30
әңгімелер туып отырған. Олардың мазмұны күлкілі әрі ритуалдық мәнде
болған (кейін бұл күлкінің
ритуалдығы өзгеріп, кәдімгі сықақ болып
шығады). Малшылық, аңшылық кәсіпке байланысты да әңгіме, өлең
қалыптасып, олар да магиялық мақсатта орындалған. Осы ретке төрт түлікке,
аң мен құсқа қатысты өлеңдер мен әңгімелерді жатқызуға болады.
Диқаншылыққа қатысты фольклор да ежелгі нанымдарға арқа сүйейді.
Тұрмыстық, кәсіптік фольклордың бір түрін лирикалық өлеңдер құрайды.
Ғұрыптық фольклор. Бұл топ ежелгі заманғы діни нанымдар мен
ырымға, салт-ғұрыпқа негізделген жанрлардан тұрады. Олар – арбау, алғыс,
қарғыс, бәдік,
бақсы сарыны, т.б. Бұл жанрлар ерте заманда таза магиялық
функция атқарған да, ғұрыптық іс-әрекеттермен тығыз байланыста болған.
Сондықтан олар тек утилитарлық, яғни қолданбалы мақсатта орындалған.
Келе-келе олар көркемдік қасиеттерге де ие болған. Сөйтіп, кейбіреулері
өнерлік те сипат қабылдаған. Айталық бақсы ойыны мен сарынында біршама
көркемдік белгілер бар.
Көне дәуірлерде туып, адамның алуан түрлі
тірлігінде қолданылған бұл жанрлар әр мезгілдерге сай өзгеріп отырған.
Мысалы, ислам діні енгеннен кейін байырғы алғыс енді бата, ал ескілікті
жалыну, жалбарыну енді мінәжат түріне айналады.
Ғұрыптық фольклордың құрамында үйлену салты мен жерлеу рәсіміне
қатысты жанрлар бар. Үйлену салтымен байланысты той бастар, жар-жар,
сыңсу (қоштасу), беташар сияқты жанрлар да екі бірдей қызмет атқарады:
ғұрыптық әрі көркемдік. Олар ежелгі діни наным-сенімдік
мәнінен бірте-
бірте айрылып, біздің уақытымызға, негізінен, сейілдік әрі эстетикалық
мақсатта орындалатын руханият түрінде жетіп отыр. Осы секілді жерлеу
рәсіміне қатысты орындалатын іс-әрекеттер
мен фольклор да өте көнелік
мағынасын өзгерткенмен әлі күнге дейін қолданыста бар. Рас, олар қазіргі
кезеңде көркемдіктен гөрі ғұрыптық қызмет атқарады. Мәселен, естірту,
көңіл айту, жұбату түрлері осы мәнде болып келеді де, ал жоқтау көп
орындала бермейді. Солай бола тұрса да, ХХ
ғасырдың екінші жартысына
дейін ел арасында естірту мен жоқтау көркемдік мәнісін жоғалтқан жоқ еді.
Ал, өткен ғасырлардан жеткен үлгілері – көркем фольклордың әдемі
нұсқалары, оларда ежелгі мифтік ұғымдар мен мифологиялық түсініктер,
діни нанымдар алуан түрлі көркемдік-бейнелеу құралдарына айналып, неше
түрлі символикаға бай поэзия туғызған.
Ертегілер. Бұл топқа енетін жанрлар да ерте замандарда пайда болып,
адамзат тарихының әр кезеңінде өзгеріске түсіп отырған, сөйтіп біздің
дәуірге классикалық көркем фольклор түрінде жетіп отыр. Ертегілер көне
мифтермен, хикаялармен, наным-сенімдермен
тығыз байланысты, ежелгі
мифологияны жетілдіре пайдаланып, қиялды араластырып, ғажайыптық
сипатқа ие болған. Соның нәтижесінде осы жанрдың
өзіне тән поэтика мен
эстетикасы қалыптасқан, болмысты солардың тезінен өткізіп бейнелеген.
Бізге жеткен ертегілер бірнеше жанрдан тұрады: хайуанаттар туралы
ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, хикаялық
(новеллалық) ертегілер, сатиралық ертегілер. Бұлардың бәріне ортақ
белгілері және әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.