«Өткенді ақтау да, қаралау да бүгінгінің мақсаттарынан туады» деген Ғ. Мүсірепов сөзі әр заман идеалының қоғамға әсері, тұрмыстың күйі эстетикалық талғам қалыптастыру жолындағы қызметінің айқындығына жөн сілтеп тұрғандай. Ендеше қай заманда да маңызын жоймайтын идея мәселесі қазақ әдебиеттануында да қарастырылуы заңды.
Қазақ романының бүгінгі өрісі жалпыадамдық құндылықтар мен ұлттық болмыстың тарихи жады көріністерінен қуат ала отырып, талғам таразысында тәуелсіз сана тарапынан бағалануда.Ендеше, әдебиетіміздің роман жанрындағы идеялық-мазмұндық ізденістерді тарихи оқиғалардың хронологиялық тізбегі негізінде, көркем туындының тақырыбына арқау болған уақыт тұрғысынан жүйелеуге болады. Демек, «Дарабоз» романында баяндалатын уақыт Абылай хан заманынан басталып, тәуелсіз ел болғанымызға дейінгі уақыт тынысын қаламгерлеріміз қалай бағалады, қандай идеялық-мазмұндық ізденістерге барды, әдебиетіміздің көркеюіне, өсуіне, дамуына бұл шығармалардың қосар үлесі қандай деген сауалдар төңірегінде жауап іздеудің өзектілігі талас тудырмайды.
Тәуелсіздік жылдары қазақ романы өз сүрлеуінен жаңа даңғылға түскендей тынысы ашылып, «тыйым салынған тақырыптар» «бұғаудан босаған» кез келгенін қаламгерлер қауымы алғашқылар қатарында сезінгенін байқауға болады. Сөзіміздің дәлеліндей сөз өнеріндегі тарихи тақырыптағы романдар қатарының өскендігі, ондағы тарихи жайт тар мен тарихи тұлғаларымыздың көркем бейнесінің жасалуы жаңаша сипатта болғанын көреміз. Тарихи роман жайынан жазылған зерттеу еңбектер мен тарихи романға жазылған сын-пікірлерді саралай отырып, жаңа дәуірдегі романның идеялық-мазмұндық ізденістері жаңа сатыға көтерілгені де айқын. Әуелі роман тарихы бастауынан бермен қазақ романы, ондағы идея жөніндегі пікірлерге кішкене тоқталып, тарихи романдардағы өмір шындығы мен тарихи шындықтың тәуелсіз елдің жазушылары қаламына іліккеннен кейінгі авторлық идея ны жеткізуге, шығарманың көркемдік қуатына тигізер әсеріне романдарды талдау барысында ғана көз жетпек.