалімнің қолында факультативтік сабақтың мақсат-міндеттерін, оны ұйымдастыру формаларын, сабақ жүргізудің тиімді әдіс-тәсілдерін баяндайтын, жеке тақырыптарды өтудің үлгісін көрсететін әдістемелік құралдың болмауында. Екіншіден, оқушылардың оқу құралдарымен, хрестоматиялармен қамтамасыз етілмеуінде.
Тәжірибе факультативтік сабақты екі түрін ұйымдастыруға болатынын көрсетіп отыр. Оның бірі – негізгі оқу жоспары бойынша өтілетін жүйелі курсқа қосымша материалдар мен тақырыптар беру; екіншісі – ғылым негіздерімен таныстыратын немесе пәннің негізгі саласын, тақырыптарын ғана алып, жан-жақты құрастыратын арнаулы курстар. Қазақ әдебиетіндегі осы күнгі факультативтік курстар алдыңғы үлгіні негізге алып келеді.
Факультативтік сабақтарда оқушылардың мәтінмен, қосымша сын-зерттеуі әдебиеттерімен, түрлі практикалық, танымдық шығармашылық тапсырмалар орындауы олардың өздігімен жұмыс істеу икем-дағдыларының қалыптасуына, зерттеушілік жұмысқа бейімделуіне, шығармашылық дарын көзінің ашылуына қызмет етеді.
Әдебиетті оқыту оқушылардың жалпы әдеби білім алу барысында әжептәуір күрделі тарихи-әдеби материалды өздігінен қабылдай алатындай дәрежеге жеткен кезде, яғни ІХ сыныпта енгізіледі. Факультативтік сабақтарды ұйымдастыру формалары дәстүрлі сабақ формаларымен қатар дәріс сабақтар, семинар, сынақ, конференциялар, кино сабақтар, практикалық сабақтар, т.б. болып келеді. Сабақтың қай формасы болмасын, ең басты мәселе оның әдеттегі сабақтан өзгешелеу болуын, тартымды өтуін, оқушылардың ерекше ынтамен қатысуын қамтамасыз ету керек.
Негізгі және факультативтік сабақ арасындағы байланыс формасы сан қилы болып келеді. Ең бастысы – тақырыптық байланыс. Мысалы, 10-сыныпта Абайдың қарасөздері факультативтік сабақ жүйесінде өтеді. Бұл тақырып бойынша факультативтік сабақ оқушылардың негізгі бағдарламадан алған білімдерін толықтырып, әрі қарай тереңдету міндеттерімен қоса, Абайдың қарасөздерінің тақырып, пікір, ой-толғамы жағынан Абай өлеңдерімен байланысын нақты танытуды көздейді. Мұндай жағдайда факультативтік сабақтарда оқушыларға арнайы тапсырмалар беріліп, олар баяндама, хабарламалар жасайды немесе салыстырмалы таблицалар дайындайдыы, мәнерлеп оқиды. Мұның өзі қарасөздер туралы түсінікті кеңейтіп, нақтылауға, ақын шығармашылығы туралы мол мағлұмат алуға, оның шығармашылығына ортақ проблематика мен идеялық-тақырыптық межені тұтас та терең ұғынуға мүмкіндік туғызады.
Факультативтік сабақ білім алу жолындағы ғылыми-зерттеу сипатындағы жұмыспен жалғасады. Қосымша әдебиеттермен, ғылыми-зерттеу еңбектерімен жұмыс істейді, оларды конспектілейді, рефераттар әзірлейді, цитаталар тереді, таблицалар жасайды, топтайды. Сөйтіп, шығармашылық ізденістер арқылы сабақты жандандырады. Тегінде, факультативтік сабаққа қатысушылар сабақ үстінде де мұғалімнің көмекшілері, ассистенттер болуға тиіс. Олар факультативтік сабаққа арнап даярлаған ең тәуір жұмыстарын негізгі сабақта да баяндап береді, кейбір үлгірімі төмен оқушыларға көмек беріп, жазғандарын қарап шығып, пікір айтуы, жөн көрсетуі керек-ақ.
Факультативтік сабақ сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыстармен де байланыста болып келеді. Белгілі бір тақырыпты, әдеби-тарихи процесті жазу үшін оқып-үйренуді аяқтаған соң оны қорыту мақсатында әдеби кеш, конференция ұйымдастыруға болады. Кештің сценарийін, әдеби бөлімін, баяндаманы оқушылардың өздері дайындайды. Факультативтік сабақтарда оқушы білімі, икем-дағдылары курстың белгілі бір тарауын, тақырыбын меңгеруіне, орындаған практикалық жұмыстары мен жазған рефераттарына қарай бағаланады. Әдетте 5 балдық жүйе факультативтік сабақтарда қолданылмайды. Мұнда әр тақырыптан соң оқушы білімін қорытып, сынақ алынады. Жыл соңында факультативтік сабақ тыңдаушыларына «қанағаттанарлық» белгісі немесе «2» қойылады.
Факультативтік сабаққа қатысатындарға берілетін тапсырмаларды екі салада жүйелеуге болады: 1) әр оқушының жеке басының бейімділігі мен қызығушылығына сәйкес дара тапсырмалар. Бұған оқушылардың қолтума шығармалары (өлең, әңгіме, очерк, мақала, рецензия, т.б.) жатады. 2) оқушылардың барлығына міндетті тапсырмалар. Оларды екіге топтастыруға болады: бірі – атқарушылық әрекетке негізделген тапсырмалар (мәнерлеп оқу, рөлге бөліп оқу, инсцинировка, т.б.); екіншісі – ізденісті, зерттеуді қажет ететін тапсырмалар (материал жинау, жүйелеу, оларға түсініктеме беру, мәтін талдау, цитата теру, реферат, баяндама әзірлеу, пікір айту, библиография құрастыру, каталог, карточкамен жұмыс істеу, аналитикалық, синтетикалық таблица жасау, т.б.).
Достарыңызбен бөлісу: |