4
ПЛЕНАРЛЫҚ
МӘЖІЛІС
Ш.ЕСЕНОВ АТЫНДАҒЫ КАСПИЙ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ИНЖИНИРИНГ
УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ
АХМЕТОВ БЕРІК БАҚЫТЖАНҰЛЫНЫҢ
КІРІСПЕ СӨЗІ
Құрметті конференцияға қатысушылар! Ардақты ағайын! Қадірлі зиялы қауым!
Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиясының академигі, Қазақстанның Халық
жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері
Зейнолла Қабдоловтың туғанына 95 жыл толуына орай «Қазақ әдебиеттану ғылымы:
дәстүр және сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қош
келдіңіздер!
Зейнолла Қабдоловты Маңғңыстау жұртшылығы да, Есенов университетінің
ұстаздары мен білім алушылары да зор құрметпен еске алады.
1956 жылы шыққан тырнақалды туындысы «Өмір ұшқынынан» бастап оқырманына
жол тартқан көркем туындылары – әдебиетіміз үшін құнды дүние болып қала береді.
«Әдебиет сынды ар ісінің» алдындағы абыройлы
қызметін атқарған жазушы өз
шығармаларымен ұлттық рухты шыңдады, өз дәуіріндегі жалынды жастардың үлкен
мақсаттағы өмір жолын жас ұрпаққа өнеге ете білді. «Менің Әуезовім» роман-эссесі заман
тақырыбын
тереңнен тартып, бейнелеген, тарихи шындықты үлкен
ауқымды көрегендік
тұрғыдан жинақтап берген бірегей туынды ретінде барша оқырман жүрегіне жол тартты.
Мемлекеттік сыйлыққа ие болған роман Қабдоловтың көркем прозадағы көп жылғы
шығармашылық ізденісінің бірі ретінде әдебиет тарихында ойып тұрып орын алды.
Ғылымға бет бұрған
жастарға тәлім-тәрбиесін аямай, бағыт-бағдар көрсетіп,
көптеген
ғылым кандидаттары мен ғылым докторларына жетекшілік жасады.
Әдебиеттану саласында іргелі зерттеулер жүргізіп, мазмұнды монографиялар,
оқулықтар
мен оқу құралдарын құрастырып, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырды.
Күні бүгінге дейін еліміздің жоғары оқу орындарының филология,
қазақ тілі мен
әдебиеті мамандықтары студенттері басшылыққа алатын оқулық – «Сөз өнері». Бұл оқулық
біздің оқу орнымызда да кеңінен қолданысқа ие болған.
Бүгінде көрнекті ғалымның еңбектері қазақ ғылымына ғана емес, тұтас Түркі әлеміне
ортақ рухани қазына ретінде бағалануда. Конференцияда академик Зейнолла Қабдолов
туралы орамды ойлар, ұтымды ұсыныс-пікірлер, әсерлі естеліктер айтылады деп ойлаймын.
Конференция жұмысына сәттілік тілеймін, келелі ойлар мен пайымды тұжырымдар
жасалар ғылыми конференция қабдоловтану және жалпы қазақ әдебиеттану саласындағы
тағы бір табысты қадам боларына сенем!