Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы



Pdf көрінісі
бет80/115
Дата16.02.2023
өлшемі2,12 Mb.
#68529
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   115
Байланысты:
e185fe133cb926283d53f1af83c8f984

Утопиялық әпсаналар Кеңес өкіметі кезінде өте аз жазылып алынған. 
Ел арасында «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман», «жер жаннаты 
Жиделібайсын», «тығулы жатқан қазына» туралы әпсаналар әлі күнге дейін 
айтылады, алайда әзірше хатқа түскені - бір ғана сюжетке құрылған 
утопиялық әпсаналар. Ол сюжет мынау: кейіпкер шөбі шүйгін, суы мол, елге 
де, малға да жайлы жер іздеп, жаһанды шарлайды [15].
Бұл сюжет бірде Асанның әкесі Сәбиттің, бірде Асан Қайғының, бірде 
оның баласы Абаттың, бірде Өтеген батырдың есіміне байланысты 
баяндалады. Олар іздеген құтты қоныс кейде Жерұйық, кейде Жиделі-байсын 
деп аталады. Әпсаналардың кейбірінде кейіпкер іздеген жерін табады, 
кейбірінде таба алмай, еліне қайтып келеді, немесе жолда қаза табады.
Утопиялық әпсаналардың мазмұны көбінесе әлеуметтік сипатта 
болады. Бұлай болу себебі – ғалымдардың айтуынша, мұндай шығармалар, 
әдетте, қоғамдық-әлеуметтік өмірде үлкен бір дүрбелең кезінде, қауым 
қиындыққа душар болғанда пайда болады екен [16]. Ондай жағдайда халық 
жақсы өмірді армандап, «алтын дәурен», «қой үстінде бозторғай 
жұмыртқалаған заман», не болмаса елді қиыншылықтан құтқаратын бір 
қайраткер туралы утопиялы әңгіме, аңыз шығарады. Ол әңгіме, аңыздардың 
басты кейіпкерлері - өмірде болған адамдар болуы мүмкін. Бара-бара мұндай 
аңыздар әпсанаға немесе хикаятқа айналады. Осыдан барып мессиандық роль 
атқаратын адам, елге ырыс-дәулет беретін қоныс жайында әпсана мен хикаят 
қалыптасады. Мұндай әпсананың тарихи аңыздан айырмашылығы оның тек 
көркемдік дәрежесінде емес. Оның басты ерекшелігі сол – тарихи аңызда 
өткен дәуірдің оқиғасы мен адамы мадақтала жырланады, ал әпсанада өткен 
тарихтан гөрі қиялдан, арманнан туған оқиғалар мен кейіпкерлер дәріптеледі, 
мұнда заман, адам, жер-су, мекен халықтың қалауы бойынша суреттеледі, 
олар осындай болса екен деген тұрғыда көрсетіледі. 
Міне, Асан Қайғының Жерұйықты іздегені туралы әпсана осындай 
жағдайда дүниеге келіп, қалыптасқан болу керек. Тарихта белгілі Асан Қайғы 
ХV ғасырда өмір сүрген, Әз Жәнібектің кеңесшісі болған. Бұл дәуір дүрбелең 
оқиғалар көп болған шақ екені мәлім. Сондай оқиғалардың бірінде Асан 
Қайғы бүкіл ел қамын ойлап, ерекше көзге түседі. Өзінен күшті 


