«Қазақ Әдебиеттану ғылымы: ДӘСТҮр және сабақтастық» атты


АКАДЕМИК З.ҚАБДОЛОВТЫҢ КӨРКЕМ СӨЗІНІҢ ЛИНГВОСИНЕРГИЯСЫ



Pdf көрінісі
бет6/92
Дата23.10.2023
өлшемі2,56 Mb.
#120672
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92
АКАДЕМИК З.ҚАБДОЛОВТЫҢ КӨРКЕМ СӨЗІНІҢ ЛИНГВОСИНЕРГИЯСЫ 
 
Манкеева Жамал Айтқалиқызы 
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері 
ф.ғ.д., профессор,-Алматы қ., Қазақстан 
Өткен ғасырдың аяғынан басталған тіл білімінде ғылыми парадигманың гуманистік 
бағытқа бұрылуы, атап айтқанда, функционалдық, когнитивтік, динамикалық 
парадигманың өріс алуы дүниені тану кіндігінің мәртебесін адамға қарай ойыстыруға негіз 
болған антропоөзектік бағыттың дамуына жол ашты. Осыған орай индивидке тән тілдік 
қабілет туралы ұғым да кеңейіп, тереңдей түсіп, адамның тұлғалық тұтастығында 
қарастырыла бастады. Сөйлеу қызметі, тілдің өзі адамдардың қарым-қатынасында бір 
индивидтің екіншіге ақпарат беруі деп емес, социумның өзін қоршаған әлемдегі бағдарын 
белгілейтін жүйе, «әлем бейнесі» ретінде түсініледі. Демек жеке адамның «ғалам бейнесін» 
қалыптастыратын өзекті ұғым тіл арқылы когнитивтік бірлік ретінде тұтас ақпараттық-
коммуникативтік кеңістікте айқындалады.
Осымен байланысты орыс тіл білімінде қолданылатын дискурс сөзі әуелде «речь» 
деген ұғымды беріп, «мәтін» ұғымының синонимі іспетті ұғынылғанмен, бірте-бірте мәні 
кеңейіп келе жатқанын атап өткен жөн. Солардың негізгілерін сараптай келіп, дискурсты 
тек мәтін деп қана емес, оны түрлі экстралингвистикалық жағдаяттарға сәйкес 
(дүниетаным, пікірлер, тұжырымдардың арнайы шаршы топ алдындағы зерттеу тілі ретінде 
дәріс тілі сияқты адресаттық мақсатта қолданылуы т.б.) туындайтын күрделі 
коммуникативтік құбылыс деп түсінеміз.
Сонымен, дискурс – мәтін түзуші (автор, адресат) – мәтін – қабылдаушы (адресант) 
тұтастығында қарастырылатын, яғни мәтін түзуші тілдік тұлғаның «таным әлемі» 
ескерілетін мәтін, тілдік тұлғаның қасиетін көрсететін тілдік бірлік, эмпирикалық 
тәжірибелердің жиынтығы. Атап айтқанда, дискурста тілдік тұлғаның мынадай 
ерекшеліктері байқалады: 1) сөйленіс деңгейі; 2) ұлттық таным деңгейі; 3) сөз қорыту, 
түсінік, ұғыну, сезіну деңгейі; 4) қоғамдық ойының сипаты; 5) интеллект деңгейі. 
Міне, көрсетілген деңгейлерге ие бола алатын сөз иесі ғана тілдік тұлға дәрежесіне 
көтеріліп, тұлға әлемі жан-жақты ашылады, «жеке тіл әлемі» пайда болады.
Демек, адам болмысындағы танымдық ақпараттың мәні коммуникативтік актінің 
көрініс ретінде сөзде (мәтінде), дискурста ашылады. Бұл арада коммуникацияға қатысатын 
жеке тұлғалардың шығармашылығы – тілдік санада биологиялық, әлеуметтік және мәдени 
синтездің тұтасуынан қалыптасатын ментальділіктің тіл арқылы бейнеленетін 
коммуникативтік әрекетінің көрінісі. Себебі, ментальдық – тек психофизикалық күш емес, 
немесе статикалық сипатта ғана сақталатын адами, ұлттық құндылықтар жүйесі ғана 
емес,олар адам санасының терең құрылымдарында тіл әлеуеті арқылы құралған ғаламның 
бейнесі. Бұл түпмәннің «дәнінен» коммуникация барысында өсіп шығатын ұғым мазмұны 
ана тілі арқылы сананың дүниетанымдық құрылымы этномәдени социумның барлық 
мүшелеріне жақсы таныс тілдік, символдық, аксиологиялық құбылыстармен ұқсастыру 


25 
(ассоциация) қабілеті арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан антрополингвистикалық
бағыт ұстанған қазіргі тіл білімінде сөйлеу қызметі психикалық құбылыс деп саналғанмен, 
бірақ сөз бұл әрекетке мәдени, әлеуметтік мән беретін бастау екені атап көрсетіледі.
Осымен байланысты белгілі тіл тұлғаларының сөзін тек көркем дискурсқа ғана 
қатысты бағаламай, публицистикалық, ғылыми, іскери, саяси, т.б. дискурс түрлеріне 
тікелей қатысты тіл –адам, тіл-қоғам, тіл-мәдениет, тіл-ұлт т.б. контекстер тоғысындағы 
тілдегі адам әрекеті мен болмысының функционалдық, прагматикалық, танымдық, 
шығармашылық сипатын тұлғалық, феномендік тұрғыдан айқындаудың өзектілігі ерекше. 
Бұл бағыт сөздің коммуникативтік қызметін талдайтын лингвистикалық, филологиялық 
әдістеме шеңберінен асып, интеграциялық, адамтанымдық меженің «тіл – таным өзегі» 
деген қисынына сай өріс алуда. Ал оның лингвофилософиялық қағидасы іспетті рухани 
көсеміміз А.Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген 
тұжырымы белгіленіп, қазіргі тілді зерттеудің антропоөзектік бағыттың бағдары ретінде 
айқындалып отыр.
Олай болса, сөз құдіретінің коммуникативтік болмысын зерттеуші, танытушы тілдік 
тұлғаның көзқарасы мен танымдық әлемін адресантқа (аудиторияға, дәріс тыңдаушыларға, 
зерттеушілерге т.б. шаршы топқа) аңғарту, ықпал ету, экспрессивті тұрғыдан санасына әсер 
ету, рухын көтеру т.б. мақсаттағы тілдік тұлғаның «өзіндік ғаламын» оның мәтін (сөз) 
арқылы жеткізудің қазығы ретінде қазақ сөзі құдіретінің әлеуетін қалай анықтаймыз? 
«Тілде құдірет, сөзде кие бар» деп ұққан қазақ халқы сөзді «өнер» деп танып, оны 
қашанда жоғары бағалаған. Қазақ сөзінің қолданысын өрнектейтін сөз айшығын, 
мазмұнындағы әлеуеті мен қуатын ашу тілдік тұлғадан сөздің тылсым күшін 
жаратылысынан тамыр тартқан ерекше қабілетімен сезінетін айрықша зерденің табылуын 
қажет етеді. Бұл – кез-келген тұлғаның ойынан табыла бермейтін дара қасиет. Осындай 
сөздің табиғатын тіл иесінің болмысымен тығыз байланысты түсіндіруге еңбектері, ерекше 
сөзі дәйек болатын санаулы сөз зергерінің бірі – академик Зейнолла Қабдолов.
Сөзі өнер деп ұққан ата-баба тілінің «сөз әлемін» игеріп, танытуға, жетілдіруге бар 
ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаз, бірегей болмысты ғалым З. Қабдоловтың қазақ сөзінің 
көркемдігі мен қазақтың шешендік өнерін, сөз шеберлігін танытқан еңбектері қазақ 
руханиятында өзінің тың тұжырымдарымен айрықша орын алып, зиялы қауым тарапынан 
ғана емес, сөз қадірін түсінетін кез-келген қоғам мүшесі, тіл иесі тарапынан да жоғары 
бағасын алғаны белгілі.
Қазіргі қоғамдағы қиын да күрделі мәселелердің күрмеуін шешуде сөз киесі, дархан 
болмысы арқылы қисынын табатын «Жаңа Қазақстан» құрудың мазмұнын белгілейтін төл 
мәдениетінің қазығы ретіндегі қазақ сөзінің рухани мұрагерлік құдіретін көркемдік санада 
жаңғырту, ел игілігіне жарату, рухын көтеруге ықпал ететін З. Қабдолов тектес 
тұлғалардың тілін жаңаша танудың өзектілігі артып отыр.
А. Байтұрсынұлы көрсеткендей: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, 
қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның барын 
жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадырынша жарайды [1, 242]. Ақаңның: «тілдің 
міндеті ...жарау» дегені – тілдің ішкі мүмкіншілігін аша білу, ал «жұмсай білетін адамы 
болса» дегені – тілдің қолданыстық үдерісінде жеке адамдардың шығармашылығының 
маңызы деп түсінеміз. Бұл мәселе қазақ филологиясында лингвостилистика, лингвопоэтика 
мәселелері ретінде Қ.Жұмалиевтің, Р.Сыздықтың, Қ.Өмірәлиевтің, Х.Нұрмұхановтың 
еңбектерінде қаламгер тілінің жалпы сипаты мен шығармашылық ерекшелігін бейнелейтін 
көріктеу амал-тәсілдерін шебер қолдануға байланысты сөз болғаны белгілі. Ал сөз 
құдіретін талдауға қатысты сөз зергері Ғ.Мүсіреповтің «Сөз сөзге жарығын түсіреді» деген 
қағидасынан қазіргі адамтанымдық бағытқа байланысты бастау көздерді байқауға болады. 
Сөйлеу тілдің әрекет үстіндегі көрінісі мен сөздің табиғатын сөз иесінің болмысымен тығыз 
байланыста зерттеуге мүмкіншілік беретін сол тілді тұтынушы этностың бүкіл рухани, 
мәдени байлығының асыл қазынасы, тарихи-мәдени ақпаратты ұрпақтан-ұрпаққа 
жеткізуші, сақтаушы, іске асырушы және қайта құрушы құрал ретіндегі тілдің өз 


