Бекіту сұрақтары 1.Әліпби жобаларының бағыттары мен ұстанымдары.
2. Миссионерлік бағыт: Н.И. Ильминскийдің жобасы, В.В.Катаринскийдің жобасы, А.Е.Алекторовтың жобасы туралы;
3. Ағартушылық бағыт: Ы.Алтынсариннің жобасы,
4. Ұлттық бағыт және қазақ жазуы;
5. Латын графикасына байланысты алғашқы жобалар (1924—30 жж.). Нәзір Төреқұлов, Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Мырзаұлы, Ә. Байділдаұлы, Телжан Шонанұлы жобалары; Ә. Байділдаұлы, Т. Шонанұлы, І. Қабылұлы, І. Жансүгірұлы, Ш. Тоқжігітұлдарының бірлесіп жасаған жобасы туралы;
Әдебиеттер 1..Аханов К. Тіл білімінің негіздері.- Алматы: Санат, 1993.-496 б.
2.Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі.- Алматы: Мектеп, 1986.-182 б.
3.Аманжолов А. Түркі филологиясы және жазу тарихы.-Алматы: Санат, 1996.-128 б.
4.Хасанова С.Ш. Көне түркі және араб-латын жазбалары. –Алматы: Респ.Баспа.каб.; 1994.-288 б.
5. Қазақ тiлiнiң орфографиялық сөздiгi. -Алматы, «Қазақстан», 1988. -400 б.
6. Оралбаева Н. Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері. Алматы, 1969. -201 б.
7. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. -Алматы, -«Ана тілі», 1993. - 243 б.
8. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. –А: «Мектеп», 1987. -124 б.
9. Қайдар Ә. Қазақ тiлiнiң өзектi мәселелерi. -Алматы, «Ана тiлi», 1998. - 304 б.
10. Сыздықова Р. Емле және тыныс белгiлерi. -Алматы, «Рауан», 1996.
11. Қыдырниязова А. Орфография және тыныс белгілері. Алматы, 2008.
12. Күдеринова Қ. Бөлек және бірге таңбаланатын сөздердің орфограммасы. -Алматы, «Арыс», 2001. -240 б.
13. Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. –А:«Балауса»,2000.-509 б
Тақырыбы-14. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі, олардың қалыптасуы Сағат саны 1
Тақырыптың негізгі сұрақтары/ жоспары: 1. Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктері, олардың сипаты. 2. Орфографиялық сөздіктердің негізгі қызметі. 3. Орфографиялық сөздіктің қосалқы қызметтері: а) сол тілдің сөздік қорын түгендейтін; ә) тілде жарыса қолданылатын лексикалық бірліктердің әдеби вариантын бекітетін; б) өзге тілді өкілдердің сол тілдегі барлық сөздердің (жазылуы қиындық тудыратын да, тудырмайтын да) емлесін қарау үшін қажетті ақпарат беретін қызметі. 4. Орфографиялық сөздіктің соңғы басылымындағы халықаралық терминдердің жазылу ережелері.
Дәріс тезисі 1. Әлемдегі қазақтар өздерінің тұратын мемлекеттеріне қарай араб, латын, кирилица таңбаларына негізделген әліпбиді қолдануда. Осы тұрғыдан келгенде ортақ әліпбидің болуы халқымыздың бір-бірін түсінісуіне оң ықпал етпек. Жазу өте ерте заманда жасалып, ұзақ тарихи даму кезеңдерден өтті. Даму барысында жетілуімен бірге оның принциптері де өзгеріп отырды. Оның себебі қай кез болмасын, жазуда сөздің дыбыстық жағын, яғни айтылу формасын дәл беру басшылыққа алынады, соған талпынады. Тілдегі дыбыстар өте күрделі құбылыс. Оның айтылуындай етіп ешбір графика дәл бере алмайды. Сондықтан айту мен жазу арасында алшақтықтар туындап, уақыт өте ол алшақтықтар тілдің табиғатына, дамуына өзінің кері әсерін тигізеді. Сан ғасырлар бойы тілдің өзінің даму заңдылығына нұқсан келеді. Оны жою үшін арнайы тілшілердің зерттеулерінің нәтижесінде тілдің сан ғасырлар бойы бұзылмай келе жатқан табиғатын сақтауға, одан әрі қарай дамуына оң әсер етуіне жағдай жасайтын дұрыс жазылуын қамтамасыз ететін емле ережелері мен нұсқаулар талқыланып, келісіледі. Соның нәтижесінде емле ережелері енгізіледі. Сондықтан да әлемдегі бірнеше ғасырлық тарихы бар жазу жүйелерінің ең жетілген түрінің өзіне де үнемі өзгертулер енгізіліп отырылған. Осының өзінде де кез келген жазу түрінде дыбыс жүйесі мен алфавиттің арасында алшақтықтар кездеседі.
Қазақ тілінің жазылуы мен айтылуы арасындағы алшақтықтар графиканың пайда болуымен тығыз байланысты. Сан ғасырлар бойы ауызша дамып, толығып, байып келген қазақ тілі ХХ ғасырда қоғамдық қажеттіліктен туындаған жазбаша формасының дүниеге келуімен ауызша және жазбаша формасының арасында алшақтықтар туындай бастады. Әлемдегі қай графиканы алсақ та, оның басты мақсаты тілдің табиғатын жазбаша формада дәл беру болып табылады. Тіл жүйелі, қоғамдық құбылыс болғандықтан, жұрттың бәріне ортақ оның жазу ережелері болады. Әркім өзінше әр түрлі жаза беретін болса, ол жүйелі тіл болмақ емес. Кейде дұрыс жазу ережелерін емле деп те атайды.
Орфографиялық сөздік (емле сөздік) — тілдегі сөздердің жазылу нормасын көрсететін сөздік. Қазақ тілінің тұңғыш орфографиялық сөздігі қазақ жазуының орыс графикасына көшуіне байланысты қабылданған емле ережелеріне сәйкес 1941 жылы түзілді. 1940 жылға дейін бас-аяғы он бес-жиырма жылдың ішінде үш түрлі: А.Байтұрсынұлы түзген қазақтың тұңғыш ұлттық жазуы араб таңбаларын, одан кейін он шақты жыл (1929-1940) қолданған латын жазуын, 1940 жылдан бастап қабылданған кириллицаны пайдалануға мәжбүр болған қазақ халқының әр жазудың емлесінде дәстүрі қалыптасып, орнығып үлгермеді, сондықтан әркім бұрынғы жазудың тәртібін сақтап, алақұлалық туғызуы мүмкін болғандықтан, 1941 жылы жаңа графикаға көшкен кездегі емле ережелері де, 1957 жылғы оның біршама түзетілген жаңа редакциясы да ресми үкімет тарапынан арнаулы қаулымен бекітілген болатын. Осының нәтижесінде қазіргі жазуға ие болдық. Алғашында алфавитте 41 әріп болды. Алфавиттік қатар алдымен орыс тіліндегі бар әріптерден тұрды, содан кейін орыс графикасында жоқ, қазақ тіліне төл дыбыстарды таңбалайтын әріптерден тұрды. Бұл тәртіп 1957 жылы өзгеріп, алфавиттік құрамға ә әрпі қосылып, 42 әріп болып қазіргідей күйге келді. Бұдан 42 әріптік әліпби ең алдымен орыс сөзінің дұрыс жазылуы талабынан туындаған, сондықтан 33+9 принципімен құрылған. Мұндағы 33 әріп орыс әліпбиіне сәйкес келсе, қалған тоғыз әріп қазақ тіліне тән дыбыстарға сай келеді. Бұл әдіс Кеңес үкіметінің кезіндегі саясат бойынша жүздеген ұлттардың әліпбиі 33+N принципімен жасалған болатын. М. Балақаев 1948 ж. оқушыларына арналған қысқаша "Емле сөздігін" құрастырды. 1995 ж. мектеп мұғалімдері мен баспа қызметкерлеріне арналған "Қазақ орфографиясы жайында анықтағыш" (Р. Сыздықова) жарыққа шықты. Мектеп оқушыларына арналған орфографиялық сөздік 1960 ж., біршама толық түрі 1972 ж., ал қазақ тілінің үлкен "орфографиялық сөздігі" 1963 ж. жарық көрді. Осы сөздіктің толықтырылып, өңделген 2-басылымы 1978 ж. шықты. Орфографиялық сөздіктердің бұл басылымдарында жеке сөздермен қатар сөз тіркестерінің орфограммасы едәуір толық қамтылды. Қазақ лексикографиясында сөздердің кейбір топтарының жазылуын көрсететін емле сөздіктер де бар. Мысалы, "Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігі" (Г. Жәркешова). Бұл сөздіктер 1957 ж. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы бекіткен "Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне" сәйкес түзілді. Осы аталған Негізгі ережелерінің жаңа редакциясына (1983) сәйкес ҚР ҒА-ның Тіл білімі институтының әзірлеуімен "Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі 1988 жылы жарық көрді. Ол Қазақ тілі емле сөздігінің 1988 жылғы 3-басылымы едәуір түзетулермен ұсынылып отырғаны оның «Алғы сөзінде» кеңінен көрсетілген болатын, атап айтқанда, сөздік құрамының толықтырылғаны; сұрыпталып, жүйелі тәртіпке келтірілгені; материалды ұсыну ретінің едәуір түзетілгені; ұядағы материалдардың жүйеленгендігі; бірге және бөлек жазылатын сөздердің едәуір іріктелгендігі айтылып, әрқайсысы нақты мысалдармен кеңінен көрсетілген еді.
2001 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» 4-басылымын 48 баспа табақ көлемінде 1500 данамен басып шығарды. 2007жылы 6- басылымы 30 баспа табақ көлемінде 100 000 данамен жарыққа шығады. Бұл сөздікке бұрын сөзтізбеге енбеген сөздер мен тіркестер, бірқатар жаңа ғылыми-техникалық, қоғамдық-саяси терминдерді, бірге және бөлек жазылатын сөздер тобы жинақталған.
Қоғам өмірінде небір күрделі де зор әлеуметтік-саяси өзгерістер болып жатқанымен, сауатты жазуға қойылатын талаптар түбегейлі өзгерістерге ұшырамауға тиіс. Бүгінгі күні күнделікті баспасөздің басым көпшілігі, оқу-ағарту орындары: мектептер мен институттар, университеттер мен ресми мекемелер күнделікті жазу тәжірибесінде қазақ тілінің 1983 жылғы соңғы бекітілген емле ережелерін ұстанып отыр.
Басқа тілден енген сөздерді қабылдаушы тіл өзінің фонетикалық заңдылықтарына бағындырып, «сындырып» қолдануы көптеген тілдерге ортақ құбылыс. Қазақ тіліне орыс тілінен сөз ауысу үдерісі ертеректен басталғаны мәлім. Бодандықтың, сауда-саттықтың, қазақ жеріне орыс шаруаларының, әскери адамдарының қоныстануы нәтижесінде қазақтың сөйлеу тіліне бірқатар тұрмыс - салттық сөздер мен әкімшілікке қатысты атаулар кіре бастады, олар ауызекі тіл арқылы енді. Сондықтан шәй, самауыр, бәтес,сәтен, шыт, пәуеске, кір, бертін келе ХІХ ғасырда орыс империясының ел билеу, сот, әкімшілік, оқу-ағарту мәдениет жүйесіне қатысты аяз, жандарал, болыс, сот, закон, газет, зауыт сияқты сөздері де қазақы түрге еніп, қалыптасты. Бұлар қазіргі қазақ тілінің opфoграфиялық та, орфоэпиялық та нормасында сол қалыптасып қалған тұлғаларын сақтап жазылады, олардың кейбірі көнерген сөздер қатарына енсе, кейбірі әлі де қолданыста бар.
Талас тудырып отырған - ХХ ғасырдың екінші жартысында күрт дамыған техника, космология, космонавтика, аэронавтика, биология т.б. ғылым салалары әкелген орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінен енген терминдік атаулар. Осыларды қазақ тілі қалай игеріп, қалайша жазып, қалайша дыбыстауы тиіс деген сауалдың көтерілуі заңды. Себебі бұл сөздерді бұл күнде орыс тіліндегі қалпын сақтап жазып, тіпті орысша дыбыстап та келді. Оның себебін қазақ тілінің ішкі құрылымдылық даму заңдылығынан іздемей сыртқы экстралингвистикалық факторлардан іздеу керек. Ол факторлардың бірі - орыс жазуына көшуіміз болса, екіншісі - орыс тілін «екінші ана тіліміз» деп қоса меңгеру қажеттілігін мойындатқан саясат.
2. Орфографиялық сөздіктің сөздерді дұрыс жазу нормасын қалыптастыратын негізгі қызметінен басқа: а) сол тілдің сөздік қорын түгендейтін; ә) тілде жарыса қолданылатын лексикалық бірліктердің әдеби вариантын бекітетін; б) өзге тілді өкілдердің сол тілдегі барлық сөздердің (жазылуы қиындық тудыратын да, тудырмайтын да) емлесін қарау үшін қажетті ақпарат беретін қосалқы қызметтері бар.
Кей сөздікте әдеби тілдегі сөзді барынша қамту мақсаты көзделмейді, сондықтан сөздікте көнерген сөздер, сирек ұшырасатын атаулар, тарөрісті терминдер мен кейбір кәсіби сөздер, жергілікті сөздер т.б. сөздердің саны шектеліп беріледі. Ал мұның есесіне орфографиясы қиын, емле қателері жиі ұшырайтын жазу тәжірибесіндегі «қауіпті аймақтарға» көбірек көңіл бөлінеді. Сонымен қатар сөздік тілдің бүгінгі тынысын тап басатындай, тілдің ішкі құрылымындағы өзгерістер мен қоғамдағы әртүрлі жаңалықтарды көрсететіндей болуы шарт екені де ескеріледі.
Тілдегі жаңалықтар жайдан-жай пайда бола салмайды, оны туғызатын әртүрлі себептер болады. Солардың бір алуаны: - қоғамдық, әлеуметтік өмірдегі жаңа зат, құбылыс, оқиғаны атау қажеттілігінен: баспасөз хатшысы, баспасөз орталық, компьютер, веб-сайт, интернет, телефонхат, телефакс, демеуші, әлеуметтендіру, ғаламшар, ғаламдастыру, аударым, әлеуметтанушы, бағам; - мазмұны, тұлғасы өзара жақын, бірақ білдіретін ұғымдарында азды-көпті айырма бар мағыналарды бөлек-бөлек атауды керексінуден: көріктендіру - абаттандыру (благоустройство), залалсыздандыру (обезвреживание) - зарарсыздандыру (стерилизация), иелену (приобретение) - иемдену (присвоение), жайылыңқы (диффузный) жиылыңқы (компактный); - бірнеше сөзбен аталатын белгілі бір құбылысты бір сөзбен атау немесе тұлғалық жақтан ықшамдауға ұмтылудан: әсіре мемлекетшіл болу – әсіремемлекетшілдік, әсіре демократ болу - әсіредемократ, ғарыш айлaғы - ғарышайлақ, іс парағы - іспарақ, ғарыш кемесі - ғарышкеме т.б.;
- кейбір терминдерді, өзге де атауларды ұлттық сананың оянуымен байланысты төлтума сөзбен қайыра атауды (реноминацияны) қажетсінуінен: суверен > егемен, суверенитет > егемендік, программа > бағдарлама, патриот > ұлтжанды, патриотизм > ұлтжандылық, аннотация > аңдатпа, гимн > әнұран, герб > елтаңба, интеллектуал > зияткер, турник > белтемір, футбол > аяқдоп, терроризм > лаңкестік т.б.; - ұлттың азаматтық тарихындағы ерекше оқиғаларды, соларға қатысты жайттарды арнайы мамандандырылған сөзбен атауды қажетсінгеннен: оралман, желтоқсаншылар, ауғаншылар (ауған соғысының ардагерлері), ұлан, байрақ, абайтанушы т.б.;
- қоғамдық сананың бір түрі ретінде діни сананың жаңғыруына байланысты діни мазмұндағы сөздердің әлеуметтік мән алуынан: Барат түні, Қадір түні, Миграж түні, Рағайып түні, инсан, ғұсыл, нәпіл, жаhид, Мәуліт, намазжай т.б. туындап отыр.
Негізінен осындай себептер арқылы пайда болған жаңа қолданыстар қазақ әдеби тілінің кітаби сөз жанрларының лексика-фразеологиялық жүйесін байытып, сөздің кітабилік нышанын айқындай түсті.
Орфографиялық сөздік мұғалім, оқытушы, баспа қызметкері, немесе қолына қалам ұстаған өзге де сала мамандарының жазу тәжірибесінде кездескен қиындықтарынан түзілген, тілдегі жаңалықтар мен өзгешеліктерді ғана қамтитын құрал емес. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі – әдеби тілдің сөздік қорының сөзтізбесін жасаған, осы қызметі арқылы бүгінгі күнге дейін қазақ тіліндегі түсіндірме, синонимдер, екітілді т.б. сөздіктердің жасалуына негіз болып келген сөздік.