161 
Әбілхайырдан ыққан Жәнібек пен Керей елді Еділ мен Жайық арасынан 
көшіруге мәжбүр болады. Халық басына түскен ауыртпалықты көрген Асан 
Жәнібекке ата қоныстан жылжымау керек екенін айтады. Алайда, қаһарлы 
әміршімен тіресуге шама келмеген соң бүкіл жұрт арып-ашып, талай михнат 
шегіп Моголстанға, Шу бойына ауады [17].
Міне, осындай қиыншылық заманда елге қамқоршы болған Асан 
жайлы әртүрлі аңыздар, әңгімелер туады. Солардың ішінде, әсіресе, кең 
тарағаны – Асанның ел-жұртқа құтты қоныс іздегені туралысы. 
Бұл әпсанада екі түрлі бағыт бар. Бірі елді қиындықтан құтқарушы 
мағди жайындағы сюжеттің нышаны да, екіншісі – алыстағы құтты жер 
туралы сюжеттің түйіні. Басқаша айтқанда, мұнда екі түрлі әпсананың басы 
тоғысқан, бірақ олар өзді-өзі жекеленіп, дара дамып кетпеген. Көптеген 
елдерде бұлар өз алдына дамып, әртүрлі шығармаға айналған. Мәселен, орыс 
фольклорында мұндай шығармаларды «легенды о возвращающемся 
избавителе» және «легенды о далеких землях» деп атайды [18]. Бұларда 
таптық, әлеуметтік сарын өте күшті. 
Құтты мекен жайындағы қазақтардың әпсанасын варианттары 
бойынша қарстырсақ, біріншіден, мұндай сюжеттің қарақалпақ, қырғыз, 
құмық, ноғай елдерінде де бар екенін көреміз, ал, екіншіден, бұл сюжетке 
құрылған шығармалар Асаннан да бұрын болғанын, тіпті Асаннан кейінгі 
заманда басқа адамға байланысты айтылғанын байқаймыз. Демек, елге, малға 
жайлы қоныс іздеу туралы сюжет қыпшақ тобындағы түркілердің бөлінбей 
тұрған шағында пайда болған, кейін тағы бір ауыртпалық тұсында ол сюжет 
Сәбитке байланысты айтылған. ХV ғасырда Сәбиттің орнын Асан басқан, ал 
ақтабан-шұбырынды дәуірінде оның орнына Абат батыр мен Өтеген батыр 
қойылған. Міне, бұл сюжет осылай тарихи тұтастануға түскен. Мұнда тіпті 
батырлық эпосқа тән шежірелік те тұтастану бар: Жерұйықты іздеуші 
алдымен Сәбит, одан кейін оның баласы Асан, ең соңында оның ұлы Абат 
болып көрінеді. Бұл да – фольклорлық дәстүрдің заңдылығы. 
Асан Қайғының Жерұйықты іздегені туралы әпсана сюжетінің тарихын 
және басқа халықтардағы [19] осы тектес сюжеттерді салыстыра 
қарастырудың нәтижесінде тағы бір заңдылық байқалады: бір жақта жер 
жаннаты-құтты қоныс бар, соны іздеп табу керектігі туралы сюжет барлық 
халықта рулық қоғамның әлсіреп, таптық алшақтықтың күшейе бастаған 
тұсында пайда болады. Ол кезде бұл сюжетте ешқандай таптық, әлеуметтік 
сарын болмайды. Рулық қауым ыдырап, феодалдық қоғам құрылған кезде 
сюжет кеңейіп, бірнеше шығарма туады. Олар бірте-бірте өзінше дамып, 
жеке сюжеті бар «елді құтқарушы», «жерұйықты іздеуші», «тығулы қазына» 
туралы әпсанаға яки хикаятқа айналады. Қоғамның қиын-қыстау 
кезеңдерінде бұл шығармалар жаңғырылып, жаңа кейіпкерлерге таңылып 
отырады. 
Ал, осы сюжеттің генетикалық арғы тамырын іздесек, ол алғашқы 
қауымда қалыптасқан бір-бірімен тығыз байланысы бар үш әлем туралы 
түсінікпен сабақтас болуы ықтимал [20]. Бұл түсінік көптеген миф, хикая, 
аңыздарға негіз болғаны белгілі. Біздің Асан Қайғы іздейтін Жерұйық та – 


162 
ойдан шыққан, арманнан туған қоныс. Ондай атауы бар мекенді картадан 
іздеу - әбестік болар еді. Жерұйық – халықтың жарқын қиялынан пайда 
болған еркін, азат, жанға жайлы жердің образы, «Жерұйық» деген сөздің өзі 
де, біздіңше, «ел ұйып, тату-тәтті өмір сүретін жер» деген ұғым береді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   76   77   78   79   80   81   82   83   ...   115




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет