ХХ ғасырдың басы қоғамдық құрылыстың қайта құрылуы, ендігі беталыстың жаңа бағытта жүруі, адамзат мұраттарының белгілі топ мүддесі тұрғысынан сараланып, қаралатыны көрінді. Бүгін сол әдеби мұраларымызды қарай отырып, кездескен жайларымыз, әдеби айтыстар, пікір алмасулар бәрі де жаңа құрылып жатқан қоғамдық құрылыстың, таптық көзқарастардың жетегінде кеткені аңдалады. Мұны қарастыру себебіміз, сол тұста жарық көрген мақалаларда, әдебиеттің бағыты қалай, келер күні қай бағытта дамуы керек, таптық идеяға қызмет ете ме, етсе түрі қандай болмақ, секілді орыс әдебиеті үлгілерінен мысалдар, саяси ұстанымдар төңірегінде ой бөлісулердің негізінде заман тудырған идеалдардың, алдыңғы толқынға қалай қарауы, сонымен қатар, тұрмыстың әр саласы мен мәдениеттің, өнердің салаларында да үстемдікке жетіп, өз идеалдарын таңу сипаттары көрініп жатты. Олай болмағы, тап мүддесінен тысқары жатқанымен де, тұрмыстың қай тармағы болмасын, халықтың қай тобы болмасын, ақыл-ойы бір мақсат, бір мүддеде тоғысып, ел тілегінің бір болуы болғанынан.
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы көркем әдебиет төңірегінде туындаған айтыстардың барлығы да өзінің идеясы, мазмұны жағынан жаңа құрылған қоғамдық құрылыстың идеалдарымен қабысу-қабыспауы жөнінен бөлектеніп тұратын. Мұны сол кездегі Сәбит Мұқановтың, Қошке Кемеңгеровтың, Смағұл Садуақасовтың, Әмина Мәметованың, Жәкен Сәрсембіұлының мақалаларынан айқын аңдауға болады. «Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі» (С. Мұқанов) аталған қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр басындағы үлгілері қазан төңкерісінен кейін, кеңес тәртібі орнағаннан соң айыпталып, ендігі көшке ілесу, жаңа бағыт ұстану шарттары күн тәртібіне шығып, басым сипатқа ие болды.
«Адам баласының өркендеу дәуірінде тапқан табысымен толық пайдаланбай, сол табыстарды өз тілегіне үйлестіріп іске асырмай, пролетариат мәдениетін жасауға болмайды» (Mukhanov, 2008: 8) делінген Ленин сөзін аудара отырып С. Мұқанов ұлтшыл, байшыл дәуір әдебиетін зерттеу қажеттілігін негіздейді. Осы сөздегі «пролетариат мәдениетін жасау» жөніндегі сөзді алып тастасақ, қоғамдық құрылыстың қай түрі болмасын, тұрмыстың қай саласы болмасын, жеткен жетістіктің көрінуі даму жолының барысында ескеріліп, жаңа белестерге жол тартары анық. Әдебиет тарихын негіздеуде С.Мұқановтың пролетариат пікірін «үстем тап өмірдің барлық саласында үстем болуы шарт» түсінігімен бағалауды алғы орынға қойғанын айтып өтеді. Ал өз ұстанымына адал, пікірінде нық қаламгер ретінде С. Мұқанов әдебиетімізде өз бағасын алғаны анық. «Советтік қоғам жаңа орнап жатқан кезде революцияшыл әдебиеттің туын көтеруші Сәкен Сейфуллинге сенімді серік болған, жаңа заманды қабылдамаған ақын-жазушылардың әдебиет әлеміндегі ықпалымен бел шешіп күрескен, идеялық позициясы мықты да тұрақты жазушы екеу болса, бірі С.Мұқанов екені даусыз» (Mukhanov, 2008: 3) деген Т. Кәкішұлы мен К. Ахметтің «Халық жадын жаңғырту» алғы сөзінде. Заман желінің қай бағытта соғары сол дәуір тұлғаларының ой-пікірі мен негізгі идеялық ұстанымдарына байланысты екені білінеді.
Талқылау Уақыт талабы мен қаламгер мұраттарының жалпы адамзатқа ортақ құндылықтар төңірегінде түйісуі көркемдік ізденістердің сан қырын танытады. Ол қаламгер шыққан халықтың сол уақыттағы тұрмысына, басты идеалдарына қатысты даму жолын өткізеді.