26 
бойындағы ішкі әлеуеті. Оған мүмкіншілік беретін тілді, тіл иесінің сөзін адами, әлеуметтік, 
биопсихикалық, когнитивтік құбылыс ретінде танитын жаңа парадигма 
– 
лингвосинергетикалық парадигма. Былайша айтқанда, адам болмысы мен әрекетіне сәйкес 
тұтастықтың өзегін іштей ұйымдасқан қуат, ақпарат көзі ретінде оны одан әрі дамытып, 
өзгеруге апаратын сөз арқылы тануға болады.
Тіл біліміне жаратылыстану ілімдері саласынан ауысқан синергетика терминінің 
ұғымына сай (грек. synergtikos – «біріккен әрекет», «ықпал», «жер»); тілдік жүйенің 
синергиясы бір-бірімен тығыз байланысты екі бастаудан (генерация (жасампаздық) және 
диссипация (шашырату, тарату) тұрып, тілдік-ақпараттық кеңістіктің ұлғайтушы және 
таратушы көзі ретінде танылады. Осы екі көздің диалектикалық бірлік және тіл иесі 
әрекетіне орай тілдің даму үдерісі туғызған флуктуация (тербеліс, ауысу) ықпалымен 
хаостық сипатқа сай жаңару құбылысы тілдің коммуникативтік мәнін жаңа деңгейге 
көтеріп, оның қалыпты жүйесін қалыптан тыс, ашық, динамикалық күйде жаңғыртады [2, 
12-13].
Оның бастау көзі ретіндегі В. фон Гумбольдттің «тілді адам рухын бейнелеудің 
тәсілі, сөйлеуді рух қызметін көрсетудің түрі» деп санаған тұжырымына сай академик З. 
Қабдолов шығармашылық тілі толық зерттеу дәйегі бола алады.
Жалпы В. фон Гумбольдттің қолданысындағы «рух» сөзінің ұғымы табиғатқа, 
адамға әсері бар сырттан келетін тылсым күш емес, тіл иесінің, тұлғаның жан дүниесіндегі 
ішкі қуаты, ақыл-ойымен байланысты екені белгілі. Сол ішкі рухани күш арқылы тұлғаның 
бейнелеуіштік, танымдық, шығармашылық қабілеті тілде бекітіліп, сөздің синергиясын 
күшейтеді. Сондықтан В. фон Гумбольдт тіл мен рухтың тіркесін адамның сөйлеу 
қызметімен байланыстырып, тілді әрекет («энергия») деп анықтайды [3]. 
Осы тұрғыдан қарастырылатын академик З.Қабдолов сынды тұлға тілінің 
құрылымындағы элементтердің бір бүтінге айналуы олардың іштей реттелетін, 
коэволюциялық дамуына, синергиялық болмысына байланысты. Тілдік жүйеде 
қалыптасқан коммуникативтік бағыттан тыс бифуркация деп аталатын синергетикалық 
үдеріс айтулы тұлғалардың сөзінде жаңа сапалық мәннің күшеюін көрсетеді (жаңа дискурс, 
жаңа қолданыстар, авторлық, экспрессивті метафоралар, перифраздар т.б.).
Сонымен, сөз әлеуетін танымдық, шығармашылық ашық жүйеде анықтап, сөз 
құдіретін танытуда сөз бойындағы синергиялық желінің жасампаздыққа жалғастырған 
академик З.Қабдоловтың шығармашылық тілін лингвосинергетикалық парадигмада 
кешенді сипатта қарастырылуының болашағын бағдарлаймыз. 
Бұған дәйек болатын тыңдаушыны я оқырманды рухтандырушы көркем, 
поэтикалық, танымдық сөз қуатының синергиясын ашқан заманауи қазақ шешендерінің 
сапындағы сөз зергері З.Қабдоловтың «қасаң академизмнен аулақ» (баспагер 
С.Әбдірайымов сөзі), қалыпқа сыймайтын, ашық жүйедегі еңбектері («Сөз өнері», 
«Көзқарас» т.б.), түрлі шаршы топ алдындағы сөздері. [4] Ал олардың нақты ғылыми-
талдамалық үлгілері болашақтың еншісінде деп білеміз. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1. Байтұрсынұлы. А. Энциклопедия. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2017.
2. Манкеева. Ж. Қазақ сөзінің синергиясы. – Алматы, 2021.
3. Гумбольдт В. О размышлении строения человеческих языков и влияние на 
духовное развитие человеческого рода. – М., 1964. 
4. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат, 2002; Қабдолов З. Көзқарас. – Алматы;
Қабдолов З. Арна (зерттеу-сын-эссе). – Алматы: Жазушы, 1988 т.б. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет