Қазақ тіл білімі тарихы алматы, 2016



бет14/40
Дата01.03.2023
өлшемі262,13 Kb.
#70727
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   40
Байланысты:
ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІ ТАРИХЫ

НЫҒМЕТ САУРАНБАЕВ
Қазақ тіл білімінің теориялық және әдістемелік тұрғыдан дамуына іргелі зерттеулері арқылы сүбелі үлес қосқан ғұлама ғалымдарымыздың бірі – Н.Т. Сауранбаев. Ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметіндегі небәрі жиырма жылдық ғұмырында ғалымның тындырған ғылыми жұмыстары орасан. Егер жүйелер болсақ Н.Т. Сауранбаевтың қаламынан туған ғылыми зерттеулердің бағытын былайша көрсетуге болар еді:

  • Фонетикаға қатысты әліппе мен оның емлелерін жетілдіру жөнінде;

  • Лексикаға қатысты сөз мағыналарының семантикасы;

  • Морфологияның негізгі теориялық мәселелері;

  • Синтаксистің негізгі теориясы (жай сөйлем мен құрмалас сөйлем);

  • Әдеби тілдің негізгі мәселелеріне пайымдаулар жасау;

  • Диалектологияның негізгі теориясын жасау;

  • Қазақ тілінің тарихына қатысты;

  • Тіл мәдениеті;

  • Жалпы тіл білімінің кейбір мәселелері;

  • Әдістемелік концепциясы.

Қазақ тіл білімінің теориялық мәселелері енді-енді зерттеле бастаған кезеңде ғалымдардың барлық мәселелерге баруының өзіндік заңдылығы болды. Автор қандай теориялық мәселе жөнінде пікір айтса да, өзіндік негізгі принциптерінен, ғылыми критериилерінен айнымаған. Бұл сөздің ішкі мазмұнын зерделеу арқылы оның тұлғасын бағамдау деген принцип еді. Осы принцип автордың барлық еңбектерінде негізгі желі болып тартылып отырады. Айталық, “Қазақ тілі лексикасының кейбір мәселелері” атты мақаласында: “Бір тілдің сөздік құрамындағы сөздердің өздерін мағыналық сыры мен тарихи тегі, жасалу жолы жағынан бір-бірімен салыстырсақ, олардың сапасы бірдей болмайтындығы байқалады” — дей келіп (45-бет), сөз мағыналарының ішкі терең семантикалық сипатын анықтаудың негізгі бағыттары мен жолдарын айқындап береді. Сөздік құрамдағы байырғы сөздерді, жаңа сөздер (неологизм), кірме сөздерді ерекшелей отырып, лексиканың ішкі даму жолдарын атайды:
-негізгі сөздік қордың дамуы;
-жаңа сөздердің шығуы;
-сөздік құрамның түрленіп, саралануы;
-басқа тілдердің әсері;
-әдеби тілдің стильдік дамуы.
Автор байырғы түбірлердің сандық даму мен сапалық дамуын ерекшелей отырып, сапалық дамудың негізгі заңы ретінде семантика заңын атап көрсетеді. Семантика заңын автор жекелей зерделемейді, оны адам танымымен, когнитивтік, онтогенездік процестермен бірге қарастыра отырып, былай дейді: “Заттың, құбылыстың сапасы, қасиеті, көрінісі, белгісі сансыз, неше алуан. Оның барлығын адам баласы салғаннан дәп тез ұғына қоймайды, бірте-бірте түсінеді. Затты, құбылысты сөзбен атағанда, олардың көбінесе көрнекті, айқын белгілерін оларға атау етіп алады” (1.50). Қазіргі әлемдік тіл біліміндегі семантикалық зерттеулер де осы сипатта зерделеніп жүр емес пе? Зат пен оның атауы арасындағы байланыс арқылы номинация заңдылығын шығарады.
Қазақ ғалымының 50-жылдардан бастап айтқан теориялары өз кезінде қолданыс таба алмады да, бұл мәселелер күні бүгінге дейін жабулы қазан қалпында қалып отыр. Автор қазақ тіліндегі байырғы түбірлер мен байырғы туынды сөздердің мағыналарын өзі білдіретін ұғымдардан бөліп қарауға болмайтынын айта келіп, мынадай ой айтады: “Олай болса сөздік қордағы зат, іс, сапа, құбылыс туралы ұғымдар адам қоғамының тарихындағы мәдени, шаруашылық өмірге бірден және тікелей байланысты болады”(2.52). Біз қазіргі кезде тілдік деректерді дәл осы бағытта тануға бет ала бастағанымыз жоқ па, яғни лингвомәдени, лингвогенездік аспектіден бағамдау дегеніміз осы тұрғыдан зерделенеді ғой. Қазақ тілінің байырғы сөздерін мағына түрлеріне қарай мынадай топтарға бөледі: жалпы құбылысқа байланысты сөздер, тұрмысқа байланысты сөздер, анатомиялық атаулар мен аурулардың аттары, тұрмыс-салт және туысқандық атауларға байланысты сөздер, шаруашылыққа байланысты сөздер, өсімдік, жәндік (флора, фауна) атаулары, жер-су аттары.
Н.Т. Сауранбаевтың ең сүбелі, күрделі зерттеулері “Семантика и функция деепричастий в казахском языке”, “Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі” еңбектері. Кандидаттық диссертация ретінде жазылған көсемшенің мағынасы мен қызметіне арналған зерттеуі терең теориялық негізде жазылған түркологиядағы ең маңызды ғылыми еңбектердің бірі деп тануға тұрарлық дүние. Аталған еңбекте тек қазақ тіліндегі көсемше формасының мағыналық құрылымы ғана анықталып қоймай, түркі тіліндегі етістіктің ғылыми жүйесі сараланып, зат есім мен етістіктің тарихи байланысы мен сабақтастығы, аффикстер жалғануы негізінде олардың мағыналық тарамдалуы мен жіктелу процесі, етістік формаларының дамуы, көсемше арқылы етістіктің өзгеру жолдары мен мағыналық ерекшеліктері терең семантикалық аспектіде ғылыми талдауға түседі. “Внутриглагольное формообразование идет по линии расширения семантического обьема глагольных основ, которое, в свою очередь, обусловливает осложнение внешного начертания их с помощью различных глагольных аффиксов” – деген автордың ойынан біздің ұғарымыз мол. Яғни аффикстердің өзін ерекшелей зерттеуге болмайды, оны түбір сөздің мағынасына қосар семалық сипаты негізінде бағамдау орынды. Аффикстер жалғанғанда сөз жаңа мағыналық рең алып, әртүрлі мағыналық сипатта түрлене алады. Осыдан реңдерден етістіктің сипат, рай, шақ категориялары туындайды деп ой түйеді ғалым.
Н.Т. Сауранбаев көсемше формасы арқылы жасалған көптеген пысықтауыштық қатынаста келген сөздерді үстеу ретінде таниды. Келтірілген мысалдардан аңғаратынымыз, сөздердің біразы тілдік жағынан кірігіп, бірыңғай үстеуге айналған да, кейбірі толық үстеу болып қалыптаса қоймаған. Дегенмен тілдің дамуында көсемше формасының сөзге әбден кірігуі арқылы үстеудің жасалатыны тілдік факты.
Қазақ тіл білімінде шешілмеген теориялық мәселенің бірі амалдың өту сипаты категориясы (вид). Н.Т. Сауранбаев вид категориясының қазақ тіл білімінде де бар екенін дәлелдейді. Соңғы кездегі ғылыми еңбектерде вид категориясы жоқ деп етістіктің грамматикалық категорияларын оңайлатқымыз келгенімен, тілдік фактідегі амалдың өту сипатының бар екенін сірә жоққа шығаруға болмас. Бұл әлі де іргелі, кешенді зерделеуді қажет ететін мәселе. Ғалымның айтуынша, етістік түбірінде амалдың өту сипаты мағынасы жоқ, бұл негізінен көсемше тұлғалары арқылы пайда болады. Оның іштей үш түрлі жүйесі қалыптасқанын тілдік деректер негізінде тәптіштеп дәлелдеп береді. Қазақ тіліндегі көсемше формасының мағынасы мен қызметін жекелей зерделемей, өзге түргі тілдеріндегі грамматикалық тұлғалармен салыстыра отырып қарастырады. Н.Т. Сауранбаевтың грамматика саласына арналған, әрі оның кейінгі дамуына іргелі үлес қосқан зерттеуі “Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдердің жүйесі” атты докторлық диссертациясы. Жалпы түркі тіліндегі, соның ішінде қазақ тіліндегі де құрмалас сөйлемнің даму жолын, кезеңдерін автор тарихи нұсқалар негізінде былайша бөліп көрсетеді:

  1. Біздің жыл санауымыздың ІУ-УІ ғасырындағы түркі халқының тілінде жазылған орхон жазуы;

  2. Біздің жыл санау заманымыздың УІІІ-Х ғасырлардағы ескі ұйғыр жазуының тілі;

  3. ХІІ-ХҮ ғасырлар арасындағы Азиядағы түрік елдерінің (чағатай, оғыз) тілінде жазылған нұсқалар;

  4. Қазақ халқының құрала бастаған дәуірінде шыққан халық әдебиет нұсқаларының тілі.

Байқап отырғанымыздай, автор қазақ тілінің сөйлем жүйесін зертеуді көне заманнан бастайды. “1, 2, 3 пункттердегі документтер осы күнгі қазақ тіліне өте ұқсас болмауы мүмкін, бірақ олардың бәрі де осы түрік тілдердің қайсысына да өте ұқсас емес. Олар осы күнгі түркі тілдерінің, соның ішінде, қазақ халқын құрған түркі тілдерінің ескі замандағы жай-күйін көрсете алады: себебі қазіргі түрік тілдері аспаннан түскен емес, сол бұрынғы түрік аталатын түрлі елдердің тілінің араласуы, өзгеруі арқылы пайда болған,”- деп жазуында да үлкен мән бар деп түсінеміз. Бұл пікір сондай-ақ көне қазақ тілінің тарихи сипатын танытуда да үлкен рөл атқарады. Автор көне түркі жазбалары мен орта түркі жазбалары негізінде құрмалас сөйлемнің қалыптасу, даму сипатын байыпты әңгімелеп, жеке сөйлемдердің бір-бірімен байланысуы түркі тілдерінің ескі дәуірінен басталған және бұл сөйлемдер бір-бірімен ешбір жалғаулықсыз іргелесіп байланысқан, тек ішінара “учун” көмекшісі арқылы байланысқан деген қорытынды айтады. Бай тілдік материалдарды қолдана отырып, синтаксистік жүйені бұлайша талдау, біздіңше, бұрын-соңды болмаған. Н.Т. Сауранбаевқа дейін де, кейін де тарихи синтаксистің құрмалас сөйлем жүйесі толық зерттеу нысанына айнала алған жоқ. Ғалымның зерттеуін біз үлкен тарихи-салыстырмалы зерттеулердің негізі, бастамасы деп бағалауымыз қажет.
Қыпшақ тілінің үлгісі ретінде ғұлама ғалым “Едіге” жырын талдайды. Алдымен жырдың жиналу тарихы мен шығу сипатына көңіл бөледі. “Едіге” жыры ескі қыпшақ тілінде шыққан, сондықтан да бұл жыр күні бүгінге дейін қыпшақ тілдес елдердің әрқайсысына меншікті жыр болып саналады деген пікірі де шындыққа жақын. Автор жырдағы аудармасы әртүрлі түсіндіріліп жүрген бірнеше сөздің мағыналарын анықтап, өзіндік ғылыми болжам айтады. “Едіге” тексін өзге түркілік текстермен салыстыра келіп, оның көне нұсқалар синтаксисінен айырмашылығын табады. Мұра тілінің синтаксистік құрылымы негізінен паратаксистік сипатта келетінін атап өте отырып, бай тілдік деректе негізінде гипотаксис сипатында да кездесетін сөйлемдердің тұлғалық және мағыналық жағын саралайды. Қыпшақ тіліндегі жеке сөйлемдердің сабақтаса құрмаласуы шартты рай формасымен, жатыс септікте, көсемше жұрнақтары арқылы болатынын толық дәлелдейді. Ғалымның құрмалас сөйлемнің құрамындағы компоненттердің сипаты мен олардың құрмаласу жүйесі туралы ұсынған критериилері мен шарттарын кей ғалымдар қабылдамайды, кейі мақұлдайды. Бұл ғылымның дамуы барысында болатын заңды құбылыс деп түсінеміз. Қалай болғанда да, құрмалас сөйлемдердің сыңарлары өзіндік мағыналық дербестігін сақтайды, өзіндік интонацияға ие деген теорияларымен қосылмасқа болмайды.
Автор әдеби тілге және диалектілік ерекшеліктерді анықтауға бірнеше ғылыми мақалаларын арнаған. Бұл ғылыми зерттеулер де аталған салалардың кейін жүйелі түрде дамуына үлкен әсер етіп, негізгі ғылыми бағыт-бағдарын анықтап берді. 60-жылдары шыққан “Қазақтың әдеби тілінің тарихын зерттеу туралы” атты мақаласында әдеби тілдің тарихын зерттеген С. Аманжоловтың еңбегінен басқа еңбек жоқ екенін атап өте отырып, ғылыми ортаға мынадай үш міндет артқан екен: 1.Әдеби тілдің анықтамасын әлі де толықтыру; 2. Қазақ әдеби тілінің әр дәуірдегі күйін, түрін білдіретін, сипаттайтын нұсқаларды жинау, зерттеу; 3. Араб алфавитінің барлық варианттарын жасау. Қазіргі таңда осы мәселелердің біршамасы өз шешімін тапты деуге негіз де бар. Р. Сыздық, С. Исаев, Б. Әбілқасымов, Ә. Ибатов т.б. еңбектері көптеген мәселерді нақты анықтап, әдеби мұралардың тіліне байланысты байыпты тұжырымдар, анықтамалар ұсынғанын білеміз.
Ал “Қазақ тілінің совет дәуірінде дамуы және оның келелі мәселелері” атты мақаласында диалектологиялық экспедиция жинаған материалдар талдаусыз жатыр соны зерттеу қажет деп, кейін өзі де шәкіттеріне осы проблеманы тақырып ретінде ұсынып, бірнеше ғылыми мамандар даярлауға мұрындық болғанын ғылыми қауым жақсы біледі. Тағы бір кезек күттірмейтін үлкен мәселе деп қазақ әдеби тілінің терминологиясын жасау мәселесін қояды. “Барлық ғылымдардың терімсөздерін жасау керек” деген ұлы ғалымның айтқан пікірі әлі де сол зәру мәселе қалпында қалып отырғаны да жасырын емес. Немесе автордың “осы күнгі адамның өскен білім дәрежесіне және тілді ғылыми тану, таныту мақсатына сай етіп қазақ тілінің программсын қайта жасау керек” деген пікірінің арғы мәні мен маңызына бойлай алдық па? Мүмкін Н.Т. Сауранбаев бұл жерде оқулыққа негіз болар бағдарламалардың таза формальдық сипатта, қалып қоймай, халықтық мәдениеттің көріністеріндегі танымдық тағылымын оқытуды да меңзеп тұрған болар. Әдетте, тілді синхрониялық аспектіде зерттеуші ғалымдар өз нысанындағы тілдік деректердің тарихи сипатын ашуға құлықты бола бермейді. Сондықтан да көбінесе тілдік деректердің терең теориялық бағамдалуы жетіспей жатады, немесе шындықтан тыс өзгеше квазиғылыми сипатқа ие болады. Ал біздің тіл білімі корифейлерінің зерттеулерінде жағдай мүлде басқаша. Қандай сала туралы жазса да, тілдік деректердің тарихи негізділігін анықтап алады.
Н.Т. Сауранбаевтың кез келген ғылыми зерттеулері фактының тарихи даму жолына, қалыптасу сипатына шолу жасалудан басталады. Қазақ тілінің тарихына байланысты еңбектерін былай қойғанда, қазіргі қазақ тілін синхрондық аспектіде зерттегенімен, материалдың тарихына шолу жасап отырады. Айталық, құрмалас сөйлемдердің бүгінгі жайын сөз ету басты мақсат болғанымен, қазақ тіл білімінде бірінші рет оның даму сипатына терең талдау жасайды, көсемше тұлғасын зерттеуде де бүкіл түркі тілдеріндегі етістіктің даму сипаты мен көсемшенің мағыналық дамуының негізін анықтап, оның генезисін ашып береді. Автордың қазақ тілінің тарихына қатысты бірнеше еңбектері бар: “Некоторые черты древнекипчакского языка”, “К вопросу об образовании казахского языка”, “Кодекс Куманикус”, “Ескі түркі тілдерінің кейбір жазу нұсқалары туралы деректер” т.б. 40-50 жылдары жазылған бұл диахрондық талдаулар қазақ тіл біліміндегі алғашқы қарлығаштар еді.
Түркологиядағы беделді ғалымдар (С.Е. Малов) қазақ тілін ең жаңа тілге қосатын осы кезеңдерде қазақ тілінің тегін көне қыпшақ тіліне апарып, содан іздеу, “Кодекс куманикусты” төл туынды деп тану, қазақ тілінің қалыптасу жолының терең тамырларын ҮІ-ҮІІ ғасырдан бастау сияқты мәселерлердің басын ашуды ерлікке пара-пар деп бағалаған жөн. Кейінгі шәкіттерін де тілдің тарихын зерттеуге баулуы да туған тілге деген шын махаббат сезімінен туған деп пайымдауға болар, сірә. Қазіргі қазақ тілі көне ескерткіштерде кездесетін сөйлеу жүйесінен ерекше, дегенмен, қазіргі түркі тілдерінің ешқайсысы да оны тап-таза қалпында сақтамаған, бәрі де біркелкі даму үстінде дей отырып, ғұлама ғалым, қазақ тілінің даму сипатын өзге де түркі тілдерімен бір қатарда қойып отырады.
“Язык казахских племен до ХҮ в. представлял собой наречие, сложившееся в процессе постепенной диференециации общетюркского языка-основы” – дей келіп, көне мұрағаттар қазіргі түркі тілдеріне ортақ енші екенін анықтап, нақтылап, дәлелдеп жазады (3. 296). Басқа түркі тілдерімен салыстыра отырып, қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін айқындайды. М. Қашқари еңбектерін терең зерттеу нәтижесінде мұрағат тілінде түркі тілдеріне ортақ түбірлермен қоса, тек қазақ тіліне ғана тән түбірлердің кездесетінін нақты деректермен дәлелдеп береді. Мысалы: ой, атыз, ұтыс, ыдыс, алыс, ұрық, ерлік, өркеш, сыбызғы, қысқаш, қызғыш  т.б. сияқты сөздерді келтіре отырып, “Диван” тек қарлұқ тобындағы тілдердің ғана ескерткіш мұрасы деген пікірлерге тойтарыс береді.
Көне қыпшақ тілінің негізгі төрт айырым белгісін айқындайтын “Некоторые черты древнекипчакского языка” атты зерттеуінде М. Қашқари зерттеуін талдай келе, “Современный казахский язык есть развитие древнекипчакского языка в новых условиях. Монолитный язык казахов сложился и существовал до Х в., когда народ, говаривший на кипчакском языке, стал называться казахами”- деп жазады.
Сонымен, Н.Т. Сауранбаев — қазақ тіл білімінің барлық салаларына қалам тартып, оның негізгі теориялық бағыт-бағдарын анықтап, іргетасын қалыптастыруға үлес қосқан санаулы ғалымдардың бірі. Қазақ тілінің бүгінгі дамуы мен оның өзекті мәселелерін шешуде автор еңбегі әлі де ғылыми-теориялық жолбасшылық ролін атқара алып отыр.
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет